Он алтыншы жылдың дүрбелеңі, тарихтағы орны | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Кипшакбаев, К. З. Он алтыншы жылдың дүрбелеңі, тарихтағы орны / К. З. Кипшакбаев, Г. С. Каденова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2017. — № 7.1 (141.1). — С. 39-40. — URL: https://moluch.ru/archive/141/39690/ (дата обращения: 18.12.2024).



Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздік алуы, халықтың ұлттық санасының өсіп, өзгеруіне, тарих ғылымының жаңа саяси мәдениетті қалыптастырудағы рөлінің күшеюіне үлкен дәрежеде өз ықпалын тигізді.

Кеңестік тарихнамада қазақ интеллигенциясының 1916 жылғы көтеріліске байланысты ұстанған позициясын баяндау тарихи шындықты ашуды мұрат тұтпай, қалай болғанда да оларды реакциялық бағыт ұстанған күш ретінде көрсетуді көздеді. Шын мәнінде мәселе анағұрлым күрделірек болатын.

1916 жылдың 25 маусымында патша үкіметінің Қазақстанның, Орта Азияның және ішінара Сібірдің жергілікті ер-азаматтарын әскери-тыл жұмыстарына алу туралы жарлық шығарды. Көтерілістің шығуына түрткі болған жағдайда - қазақтан соғысқа солдат алу емес, қара жұмысшы мәселелерінің жай-жапсарын "Қазақ" газеті арқылы демократиялық интеллигенцияның 1914-1915 жылдардан бастап-ақ көтеріліс, қоғамдық пікір қалыптастырып, бұл мәселеге байланысты үкімет орындарының шешімдеріне ықпал жасауға тырысқаны жөнінде зерттеу жұмыстарында айтылмай келеді [1].

Патша үкіметі соғысқа дайындалғанда оған Ресейдің бүкіл халықтарын шақыруды бұрыннан-ақ ойластырған. 1909-1910 жылдардың өзінде жоғарғы әкімшілік арасында бұрын әскер қатарына алынбағандардың бәрін бұл міндетті өтеу жөнінде сөз болған. Оған Түркістан мен Дала өлкесінің бұратана халықтары да кірген. Бұл мәселені жан-жақты ойластыруды Мемлекеттік Дума соғыс министрі Сухомлиновке жүктеді. Ол "1914 жылдың шілдесінде Мемлекеттік Думаға мынадай жауап қайтарды: қазақтар көшпелі халық, көшпелілік пен мемлекеттік бір-біріне үйлеспейтін ұғымдар; қазақтардың мәдениеті төмен, орысша білмейді, жазу танымайды, солдат тамағын тамақсынбайды әскер қызметіне шыдамайды; бұларға қосымша, қазақтар соңғы кезде панисламизм рухында тәрбиеленіп отыр [2]. Панисламизм дегенде бүкіл мұсылман халықтарының бірігуі мүмкін, оларды қаруландырсақ, ол қаруларды өзімізге қарсы бағыттауы мүмкін" деп қауіптенді. Соғыс басталғаннан кейін әскери салық төлеу енгізген. Соғыс барысында бұл саясатты өзгертуге тура келді. Ресей империясының экономикалық жағынан артта қалуының, әскерінің нашар қаруланғандығының және жөнді қамтамасыз етілуінен, әскери және мемлекеттік басшыларының надандығынан, сондықтан тың қордалануынан патша әскерлері жеңілістен жеңіліске ұшырай берді. Осы себептерге байланысты "Бұратана халықтарды мемлекеттік қорғаныс жұмыстарына пайдалану тәртібі туралы ереже" қабылданды. Ол бойынша 19 бен 43 жастың арасында "бұратаналық" азаматтар соғыс аймағында қорғаныс құрылыстарын салуға, әскери қатынас жолдарын ұйымдастыру жөніндегі тыл жұмыстарына шақыртылды . Оған қазақ даласынан 400 мыңға жуық ер-азаматтар тартылды [3].

Осының бәрі, қазақ халқының ашу-ызасын тудырды, ұлт-азаттық күресті күшейтті және оның басталуын тездетті. Наразылықтар, ереуілдер көбейді. Алайда, 1916 жылдың шілдесінде жекелеген еруілдер, толқулар, қозғалыстар өрістеп, бұқаралық сипат алып, нәтижесінде бүкіл қазақ жерін қамтып, ұлт-азаттық қозғалысқа ұласты.

1916 жылдың 25 маусымындағы патша жарлығы тек сылтау , желеу болатын. Көтерілістің басты себебі әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттағы факторлар еді. Яғни, орталық езгінің күшеюі, жерді тартып алу, салықтар мен алымдардың өсуі, еңбекшілерді қанау, өлкенің қазақ және басқа бұрыннан тұрған жергілікті халықтары жөнінде царизмнің жүргізіп жатқан орыстандыру саясаты, соғысқа байланысты халық бұқарасы жағдайының күрт нашарлап кетуі, міне осыған алып келді [4].

Көтерілісті көбіне қазақ зиялылары басқарды. Мысалы, Ақмола даласында - Сәкен Сейфуллин, Атбасар даласында - Әділбек Майкөтов, Орал облысынан Тоқаш Бокин, Маңғыстауда - Жалау Мыңбаев, Орал облысы мен Бөкей ордасында - Сейтқали Меңдешев, Сырдари облысында - Тұрар Рысқұлов, Торғай облысында - Аманкелді Иманов және басқа азаматтар.

Шілде, тамыз айларында көтеріліс сол кездегі Қазақстанның барлық облыстарын қамтыды. Ол патша өкіметінің орталық және орыстандыру саясатына қарсы, ұлттық және саяси тәуелсіздік үшін жүргізді.

1916 жылғы 25 маусымдағы бұратана халықтарды әскери-тыл жұмыстарына алу туралы патшаның жарлығына "Алаш" басшылары (Ә.Бөкейханов , А.Байтұрсынов, М.Дулатов) қарсы шықпуға, оны орындауға шақырды. Бірақ, бұған байланысты мынадай жайтты есте ұстаған жөн. Бұратана халықтарды әскерге алды екен деген сыбыс бұдан бұрын шыққан. Соған байланысты "Қазақ" газетінде пікірсайыс болған.

Осы талап-тіректерді қазақтар атынан білдіру үшін Дума ашылуына қарсы Ә.Бөкейхановты, А.Байтұрсыновты, Н.Бегімбетовты Петроградқа жіберді. Бұл туралы тарихшы М.Қойгелдиевтің "1916 жылғы көтеріліс және ұлт зиялылары " деген мақаласында көрсеткен [5].

"Қазақ" газетінің төңірегіне топтасқан Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов сияқты либерал-демократиялық зиялылар өкілдерінің жетекшілері халықты жарлықты орындауға қарсы шықпауға үгіттеп, оны орындамаған жағдайда қазақтар қантөгіске ұшырауы мүмкін деп санады және осыған байланысты үлкен алаңдаушылық білдірді. Осынау алмағайып кезеңде "Алаш" қайраткерлері халықты аман сақтау үшін қарулы көтеріліске қарсы болып, қазақтарды патша жарлығын орындауға шақырды. Біріншіден, олар Ресейге төнген сыртқы қатердің бодан болып отырған қазақтарға да толық қатысы бар деп санады. Бұдан сырт қалуға болмайды, - деп есептеді. Екіншіден, іс жүзінде қарусыз қазақтардың тұрақты орыс армиясына қарсы бас көтеруін болдырмауға талпынды. Қарусыз халық өкіметінің жазалау шараларының құрбаны болады деп қауіптенді. Үшіншіден, соғыс Ресей үшін соғыс жеңіспен біткен жағдайда қазақтардың хал-күйі жеңілдеп, ұлттық автонония құрылатынына үміт артты. Империямен ақылға қонымды келісім тактикасын ұстанып, халқының аман болуын бірінші кезекке қойған "Алаш" көсемдері тыл жұмыстарына шақыруды кейінге қалдыра тұрып, тиісті әзірлік жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Көтеріліс барысында орын алған қанды қырғын, жүздеген мың адамдардың қаза табуы бұлардың қауіптерінің негізсіз еместігін дәлелдеді.

Қазақ зиялылары майдан тылында еңбек еткен қазақ жігіттерінің сөзін сөйлеп, мұңын жоқтады. Ә.Бөкейханов, М.Дулатов т.б. бастаған қазақ зиялылары Минскіде, тағы басқа тыл жұмысына шақырылғандар көптеп шоғырланған қалалар мен елді мекендерде болып, оларға қолдан келген көмектерінің бәрін көрсетті. Олар шақырылғандардың құқықтарын қорғау және олардың майдан өңірі аудандарындағы тұруы мен жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар турғызу жөнінде нақты қадамдар жасады. Ал мұның өзі кеңес заманында көп жылдар бойы айтылып та, жазылып та келген Алашорда 1916 жылғы көтеріліс кезінде ұлттық мүддеге сатқындық жасады деген пікірдің сыңаржақ тұжырым екендігін көрсетті.

Алаш көсемдері көтерілісшілерге де, майданның қара жұмысына шақырылғандарға да ешқандай сатқындық жасаған жоқ. Олар халқының аманадығын ойлады. Егер ұлттық зиялылардың радикалды тобы Қазақстанның болашағын революциялық қарулы күреспен байланыстырса, "Алаш" көсемдері оны біртіндеп даму, бейбіт реформа жолымен байланыстырды. Екеуінің де мақсаты еліміздің тәуелсіз ұлттық мемлекеттілігін орнату еді. Бірақ таңдаған жолдары әр түрлі болды.

1916 жылғы көтеріліс жеңіліске ұшыраса да,тарихи маңызы зор болды.Халықтың мұңын, жоғын жоқтаған,елін жерін сүйген Амангелді,Бекболат тәрізді каһарман,ержүрек батырларды шығарады.Қазақ халқының кім екенін дүние жүзіне таныта білді.

Әдебиет:

  1. "Қазақ" газеті, 1916 ж, № 153.
  2. Жұмағұлов М. Қыран қазасы қияда. - Алматы, Жазушы, 1980.
  3. Қойгелдиев М. 1916 жылғы көтеріліс және ұлт зиялылары // Қазақ тарихы. 1995. - №2.
  4. "Қазақ" газеті. – 1916. - №168.
  5. Қойгелдиев М. 1916 жылғы көтеріліс және ұлт зиялылары // Қазақ тарихы. - 1995. - №2.
Основные термины (генерируются автоматически): мена.


Задать вопрос