Тәуелсіз Қазақстан Кеңестер Одағындағы қайта құрулар нәтижелері мен ыдырауынан кейінгі орын алған саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыстардан сәтті шыға білгені әлемдік қауымдастыққа аян. Әлемнің алпауыт елдеріне ұлттық мүдделеріміздің бәсекелестікке қабілеттілігін мойындатқан еліміздің 25 жыл тарихи дамуымыз осы сөзіміздің дәлелі.
Әлемдік тарихи тәжірибе көрсеткендей, ұлттық қауіпсіздікке ерекше ықпал жасайтын факторлар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі мазмұнына әсер ететін әдістемелік аспектілердің болуымен өлшенеді. Мұндай үрдістегі жоғары сапалық көрсеткішке жетуге негізгі әлеуметтік топтар мен саяси күштердің түрлі базалық құндылықтарының болуы кері әсерін береді.
Жаһандану жағдайындағы ең маңызды мәселе – рухани қауіпсіздік болып отыр. Рухани қауіпсіздік мәселесі ХХI ғасырдың соңында көкейтесті мәселеге айналады. Бұл мәселе әлі терең зерттелмеген, жүзеге аспаған қоғамдық қажеттілік болып отыр.
«Қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудың бірден-бір шарты – рухани қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Руханилық – Қазақстанның ұлттық мүддесінің бір бөлігі. Оларды қорғау үшін елді әскери, ақпараттық, әлеуметтік, экономикалық қауіпсіздікпен қатар жүретін, солардың ұйытқысы болатын рухани қауіпсіздікпен қамтамасыз ету керек. Қазақстан Республикасының қауіпсіздігінің рухани негізі – оның тұрақты дамуына түрткі болады. Рухани қамтылмаған елдің мемлекеттік және қоғамдық құрылымдарының бұзылуына және халықтың рухани денсаулығы құлдырайды. Яғни рухани қауіпсіздік – адамның рухани экологиясын қорғау болып табылады. Рухани өмір – жеке адамның өзін-өзі тану мен өзін-өзі жасауы. Рухани қауіпсіздік – қоғамның ең маңызды өлшемдерін қорғайтын шарттар жүйесі. Бұл өлшемдерден шығу қоғамының біртұтастығын бұзып, оның рухани-адамгершілік негіздерін құртады. Наполеон: «ар-ұяттың төмендеуі – мемлекеттің саяси тұтастығын құлдыратады» деген сөздері бекер айтылмаған. Егер ұлттық рухтың ұясы – тіл десек, тілінен, ділінен, мәдениетінен айырылған ел, мемлекет болудан қалады.
Сондай-ақ, рухани қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздіктің ерекше құраушы бөлшегі. Руханилық ұлттық қауіпсіздіктің ұйытқысы.
Рухани қауіпсіздіктің объектісі адамдардың әлемді, табиғатты және қоғамдық болмысты қабылдауындағы сезімдері, бағыт-бағдарлары.
Рухани қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін төмендегі шарттарды орындау керек:
1) қазақ тілін дамыту, оны әлемдік тілдер қатарына қосу, өркениет тіліне айналдыру.
2) мәдени, рухани-адамгершілік, тарихи салт-дәстүрлерді сақтау және дамыту.
3) халықты рухани тәрбиелеу негізінде мемлекеттік саясатты жүргізу» [1].
Ұлттық қауіпсіздік – Қоғамның өмірлік маңызы бар барлық жүйесінің қорғалуын, адам және мемлекет, олардың мақсаты, идеалы, құндылықтары, сыртқы және ішкі қатерден қорғану қажеттіліктері, қарсы тұру қабілеті, табиғаттың тосын жағдайларына, бүкіләлемдік және ұлттық даму заңдылықтарына дер кезінде бейімделе білу қабілетінің базалық түсінігі.
Мемлекеттің қауіпсіздігі ұлттың интеллектуалды потенциалына және ақылымен ерік-жігеріне байланысты - деп В.Н. Кузнецов «Әлеуметтік қауіпсіздік» оқу құралында Рессей Федерациясының ұлттық қауіпсіздігін ұлттың интеллектуалды дамуымен байланыстырады [2].
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» – деп ата-бабамыз айтқандай, Тәуелсіз Қазақстан жағдайында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ұлттың интеллектуалды серпілісінен бастау алады. 2010 жылғы 29 сәуірдегі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның Ұлт Бірлігі Доктринасы » осы мәселені көтереді: «Бізге ұлт әлеуетін оятатын интеллектуалдық серпіліс қажет. Білімге, ғылымға және инновацияларға көзқарасты өзгертудің өмірлік маңызы зор. ХХІ ғасырда тек интеллектуалды ұлт қана жеңіс тұғырынан көріну мүмкіндігіне ие бола алады.Тек осындай жолмен ғана, дәстүрлерге сүйеніп үнемі жетілу арқылы, биік мақсаттар қоя отырып ұлттың бірігуіне, Ұлт Рухының нығаюына қол жеткізе аламыз.Бұған жету үшін мемлекет, әрқайсымыз, бүтін қоғам жауапкершілікті бөлісуі тиіс және қажетті әрі ұтымды мынадай шараларды қамтамасыз етуі керек:
- Ұлт Рухын дамыту және нығайту, осыны еліміздегі әрбір азаматтың өмірлік бағдарына айналдыру;
- мемлекеттік тілді дамытуға және оның аясын кеңейтуге ұлт бірлігін нығайтатын фактор ретінде басымдық беру;
- Қазақстанда тұратын этнос өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, салтын, тілін дамытуға жағдай жасау;
- ұлттың, мемлекеттің, қоғам және отбасының мызғымастығына бағытталған рухани дәстүрлерді, адамгершілік құндылықтарды, дүниетанымдық ұстанымдарды сақтау және нығайту;
- ұлттық құндылықтар мен игіліктерге қамқорлық жасау;
- жас ұрпақты сыйластық, отаншылдық, Еліне және халқына адал қызмет ету құндылықтары рухында тәрбиелеу;
- әрбір адам өзінің білімін, қабілетін, кәсібилігін және бәсекеге қабілеттілігін үнемі жетілдіріп отыру;
- қоғамның өмірлік маңызды барлық саласын одан әрі модернизациялауға байланысты бірлескен дәйекті жұмыстар жүргізу;
- Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің кепілі ретінде интеллектуалды ұлт қалыптастыру.
Тәуелсіздікті сақтау және мемлекеттілікті нығайту, мүмкіндіктер теңдігін және азаматтар құқығы мен бостандығын қорғау, интеллектуалды ұлт құру және ұлттық рухты дамыту - біздің ұлттық бірлігіміздің басты ұстанымы әрі әрбіріміздің өмірлік қағидаттарымыз болуы шарт» - деп тәуелсіздігіміз тұғырлы, қауіпсіздігіміз мықты болу үшін интеллектуалды ұлт құру және ұлттық рухты дамытуға шақырады [3].
Интеллектуалды ұлт құру интеллектуалды адамды қалыптастырудан бастау алады. Ғылыми зерттеулерде адамның интеллектуалды әлеуетін инвестиция ретінде қарастыруға болатынын дәлелдейді. «... атақты ғалым Гэри Беккер (Gаry Stаnlеy Bесkеr) өз еңбегі үшін экономика саласындағы Нобель сыйлығының иегері атанған. Беккердің пікірінше, экономикалық тәсіл адам мінез-құлқын түсіндіруде, айқындауға тұтас жүйені қажет етеді. Бұл бағытта зерттеу жүргізген ғалымдар бірнеше буын өкілдері талай сәтсіздікке ұшыраған болатын. Беккердің есептеуі бойынша, АҚШ-та адам капиталы инвестициясы құнды қағаздар инвестициясына қарағанда бірнеше есе артық пайда әкеледі. Беккер өз талдауларында адамның даралығы, төзімділігі сияқты рационалды, мақсатты мінез-құлықынан бастап басқа да әлеуметтік пәндерге қатысты адам өмірінің түрлі аспектілеріне қатысты түсініктерді қарастырады. Ғалымның әзірлеп, ұсынған моделі осы саладағы зерттеулердің негізін құрады. Беккер алғаш рет білімінің экономикалық тиімділігіне статистикалық есеп жүргізген ғалым. Жоғары білім алғандардың өмірлік табысын анықтауда олардың табысынан кәсіби білім алғандардың өмірлік табысы азайтылады. Білімге кеткен шығынмен қатар (оқу ақысы, жатақхана т.б), оқу жылдарында білім алушы ала алмаған, «жіберіп алған жалақы» қоса қарастырылады. Шын мәнінде, мұндай қолға тимеген жалақы білім алушының білімге кеткен уақытының құндылығымен, білімге кеткен шығынмен өлшенеді әрі оны пайдалану жинақталған балама қаржы болып табылады. Оқуға кеткен салымды кіріс жинағы ретінде қарастырған Беккер оның қайтарымын жылдық табыстың 12-14 %-ы деп санайды. Ғалымның білімге кеткен шығыннан қайтатын кіріс жолын есептеу адам капиталының қоғамдағы басты интеллектуалды қор және сарқылмас инвестиция ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл еңбегі ғалымға Нобель сыйлығын әперген болатын» [4]. Тәуелсіз Қазақтанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде интеллектуалды ұлт, интеллектуалды адам қалыптастырудың маңызы өте зор. Интеллектуалды ұлт, интеллектуалды адам мемлекеттің қауіпсіздігінің кепілі болмақ.
«Ұлттық қауіпсіздіктің міндетіне елдің негізгі, өмірлік аса маңызды мүдделері – ұлттық дербестікті, аумақтық тұтастықты, халықтың өмірін қорғауды кепілді түрде қамтамасыз ету болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде, ұлттық қауіпсіздік мемлекеттің өмір сүруін қамтамасыз ететін жүйе түрінде танылады: ұлттық қауіпсіздік болмаған жерде мемлекетің өзі де жоқ.
Қазіргі Қазақстан тұрақтылық және бейбітшілік сүйгіш қуатымен ерекшеленеді, бірақ бұл «stаtus-quо» адамгершілік, интеллектуальдық, рухани күш-жігердің дәйектілігі арқасында, белгілі бір саяси ерік-күшті жұмылдыру арқылы ғана мүмкін болып отыр.
Сондықтан ұлттық және мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты біз таңдаған әдістер мен жүйелер Қазақстанның саяси, әлеуметтік, қоғамдық және экономикалық дамуына неғұрлым оңтайлы ықпал ететіндей тұрғыдан таңдалып алыуы керек» [5]. Тәуелсіз Қазақстан үшін ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бірінші кезекте тұр. Бүгінде еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне ықпал жасайтын құбылыстарды бақылауға байланысты бірнеше мәселелер бар. Маңыздылары қатарында мемлекет пен қоғамның ішкі тұрақтылығын сақтау, билік тұрақтылығын бекіту, еліміздің біртұтастығын қорғау болып табылады деп ойлаймыз.
Философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі Р.Б. Әбсаттаровтың пікірінше: «Ұлттық қауіпсіздік – ұлттың-мемлекеттің өзінің жеке күш салуы мен халықаралық ынтымақтастығы арқасында басқа ұлтқа, мемлекетке зиян келтірмей, қоғамның өмір сүруі мен дамуының және оның тұрақтылығының лайықты жағдайларын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін халықаралық жүйедегі жағдайы» [6].
Ұлттық қауіпсіздік теориясының дүниетанымдық және әдістемелік негізін философия ғылымдарындағы қазіргі заманғы бағыттар қамтып, жаратылыстану және қоғамдық ғылымдар өз септігін тигізді. Конфликтология, апаттар теориясы сынды әзірлемелер оның әдістемелік негізін күшейтеді.
Жалпы ұлттық қауіпсіздік теориясының нысаны ретінде адам, қоғам және мемлекеттің әлеуметтік мүдделері мен еліміздің ұлттық мүдделерінің жиынтығы саналады. Сондықтан, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі – елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін, ішкі және сыртқы қатерлер ықпалын жоятын, қоғам, мемлекет және азаматтардың маңызды мүдделерін мемлекет пен қоғамдық құрылымдардың қорғау мүмкіндігі деп білеміз.
Ұлттық қауіпсіздіктің түрлі анықтамаларына сәйкес мынадай түсініктемелер ұсынамыз:
- азаматтар, қоғам, мемлекеттің өмірлік маңызы жоғары мүдделердің қорғалу ахуалы;
- барлық салалардағы азаматтар, мемлекеттің өмірлік маңызы жоғары мүдделердің жиынтығын мүдде ретінде ұғыну;
- адам, табиғат, қоғам, мемлекеттің материалдық және рухани өмірін қорғау;
- мемлекет және азаматтық қоғамның азаматтар, қоғам, мемлекеттің маңызды мүдделерін қорғау мүмкіндігі.
Әдебиет:
- Манапова С.И. Рухани қауіпсіздік объектісі, пәні және жүйесі (теориялық-әдістемелік талдау) // Әлеуметтік – саяси ғылымдар: мәселелер мен ойлары. профессор Әбсаттаров Раушанбек Борамбайұлының 70-жылдығына арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Алматы, 2010. – 574 б .
- Кузнецов В.Н. Социология безопасности: учебное пособие. – М.: КДУ, 2009. – 422 с.
- Қазіргі Қазақстан тарихы (2010-2011 жж.): Хрестоматия. / Құрастырған: Б.Ғ.Аяған., А.Н.Қашқымбаев., А.Т. Серубаева. – Алматы: Раритет, 2011. – 2 т. – 480 б.
- Сұлтанбаева Г.С.,Құлсариева А.Т.,Жұмашова Ж.А. Интеллектуалды әлеуеттен – интеллектуалды ұлтқа. Ұжымдық монография. – Алматы: ИП Волкова Н.А., 2012. – 216 б.
- Назарбаев Н.Ә. Сындарлы он жыл. – Алматы, 2003. – 240 б.
- Әбсаттаров Р.Б. Саяси тұрақтылық және ұлттық қауіпсіздік: жүйелік талдау // Хабаршы. «Әлеуметтану және саяси ғылымдар» сериясы. – Абай атындағы ҚазҰПУ. – 2009. – №3 (27). – Б.81-102.