Ж. Бектұровтың «үш әлекең» тарихи очергінің ғылыми құндылығы | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Химади, М. С. Ж. Бектұровтың «үш әлекең» тарихи очергінің ғылыми құндылығы / М. С. Химади, К. С. Ускембаев. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2017. — № 16.1 (150.1). — С. 48-50. — URL: https://moluch.ru/archive/150/42731/ (дата обращения: 18.12.2024).



Ж. Бектұров шығармалырының ішіндегі шоқтығы биік туындысы–«Үш Әлекең»тарихи очергінің ғылыми құндылығы ерекше екенін атап өткіміз келеді. Себебі ұлт-азаттық жәнеАлашқозғалысының жетекшісі, ұлт көшбасшысы, ірі саясаткер Әлихан Бөкейхан, мемлекет және қоғам қайраткері,Алашордаүкіметінің мүшесі, математикадан тұңғыш қазақпрофессорыӘлімхан Ермеков және Әмин Көпеев (Мәшһүр Жүсіптің баласы) жайлы мұрағат деректері мен осы тұлғалардың көзін көрген адамдардың ауызекі әңгімелері негізінде жазды.

Осы «Үш Әлекең»тарихи очергінің 1-ші бөлімі үш тұлғаның ішіндегі жасы жағынан да, еңбегі жағынан да үлкені Әлихан Бөкейханға арналды. Очергте тұлғаның өміріне, еңбек жолына қатысты көп жерде айтыла бермейтін тың деректер жетерлік. Мәселен: «...Әлиханның жұртында, әкесінің зираты басында шоқ-шоқ ағаш бар. Бұл тоғайды Петербургта орман шаруашылығы институтын бітірген Әлихан егіпті деседі. Бөкейхановтардың осы тұстағы ата-бабалары зираты шетіне алпысыншы жылдардың басында Ә.Бөкейханға оның Смахан дейтін бір ағайыны ұлағатты сөз жазып, құлпытас орнатыпты. Ақтоғай ауданы басшылары, Қарағанды облысының сол кездегі бір басшы қызметкері осы тастағы өлеңмен жазған бір шумақты балшық жақтырып, өшіртіп тастапты. Сүйегі, мәйіті қойылмаса да қандай абақты түкпірінде атылып қалғаны белгісіз болса да қадірлі туыстың басына өз жерінде белгі орнатқанның қандай секеттігі бар түсініксіз...» — дейді жазушы [1, 5 п.].

Ә. Бөкейханның қазақ халқының данышпаны, ұлы ақыны Абай шығармаларын жарыққа шығаруға қосқан үлесі жайындада жеке тоқталды. Абайдың біраз өлеңдерін ақынның тірі кезінде-ақ Омбыдағы «Дала уәлаяты» газетіне бастыртқан да, ақынның асыл мұрасын оның ұрпақтарының көмегімен жұрттан бұрын жинап, бір жүйеге келтірген де Ә. Бөкейхан болды. Ол 1904–1907 жылдары Абайдың өмірбаянын орыс тілінде жариялап, ұлы ақын қайтыс болған соң «Некролог»(«мұнахип» — қайтыс болған адамның өмірі мен қызметі туралы жазылатын мақала) мақаласын жазды. Бұл мақаласында Абайдың көп өлеңдері түп нұсқасында келтірілген, оларды Ә. Бөкейхан қара сөзбен орысшаға еркін аударған. Ал, 1909 жылы ақынның алғашқы өлеңдер жинағын өзі басқарып, жарыққа шығарған [1, 43 п.].

«Үш Әлекең»тарихи очергінің екінші бөлімі жазушы өзі жақын араласып, сырлас досы болғанӘлімхан Ермековке арналды. Жазушы Ә.Ермековпен ең алғаш танысқан уақытын былайша еске алады: «Ә. Ермеков пен М. Әуезовті мен өзім ең алғаш сол 1932 жылы Алматыда көрдім. Екеуі де алғашқы кезде А. С. Пушкин атындағы кітапханада болмашы қызмет істеп жүрді. Бұл екі көрнекті қайраткеріміздің сол уақытта түрмеден біржола ақталып шықпай, тек шартты түрде ғана босатылып, қатаң бақылауда жүргендерін біз осы беріде ғана білдік. Ә. Ермековты сол уақыттан кейін ақыры елуінші жылдардың аяқ кезінде Қарағандыдан бір-ақ кездестірдім. Өйткені, ол Алматыдан Еділ бойына кетіп 1939 жылы қайта қамалып, елуінші жылдарда ғана ақталыпты. Қартайған Ә.Ермеков көп жылғы бейнет-азаптан, көрген қорлықтан, сергелдеңнен кейін Қарағандыда политехникалық институтта математикадан сабақ беріп жүрді. Ол 1932 және 1939 жылдары тағылған айыптардан 1957–1958 жылдары ғана ақталды. Қамалмаған түрмесі, лагері қалмапты. Еділ бойынан Алматыға, одан Семейге дейін, онан әрі, Красноярға дейін Столыпин-Сталин вагонымен ерсілі-қарсылы тасыла беріпті» [2, 3 п].

Жазушының айтуы бойынша, Әлімхан ақсақалдың қолында бұрынға заңсыз сот үкім-кесімінен кейін ақталған екі ресми куәлігі болған. Бірі — СССР Жоғарғы сотының 1957 жылғы 26 қарашасындағы ұйғарымы. Онда Қазақ ССР НКВД шекара және ішкі әскерлері әскери трибуналының 1939 жылғы 11 қыркүйектегі үкімі бұзылып, Ә.Ермековтің қылмысы жоқ деп табылсын делінген. Екіншісі — Қазақ ССР Жоғарғы сотының 1958 жылғы 28 ақпандағы анықтамасы. Қазақстан ОГПУ жанындағы бұрынғы үштіктің Ә.Ермековті қылмысты жауапқа тартқан 1932 жылғы 20 сәуірде үкімі бұзылып, оның қылмысы болмағандықтан ол ақталды деп саналсын делінген [2, 3 п.].

Очергтегі үшінші «Әлекең»Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ортаншы баласы Әмин Көпеев.Жазушы ұлы ойшыл, әдебиет пен мәдениет саласында өзіндік із қалдырған Мәшһүр Жүсіптің мұрасын іздестіру мақсатында 1966 жылы Баянауыл маңын бірнеше күн аралап,оның сыртындағы «Жаңа жол» ауылындағы үйіне қонған. Жүсіп Көпейұлының үш баласы болады. Бәрі де алғашқы зайыбы Рабиға Шегебай қызынан. Әке үш баласына үш түрлі сын баға береді: «Бір балам бар өзіме жете туған, бір балам өзімнен өте туған, бір балам бар кежегесі кейін кете туған». Жазушы осы кежегесі кете туған деп отырған баласы Пазылдың үйінде болған. Пазыл ақсақал тым момын, жуас адам, көп жылдық ұстаздық еңбегі үшін Ленин ордені берілген [3, 121 п.]. Ж. Бектұров осы сапарында Пазыл ақсақалдың үйінде Мәшһүрдің өзінен «өте туған» деп атаған ортаншы баласы Әмин-Мухамбет-Әминнің суретін көрген. Ол1887 жылы туып, 1921 жылы отыздың ішіне шыққанда Ташкентте апат болыпты. Әмин жиырмасыншы жылдары Ташкентке комсомолдың совет ұйымдарының оқу-ағарту майданындағы жалынды да белсенді қызметкері болған. Ол әуелде ауылда, одан Ташкентте комсомол ұйымдарын ұйымдастырушылардың бірі болып қызмет атқарады. Газеттерге өлең, мақала жазады. Ескілікті әдет-ғұрыпқа, байшылдық феодалдық салтқа, дін шырмауына қарсы шығады. Қазақ, өзбек әйелдерін күңдіктен, теңсіздіктен құтқарысып, оқуға, мектепке, әлеуметтік жұмысқа тұруына жағдай жасайды. Ол Ташкенттегі № 14 қазақ мектебінің директор — мұғалімі болып, кедей, жалшы балаларын оқуға жетектейді, мектепте комсомол ұйымын құрады. Сол кезде Орта Азия ұлт республикаларын советтік лениндік Қызыл ту астына біріктірген коммунистік партияның Түркістан өлкелік, аймақтық-орталық комитетінің басшы қайраткерлерімен, соның ішінде советтік шығыс комсомолының жетекшісі Ғани Мұратбаевпен, сол тұста жарқ етіп жаңа шыққан алғашқы совет интеллигенциясының іргелі өкілдерімен тығыз байланыста болады.Қызу жұмыс үстінде қайратты да алғыр талапты жігіт Әмин ескішіл, қорқау қара жүрек залымдардың қолынан қаза табады. Қаны қара пасықтар сол тұстағы ашаршылық-таршылықты пайдаланып, жас қызды екі қап бидайға сатып алып, зорлықпен үйленбек, әлде күң орнына ұстамақ болған. Намысты жігіт Әмин жас қызды күңдіктен күшпен босатып алып, мектепте оқуына көмектеседі. Содан өшіккен пасық жауыздар көшеден аңдып, 1921 жылғы 18 шілде күні сағат он бірдің кезінде Әминге Ташкенттің Салар өзені жағасында пышақ сілтеген. Әмин ет қызуымен өзі тұрған үйдің басқышына жетіп құлаған» [4, 2–3 п.].

Жазушы бұл очеркінде тарихи деректермен қатар қоғамда ізін әлі суытып үлгермеген саяси ахуалдың бір көрінісін шебер бере білді. Очерк сонысымен де құнды болып табылады. Мәселен: «Мәшһүр Жүсіп туралы, оның ұлы Әмин жайлы да біраз жаздық. «Г. Н. Потанин ауылға соңғы» келгенде деп атап Ә.Ермеков туралы да және бұл кісінің есімін Әлім деп бүркемелеп атап, жетпісінші жылдары «Жезқазған туы» газетінің бірнеше санында көлемді очерк те жарияладық. Ә.Бөкейхан жайлы газеттеріміз тек соңғы кезде ғана жаза бастады. Мұның бірі «Индустриальная Караганда» газетінде басылған менің өз очеркім еді» [1, 4 п.] — дейді өз естелігінде Жайық атамыз.

Қарап отырсақ аталған тұлғалардың өмірі мен қызметі жайлы жазылған бұл очерг өз алдына құнды дерек. Алаш азаматтарын елімен қайта қауыштырған тұлға — Ж.Бектұров деп айтсақ артық айтпаған болар едік.

Әдебиеттер:

  1. Қарағанды облысының мемлекеттік мұрағаты (ҚОММ) 1558-қ., 1-т., 61-іс, 45-п.
  2. ҚОММ., 1558-қ., 1-т., 65-іс, 9-п.
  3. ҚОММ., 1558-қ., 1-т., 46-іс, 131-п.
  4. ҚОММ., 1558-қ., 1-т., 306-іс, 59-п.
Основные термины (генерируются автоматически): бал бар, оса.


Задать вопрос