Математикалық ұғымдарды дамыту мен оларды оқушылардың меңгеруін қамтамасыз ету мектеп математикасын оқытудың басты міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл міндет мектеп математика курсының басты ұғымдарын саналы және баянды түрде таразылауды, соның негізінде көптеген дидактикалық міндеттерді шешуге болатын математикалық ұғымдарды меңгеруді қамтамасыз етуді, оларды оқушыларға оқытып-үйретудің тиімді жолдарын анықтауды қажет етеді.
Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа Жолдауында егемендік алған мемлекетіміз, экономикалық, әлеуметтік және саяси өркендеуі үшін алдымен отандық білімнің дамуын, білім беру ұйымдарында педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында ғылыми және оқу-әдістемелік жұмыс жүзеге асырылу керектігін айта келе, әлеуметтік саясаттағы мемлекеттің басымдығы адам капиталын дамытуға кең ауқымды инвестициялар болуы тиіс. Біз бұған дейін қабылданған бағдарламаларға сәйкес, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуды жалғастыруымыз керек деп атап көрсетті.
Бүгінгі таңда математика қоғам өмірінде үлкен рөл атқаратыны мәлім. Математика – адамның ақыл-ойын, сана-сезімін, ойлау қабілеттерін дамытатын бірден-бір құрал. Сондықтан да математиканы дамыта оқыту күн тәртібінде ең бірінші тұрған мәселе. Қазіргі уақытта Интеллектуалдық мектептер желісі белсенді дамытылуда. Олардың тәжірибесі біртіндеп бүкіл орта білім беру жүйесіне таратылуда. Озық технологияларды алға бастыру үшін орта білім беруге электронды оқыту енгізілуде.
Дамыған әлемде инновациялардың үлкен бөлігі және университеттер жанындағы коммерцияландыру офистері жұмыстарының нәтижелері университеттік ғылымға тиесілі. Оның үстіне жастарды кәсіпкерлікке, инновациялық менеджментке дәл осы университеттерде оқытады, ал ол өз зерттеулерінің нәтижелерінен қаржылай пайда тапқысы келетін кез келген ғалым үшін қажет.
Оқытуды технолизациялау идеясы жаңа идея емес. «Ұлы дидактика» еңбегінде Я.А.Коменский оқытуды технолизациялау керектігі туралы сол кездің өзінде айтқан. Ол «дидактикалық машина үшін: 1) қойылған мақсат; 2) сол мақсатқа жететін құрал; 3) мақсатқа жеткізбей қоймайтын, сол құралдарды қолдану ережелерін табу керек», – деді.
Математиканы оқыту үдерісінде өтілетін сабақтың мазмұнына, түріне байланысты дәстүрлі оқыту әдістері де және инновациялық оқыту әдістері де қолданылатыны мәлім.
Дәстүрлі технологияның артықшылығы: оқушылардың күрделі материалды түсінуіне ыңғайлы, оқу-тәрбие үдерісін тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Дәстүрлі технологияның кемшіліктері: оқу үдерісінде жекелеу және саралауға мүмкіндік жоқ, оқушылардың ойлау мүмкіндігін дамытуы төмен. Сондықтан, барлық қолданылып жүрген оқыту технологияларынан, дамытып оқыту технологияларының артықшылығы мол деп есептейміз. Денсаулық сақтау технологиясын оқыту технологияларының барлық түрлерімен біріктіріп (интегралдап) қолдану керек.
Қазіргі ғылым мен техниканың, өндіріс технологиясының қарқынды дамуы, экономиканы көтерудің күрделі мәселелерін шешу кезеңінде мектептегі оқыту оқушыларды белгілі бір білім қорымен қаруландырумен шектелмеуі тиіс. Олар алған білімдерін өз беттерімен әрі қарай кеңейтіп, тереңдетіп әртүрлі және жаңа жағдайларға қолдана алатындай жоғарғы деңгейдегі ойлау қызметін дамытуға қол жеткізу керек.
Басқа ғылымдар саласы сияқты математикалық жалпы білім ұғымдардан, ережелерден, заңдардан және басқалардан тұрады. Ал мұның барлығы мектепте оқу үрдісінде дамытылады.
Бүгінгі таңда оқу-тәрбие үдерісін түбірінен өзгерту маңызды. Бұл орайда қосымша білім берудің интерактивті түрлерін дамыту қажет. Интерактивті оқыту дегеніміз – оқушылар мен мұғалім түсіністік қарым-қатынаста өзара білімдерімен, тәжрибелерімен алмасу және талдау жұмысы. Интерактивті оқыту әдісімен жүргізілетін сабақты жүргізу кезеңдері: I – проблеманы айқындау; II - информациялық блок; III – практикалық біліктілік блогы; IV – сабақты аяқтау. Интерактивті оқыту әдісінің екі түрі бар. Олар: 1) оқу пікір-таласы; 2) нақты практикалық ахуалдарды талдау (case – study).
Мультимедиалы компьютерлік технологиялар барлық дәстүрлі оқу құралдарын алмастыруға мүмкіндік береді. Көп жағдайда мұндай алмастыру өте тиімді, өйткені мұғалім әртүрлі құралдарды қиюластырып қолдана отырып, оқытылатын материалдың терең де, саналы түрде меңгерілуге жағдай жасайды, сабақ уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, сабақты ақпараттандырады.
Компьютерлік оқыту үдерісі табиғи түрде еніп, оқыту үдерісін түрлендірудің тағы да бір тиімді техникалық құралы болып отыр. Әрбір сабақта оқушылардың эмоциясының жоғарылауын бақылауға болады, тіпті үлгерімі төмен оқушылардың өзі де компьютермен қызыға жұмыс істейді. Сабақтарда компьютерді жүйелі түрде қолданғанда оқушылардың сабақтағы белсенділігі артып, материалды меңгеруге қызығушылық артады; рухани сайыс пайда болады; сабақ барысында жағымды эмоция көбейеді; компьютерді «жеңу» үшін табандылық пайда болады, өзіндік дайындыққа қызығушылық артады. Екінші жағынан бұл оқыту әдісі мұғалімдеоге де ұнайды, өйткені: оқушының қабілеті мен білімін дұрыс бағалауға көмектеседі, оқушыны түсінуге, оқытудың дәстүрлі емес, жаңа әдістерін іздеуге итермелейді.
Математиканы оқытуда қазіргі заманғы компьютерлердің мынадай мүмкіндіктерін қолдануға болады:
1) ақпараттың кез-келген түрін өңдеудің жылдамдығы және сенімділігі. Сандық ақпаратты өңдеу үшін микро ЭЕМ ғана емес, сонымен бірге калькуляторды да пайдалануға болады;
2) ақпаратты графикалық түрде көрсету. Компьютерлер өздерінің графикалық (демонстрациялық) мүмкіншіліктері жағынан түрлі-түсті теледидардан да артық, бұл олардың әдістемелік құндылығын арттыра түседі;
3) көп мөлшердегі ақпаратты сақтау және жылдам берілуі. Мысалы, математика курсындағы барлық кестелер компьютердің жадында сақталады. Қажет ақпарат экранға бір-екі пернені басу арқылы шыға алады.
Сабақта компьютерлерді қолдану мүмкіндігі машиналардың программалық жабдықталуына байланысты. Сабақ барысында қолданылатын барлық программаларды шартты түрде үйрететін және оқытатын деп бөлуге болады. Үйретуші программалар оқытушының кейбір қызмет түрін алмастыру үшін құрылады (жаңа материалды түсіндіруде, өткенді бекітуде, білімді тексеруде және т.б.).
Математика сабағындағы зерделік жұмыс көбейетіндіктен, оқушылардың пәнге қызығушылығын, сабақ соңына дейін белсенділігін қалай сақтау керектігі ойландырады. Оқыту барысында компьютерді пайдалану ақпараттық жағдай жасап, оқушының қызығушылығының артуына ықпал етеді.
Қазір мектептердің барлығы компьютер сыныптарымен жабдықталған. Бірақ бұл техника математиканы оқыту барысында сирек қолданылатынын байқаймыз. Математиканы оқытуда қазіргі заманғы технологияны пайдаланбаудың бір себебі – математика сабақтары үшін программалық қамтамасыздандыру, компьютерлік бағдарлама мен оқытушыға арналған құралдан тұратын бағдарламалық-әдістемелік кешендердің аз болуы. Математиканы оқыту процесінде ақпараттық технологияларды қолдану сабақ уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді, оқушыларға есептің шешуін ұқыпты да, таза қылып жазудың үлгісін беруге, оқыту барысында көрнекіліктің деңгейін көтеруге, оқу процесін жандандыруға мүмкіндік береді.
«Бүкіл өмір бойы оқу ендігі жерде балама емес, асқан қажеттілік» дейді Гарвард университетінің нақылдарының бірі. Соған байланысты, жастарымыз алатын сапалы білімі бар болғаны жолашар интеллектуалдық капитал болып табылады. Сондықтан үздіксіз жұмыс істеп, өз білімімізді, кәсіби құзырлылықтарымызды арттыру қажет.
Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» деген. Біз өрлеуді өмірінің өзегі еткен халықпыз. Мына заманда «Өнердің кілтін тапқан ғана өрге шабады». Біз, тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін тарихи жауапкершілік арқалайтын азаматтармыз. Осы жауапкершілікті сезіне білейік.
Әдебиет:
- Назарбаев Н.Ә.«Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа Жолдауы.http://www.akorda.kz/
- Математика және физика, №5, 2014.
- Математика, №1, 2011 [19-20 б.]