Бастауыш сынып оқушыларының зерттеушілік іс-әрекеті қазіргі мектеп бағдарламаларында маңызды рөлге ие. Мұның себебі зерттеушілік іс-әрекетті бала қабілетін ашу, үйлесімді тұлға етіп тәрбиелеу мен дамытудың мықты құралы деп тануда деп білеміз.
Зерттеушілік іс-әрекет — алдын-ала шешімі белгісіз және ғылым саласындағы зерттеулерге тән мәселені қою, тақырыпты теориялық зерттеу, зерттеу әдістерін таңдау, практикада жүзеге асыру, өз бетінше ақпарат жинау, оны талдау және қорытынды шығару сияқты негізгі кезеңдерден тұруды болжайтын оқушылардың шығармашылық, зерттеушілік міндетті шешумен байланысты іс-әрекеті [1, 9].
Бастауыш мектептегі зерттеушілік іс-әрекетінің мақсаты: бастауыш сынып оқушыларының зерттеушілік әрекетін жүзеге асыру және зерттеушілік қабілеттерін дамыту арқылы интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін дамыту.
Міндеттері:
- балалардың шығармашылық зерттеушілік белсенділігінің дамуына ықпал ету;
- оқушыларда зерттеушілік әрекет оқу әрекетінің жетекші тәсілі мен өмір сүру стилі ретіндегі түсінікті қалыптастыру;
- оқушылардың іргелі және қолданбалы ғылымға деген қызығушылығын тудыру;
- баланың қоршаған ортаны өз бетінше тану ұмтылысын қолдау;
- танымдық қабілеттері мен шығармашылық қиялын дамыту;
- ұйымдастырушылық-коммуникациялық дағдыларын дамыту [2].
Зерттеушілік іс-әрекетінің басты идеясы: оқушыларға білім алудың, ойлауын дамытудың, білім беру үдерісінде субъективті жаңа білім алу негізінде тұлғалық түғырын белсендірудің әмбебап тәсілі ретінде зерттеушілік дағдыларын меңгеру мүмкіндігін беру.
Зерттеушілік іс-әрекетін ұйымдастыруға қажет біліктіліктер:
- Өз жұмысын ұйымдастыра алу біліктілігі (жұмыс орнын дайындау, жұмысты жоспарлау);
- Зерттеушілік сипаттағы біліктілік пен білім (зерттеу тақырыбын таңдау, зерттеу құрылымын, зерттеу әдістерін, ақпарат іздеу және т. б. құру);
- Ақпаратпен жұмыс жасау біліктілігі (ақпарат түрлері, ақпарат көздері, ғылыми мәтін, термин, түсінік, мағыналық бөлім, ең басты нәрсені анықтау, қысқаша мазмұндау, сілтеме, жоспар, анықтама, қорытынды, конспект, шартты белгілер, дәлелдер: аргументтер, фактілер);
- Өз жұмысының нәтижесін көрсету біліктілігі (нәтижені ұсыну формалары, ғылыми жиын, баяндамаға қойылатын талаптар, баяндама мәтіні) [3]. Біздің ойымызша, оқушыларда аталған біліктіліктерді қалыптастыру үшін ақпараттық-коммуникациялық, денсаулық сақтаушы технология, тұлғаға бағдарланған оқыту технологияларын қолдану қажет.
Зерттеушілік біліктілікті дамыту:
- зерттеу әдістерін меңгеру және оларды кез келген оқу пәні материалдарын зерттеуде қолдана алу мүмкіндігін;
- алған білімі мен білігін оқушылардың әрі қарайғы өзін-өзі анықтауына ықпал ететін өз қызығушылығын жүзеге асыру мүмкіндігін;
- түрлі ғылым, мектеп оқу пәндері, тұтастай таным үдерістеріне қызығушылығын дамыту мүмкіндіктерін береді.
Зерттеушілік іс-әрекеті біліктіліктерін дамыту үшін қойылған мақсатқа қол жеткізерліктей жағдай табу және орнату керек. Бастауыш сынып оқушыларының зерттеушілік біліктіліктерін қалыптастыру шарттары:
1. Мотивациялау. Оқушыларға өз шығармашылық зерттеушілік іс-әрекетінің маңызын түсінуге, оны жүзеге асырудағы өз таланты мен мүмкіндіктерін, өзін-өзі жүзеге асыру жолдарын көре алуға көмектесу керек.
2. Мақсат көздеу және жүйелілік. Зерттеушілік біліктілікті дамыту мақсатындағы жұмыстар сабақтық және сабақтан тыс іс-әрекет түрінде өтуі тиіс. Мұғалім әдебиеттік оқу, қазақ тілі, математика, дүниетану пәндерінің материалдарын қолдануы қажет.
3. Шығармашылық орта. Мұғалім шығармашылық орта жасап, зерттеушілік іс-әрекетке қызығушылығын тудырып отыруы тииіс.
4. Психологиялық жайлылық. Мұғалім міндеттерінің бірі — оқушылардың шығармашылық ұшқындарын көріп, шығармашылық ізденіске ұмтылысын бағалап отыруы тиіс. Олар қателік жіберуден қорықпауы маңызды. Әрбір оқушыға өз күшін байқап, өзіне сенуге мүмкіндік беру керек.
5. Мұғалім тұлғасы. Зерттеушілік іс-әрекетті дамыту үшін шығармашылықпен жұмыс жасайтын, шығармашылық орта құруға ұмтылатын, зерттеушілік іс-әрекетті жүргізу үшін белгілі бір білім мен дайындығы бар мұғалім қажет.
6. Жас ерекшелікті ескеру. Зерттеушілік іс-әрекет баланың қабылдауына, жасына сай, қызықты және пайдалы болуы керек [4]. Аталған шарттар орын алған жағдайда ғана зерттеушілік іс-әрекетін қалыптастыру үдерісін табысты жүзеге асыруға болады деп білеміз.
Бастауыш мектепте зерттеушілік іс-әрекетін ұйымдастыру қалай жүретініне талдау жасар болсақ, 1-сыныпта сабақ тақырыбына кіріспе ретінде проблема қойылып, жаттығуды бірлесе не өз бетінше орындау жоспарланады. 2-сыныпта балалар шағын топта бақылау жүргізеді. 3–4 сыныптарда зерттеу жұмысын жеке орындайды. Бастауыш мектепте зерттеушілік іс-әрекетті ұйымдастыруда бастауыш мектеп жасындағы балалардың психологиялық-физиологиялық ерекшеліктерін ескеру керек. Атап айтқанда: балалар жұмысының тақырыптары оқу пәндерінің мазмұнынан не соған жақын мағынада алынуы тиіс. Баланы қызықтырған жоба не зерттеу жұмысының проблемасы оның танымдық қызығушылығы аясында және жақын даму аймағында болуы тиіс. Жоба не бақылау-зерттеуді орындау уақытын мақсатты түрде сабақтық және сабақтан тыс жұмыс түрінде 2–3 аптамен шектеу керек. Әрбір зерттеу қажетті құралдармен: материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік, ақпараттық және ақпараттық-технологиялық ресурстармен қамтылуы тиіс. Тақырыппен жұмыс барысында топсаяхат, серуен-бақылау, әлеуметтік акциялар, түрлі мәтіндік және электрондық ақпарат көздерімен жұмыс, практикалық маңызды өнім мен кең қоғамдық презентация дайындауды (ересектер, ата-аналарды, мұғалімдерді шақырып) да қосуға болады. Зерттеушілік іс-әрекетте мұғалім бағыттаушы, көмекші, кеңесші, бақылаушы рөлін атқарады. Оқушының рөлі жұмыс кезеңдеріне қарай өзгереді. Бірақ барлық кезеңде де ол танымдық әрекет субъектісі болып табылады; таңдайды (шешім қабылдайды), өз таңдауына жауапты болады; қоғаммен өзара әрекет жүйесін құрады; зерттеудегі маңыздылығы, туындаған идея, фактілер, өз әрекетінің өнімі тұрғысынан ақпаратты және осы іс-әрекеттегі өз деңгейін бағалайды.
Оқу зерттеушілік іс-әрекеті оқушы үшін — өз шығармашылық әлеуетін барынша көрсету мүмкіндігі. Оқу зерттеушілік іс-әрекеті, мүғалім көзқарасы бойынша, бұл оқушылардың арнайы жобалау және зерттеу біліктіліктерін мен дағдыларын дамытатын интеллектуалдық даму, оқыту мен тәрбиелеу құралы. Нақты айтқанда: мәселені анықтау мен қалыптастыруға, мақсат қоюға, зерттеу міндеттерін белгілеуге, әрекет алгоритмін құруға, қажетті ақпаратты өз бетінше іздеу мен өңдеуге, алынған білімді практикада қолдануға, зерттеу жүргізуге (талдау, жинақтау, жалпылау), жұмыс барысы мен өз іс-әрекетінің нәтижесін арнайы дайындалған слайд және т. б. арқылы көрсетуге, жүргізілген зерттеу сәттілігіне өзі баға беруге мүмкіндік береді.
Қорытындыны ұсыну жолдары презентация, ауызша баяндама, мақала түрінде болуы мүмкін. Оқушыны бағалауда ол үшін жоғары баға қоғамның (сынып, зерттеу тобы мүшелері, ата-ана және т. б. болуы мүмкін) мойындауы, ал жақсы баға кез келген қол жеткен нәтижеге лайық екендігін ескеру керек.
Мұғалім төмендегілерді бағалайды: жобаны орындаудың түрлі кезеңінде өз бетінше әреке ету деңгейін; топтық жұмысқа қосқан жеке үлесі мен жүктелген жұмысты орындаудағы жауапкершілік деңгейін; пәндік және жалпы оқу білім, білік, дағдыларын практикада қолдануын; жобаны орындауда қолданылған жаңа ақпараттар саны мен сапасын; қолданылған ақпаратты түсіну деңгейін; қолданылған әдістеменің күрделілік деңгейі мен меңгеру дәрежесін; мәселені шешудегі идея, тәсілдердің ерекшелілігін; жоба мәселесін түсінуі мен жоба не зерттеу мақсатын құру; презентацияны ұйымдастыру мен өткізу деңгейін; өзін-өзі бақылау мен өзін-өзі талдау дағдыларын игеруін; презентацияны дайындауға шығармашылық қатынасты; алынған нәтиженің қоғамдық және қолданбалы маңызын [3]. Яғни зерттеушілік іс-әрекетін жүргізу кезеңдеріндегі баланың әрбір іс-әрекеті мұғалім назарынан тыс қалмауы тиіс.
Қорыта келер болсақ, балаларды зерттеушілік іс-әрекетке тарту олардың шығармашылық қабілеттерін, танымдық үдерістің барлық кезеңдеріндегі: зерттеу мақсаты мен міндеттерін белгілеуден бастап білімін практикада қолдануға дейінгі өзбетінділігін дамытуға ықпал етеді. Ал зерттеушілік іс-әрекет барысында бақылауға, ақпарат іздеуге қызығушылық білдірген балалар орта буын оқуына тез бейімделеді.
Әдебиет:
- Леонтович А. В. Учебно-исследовательская деятельность школьника как модель педагогической технологии // Народное образование. — 1999. — № 10.
- Карпов, Е. М. Учебно-исследовательская деятельность в школе // Лучшие страницы педагогической прессы. — 2001. — № 6. — С. 54–63.
- Румянцева Н. Ю. Организация учебно-исследовательской деятельности младших школьников. — М.: Просвещение, 2001. — С. 34.
- Савенков А. И. Содержание и организация исследовательского обучения школьников. — М.: Сентябрь, 2003. — С. 204