АЛЖИР – де азап шеккен әйелдер | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Ошанов, Н. З. АЛЖИР – де азап шеккен әйелдер / Н. З. Ошанов, Ш. М. Темиржанова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2017. — № 16.1 (150.1). — С. 41-42. — URL: https://moluch.ru/archive/150/42703/ (дата обращения: 18.12.2024).



Кезінде Ақмола құғын-сүргіннің нағыз орталығы болған. Талайдың өмірін тозаққа айналдырған 953 лагердің үшеуі еліміз аумағында құрылды. Осындағы атынан адам шошырлық АЛЖИР лагері КСРО-дағы әйелдер қамалған жалғыз азаптау орыны болды. Қылмысты кодекстің 58-статьясының 17-ші тармағымен бас бостандығынан айырылып, сотталған сол бір аналар орналасқан «мекен жайы» көпшілік «АЛЖИР» деп атайды екен.Сонда әр бір әрпін әліптесек «Акмолинский лагерь жен изменников Родины» деген мағынаны білдіріпті. Қайтып қана таң қалмассыз. Олар –біреудің әпкесі, біреудің қарындасы, ал екіншісінің анасы емес пе еді. Лажсыз сол аналар тағдырының ауыр жүгін арқалауға мәжбүр болды. Белең алған келенсіздік мыңдаған, тіпті миллиондаған аналардың жүрегін мұздатты. Өздерінің әділде таза екендігін дәлелдеуі үшін тағдыр тауқыметіне шыдамдылықпен, күш –жігерімен төтеп берген абзал аналар көреген қиыншылықты айтпай кеткендігіміз қылмыс болмас па еді.

Біздің бүгінгі жазып отырған еңбегіміз сол АЛЖИР-гі тағдыр тауқыметін басынан кешкен аналардың қайғы-қасіретінен толық мағлұмат бермесе де, тарих бетінде өшпес із қалдырған ақтаңдақты еске алып, оның келешек ұрпақ санасынан жойылып кетпей жадында сақтауға септігін тигізер деген ойдамыз.

1937 жылдың үшінші шілдесінде НКВД-ның Батыс Сібір бойынша басқармасының бастығы Миронов пен Қазақстан Ішкі істер халық комиссары Залин бір мезгілде шұғыл құпия тапсырма алды. Онда күзеті күшейтіліп, қатаң тәртіптегі тікенек сыммен және биік дуалмен қоршалған концентрациялық лагерь ұйымдастыруға пәрмен берілген екен. Мұнда қанқұйлы қылмыскер немесе кәнігі ұры емес, нәзік жанды әйелдер — аналар, қарындастар, балалар ұсталуға тиіс болыпты.

Қарағанды ГУЛАГ-ының құрамына енгізілген бұл тозақ мекемесінің атауы да құлаққа тосын естіледі — АЛЖИР. Оны қазақ тілінде тарқатып айтқанда «Отанын сатқандардың әйелдерінің Ақмола лагері» деген сөз болып шығады. Бұл шифрограммаға ГУЛАГ бастығы Берман қол қойғанмен, оның әміршісі — сол кезеңдегі НКВД бастығы Ежов болды. «АЛЖИР» (Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері) осы Қарлагтың дербес бөлімшесі еді. Ол 1938 жылы 6 қаңтарда Р-17 еңбекпен түзеу лагерінің орнына құрылды. Бұл кезең жаппай қуғын-сүргін науқанының әбден өршіген шағы болатын. КСРО Компартиясының ХVІ съезінде И. Сталин «Репрессия — шабуылдың қажетті элементі болып табылады” деп жариялаған соң жазықты-жазықсыз қамауға алу ерекше қарқынмен жүргізілді. Аз ғана уақытта Қарлагтағы отанын сатқандардың әйелдері 12 мыңнан асып түсті [1, 25 б.].

Әйелдерді ауруы да, екіқабаттығы да, сәбилі болуы да құтқара алмады. Тіпті, «отанын сатқандар» делінген қара күйе жағылған адамдардың бұрынғы әйелдері де тұзаққа ілікті. Өкіметтің пайымдауынша, әйелдер күйеулерінің көзқарастарын қолдайды, сондықтан олар да — қауіпті адамдар.

Тұтқынға алу тұтқиылдан жүргізілді. Әйелдер ең керек-жарақтарын да алып үлгере алмады, туған-туыстарымен қоштасуға да мүмкіндік берілмеді, балаларына қарауға да мұршасы болмады.

1938 жылы лагерге бірінші рет бір жастан үш жасқа дейін балалары бар әйелдер әкелінді. Мұнда елдің түкпір-түкпірінен: Мәскеуден, Ленинградтан, Украинадан, Беларусиядан, Армениядан, Орта Азиядан әйелдер келіп түсе бастады. Сөйтіп, барақтар лық толды, тұтқын әйелдерге орын жетпеді. Жаңадан келгендер жауын астында, аптап ыстықта, қақаған аязда өздеріне жертөле салып, оларға сәкілер орнатты.

Алғашқы лагерь қысы АЛЖИР-ліктердің айтуы бойынша 40° аязға жетті. Әрине, ең бастысы, барактарды аман сақтап қалу болатын. Алайда ашық дала, жылу жоқ, жақын жердегі көлден қамыс әкелуге тура келді, қамыс 2 жыл бойына жылу құралы болып келді. Бау бақша өсіріп, бес мың гектар жерге бидай екті, әрқасысы 250 сиырдан тұратын екі ферма салынды. Лагерь бас бақшасының көлемі 18 гектар болатын. Жеміс жидектен мол өнім алу үшін әйелдер арықтар қазды, суару жүйесін жасады [2, 45 б.].

1938–1939 жылдары бақша мен бидай алқабында жұмыс ойдағыдай жүріп жатты.Алайда әйелдер үшін еңбек жағдайы аса ауыр болатын. Әрбір саман кірпіштің салмағы 16 кг. болатын. Бүкіл жұмыс, оның ішінде үйдің қабырғасын қалау қолмен атқарылатын [3, 82 б.].

1939 жылдан бастап лагерьде фермалар ашылып, егін егу, мал шаруашылығы жүргізіле бастайды. Көптеген әйелдер бүкіл КарЛаг территориясындағы қаптап жатқан мал фермасында жұмыс істейтін. Олар Қарағанды, Ақмола мен Петропавл ет комбинаттарына қажетті мал өсіретін. Әр фермада әрбір тұтқын әйелге жүзден астам бұзау өсіру міндеттелетін.

Лагерьдегі еңбектің ауыр бір түрі-қамыс ору. Бұған дәлел Р.Голубеваның лагерьде жазған естеліктерінің бірі «Курт – драгоценный камень» өлеңінде мынадай жолдар келтіріледі: «АЛЖИР-дегі әйелдер тағдыры аса ауыр. Бүгін тағы да қамыс дайындау үшін көлге келдік. Денемізден сүйекке өткен ызғар жанымызды ауыртады.Жанымызда, иттерімен күзетшілер жүр. Ешнәрсеге мұрша берер емес. Көлдің жақын бетінде Жалаңаш деп аталатын ауыл бар. Ол ауыл адамдары біз жайлы не айтады екен? Олар да бізді жау деп біле ме екен? Олар біздің тағдырымыздан бейхабар ғой. Бір кезде біздің жанымызға ауыл балалары келді. Қоршап тұрып, біздің жанымызға тиер ауыр сөздер айтып, тас лақтыра бастады. Біздің жанымыз күйзеліске түсті. Неге, балаларды осылай тәрбиелеуге болады ма? Неге?» деген сұрақтар тамаққа кептеліп тұр. Күзетшілер қарқылдап күліп, бізге: «Көрдіңдер ме, халық жауларының әйелдерін жоғарыдағылар ғанаемес, балалар да жек көреді», -дегенде жүрегімізді тіліп түскендей болды. Бір кезде қатты қимылдан құлап түстім. Тұмсығым жерге тиді, қарасам тас дегеніміз бүктелген мата екен. Одан сүт иісі аңқиды. Мен сонда ғана түсіндім. Ауыл түрғындарының бізге берген асы екен. Қуанғанымыздан бәріміз асыл тастарды жинай бастадық. Кешке сол жиналған асыл тастың өнімін жедік. Мен неміс қызы кешке жатарда ауыл тұрғындарына қатты разы болып, мұсылмандардың Алласына табындым. Өзіме емес, ауыл қарттарына -денсаулық, әйелдер мен аналарға бақыт тіледім. Әсіресе балаларға, бақытсыз болмасын деп тіледім» [4, 128 б.].

Тәуелсіздікке қол жеткелі бері көптеген деректер жарияланып, ақиқаты анықтап жүр. Лагерьде азапты күн кешкен аналарды білген сайын ет жүрегің елжіреп, өзегің өртенбей тұра алмайсың. Қуғын-сүргінге ұшыраған аналарымыздың қайратты, қайсарлы, сабырлы, өжет те мінездерін саралай келіп, өмірге деген құштарлығын, аналық мейірімін көрсете білді. Осындай батылдықты, батырлықты, шыдамдылықты, көзбен көре оқып талдай келе сөзбен де жеткізу өте қиын.

Қорыта келе, АЛЖИР лагеріндегі жазықсыз жандардың тағдыры туралы арнайы тақырыпта баспасөз беттерінде, мектептерде арнайы оқу орындарында мағұлматтар көптеп беріп, ащы да болса шындық жазылып және темір тордың ар жағындағы азапты өмір сүрген бізге бей мәлім жандар туралы көп деректер жазылса деймін. Себебі осындай материалдар Тәуелсіз Қазақстанымыздың жастарын өмірге деген құштарлығын, өз елінің патриоты болсам деген рухта тәрбиелеуге маңызы өте зор. Халықта: «тарихын білмейтін елдің болашағы бұлыңғыр» демейме.Сол себепті болашаққа қадам басу үшін әрине өз тарихымызды ұмытпауымыз керек.

Әдебиеттер:

  1. Мақат Д. «Қазақстандағы тоталитаризм және саяси қуғын-сүргін тарихы». Астана 2006 ж.
  2. КАРЛАГ. Шаймуханов Д. А., Шаймуханова С. Д. Караганда, 1997.
  3. Мақат Д. «Қазақ зиялыларының қасіреті». Алматы, 2001.
  4. Дильманов С., Кузнецова Е. «КАРЛАГ, АЛЖИР». 1997.
Основные термины (генерируются автоматически): АЛЖИР, мена.


Задать вопрос