Қауіптің қашанда серігі болған – қорқыныш адамға тұрмыстың қауіпті жағдайынан қашу және қауіпсіздікке жету жолдарын және амалдарын іздеуге түрткі болды, ал табиғаттың зерттелмеген, қауіпті көріністері, күнделікті өмірдегі басқа да өте қиын жағдайлар және өлім тәжірбиесі қасиеттілік түсінігін туғызды. Тотемизм сынды, ру тайпалық діннің негізі дәл осы қорқыныш және қорғанысқа деген қажеттілікте жатыр. Адамзаттың санасында тотем қауіпсіздікке деген қажеттілікті қанағаттандыра отырып, тұрмыстық анықтылықты, тұрақтылықты қамтамасыз етті. З. Фрейд «Тотем және табу» еңбегінде «алғашқы адамдар, оларға деген орасан зор игі ниетті немесе қастық ойлаушы жындардың, шайтандардың әлемінде өмір сүреді» деп жазған. «Олар табиғат көрінісінің себебін теледі және олар жануарлар мен өсімдіктерді ғана жандандырып (жан бітіру) қоймай, сонымен бірге әлемнің жансыз заттарында жандандырады деп жорамалдайды» [1].
Бір тотемикалық топтың мүшелерінде көптеген әрекеттерге – табуға тыйым салынған. Табудың тарихи және невротикалық формаларының әр алуандығын зерттей келе, Фрейд олардың ортақ белгісін - қорқынышты анықтайды. Мысалы, «жанасу қорқынышы: патшаға, абызға жанасу қарапайым адам үшін өліммен тең, бірақ олардың тарапынан мұндай қылық (ишара) үлкен игілік ретінде қарастырылған». Тотем адамның негізгі өмір салаларын реттейді, жазалау және ләззат алумен өз еркі бойынша иелік етеді, екі қарама-қарсылықтарда көңіл көтереді. Бір жағынан - қорқынышты, қауіпті, екінші жағынан-қасиетті, әулие. Қолдаушылар тотемді оларға табиғаттан тыс көмек көрсете алатын: «Тайпа өз тотемінен қорғаныс және қайрымдылық күтеді.
К.Лукьяненко кельт құдайларын зерделей келе, «алғашқы кельттік діни көзқарастар табиғат көріністеріне және аппатты күштерге бас июді білдірді. Олар табиғат адаммен тілдесе алады деген сенімге құралды. Кельттердің өздері болса сыйқыршылық әрекеттер және жоралғылардың тұтас жүйесінің көмегімен табиғатпен сиқыр тілімен сөйлескен» [2] деп ескертеді. «Табиғи» ілім деп аталатын діннің алғашқы формаларында, мәселен, магия секілді, «табиғаттан жоғары» нәрселерге сену сондай-ақ адамның өз дәрменсіздігімен және қоршаған әлемнен төнген қауіптен (қауіпсіздікке қажеттілік) сырттан келетін қорғанысқа қажеттілікке байланысты болған. Адамдар сиқырға өзін өмірде жақсы, сенімді сезіну және қауіпті жағдайлар төнген сәтте ғана емес, сондай - ақ оларды болдырмау және қарапайым өмір сүруді жалғастыру мақсатында жүгінеді.
Б.Малиновский «алғашқы адамдар қоршаған әлем жөнінде жақсы білім тәжірбиесінде қалыптасқан көптеген арсеналға ие бола тұрып, табиғаттың қырсықтығын, жазым оқиғаларын, апаттық және жойқын құбылыстарын болдырмауға күштері жетпеген болған деп айтады. Олармен кездескен жағдайда, адамдар сиқырдың күшімен оларға иелік етпек болады». Сиқырға жүгіне отырып, олар қалағандарына жетудің мүмкін еместігінің орнын басқа тиімді құралдармен толтыруға тырысады. Мысалы, тробриандықтарды зерттей отырып, Малиновский, «олар сиқырға теңізге шығу қарсаңында немесе сол уақытта – тәуекелмен байланысты қауіпті іс бастағанда жүгінген» деп жазады. Олар басқа амалдармен өздеріне сәтті сапар, қолайлы ауа-райын және желді қамтамасыз ете алмайтынын білді. Бүгінгіні уайымдаумен байланысты қорқулар және болашақтағы белгісіздік адамдарды сәуегейлер мен сиқыршылардың көмегіне жүгінуге мәжбүрледі. Олардың аузынан шыққан болашақ жөніндегі ақпаратты қандай да бір айғақтарсыз енжар қабылдап, «жоғарыдан келген» тағдырына бағына отырып, адам солай болғалы жатқан жағдай жөнінде білім және сонымен бірге қауіпке қарсы тұрарлық және өзін қорғай алатын (қауіпсіздендіретін) сенімділік жинақтайды.
«Шаман дінінің қазақ арасындағы қалдықтары» атты еңбегінде Шоқан Уалиханов әр-түрлі қауіп-қатерлерден сақтану және алдын алу үшін адамдар «шамандардың» көмегіне жүгінені туралы сипаттайды. «Адам аспанға, күн мен айға өз үстінен билік ету мәртебесін жазды, олардың ықпалын жоққа шығаруға болмайды, алайда бұл ықпал осы әлемде тек оған (адамға) туғаннан өлгеніне дейін әсер етті. Ол табиғаттың айрықша жебеуімен ғажайып бейнеден туып, ашу-ызасынан өлуі мүмкін, бірақ өлген бойы оған табиғат билігі жүрмейді, ол өзі әруаққа, онгонға, еркін құдіретке айналады. Шаман халқында, христиандық тұрғыдан алғанда, күнә болған жоқ, адам ар-ұятын таптап, теріс жүруден қорықты, өйткені осыдан оның малы азайады; от басса, ол ауру табады. Шамандар аспан (көк тәңірі) мен рухтың желеп-жебеуіндегі адамдар ретінде құрмет етілді. Шаман – сиқыр мен білім дарыған, басқалардан жоғары тұрған адам, ол – ақын, әнші, көріпкел және сонымен бірге дәрігер. Ем, кесел шаманның пікірінше, физикалық себептерден болмайды, бірақ Құдайдың, немесе жын-шайтанның еркінен, жалпы киелі нәрсені қадір тұтпаудан болады, сондықтан аурудан емдеуді жын-шайтанға жақын, сол себептен де белгілі салттармен немесе қырғыздардың өздері айтатындай еммен таныс адамдар – шамандар жүргізеді. Барлық ауруларды шамандықта жын-шайтанның қағуы мен онгондардың ашуымен көреді, сондықтан олардың емін, рухтары желеп-жебейтін шаман – адамдар жүргізеді. Жын-шайтандардан шамандардан басқа, кейбір атақты, текті немесе батыр адамдардан да қорқады, бұл тұрғыда оларды тірі рухтар» [3] деп жазады. Адам белсенділігінің басым факторы бола тұрып, өзін өзі сақтаудағы қажеттілік оның санасын ғажайыптар (табиғаттан тыс) саласына бағыттады. Адам өмірінің дағдарыстық кезеңдерінде (туылу, өлім, отбасы, ажырасу, құштарлық) оның бойын жаулап алған абыржу және алаңдау, сенімсіздік сезімдерінен құтылу тілегі діни сенімде де көрініс табады. Қиын сәттерде өмірден күдерін үзген және сенімділігінен, орнықтылығынан айрылған адам Құдайға келеді. Құдайға деген сенім, оның билігі мен күшіне (құдыреттілігіне) сенімділік өмірде сүйеніш (тірек) рөлін ойнайды және жанның жайбарақаттығын ғана сақтап қалмай, сонымен қатар сыртқы әлеммен үндестікті ұстап тұрады. Гайденконың сөзінше, «дін өз міндетін адамға «өмір жолын» көрсетуде, оның өмірлік мақсаттарын және тәртіп жолдарын қалыптастыруында көрінеді». Әлеуметтік келісілген түрдегі дүние танымның, діннің пайда болуы ақиқатты түсінудің жаңа тәсілі болып ғана қоймай, сонымен бірге қауіпсіздіктің мәнін түсінуде кезекті кезеңге айналды [4].
Діни сенім адамдардың өмір талаптарына, заңдарына жауап беретін және сондай ақ қоғамдағы жағдайлар туралы дұрыс түсінік қалыптастыруда өте жақсы рол ойнайды [5]
Дін адам үшін оның рухани ұйымын қорғаудың және тәнін сақтаудың үйлесімді амалы ретінде алға шығады. Құдайға сену қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі механизіміне айналады. Діни талаптар мен ережелерді сақтау бүгінгінің әлеуметтік процесстерін реттеді және солай адамның санасына қорғаныста (қорғауда екеніне) және аман қалуда сенімділік, тұрақтылық жағдайларын орната отырып, тыныш және тату «келешек» өмірдің мүмкін екендігіне сенімділік ұялатты. Бұл қауіпсіздікті идеалистік түсіну, қауіпсіздік материалистік бояулармен суреттелген жаңашыл түсініктерден ерекшеленеді.
Діни сенімде де, құдайға табынушылық нанымдағы сияқты, табиғаттан тыс күштер – қорғаныш күшін көрсете және жаза жібере алатын жалғыз, құдіретті Құдай түрінде қатысады. Жалпы айтқанда барлық діндер үшін «қайғы-қасірет бізге жоғарыдан берілген және олардан бұдан жақсырақ өмірге дайындалу мағынасында бір пайда шығаруға болады деген сенушілік болады» «Ақыр соңында біз қандай жамандықпен жолықсақта, ол өлшеулі және оның бітер сәті болады, ал Құдайдың қайрымдылығында шек болмайды» [6].
Дәстүрлі дін моральдің және руханилықтың бастауы болды. Көптеген діндермен бөлінетін мәдени құндылықтардың негізінде махаббат, үміт, бейбітшілік, әділеттілік деген әмбебап түсініктер жатыр. Моральдік бастама әсіресе әлемдік діндерде айқын көрінген, айта кетейік, мысалы, буддизмде тіптен, кейбір зерттеушілер буддизімді дін деп емес, «моральдік жүйе» деп атайды. Бұл діннің ұстанушысы үшін буддалық «аман қалу (сақтану) жолы» ғибадаттық әрекет емес, қасіретті моральды-сабырлы түрде көтеру, сезімдерінен, тілектерінен бас тарту, адамгершіліктік принциптерді ұстану дегенді білдіреді. Мәселен, Будданың мынадай қанатты сөздері және нақыл сөздері: «Адам бос, қажетсіз сөздерден, екіжүзділіктен, азғындықтан, әдепсіздіктен, тәккаппарлықтан, көралмаушылықтан бас тартқанда және ол өзінің ақылымен келісімде өмір сүргендіктен, барды қанағат етіп үйренгенде ғана кемелденуге, мейрімділікке, адам сүйгіштікке, бақытқа қол жеткізе алады» немесе «Әр адам өзінің ақылына және қажеттілігіне қарай, беру керек деген мөлшерді береді, ал өзгенің байлығын және басқалардың дәулетін көреалмаушылар ешқашан кемелденген адам бола алмайды» жоғарғы адамгершілік құндылықтарға ие адам осы бағытпен жүруі керек. Буддизмнің негізгі мазмұнын қайғы-қасірет туралы ілім құрайды, оның негізінде қайырымды ақиқаттар - осы діннің барлық мектептерімен және бағыттарымен мойындалған діни доктрина және буддизм дінін оқытудың негізгі қағидалары жатыр. Қоршаған орта тарапынан сол немесе басқа жағымсыз ықпалымен келген барлық қайғы-қасіретті, азаптарға төзеді, қайғы шегеді. Адам құрғақшылықтан, егіннің болмауынан, басқа адамнан қайғы-қасірет көруі мүмкін, қайғы-қасіреттің барлық бастауын тізіп шығу қиын. Буддизм қайғы-қасіретпен күнделікті өмірмен байланыстының бәрін, туылған сәттен бастап, өліммен аяқталғанға дейінгінің барлығын: «туылудың-азабын, қартайу-азабын, ауру-азабын, өлім-азабын, жағымсыздықпен қосу-азабын, жақсылықтан айрылысу-азабын, қалаған бір нәрсені ала алмау-азабын» жария етеді, тіршілікке қарама-қайшы жақындастық (бауырмашылық) бұл қайғы-қасіреттің өзі. Адамның өмірі көптеген қауіпті жағдайлар қайғы-қасіретке толы, олардың ішінде бірінші кезекте биологиялық табиғаттың күшімен болмай қоймайтын сипатта болатындар (ауру, қарттық, өлім), сондай-ақ өмірдің әлеуметтік құралмауы, ықтимал бақытсыздықтар және қиындықтармен қолайсыздыққа ұшырататындар жатады.
Аман қалуға алып баратын жол туралы төртінші «қайрымды ақиқат» қызықты және сабақ боларлықтай. «Дұрыс кіріспе, дұрыс ой, дұрыс сөз, дұрыс әрекет, дұрыс өмір салты, дұрыс күш салу (тырысу), дұрыс назарға алу, дұрыс дайындалу». Бұл жол, «жүру керек жолды көрсететін ой өрісін береді, білім береді, ол татулыққа, жоғары білімділікке алып барады». Бұл ақиқат көптеген этикалық ережелерді жоғалтып алған, жаңашыл адам үшін айтарлықтай маңызды, ол жаңашыл адамның қауіпсіздік мәдениеті және дүниетаным құрылымындағы қауіпсіздік элементін қалыптастыру кезінде алгоритм ретінде пайдаланыла алады. Жаңашыл іздестірулер жалпы «сансар» және «карма» жолынан құтылу (аман қалу) және босанау (азаттық алу) жолдарын іздеумен тең жеке адамның, сондай-ақ адамзаттың тірі қалуының амалдары [7].
Сонымен, жоғарыда айтылғандар аталған даму кезеңінде пайда болған дүниетаным мен алдын ала келісілген қауіпсіздік туралы сипаттамалық түсініктер нақты бір тарихи заманда қалыптасты деген тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Тотемге табынушылық және діни сенімдер қауіпсіздік туралы пайда болған ілімді бір арнаға шоғырландырды және қорғаныс функциясын табысты орындай, қоғамның өмірін реттей отырып қауіпсіздікті және жеке және әлеуметтік тұрмыстың тұрақтылығын қамтамасыз етті. Қауіпсіз өмірдің заңдары ғажайып-тіршіліктермен, құдайшыл шежірелермен, жалғыз Құдаймен анықталды. Салт жоралғыларды сақтау тыныштыққа, қорғанысқа кепілдік берді және тұрмыстың мызғымас тұрақтылығын қамтамасыз етті, ал тұрақтылықтың (қауіпсіздіктің) кепілі адамның санасында нығайған заттардың табиғи-тиімді, мәңгілік, тамаша реттілігі болды. Адамдар өздерін тек табиғатпен бірге қауіпсіздікте сезінген, себебі «табиғатта өмір сүрген» және өздерінің субъективті саналарын объективті шындықпен үндестікте дамытқан.
Әдебиет:
- Фрейд 3. Тотем и табу. Психология первобытной культуры и религии. –СПб.: Алтейя, 1997. – 221 с.
- Лукьяненко, К. По следам кельтских богов. Атеистические чтения: сборник. – М.: Политиздат, 1988. – 203 с.
- Уалиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Толағай групп», 2010. –Т.4. – 496 б.
- Gаidеnkо Р.Р. Thе nаturе оf thе rеligiоus wоrldviеw // Рrоblеms оf Рhilоsорhy.– 1995. –№ 3. – Р. 43 – 52
- Ассulturаtiоn,Rеligiоsity, аnd Еthniсity Рrеdiсt Mоthеrs Саusаl Bеliеfs Аbоut Sераrаtiоn Аnхiеty Disоrdеr аnd Рrеfеrеnсеs fоr Hеlр-Sееking. Еriса D.Sооd, Juliа L. Mеndеz, аnd Рhiliр С. Kеndаll.Jоurnаl оf Сrоss-сulturаl рsyсhоlоgy. – 2012. –Vоl. 43, № 3. –509 р.
- Еd. Р.А. Vаrghеsе.Thе grеаt thinkеrs оf thе grеаt quеstiоns. Mоdеrn Wеstеrn рhilоsорhy. – M., 2000. –Р. 398.
- Hwаng Sооnil. Mеtарhоr аnd Litеrаlism in Buddhism. Thе dосtrinаl оf nirvаnа. Рublishеr: Охfоrd Univеrsity Рrеss. Рlасе оf Рubliсаtiоn. – Охfоrd: Рubliсаtiоn Yеаr, 2006. –Р. 160.