Оқушыларды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу ұстаздың аса маңызды, аса жауапты парызы — деген сөзіне үңілсек, онда
Қазақстан мемлекетінің егемен ел болып қалыптасып, дербес мемлекет болуы және өркендеп гүлденуі ұлттық біртектілікті сақтаудан басталады.
Оның басты құндылықтары — ана тілі, ұлттық рух, діни наным сенімдермен тығыз байланысты. Қазақ халқы — рухани зор байлықтың мұрагері.
Президенттің Жолдауында ең мықты алдыңғы қатарлы елдердің қатарына кіру туралы керемет ой айтылды. Бұл — ұлттың ортақ ұраны.
Қазақстанды Отаным деп таныған әр азаматтың осыған барынша үлес қосуы бұның басты шарттарының бірі. Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңында “Білім беру жүйесінің міндеттері: …азаматтық пен елжандылыққа, өз Отаны — ҚазақстанРеспубликасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге тәрбиелеу” десе, ал орта білімді дамыту тұжырымдамасында “…тәрбиелік жұмыстарды Қазақстандық патриотизм, азаматтық, ізгілік негізінде құру” — керек екендігі көрсетілген.
Қазастан Республикасы Білім министрлігі ұсынған “Тәлім-тәрбие тұжырымдамасында” қазақ халқының жауынгерлік және ерлік тарихын ұрпаққа еріктің өшпес үлгісін қалдырған хас батырлардың өмір-өнегесімен таныстыру; өз жерін, елін қорғай алатын ұлтжанды, ұлттық намысы мол, жігерлі азаматтар тәрбиелеу, — деп ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ерекшеліктер, салт-дәстүрлерді бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне пайдалануға аса мән береді.
Қазақтың ұлан-байтақ даласын біздің ата-бабаларымыз сан ғасыр “Найзаның ұшымен, білектің күшімен”, “Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай” аман сақтап келді. Олардың құрып кету қаупі төніп тұрған кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жауға қарсы тұруы нағыз шынайы Отансүйгіштік қасиеті болып табылады.
Өз ұлтына деген патриотттық сезімді қазақ ағартушылары Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Алаш Орда қайраткерлері М.Дулатов, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов және т. б. нақтылы іс-әрекеттері мен шығармаларынан да байқауға болады.
Елжандылық сезімінің объектісі мен қайнар көзі — Отан десек, оның мазмұны: туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша киелі орындар. Олардың адам көкірегіне жылылық, жақындық, туысқандық сезімдерді ұялатып, ізгі де ерлік істердің қайнар көзіне айналуы елжандылыққа тәрбиелеудің арқауы.
Педагогика мен тәрбиенің, халықтың ұстанымын ғылыми тұжырымдаған орыс педагогі К. Д. Ушинский: “Өмірінде де, ғалымда да барлық халықтарға бірдей тура келетін тәрбие жүйесі жоқ. Әр халықтың ұлттық тәрбие жүйесі де әртүрлі. Өз еліне басқа елдің тәрбие жүйесін енгізу мүмкін емес, себебі халықтардың өмір сүру моделі де, тәлім-тәрбие моделі де басқа”, — деп жазғаны белгілі. Ғасырлар бойы дамып, қалыптасқан және өркендей беретін халық педагогикасының қасиетін қадірлеп, ұлттық тәрбиеге жан-жақты жағдай жасап, көңіл бөле бастағанымыз — болашақтың сәулетіне нұрын шашқан күн шуағы іспетті. Адамды адам еткен тәрбие болса, сол еңбекті ұрпағына үйретіп, адалдыққа баулыған халқымыздың танымдық, тәрбиелік дәстүрлері, салт-санасы, әдептік хадистері мен тұжырымдары — мәңгі нәр алатын рухани асыл қазынамыз.
Әр халықтың тәлім-тәрбиелік мұрасы — бұл ұлттық мәдениеттің бір бөлігі.
Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан халқымыздың озық тәрбиелік мәні зор әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, ауыз әдебиеті, өнері жас ұрпақтың ұлттық сана сезімін оятып қалыптастырады.
Халқымыздың өзінің бүгінгі биік, озық мәдениетіне оңайлықпен жетпеген. Бұл жолда ол талай заманғы шым-шытырман оқиғалардың сәулесін бойына сіңіріп, небір асу-қия, бел-белестерді басып өткен. Ата-бабамыздың шетсіз де, шексіз далада ертелі-кеш жер кезіп, бостан-босқа жүре бермей, олар ежелгі заманнан ер жүрек, еңбексүйгіш, талапты да талантты, өзіндік мәдениеті бар еңселі ел болған.
Халықтың бай мұрасын, соның ішінде қазақ фольклорын оқушыларды ерлікке және елжандылыққа тәрбиелеуде пайдалану. Ерлік адамның ерік-жігер қасиеттерінің ішіндегі шоқтығы биік сапасы.
Ал ерлікке тәрбиелеу — жас ұрпақтың, қоғам мүшелерінің Отанға, халқына, жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, мұны олардың бойына сіңіру және қалыптастыру. Халқымыздың батыры Б.Момышұлының «Бұрындары жасаған ерліктерді сыйламай, қадірлемей тұрып, жаңа ерлікке шақыру бекершілік» дегеніндей, жас ұрпақты ата-баба дәстүрі бойынша ерлікке тәрбиелеп, олардың намыс, парыз, ұлттық рух, жауапкершілік сезімін дамыту қажет.
Адамзат баласының ежелден келе жатқан ортақ мүддесінің бірі — ерлік тәрбиесі. Осы мақсатта әрбір халықтың сан-алуан ой-пікірлері мен тәжірибелері ғасырлар бойы жинақталып отырған. Адамзат баласына ортақ рухани қазынасының құрамдас бөлігі болып саналатын бұл жетістіктерді халықтың тәлімгерлік тәжірибесі дейміз.
Қазақ халқының да сан ғасырлық тарихи мәдени жетістіктерінің жемісін, рухани байлығын, жанына біткен еңбексүйгіштік, елжандылық, ерлік, имандылық, бауырмалдық т.б. қасиеттерін танытатын тәлімгерлік тәжірибесі бар. Онда кешегі өткен данагөй қариялар, ғұлама ойшылдар, би-шешендер және ақын жыраулардың даналық болжамдардың психологиялық пайымдауларымен педагогикалық тұжырымдамаларының өшпес ізі жатыр.
Халық педагогикасының озық үлгілері бала бітімін жетілдіру, ана тіліміздің өрісін кеңейту, білім беру сапасын арттыру, ұлттық дүниетанымдық көзқарасымызды нығайту құралының бірі болып табылады.
Қорыта айтқанда, патриоттық тәрбиені ойға алғанда бірінші санаға Отан түсінігі келеді. Отанға құрмет көрсету тұрғысындағы патриоттық сезім жалпы адам баласына тән туған түйсік-қасиет, оның еліне, туған жеріне, өз тілі мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарына жеке қатынасын, өзіндік бағасын, қуаттап-қолдауын пайымдайтын сезім көрсеткіші болып табылады. Патриоттық сезімнің нысаны мен қайнар көзіне Отан, туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі ұлттық құндылықтар жатады. Отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға әсер ететін факторлар — ұлттық сезім, ұлттық мақтаныш, ұлттық сана, ұлттық игі дәстүрлер, ұлттық парыз, бірлік және міндеттері болып табылады.
Ұлттық сезім — өзінің ұлттық өкілділігін мойындай отырып ұлтына деген сүйіспеншілік, жанашырлық, халық мұраларын бағалай білу. Әрбір адам өз Отанына деген мақтаныш сезімі, өз ұлтын терең сүюі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеуге тиіс.
Ұлттық мақтаныш — ұлттық материалдың, әлеуметтік көптеген мәдени жетістіктерінің негізінде қалыптасатын әрі алдыңғы қатардағы ұлттық идеялар, ой-пікірлерімен байып отырады.
Ұлттық парыз — Отанға деген сүйіспеншілік, сыртқы жаулардан елін, жерін аман сақтап, ата-баба дәстүріне өте сезімталдықпен қарау болып табылады. Ұлттық сана-сезім — адамның рухани өмірінің басты белгілерінің бірі.
Ана тілін білмейтін адам өзінің де, ел-жұртының да қадір-қасиетін жетік біліп, бағалай алмайды.
Ұлттық рух пен ұлттық патриотизм — бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті, өз халқына деген шексіз сүйіспеншілігі, адам өз халқымен қан жағынан да және шыққан тегі, аумағы, тілі, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, психологиялық және этностық ерекшеліктері, қалыптасқан тарихи дәстүрлері жағынан да, әбден айқын әрі дербес басқа қасиеттері көптеген ерекшеліктерімен де байланысты. Ел болу үшін ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім болуы керек. Жалпы, патриоттық сезімнің қалыптасуы отбасынан бастау алады.
Патриоттық тәрбие, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім рухани байлықтан көрініс табады. Олай болса, рухани байлыққа, ең алдымен, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жатқызсақ, тіл — қазақ болуымыз үшін, дін — адам болуымыз үшін, салт-дәстүр — ұлт болуымыз үшін қажет.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылдың қараша айында жарияланған Біз Жалпыұлттық идеямыз — Мәңгілік елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Мәңгілік ел — елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, ХХІ ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі-Мәңгілік ел! Ол-барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы — деп айтылған.
Әдебиет:
- Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жыл, 15 қараша.
- // Мектеп. — 2014.
- // Бастауыш мектеп. — 2007. — № 12.
- // Бастауыш мектеп. — 2007. — № 10, № 11.
- Жас ғалым. — Тараз, 2009.