Ұлттық қауіпсіздік архетиптері және ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың психоаналитикалық жолы | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 30 ноября, печатный экземпляр отправим 4 декабря.

Опубликовать статью в журнале

Авторы: ,

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №5 (109) март-1 2016 г.

Дата публикации: 30.03.2016

Статья просмотрена: 62 раза

Библиографическое описание:

Калдыбай, Кайнар Калдыбайулы. Ұлттық қауіпсіздік архетиптері және ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың психоаналитикалық жолы / Кайнар Калдыбайулы Калдыбай, Н. К. Байкенже. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2016. — № 5.2 (109.2). — С. 32-35. — URL: https://moluch.ru/archive/109/26711/ (дата обращения: 16.11.2024).



Архетиптер күнделікті қоғамдық өмірде, саясатта, өнер мен әдебиетте жиі көрініс тауып отыратын құбылыс. Осы орайда, архетиптер мен біз қарастырып отырған ұлттық қауіпсіздіктің нақты арабайланысын ашып көрсету қажеттігі туындайды. Келесі кезекте К.Г. Юнгтың архетип түсінігін негізге ала отырып, ұлттық қауіпсіздік мәселелерін талқылаймыз.

Біріншіден, Архетиптер бұрынғы ата-бабамыздың саналы танымы мен руханиятының бүгінгі бейсанадағы көріністері болғандықтан, олар ұлттық рухты ояту мен ұлттың өзін-өзі сақтау тетігінің, сөйтіп сыртқы қатерлерден қорғануының өздігінше бір психотехникалық көріністері болып табылады.

Екіншіден, Этноархетип бейсаналы болғандықтан, онда ұлттық белгілер мен ұлттық болмыстың, әсіресе ұлттық сананың көріністері айқын болғандықтан, ол өзінің қуаты жағынан сезімдік-сенімдік мазмұнда болып келеді де, көне жаугершілік замандағы қауіптен сақтанудың негізгі тетіктерін қайталап отырады, ол бүгінгі ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың руханияттық көзі болып табылады.

Үшіншіден, олай болса, архетиптерді ояту мен оны өркендете түсу, ұлттық қауіпсіздіктің тарихи тамырларын бізге бейсаналы түрде болса да ашып береді. Екінші бір қырынан, ұлттық қауіпсіздік өздігінен психологиялық тетіктерді құрастырады.

Төртіншіден, жалпы адамзаттық архетиптер тым көне заманда болғандықтан, онда үрей мен қорқыныш, сақтану мен рухтанудың негізгі белгілері жатыр, ал ұлттық қауіпсіздіктің өзі алдымен сақтанудан тұрады.

Мәселе нақтырақ болу үшін біз бүгінгі таңдағы архетиптердің тікелей ұлттық қауіпсіздікке байланысты жақтарын, оның еліміздегі, ұлтымыздағы нақты көріністерін таразылап өтуіміз керек. Жалпы этноархетиптер жөнінде отандық ғалымдарымыз да еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін өз зерттеулерін ұсынып келеді, ал ендеше, біз оның ұлттық қауіпсіздікті қалыптастыруға, оны сақтауға, қатерлерді сезінуге қатысты жақтарынна тоқталатын боламыз.

Бейнелеу өнеріндегі архетиптерді зерттеуші Қ.Оразқұлова оның бүгінгі таңдағы бейсаналы-саналы көріністерін ұлттық архетиптер бойынша зерделеген болатын. Ол көне діни сенімдердерге талдаулар жасай келе, көне тотемдік, шамандық, тәңіршілдік нанымдарындағы көріністердің бүгінгі таңдағы архетиптік бейнелерін саралап береді.

Мысалы, тәңіршілдік архетипін зерделеген Қ.Оразқұлова бүгінгі таңдағы Көк түсті құрмет тұту, қыран құстардың әлі де қастерленуі сияқты белгілерге тоқтала келе, Туымыздың да аспан түстес Көк екендігін, ол Көк Тәңрінің архетиптік нышаны болып табылатындығын атап көрсетеді. Демек, Тудың көк түсті болуы тек қана ашық аспан мен кеңдіктен туындамайды, нақ осы Көк Тәңрінің рәмізі болып шығады, бірақ ол бейсаналы болғандықтан, көпшілікке олай болып көрінбеуі де ықтимал, дегенмен, қазақ халқына жағымды әсер қалдыратын түс және туымыздың көк түсі де осыған орай, тек жағымды ғана емес, белгілі бір деңгейде тарихи тұрғыдан ішкі рух күшін оятып тұрғандай болады.

Ту қандай-да болмасын, жаугершілік заманда мазмұны мен мәні жағынан соғыста және бейбітшілікте қолданылатын құрметті рәміз болып есептелген. Сондықтан, да тудың өзі тарихи тұрғыдан алғанда, жалпыадамзаттық руханиятта осы қауіпсіздікке байланысты, қатерлердің алдын алу үшін рух беруші болып саналған. «Туы жығылды» деген мағына да ел мен халықтың рухы жығылды, ол «өзге» алдында бас иді деген әскери қауіпсіздіктің рәміздік көрінісін береді.

Сонымен қатар ол қастерді фетиштік сипатты да білдірген, қазір де солай. Осыған байланысты біздің елімізде де мемлекеттік рәміздерді аяққа таптағандығы үшін, оны төмендеткендігі және сыйламағандығы үшін жауапқа тарту туралы құқықтық нормативтер бар. Мысалы, парламент отырысында туымыздың ашық-шашық киімдерде орын алуы, оның шет ел музыкасын орындау сәтінде сондай деңгейде қолданылғандығы, әбден тозығы жеткен тудың қолданыста жүргендігі сияқты мәселелер қозғалып отырылады. Бұл да туды қастерлеу архетиптінің көрініс болып есептеледі.

Демек, біздің туымыздағы Көк түс, үш жақты психоаналитикалық, әскери және бейбітшілік қауіпсіздіктерімен келіп тоғысады: тудың тарихи тұрғыдан әскери қауіпсіздіктің нышаны болуы, екіншіден, сол тудың көне тәңіршілдік рухын қайталап тұруы, үшіншіден тудың қастерлі болуы. Осы үшеуі қосыла келе, санаға ықпал өрісін күшейтеді, ол әрине, ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың терең қатпарлы психотехникалық ұстанымдарын құрай алады, бүгінгі сыртқы саясаттағы әскери қауіпсіздікке тікелей байланысты болғандықтан, оның идеялық-руханияттық жақтарымен келіп тоғысады деп айта аламыз. Демек, ол жай ғана архетип емес, «ұлттық қауіпсіздік архетипі» бола отырып, «ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың психоаналитикалық жолы» екендігін баса айтқымыз келеді [1].

Сондай-ақ ұлттық дүниетанымды зерттеуші Саркулова өнердегі бөрі архетипіне тоқталып, оның қазіргі заманғы бейнелеу ерекшеліктерін атап көрсетсе, кейбір отандық зерттеушілер Бөрі тотемінің жауынгерлік рух үшін аса қажетті атрибут болғандығын, оның табиғаттағы өміршеңдігін, қайсарлығын, өжеттігін, төзімділігін т.б. қасиеттерін түркі халқы өздерінің мінез-бейнелеріне көшіріп алып, содан жаугершіл, өршіл халық болып қалыптасқандығын айта келе, Кеңес дәуірі тұсындағы «Қап, бәлем, қоян» мультфильмі қазақтардың осы бөрілік рухты жасыту үшін қолданған психотехникалық өзіндік бір құралы екендігін баса айтады [2].

Демек, бөрі архетипі қазірдің өзінде де бейнелеу өнерінде, музыкада, әдебиетте т.б. рухани өмір салаларында көрініс тауып келеді. Демек, бөрі көне дәуірлерде қатерлердің алдын алуды, жауынгерлік рухты берген болса, бүгінгі күнгі бөріге деген бейсаналы құмарлық көріністер де осы көне рухты сақтап қалуға, оны қайта оятуға деген ұмтылыс және ол да көне замандардағы ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың бүгінгі күнгі нышандарының елесін береді. Бұл да психоаналитикалық тәсіл.

Сондай-ақ, бүгінгі таңдағы «Тау архетипі» Қ.Оразқұлова атап көрсеткендей, ол өзінің ауқымын тұтас руханият пен дүниетаным аясына паш етіп келеді [3].Бұл тек қазақтарға ғана емес, жалпы адамзатқа тән архетиптердің бірі. Себебі, Тау қашанда, әсіресе, алғашқы қауымдық құрылыс кезінде, адамдар таудағы үңгірлерді мекен еткен болса, ол қауіпсіздіктің басты шарты, адамдарды әр түрлі табиғи және өзге қауымдастық тарапынан болатын қатерлерден сақтап отырған.

Үңгір кейіннен де, тауға барып паналайтын қорғаныш орындары болған. Сондықтан бүгінгі күнгі тау архетипінің басты нышаны осы қауіпсіздік сезімдерден тамыр тартады. Демек, Тау тек қана эстетикалық құбылыс емес, алдымен, түптөркіні қауіпсіздікті қамтамасыз ететін обьект болып табылады. Тау архетипі мен тауға жасырыну, оған бекініп жату соғыс жағдайларында бүгінгі күні де кездесіп отыратын құбылыс болып табылады. Сонымен қатар тау белгілі бір деңгейде шекараны қамтамасыз етудің және бекітудің де өзіндік бір үлгісі болған, ол таулы жерлерде өмір сүрген халықтарда анық байқалады. Мысалы, бүгінгі қазақ-қытай шекарасының таумен бөлінуін атап өтуге болады.

Демек, бүгінгі таңда да Тау архетипін жандандыру, белгілі бір деңгейде адамға ішкі сенімділік сезімін орнықтыруға жәрдемдесетін, қауіпсіз көңіл-күй орнатуға ықпал ететін өзіндік бір құрылым болып табылады. Яғни, ішкі психологиялық тұрақтылық пен қорғанышты сезіну де, түптеп келгенде, бұқаралық сипат алатын жағымды таза бейсаналы құбылыс деп айта аламыз.

Осыған байланысты біз, этноархетиптердің ұлттық қауіпсіздікті сақтаудағы бейсаналы психоаналитикалық тетік екендігі туралы тұжырым жасаймыз. Нақтырақ айтқанда, архетиптердің оянуы, бейсаналы болғанмен, табиғи қажеттілік қана емес, ұлттың бар болуының, өміршеңдігінің өзіндік бір маңызды тетігіне айналған, сондықтан да, архетиптер қашанда ұлттық қауіпсіздіктің алдын алудың болмай қоймайтын тетігі болып шығады.

Қорыта келе, қауіпсіздікті сақтау, әсіресе, сыртқы саясат пен ішкі саясаттағы «Елдік ұраны» психологиялық-психоаналитикалық тетіктер арқылы да реттелетін жүйе екендігі баса айтуымызға болады. Социологиядағы психологиялық мектеп өкілдері де қоғамдық құбылыстардың барлығы психикаға байланысты екендігін баса айтады. Әрине, біз бұл тұста, қауіпсіздіктің барлығы тұтасынан психологиялық тетіктер арқылы реттелуі тиіс деп кесіп айта алмаймыз, дегенмен, ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың осындай терең психоаналитикалық және жай ғана психологиялық тетіктері бар екендігін ұсына отыра, болашақта оны жандандыратын арнайы әлеуметтік құрылымдар болуы тиіс. Сондықтан, олардың қызметтері туралы мынадай нақты ұсыныстар береміз:

1. Саясаттанушы-психолог мамандар даярлануы тиіс немесе саясатанушылар психологияны өте жетік меңгерген болуы қажет. Тым болмаса, психолог мамандар мен саясаттанушылардың бірлескен ғылыми бағдарламасы, ғылыми қауымдастықтары т.б. қалыптасса игі болар еді. Әрине, маман дипломаттар елімізде жоқ емес, бірақ олардың таза тәжірибелік екендігін есепке алсақ, теоретик мамандар да қажет, сондықтан, мысалы, «халықаралық қатынастар» мамандығы сияқты оларды да оқу орындарында даярласа игі іс болар еді.

2. Қоғамдық психологияны тиянақты зерттеп отыру да маңызды істердің бірі. Әрине, әлеуметтанушылардың сұрау салуы, ҰҚК-нің сарапшылары сияқты әлеуметтік зерттеу құрылымдары бар. Бірақ, оларға жетіспейтіні, шынайы ақиқатты аша алмау, сұрау салушылардың тым аз болуы, күштеуге көп жүгіну т.б. Қоғамдық психология ауытқып отырады, ал оның динамикасы толық зерттелмей келеді. Мысалы, биылғы, 2016 жылғы теңгенің девальвациясы тұсында да әлеуметтік оптимизм сәл бәсеңдеді. Егер ол ұлғайып кетіп, халықтың ашу-ызасын туғызатын болса, ішкі тұрақсыздық пайда болады.

3. Қоғамдық тәртіпті реттейтін арнайы психоаналитик мамандары бар әлеуметтік институттар құрылуы тиіс. Мысалы, біздің еліміздегі өткізіліп жатқан, жақын және алыс шет елдерден келетін психологиялық тренингтер, жағымсыз музыка түрлері т.б. сараптайтын және оның алдын-алудың жолдарын жасайтын, арнайы ғылыми тұжырымдамалдар құратын мамандыр қажет. Бүгінгі таңдағы өткізіліп жатқан, желілік бизнес, «адамды бақытқа жеткіземін» деген сарындарда жүргізілетін психологиялық тренингтер, жасырын сеантологиялық курстар т.б. адам психикасына әсерін анықтайтын арнайы құрылымдар қалыптаспаған. Шындығында, олардың кейбірінің психикалық ауытқуға жетелейтіндігі ақиқат.

4. Тек психологтар ғана емес, Ұлттық идеяның жүзеге асыру жолдарын ұсынатын философ-психологтар, социолог-психологтар да қажет. Мысалы, сырттан келетін әр түрлі жағымсыз идеологиялардың ықпалы мен ұлттық идеямыздың оған қарсы тұратан тетіктерін де жасақтау қажет.

Қорыта айтқанда, ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың психологиялық тетіктері маңызды мемлекеттік деңгейдегі және әлемдік саяси сахнадағы іргелі мәселе екендігін ұсынамыз. Сондықтан да бұл мәселені арнайы мамандар арқылы болашақта әрі қарай жетілдіре түсу қажеттігін баса айтқымыз келеді. Аталған жағдаят өз кезегінде, біз келесі бөлімде қарастыратын қауіп-қатерлерді болжамдаумен байланысты болып келеді.

Әдебиет:

  1. Аташ Б.М. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу шаралары: теориядан практикаға бетбұрыс: әдістемелік нұсқау. – Алматы, 2013. – 88 б.
  2. Аташ Б.М. Бөрі рухының айбары // Атырау университетінің хабаршысы. –2010. –№2. – Б. 44-49.
  3. Оразқұлова Қ. Қазақстан суретшілеріндегі архетиптер және ұжымдық бейсаналылық философиясы: филос. ғыл. кан. ... дисс. – Алматы, 2010. –144 б.
Основные термины (генерируются автоматически): мена, бар, бас, оса, Тау.


Задать вопрос