Қазақ елінде діни танымның қайта жаңғыртылуы және болашағы | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 23 ноября, печатный экземпляр отправим 27 ноября.

Опубликовать статью в журнале

Авторы: ,

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №8 (112) апрель-2 2016 г.

Дата публикации: 04.05.2016

Статья просмотрена: 37 раз

Библиографическое описание:

Малдыбеков, У. А. Қазақ елінде діни танымның қайта жаңғыртылуы және болашағы / У. А. Малдыбеков, Мухамедгали Сергалиулы Оспанов. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2016. — № 8.9 (112.9). — С. 61-64. — URL: https://moluch.ru/archive/112/29207/ (дата обращения: 15.11.2024).



Қазақ елінде діни танымның қайта жаңғыртылуы және болашағы

Әлемдік дағдарыс салдарынан көптеген мемлекеттерде діннің қоғамдағы ролінің артуы байқалып отыр. Бұл жаһандану заманында руханиаттың құнсыздануы, дүнитанымда ғасырлар бойына сақталған құндылықтардың жойылуымен тікелей байланысты. АҚШ, Ресей және Европадағы алпауыт мемлекеттердің өзі адам санасына жат болған азғындаған сенімдер жиынтығы мен алдау, арбаудан құралған дүниені қабылдағандармен күресуде шарасыздық танытып отыр. Мәселен, әлемнің түкпір-түкпірінде орын алған терорлық әрекеттер: 2001 жылы 11 сентябрдегі Нью-Йорктегі әлемдік сауда орталығының жарылуы. Бүкіл әлем халқын жан түршігерлік жағдайға алып келді. Париждегі Charlie Hebdo журналының 08.01.2015 Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын жариялаудың өзі үлкен терорлық арекет еді, бұл да қаншама халықтың тыныштығын бұзды. Жаныңдағының сенімін қадірлей білу немесе оның құндылықтарын аяқ асты етпеу үшін көп нәрсе қажет емес. Ресейде 24 қаңтар Москва Домодедово аэрапортындағы, 9 қыркүйек Лубянкадағы жарылыс салдарынан қаншама адам зардап шекті. Мұны айта берсек тоқтауы жоқ, әлемді шарпып бара жатқан шырмауық тәрізді көбейіп барады. Ал бұл іс-әрекеттің жауапкершілігін мойнына алған топты қай жерде болмасын жою қажет екенін Ресей әлемге танытып берді.

Көптеген елдер мемлекет пен діннің және қоғамның өзара әрекеттесуінің заманауи ұтымды әрі тиімді модельдерін іздестіреміз деп экстремистік топтарды туындатып алғаны белгілі. Азғындаған танымға қандай жағдай болмасын орын жоқ. Түп негізінде экономикалық көрсеткіштер басымдылық танытатын саясаттың көріністері бар бұл ланкестік әрекеттердің бәрі тоқтау керек. Оны бізге міндетті түрде Батыс нұсқау жасау керек емес. Керісінше халық, ел билеген тұлғалар, отаным деген әрбір азамат түйсігінде ұлттық құндылықтарды қастерлеу, дінін иманына сай етіп ұстау, тілі мен руханиаттын, мәдени жетістіктерін паш ету жолға қойылса мемлекет мықты тұғырда тұратыны анық. Өз тарихыңды, дүниетанымыңды, салт-дәстүріңмен ұлттық құндылықтарыңды, мәдени жетістіктеріңді өскелең ұрпаққа таныта білсең, танымына сіңіріп қана қоймай, оны өмір тіршілігіне енгізсең бұл нағыз ата-баба жолын қастерлеу мен ақиқат жолы болып қала бермек. Қазақ елінде қалыптасқан сал­т-дәстүр негізінде бүгінгі таңда діни шыдамдылық пен қоғам өмірінің осы саласындағы бейбіт қатар өмір сүруі сақталуда. Дәлел ретінде қазіргі таңға дейін діни негізде айқын қақтығыс жағдайларының орын алмағандығын келтіруге болады. Бұл да оңаймен келмеген дүние.

Жаһандық дәуірде сыртқы күштер діннің қуатын ұлттық, әлемдік мәселелерді шешуде қолданып келеді. Бұл мемлекеттегі әртүрлі діни ағымдардың рухани экспанциясының өршуінің себебін анықтайды. Халық санасы руханилыққа қатысты кез-келген мәліметтерді тез сіңіруге бейім әрі оның ақ, қарасын ажыратуға әлсіз күй кешкен заманда шала сауаты бар, ескінің көзіне айналған діни аңыздарға сүйеніп әрекет ететін ақсақалдар қатары да көбейді. Өз тілімізде жазылған теріс пікірлерге негізделген еңбектер халық арасында кеңінен таратылды. Міне осы тұста мемлекетті буыны қатпаған, рухани тұрғыда әлсіз күй кешкен хәлде деп түйсініп, өз бағытында уағыздау әрекеттері мен адамдардың санасын бұрмалаумен айналысатын шет елден келген уағыздаушылар қатары бірден күрт өсті. Оның көпшілігі белгілі діндерді бетке ұстап, арнайы тіркеулерден өткенімен, олардың істеген әрекеттері мүлде басқа болып шығып, мемлекет тарапынан арнайы шаралар жасалып, жою қолға алынды. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мұның дамуына жол бермеу үшін халық танымынан ерекше орын алған рухани құндылықтардың өз деңгейінде бағалануына аса назар аударып, ахпарат құралдары арқылы насихат жұмыстарын қолға алып, зиялы қауым арасында діни тақырыптарда ашық сұхпаттар өткізді. Қазақ елі өзінің діни – рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен қазақ халқының діни – рухани қажетін толық қанағаттандыра алатын, дәстүрлі діни танымына сай келетін дін саласының мамандарын дайындау қажет екенін де таныта білді. Мұсылман елдеріне барып дін ілімін меңгерген мамандар мен алғашқы құрылған медреселерден тәлім алған шәкірттер жер-жерлерде ашылған мешіттерге иман болып қоғамдық ортада қалыптасып үлгермеген теріс түсініктерді жоюға және халық арасындағы рухани бостықты толтыруға атсалысты. Бірақ уақыт өте келе олардың көпшілігі біздің салт-дәстүрімізбен, әдет-ғұрыптарымызға жат болған түсініктерімен қоғамның рухани мұқтаждарын өтеуден қалды. Біздің дәстүрлерімізбен тұтас болған дін ғылымының өркендеуіне және қаптаған діни ұйымдарды жіктеп, ақ-қарасын ажырата алатын аналитиктерді дайындау бағытында жоғары оқу орындарында дінтанушы-философ мамандары әзірленді. Бұл шәкірттердің алғашқы буыны қазақ халқының дәстүрлі көзқарасына негізделген дін ғылымының даму ерекшеліктері мен қазіргі таңдағы даму бағыттарын анықтай алатын жобалар негізінде орасан жұмыстар атқарып келеді.

Ислам өркениеті Отырар, Түркістан, Сайрам, Сығанақ, Баласағұн... іспетті үлкен мәдени орталықтардың дүниеге келуіне ықпал жасаумен қатар аты әлемге мәшхүр болған даналардың шығуына негіз болды. Міне осы ғұламалардың еңбектерін қайта жандандырып, халық танымына жеткізу кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Ойшылдар шығармашылығын зерттеп халықтың мұң, мұқтажын орындаудыда алғашқы дінтанушы мамандар өз қолына алды. Мәдени мұра бағдараламасы аясында атқарылған жұмыстар мен дін саласында зерттеу жүргізген ғалымдарымыздың еңбектері қоғам сұраныстарын қамтамассыз ететін рухани тұтастықты қалпына келтіруге үлкен септігі тиді.

Дінді ғылым жағынан қарастыру қоғамдық пікірде қолдаушылыққа ие болды. Дін саласындағы еңбектерді аударып, оған сараптамалық жұмыстар жүргізу барысында жасалған талдаулар қарапаиым тілде халық санасына жеткізуге мүмкіндік берді. Рухани тұғырларымызға қайта оралу бізге жат болған діни ағымдардан құтылудың негізгі жолына айналды.

Адам бітім-болмысын рухани тұрғыдан жетілдіруде халық дүниетанымы мен дағды–дәстүріне енгізуде тән мен жанның бірлігі мен қайшылығын танытқан нәпсіні тежеу жолдарын ашу көзделді. Адам жанын жетілдіруді қазақтың рухани әлеміне енгізуде сопылық ілімдегі кемелдену сатыларын қойған Ахмет Ясауи, оны ар мен иман тазалығы мен аллаға деген махаббат сенімімен толықтырады [1]. Демек, бұл жол адамды шариғат тиым салған жат қылықтардан: арсыздық пен бұзақылық, хақсыз қиянат пен шек келтіру, ұрлық жасау мен алдап арбау, жалқаулық, баянсыз іске құмарлықтан, зинақорлық пен біреуге азар көрсету, парақорлық, сананы тұмшалаған әуестіктен босатады.

«Мықтымын деп мақтанба ақыл білсең, мықты болсаң өзіңнің нәпсіңді жең» [2], - деген Абай ақыл мен сенім ғибадатта екенін танытқандай. Өз менін өлтіру, өзінің жан дүниесіне үңіліп, кемелдікті жетілдіру немесе материалды мұқтаждықты жою адамды даму сатысына қояды. Н. Кузанский ішкі жан дүние сәулесі болмысты танудың тікелей жолы деген. Ақыл - адамның сенімді, саналы түрде қабылдауының жолы. Ақыл адамның хақиқатты тануына мүмкіндік береді. Мен деген түсініктен айырылу мен нәпсіні жоюда ілімнің ақылмен игерілуі жоғары бағаланды. Мәселен, Будда ілімінде монахтар менді иогалық тәсілдер мен аштық арқылы жойған. А. Камю батырлық пен ақылдың сабақтастығы үлкен күш десе. Ф. Ницше ерлікті ақылға қайшы қояды. Білім ақылға негізделіп, саналы түрде меңгеруді қажет етеді. Оны игеру адам санасына тәуелді болған соң, ол қоғам қажеттілігіне айналды. Сопылық ілімдегі қағидалар да мұсылман философиясына негізделіп, білім таратуда имандылық жолын алдыңғы шепке қойды.

Елбасы, Н.Ә. Назарбаев ел тәуелсіздігін алған тұста Түркістан қаласында Ахмет Ясауи есімімен аталған университет ашып, оған халықаралық статус беруі халқымыздың рухани құндылықтар жүйесін қайта ояту екенін жақсы білді. Ахмет Ясауи туралы тың зерттеулер осы университет аясында жүргізіліп, бұл зерттеулер әлемдік ғылыми көпшілік тарапынан мойындалуда. Ең бастысы қазіргі университет ғалымдарының бұл бағытта жүргізген жұмыстарының нәтижесі Қазақстан мемлекеті мен қазақ халқының рухани тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатына қызмет етуде. Республика деңгейінде сапалы маман әзірлеуге негіз болған шет елден келген дінтанушы профессор – оқытушылық құрам тек осы университетте болды. Сонымен қатар Түркология және Яссауитану ғылыми зерттеу орталықтары да осы университет жанынан құрылды. Университет ғалымдарының ұзақ жылдар бойына Ахмет Ясауи мен ол негізін салған сопылық жол туралы жүргізген ғылыми ізденістері қазақ халқының дәстүрлі діни танымы мен оның философиялық көзқарастарының негізін, Ясауи жолының қазақ халқының қалыптасуындағы орнын танып білуде үлкен жетістіктерге жетті. Бүгінгі күні бұл жетістіктер қазақ елі үшін діни мамандарды дайындауға толық жеткілікті.

Жастар ел келешегі. Олардың дін жөніндегі түсініктері қалыптасып үлгермеген, өйткені діннің осал тұстары көп. Сондықтан кез-келген көк аттының жетегінде кетпес үшін дін сабақтарын мектеп қабырғасынан меңгерген жөн. Бұл тұрғада мемлекет тарапынан қолдаушылық танытып, мектептерге «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні енгізілді. Қазіргі кезде осы сала бойынша дәрістерді жүргізіп жатқан мамандардың сапалық деңгейін арттыру керек. Өйткені сол пәндерді жүргізу тарихшы немесе сағат есебінде басқа мамандық иегерлеріне жүктелуде. Бұл біздің қоғамдағы рухани процестің жетілуне тағы да кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан материялдық базасы мен жинақталған кітап қорлары және оқытушы профессорлық құрамы толық жеткілікті Халықаралық қазақ-түрік университетінде мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру қажет.

Түркістан рухани, діни туризм орталығы болып қалыптасып келе жатыр. Бұл сала мамандарының қоғамның рухани сұранысына қажеттігі күн санап артып келеді. Шет елден келген зерттеушілер Ахмет Ясауи дүниетанмының қоғам үшін маңызына назар аударып, бұл тұрғыда арнайы жұмыстар атқаруда. Мәселен американдық профессор Брюс Привратскидің «А.Ясауи мовзолейі және қазақ халқының дәстүрлі танымы» атты еңбегі жарық көрді. Ол еңбекте қоғамға жат теріс ойлар мен біржақты қарама-қайшы пікірлер де көп. Дегенмен Батыс исламтанушыларының көпшілігі осындай еңбектерді негізге ала отырып қортынды жасай беруге бейім екені белгілі. Халықтың рухани дүниетанымы жөнінде жинақталған ғылыми зерттеулерді өз еліміздің азаматтарына танытумен қатар шет тілдерінде жариялаумыз керек.

Қазірге дейін жасаған жұмыстарымыз мақтауға тұрарлық жетістіктерімен әйгілі. Бірақ істелген әрекеттерімізде жүйелілік пен қоғам талаптарына қажетті болған зерттеулер аяқсыз қалып отырған жайы бар. Кей жерлерде зерттеу инсититуттары жабылса, қажетті жобалар қаржыландырылмай немесе қаржы бөлінсе де қажетті мамандар жобаға қатысудан тыс қалады. Арнайы зерттеу лабораторияларында көптеген қолжазбалар қоры аударылғанымен оның баспадан шығып, халыққа таратылуында да қиындықтар кездесіп жатады. Бүкіл әлемге танытып 2016 жылды ЮНЕСКО Ахмет Ясауи жылы деп жариялап жатқанда университетте Яссауитану ғылыми зерттеу орталығы жабылды, бұл бағыттағы ғылыми зерттеулер кідіріп, тек есеп үшін бір конференциямен шектеліп отырған жайымыз бар. Міне дін ғылымы тұтқасын ұстаған тұлғалардың жүгі қашанда ауыр, әрі қоғам үшін маңызды болған. Соның көрінісі қылуетке түсіп, ғибадат жасаумен қатар халыққа рухани азық болатын «Даналық хикметтер» еңбегінің дүниеге келуі. Әлемдік мәдениеттің қайнар көзіне айналған рухани құндылықтар адамзат танымын жетілдіретін, ұлтты өркениетке бастайтын ақиқат жолы екенін ойшыл анықтап берді. Міне, халықты имандылық пен рақымдылыққа және азаттық пен әділдікке бағыттаған хикметтердегі терең философиялық ойлар адамды ақиқатты тануға шақырды. Ахмет Ясауи қалыптастырған сопылық ілім идеялары мен ислам дінін халық танымына жеткізуде жасаған тұжырымдары көнерместен елге өз қызметін ғасырлар қойнауынан алынған қазына ретінде атқарып келеді. Ахмет Ясауи ұстанған рухани-танымдық жол адам бойындағы асыл қасиеттерді ақиқатпен ұштастырып, түркі халықтарының рухани тұтастығын қамтамассыз ете алды.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Біз өз мүмкіндігіміз бен қабілетімізді баршамызға ортақ мақсатқа, еліміздің одан әрі өркендеуіне жұмсауымыз керек. Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі» [3] -деген. Сондықтан көп ұлтты қоғамның тұрақтылығын сақтай отырып, ұлттық мәдениетімізді жетілдіруде әрбір азаматтың Отан үшін жанқиярлық патриоттық сезімі мен рухани асқақ сенімі қажет.

Әдебиет:

1 Есенбай Д. Хикметтер. – Алматы: Қазақстан даму институты, 1998. – 170 б.

2 Абай. Книга слов: Поэмы. Перевод с казахского К. Серикбаевой, Р. Сейсенбаева. – Алматы: ЕЛ, 1993. –272 с

3 Н.Ә.Назарбаев, Қазақстан халқына жолдау. 30 қараша, 2015.

Основные термины (генерируются автоматически): ахмета, мена, пена, оса, университет.


Задать вопрос