В данной статье рассматриваются художественные особенности рассказов казахского псиателья Д.Досжана.
Ключевые слова: писатель,народные традиции,мастерство, автор.
Әдебиеттің көркемдік қырларын, бейнелілік мазмұнын тануда А.Байтұрсыновтың пікірінің орны ерекше демекпіз: «Сөз өнері — адам санасының үш негізіне тіреледі. 1. Ақылға; 2. Қиялға; 3. Көңілге. Ақыл ісі — оңдау яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау, қиял ісі — меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеп суреттеп ойлану, көңіл ісі — түю, талдау. Тілдің міндеті — ақылдың аңдауын аңдағанша, қиялдың меңзеуін меңзегенше, көңілдің түюін түйгенше айтуға жарау» [1, 26-б.]. Жазушы Дүкенбай Досжан шығармалары кейде ақылға, қиялға, көңілге сүйеніп сөз құдіреті арқылы сұлу сурет салады, кестелі ой айтады.
Д.Досжан прозасының тілі бай, шұрайлы екені сонау 1960–1970 жылдары-ақ әдебиет сүйер қауымның оң пікіріне ие болғанын білеміз. Десек те, Дүкенбай ағаның қаламы нені жазды. Ақиқат дүниеге нені араластырды, болмаса шындық таза шындық күйінде суреттелді ме?
Жазушы үшін ең басты қағида не? — деген сауалдар ойымызды он орайды. Дүкенбай Досжан ең көп оқылатын жазушы. Дүкенбай Досжан тынымсыз жазу, жазу, ізденумен өмірі өткен қаламгер. Осы қиын да қызықты жолда қуанды да қайғырды да. Әдебиет сыншыларының мақтауына да даттауына да қалды. Ең қызығы қателесті де. Қателесуі арқылы халқына бір табан тағы да жақындай түсті.
Әр ұлттың өзіндік сипатын, салт-дәстүр ерекшелігін, халық ретіндегі орны әдебиеті мен мәдениеті, өнерінен айғақ табады.
Д.Досжан әңгімелеріндегі қазақы тұрмыс тіршілік, қазақы ой-сана, ұлттық салт-дәстүр, ешкімге ұқсамайтын қазақы мінез айқындалып, дәл суреттеліп, бейнеленген. Оған дәлел болатын «Шортанбай», «Қымыз», «Саумал», «Көкпар», «Өрік» т.б. әңгімелері болмақ.
А.Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде «Сөзден құрастырып пікірлі әңгіме шығару үшін жұмсалатын зат — сөздер. Топырақтан иленіп кірпіш жасалғаны сияқты. Дыбыстан құралып, сөз жасалған, кірпіштен қалап түрлі үй жасау сияқты, сөзден бірігіп түрлі әңгімелер айтылады. Үйдің түрлі болып шығуы — балшығынан, кірпішінен, әсіресе қалауынан болатыны сияқты, әңгіменің түрлі болып шығатыны тілдің дыбысынан, сөзінен, әсіресе сөздің тізілуінен» дей келе «тізуі жаман болса, дыбысы жақсы сөздерден де жақсы әңгіме шықпайтынын» [2.33–34 б.б.] қадап айтады.
Жазушы шеберлігі оның осы әдебиет саласындағы заңдылықтарды білуімен қатар жаратушы берген бойындағы дарын мен таланттың өз бойындағы еңбекқорлығымен ұштаса дамуында. Дүкенбай Досжан әңгімелері өз халқынан, туған топырағынан еш алыстамады.
«Шортанбай» әңгімесі қазақы мінезге бай, қонақ келсе шабыла кететін, маңғазалық пен тазалығы бір бойына жараса кеткен жылқышы туралы. Жазушы шағын әңгіме арқылы адамгершілік пен ата дәстүрге деген үлкен құрметті көрсете біледі. Күрең атын баптап күткен Шортанбай жылқы мінезді дархан халықтың соңғы тұяғындай әсер қалдырады.
Бұрын бәйгеге қосып па едіңіз?
Құнанында қосқаным бар. Озып келді Биыл бесті. Нағыз шабатын
шақ. Қыстай арпа бердім. Бірақ көктем шыққалы қара отқа жайыла алмай келеді. Жусан да күйіп кетті. Қара отпен қарнын тартып алсам ба деп едім... [3. 137-б]. Автордың қолданысындағы дилогтар кейіпкерлерінің ерекшелігі мен мінезіне сай құрылған. Ғалым А.Ісмақова «Бүгінгі компаративистиканың жаңа жол табуына әзер ететін зерттеу — М.Бахтинның белгілі диолог түсінігі мен «Әдебиет танытқыштағы» өнердің, әдебиеттің басты мақсаты, міндеті, асыл сөздің қажеттілігі туралы тұжырымдар» дейді [4. 114-б]. Жоғарыдағы ғалым сөзін ескерсек, Дүкенбай әңгімелеріндегі кейіпкерлер өзіндік мінез ерекшелігіне сай сөйлейді.
- Күн батар кезде балаға ат шаптырар ма. Орға түсіп кетсе қайтесің?
деп, Тоқбала күңкілдеп келеді. — Ешкімнің сөзін тыңдау жоқ мұнда...
Өшір үніңді! — деді Шортанбай қатуланып.
Сабыр қылыңыздар. Үнемі шабылып жүрген жылқы мінез көрсете
қоймас. Кәнігі ғой, — деп ақын бала білгенін айтып тоқтау салмақ болды.
Ей, не білгенің бар! Үнемі шабылып жүрген жоқ еді ғой. Құнанынан
кейін шапқаны осы. Қыста қолда ұстағаным болмаса, мінілген жоқ. Көктем шыға үйірге қосқам. Әбден айғыр болып жүрген жерінен той болады деген соң, кеше ұстап әкеліп едім. Әрі, аңқау басым, сен келген соң, есіріп, көрсете қояйын деп. Басты пәле, үйірге түсіп жүрген жерінен кеше келгені ғой...
Ошақ басынан Тоқбаланың саруайымға толы үні шығып еді, едірейіп тұрған Шортанбай тағы дүрс ете қалды.
- Өшір үніңді!
Бұл шақта күн әбден өшіп, соңғы шапағын жинап-теріп, көк аспанды
жалап-жұқтап, қас қараюға айналған [3. 139-б]. Яғни Шортанбай қазақы отағасы, Тоқбала жары. Бұл жерде де әйел мен ерінің қарым-қатынасы аз ғана диологтан көрініп тұр.
Д.Досжан әңгімелерінің тағы бір байқалатыны авторлық ой. Ол ауылдың маңғаз қазағын әңгіме ете отырып мінездеме береді. «Енді өзі егіліп еріп келеді. Жылқы жайында нелер қызық хикая тыңдауға құныққан. Апырмау, ат күткені ше, қарап тұрғың келеді... Бұл өзі ақын жырлап, жазушы көрмеген қиын кісі болды. Мінезін қай «пункітке» жатқызса екен. Меланхолик пе, сангвиник пе... Олай болса, әлгі профессор айтқандай, атқұмар қазақты көркем әдебиетке жағымсыз бейне етіп пе, жоқ жағымды етіп пе... қай жағынан кіргізген мақұл. Бақандай бес жыл ежіктеп, енді міне, бір мінездің табиғатын тани алмай тұрғаны.».. [3. 144-б]
Жазушы «Көкпар» әңгімесінде қазаққа тән ұлттық доданың таза табиғатын танытуға талпынады. Сердалы әке жолын қуғысы-ақ келеді. Бірақ, әке өлімі оның санасына салқын тигізген «Көз алды бұлдыр, буалдыр бірдемелер. Есік алдында ат жалын құшып әкесі тұр. Аузынан, мұрнынан қан тамшылайды. Босағада арыстай болып бұзау көкпар жатыр» [3. 147-б].
Иә Сердалы бойында бар қызулық пен ақсақалдар сұранысын екі етпей көкпарға кірді. Оның алдында екі-ақ жол бар еді. «Бірі — Мақұлыштың қолын қаусата жұлып көкпарды әкету; екінші — мына даланың шаңын қауып қала беру» [3. 151-б]. Автор нағыз қызу қанды көкпаршы сынды адамды сюжет ішіне шақырып оқиғаны тамашалауға емін-еркін мүмкіндік береді. Бас кейіпкер ата дәстүр көкпардың жолында өлуге дайын. Қан жоса болып таяқ жесе де Сердалы қайтар емес.
Жазушы ауылдың ыржалаң мінезді, баскесерлерін «Запыран тастағандай аузынан. Ащы нәрселерді айтады» деп суреттесе. Енді бірде «Қайран жұрт-ай! Кеудеңе толған запырандай ашу-ызаңды осындайда шығарасың-ау! Осы күш, осы намыс сені қайда апарар еді?!» деген кейіпкер сөзімен қорытындылайды. Бұндағы «запыран» сөзі автордың жиі қолданысына енген жеру мен кею мағынасында ұшырайды. Ол турасында А.Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышта» асыл сөздің әлемдік мәдениетке тән қасиеттерін қазақ ұлттық әдебиет сөз жүйесіне сай түсіндірген. Біз үлгіні орыс әдебиетінен, олар Европадан алғанын анық аңғартады.
«Шортанбай» әңгімесінде «Ақын баланың мұрнын жас еттің хош иісі жарып барады. Үңіліп қарап еді, қамырсыз, картошкасыз кілкіген майлы ет». Қала мен ауылдың ет асу дәстүрі ерекше байқалады. Келген қонаққа ұлттық асымыздан бұрын «– Қалқам-ау, әлгі ащы су болмаған соң алмай отырсың ба? Манағы бала да кешікті». Автор дегенмен өз кейіпкерін азғындықтан, ащы судан арашалағысы келеді. «– Қымыз құйып бер онда!» — деді Шортанбай әйеліне иек қағып. А.Веселовский ұлттық ерекшелік — болмысты жоғары бағалайды және оның басқаның әсеріне қарсы тұра алатын, «бөтенді» жоймай — жоққа шығармай, оны қорытып алып, өзіне пайдалысын ажыратып алатынын алға тартады. «Бөтен» ұлттық мәдениеттің қозғалысын, дамуын жылдамдатуға себеп бола алады. [4. 115-б.]
Яғни «бөтен» орыс ұлтынан келген ащы су болмаса «өзімдікі» — адал асымыз қымыз. Автор осы екі дүниені өзінше саралағандай болады. Жазушы не жазса да өз халқының танымы мен түйсігін, өмір сүру дәстүрін өзіне көркем дүние етіп қайтаруға тырысты. Дүкенбай Досжан әңгімелерінің өзегі ел мұңы, халық тіршілігі ешуақытта тақырыптық мәнін жойған емес.
Әдебиет:
- А.Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш». 1926ж.
- Дүкенбай Досжан. Таңдамалы шығармалар. Әңгімелер 1-том. Білім баспасы. Алматы — 2002 ж.
- А.Ісмақова. асыл сөздің теориясы. Таңбалы баспасы. Алматы-2009ж.
- Байтұрсынов А. Шығармалары. — Алматы: — Жазушы, 1989ж. -438б