Еңбек нарығында әйел жұмыс күшін пайдалану ерекшеліктері | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 30 ноября, печатный экземпляр отправим 4 декабря.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Нургабылова, М. Н. Еңбек нарығында әйел жұмыс күшін пайдалану ерекшеліктері / М. Н. Нургабылова, А. Ш. Абдимомынова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2017. — № 8.1 (142.1). — С. 36-38. — URL: https://moluch.ru/archive/142/39969/ (дата обращения: 16.11.2024).



Қоғамдық өндiрiске қатыса отырып, жұмыс iстейтiн әйелдер жиынтық жұмыс күшiнiң бiр бөлiгi болып табылады. Әйел жұмыс күшiнiң ұдайы өндiрiсiнiң экономикалық сипаттамасы ретiнде келесi жайттарды атап өтуге болады:

- әйелдердiң еңбекке араласу сипаты (сала, өнеркәсiп бөлiгi, мамандығы);

- еңбек мазмұны (қандайда бiр өнеркәсiптiк операцияларды орындауы);

- еңбек түрi (бiр жақты, жай, күрделi);

- еңбек ету шарттары (қалыпты, зиянды, ауыр);

- еңбек өнiмдiлiгi (ұзақтығы, жұмыс уақыты, жалпы және кәсiби еңбек өтiлi, жалақы).

Қазiргi заманғы экономикалық теория әйел мен ер адам еңбегiн ұсынуды екi түрлi өзгеше фактор ретiнде қарастырмайды. Сондықтан тек әйелдiң жұмыс күшiн ғана ұсыну үлгiлерi жоқ. Iс жүзiнде, кез-келген үлгi әйелдiң, сондай-ақ ерлердің де жұмыс күшiн зерттеуде қолдануға тиiстi болуы қажет, бiрақ мұнда гендерлiк ерекшелiктердi ескеру мүмкiндiгi болуы тиiс. Соның салдарынан әйел жұмыс күшiн ұсынудың экономикалық талдауы еңбектi ұсынудың қарапайым үлгiсiне сүйенедi.

Отбасылық жағдайларға байланысты ерлерге қарағанда әйелдер үшiн үйде өткiзетiн уақыт бағалы болып саналады. Сондықтан, әйелдердiң ұнататын басымдылықтар топтамасы, ерлердің ұнататын басымдылықтарын сипаттайтын қисықтарға қарағанда, иiлген болып орналасады.

Еңбек ұсынысының үлгiсiн талдауда табыс тиімділігі (эффектісі) мен орын басу тиімділігі қарастырылады.

Табыс тиімділігі табыстың өзгеруiне жауап ретiнде жұмыс ұзақтығының өзгерiсiнен тұрады (тұрақты жалақы ставкасы кезiнде). Табыс тиімділігі терiс белгiге ие, яғни табыс көбейгенде жұмыс уақыты қысқарады.

Орын басу тиімділігі жалақы ставкасының өзгеруiне жауап ретiнде жұмыс уақытының ұзақтығының өзгеруiн бiлдiредi. Орын басу тиімділігі оң белгiге ие, яғни жалақы ставкасы өскен сайын жұмыс уақытының ұзақтығы артады.

Табыс және орын басу тиімділіктерінің әсерiнiң бiрқатар зардаптары бар. Бiрiншiден, еңбексiз табыстың көбеюi жағдайында табыс тиімділігі қызметi көрiнедi, ол еңбек рыногында ұсынылатын жұмыс күшiнiң көлемiнiң азаюына байланысты. Әйелдер үшiн мұндай жағдай күйеуiнiң табыстары көбейгенде немесе түрлi трансферттiк төлемдердiң (балаға жәрдемақы) көбеюіне байланысты.

Екiншiден, жалақы ставкасының өзгеруi жағдайында, екi тиімділіктің де әрекетi бiлiнедi, бiрақ екеуi екi бағытта сипатталады. Еңбектi ұсыну үлгiсi келесi қорытынды жасауға мүмкiндiк бередi: яғни жалақы ставкасының төмендiгi жағдайында орын басу эффектiсiнiң қарқыны артады; ал жалақы ставкасының жоғарғы деңгейiнде табыс тиімділігі басым болады; нәтижесiнде ұсынылатын еңбек көлемi мен жұмыс уақытының ұзақтығы қысқарады. Тиімділіктердің мұндай ықпалы еңбек ұсынысының жеке қызметiнiң артқа қарай иiлген қисық ретiнде бейнеленуiне алып келедi [1].

Бiрақ барлық елдердегi әйелдер жалақысының ерлер жалақысынан төмен екендiгi белгiлi (дегенмен, күйеуiнiң табысы есебiнен құралатын еңбексiз табыс деңгейi жоғары), сондықтан әйел еңбегiн ұсынуды бейнелейтiн қисық сызық 1-суреттегiдей болып көрiнедi деген тұжырым жасаймыз.

Сурет 1. Әйел жұмыс күшiн ұсыну қисығы

Мұндай қорытынды жасауымызға негiз болған — еңбектi ұсынудың қарапайым үлгiсi. Алайда, әйел жұмыс күшiн ұсынуды талдау тұрғысынан осы үлгiмен тығыз байланысты отбасы ролi және уақыт бөлiнiсi сияқты сипаттамаларды жете қарастыруды ұйғардық.

Отбасын құру және онымен байланысты мiндеттемелер әйел жұмыс күшiн ұсыну шектерi мен қарқынына белгiлi бiр дәрежеде ықпал етедi. Осы ретте отбасы жұмыс күшiн ұсыну үлгiсi өзiнiң пайдалылық функциясын ұлғайтатын отбасының дара бiрлiгi ретiнде жеке тұлғаны талдауды арттырады.

Отбасы жұмыс күшiн ұсыну үлгiсi тұтынушылық мiнез-құлықтың стандартты үлгiсiне ұқсас болып келедi, яғни мұнда да жеке тұлға шектеулi табысты түрлi тұтыну игiлiктерiнiң арасында бөлiске салады [2].

U = u (Li,……,Lm,C) (1)

мұндағы:

Li отбасының i-мүшесiнiң бос уақыты;

C — отбасы тұтынатын игiлiктер жиынтығы.

PC = V+∑WiHi — бюджеттiк шектеулер (2)

мұндағы:

V — отбасының еңбексiз табысы;

Wi — отбасының i-мүшесiнiң жалақы ставкасы;

Hi отбасының i-мүшесiнiң жұмыс уақыты.

Сондай-ақ, Hi + Li = Т; Т — жалпы уақыт көлемi.

Бұл үлгiнiң басты қасиеттерiнiң бiрi — симметриялылығы, яғни күйеуiнiң табыс көлемiнiң өзгеруi әйелдiң жұмыс iстеуге деген ынтасына, ал әйелiнiң табыс көлемiнiң өзгеруi күйеуiнiң жұмыс iстеу ынтасына бiрдей әсерiн тигiзедi.

Аталмыш үлгiнiң басты мәселесi отбасы функциясының пайдалылығын негiздеу немен және кiм арқылы анықталады деген сұраққа жауап беру болып саналады. Оған жауап беру жолдарының бiрi отбасы басшысының басымдылығы жүйесiне келiп тiреледi. Немесе бұл жүйе, Г.Беккердiң айтуынша, «альтруист» — барлық мүшелердiң жайын ойлауды басты орынға қоятын отбасының бiр мүшесi жайында болып отыр. Iс жүзiнде мұндай бағыт мүмкiн емес және үлгiнiң мүмкiндiктерiн шектейдi.

Осындай қиындықтарды ескере отырып, кейбiр зерттеушiлер баламалы бағытты жасақтап шығарды. Мысалы, Литольд отбасы iшiндегi шешiмдердi қабылдауды дуополиялық принцип бойынша шешудi қарастырады [3]. Бұл принцип бойынша отбасының әрбiр мүшесi өзiнiң бос уақытына және отбасылық тұтынуға тәуелдi жеке пайдалылығын арттырады, яғни:

U = u (Li,Ci)(3)

Қазiргi заманғы экономикалық теорияда жасақталған және жоғарыда қарастырылған еңбек ұсынысы үлгiлерi мен әйел мен ер адам жұмыс күшiн ұсынудың ерекшелiктерiн ескеретiн сипаттамалары (модификациясы)әйел еңбегiн ұсынуды түсiндiрушi параметрлерді эмпирикалық бағалауға алып келдi. Осы бағыттағы көптеген зерттеулердiң басты қорытындысы ретiнде төмендегiлердi атап өтуге болады:

- әйел жұмыс күшi еңбегiн ұсыну жалақыға қатысты икемдi болып табылады;

- мұндай икемдiлiк шамасы абсолюттiк мән бойынша нольден жоғары;

- еңбексiз табыс бойынша еңбектi ұсыну параметрлерi еркектермен салыстырғанда жоғары және қарама-қарсы болып келедi.

Сондай-ақ, қазақстандық еңбек рыногында ұсынылатын жұмыс күшiнiң басым бөлiгiн әйелдiк еңбек ресурстары құрайтындығын атап өтуiмiз керек. Сондықтан біз, әйел жұмыс күші түсінігіне өзіндік көзқараспен былайша түсінік беруге тырыстық, яғни: «әйел жұмыс күші дегеніміз — әйелдің ағзасы, сондай-ақ, жеке тұлғасы иелік ететін және әйел арқылы қандай-да бір өнім немесе қызмет түрін өндіруге жұмсалатын табиғи және рухани қабілеттерінің жиынтығы».

Әйелдер барлық мамандықтарды меңгерген, жоғарғы бiлiми және бiлiктiлiк әлеуетке ие. Рыноктық экономика жағдайында қалыптасатын бәсекелес орта әйелдiң iс-әрекетi мен психологиясын өзгертедi, олардың белсендiлiгiн, өз мүдделерiн қорғай алу және тәуекелге бару қабiлеттерiн арттырады. Әйелдер жақсы және жоғарғы ақылы жұмыс орындары, еңбек шарттары, басқаруға қатысу үшiн күреске түсе алады. Мұндай бәсеке түрлi нысанда көрiнуi мүмкiн: жаңа және бұрынғы қызметкерлер арасында, әйелдер мен ерлер арасында, белгiлi бiр мамандық немесе сала шеңберiнде әйелдер арасында және т. б. Алайда, бiздiң қоғамымызда көптеген әйелдерде мемлекеттiк бюджеттiк салада кепiлдендiрген төменгi, бiрақ сенiмдi жалақыға сүйенушi түсiнiк қалыптасып қалған. Бiздiң пiкiрiмiзше, мұның себебiн материалдық қамтамасыз етiлу жайының жеткiлiксiздiгi мен үй және отбасына қатысты жауапкершiлiкпен байланысты түсiндiруге болады деп ойлаймыз.

Еңбек рыногында тауар ретiнде ұсынылатын жұмыс күшiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгi оның рыноктағы нақты қоғамдық қажеттiлiкке сәйкес келуi мен оны қанағаттандыру шығындарының дәрежесiне қатысты басқа қызметкерлерден ерекшелiгiн сипаттайды. Тұтыну қасиетi мен баға — тауардың бәсекеге қабiлеттiлiгiн қалыптастыратын басты элементтер. Мұндай түсiнiк бойынша бәсекелестiк жұмыс күшiнiң сапасы деген мәселеге келiп тiреледi, яғни: «жұмыс күшiнiң сапасы — бұл еңбек үдерiсi кезiнде бейнеленетiн адам қасиеттерiнiң жиынтығы. Мұндай қасиеттер құрамына: қызметкердiң бiлiктiлiгi мен жеке мiнез-құлығы, оның физиологиялық және әлеуметтiк-психологиялық ерекшелiктерi (денсаулық жайы мен ақыл-ой қабiлетi), сондай-ақ бейiмделуi, икемдiлiгi, ынтасы, жаңашылдығы, кәсiби бағыты және кәсiби қажеттiлiгi енедi».

Еңбек үдерiстерiн мемлекет арқылы реттеудiң нақты шараларының болмауы нәтижесiнде әлеуметтiк-еңбек қатынастарында, iс жүзiнде, шеттетушiлiк (дискриминация) орын алады. Дискриминация — негiзсiз және өз бетiмен құқықты шектеу және бiреуге ол басқа болғаны үшiн шеттетушiлiк жасау. Шеттетуге қызметкерлердiң жынысына, нәсiлiне, жасына қарай әртүрлi категориялары ұшырауы мүмкiн. Гендерлiк дискриминация бiр жыныс өкiлдерiнiң басқа жыныс өкiлдерiмен салыстырғанда артықшылыққа ие болуы, негiзiнен әйелдерге зиянын тигiзетiн iс-тәжiрибе болып саналады [4].

Еңбек саласындағы дискриминацияның бейнелену нысандары әртүрлi. Бастылары ретiнде екi түрiн ерекше атауға болады: еңбек ақы төлеудегi дискриминация және жұмысқа қабылдауда кездесетiн дискриминация. Әйел рыноктық экономиканың субъектiсi және жұмыс күшiн сатушы ретiнде ерлермен салыстырғанда тиiмсiз жағдайды иеленедi. Бiр сөзбен айтқанда, экономикалық қатынастар жүйесiнде әйелдер екiншi ретте. Мұның мәнiсiн меншiк қатынастары негiзiнде де түсiндiруге болады: гендерлiк теңсiздiктiң түп-тамыры — әйелдердi ресурстарға иелiк етуден алшақтату. Ал Халықаралық Еңбек Ұйымының анықтамасы бойынша: «Еңбек рыногындағы гендерлiк дискриминация үшiн себеп болып табылатындар: адамның жынысы, отбасылық немесе азаматтық статусы, жүктiлiк және бала туу, отбасы жағдайы және отбасылық мiндеттер» [5].

Экономикалық теория жоғарыда қарастырылған үлгiлердiң барлығында да дискриминацияның рынокта көрiнуiн қарастырады, бiрақ себептерiн талдамайды.

Сонымен бiрге, қарастырылған теориялық тұжырымдамалар дискриминацияны талдауда еңбек рыногының түрлi шектерiне баса назар аударады. Айталық, дискриминацияны қолдану және кәсiби сегрегация үлгiлерi әйелдер мен ерлер мүмкiндiктерiнiң теңсiздiгi себебiн сұранысқа байланысты түсiндiредi. Ал статистикалық дискриминациялық үлгi әйел жұмыс күшiн ұсыну сипаттамаларына қатысты мәселелерге сүйенедi. Осыған орай, дискриминация мәселесi аса күрделi, оның ерекшелiктерi жұмыс берушi үшiн экономикалық жағынан тиiмдi болып, рынокта жою мүмкiндiктерiнiң әлсiздiгiн байқатады. Әйелдердiң дәстүрлi отбасылық репродуктивтi мiндетi еңбек жолындағы үзiлiске және адами капиталға инвестиция салудағы айырмашылықтарға жетелейдi, сәйкесiнше, адами капитал мөлшерiнiң аз жинақталуына ықпал етедi.

Әдебиеттер:

  1. Боулус А., Экштейн З. Политика в области занятости в условиях глобализации экономики / перевод с английского // -МБР. -Женева, 1996. -232 с.
  2. Зущина Г. М., Костин Л. А. Трудовые ресурсы и трудовой потенциал общества. -М., 2004. -160 с
  3. Литольд М. Условия эффективности в экономике / перевод с французского. –М., 1998. -340 с.
  4. Абдимомынова А. Ш., Махамбетова М. А., Жусупов А. Е. Гендерная структура занятости в Казахстане: проблемы дискриминации
  5. Международный журнал экспериментального образования. 2015. № 3–3. С.370–372.
  6. Костин Л. А. Международная организация труда (МОТ) — мировой центр социально-трудового законодательства. –М., 1999. -122 с.
Основные термины (генерируются автоматически): мена, бас, дискриминация, мена ер.


Задать вопрос