Қоршаған ортаны қорғаудың конституциялық негіздері | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №20 (154) май 2017 г.

Дата публикации: 30.05.2017

Статья просмотрена: 249 раз

Библиографическое описание:

Жусупбекова, М. К. Қоршаған ортаны қорғаудың конституциялық негіздері / М. К. Жусупбекова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2017. — № 20.1 (154.1). — С. 8-10. — URL: https://moluch.ru/archive/154/43959/ (дата обращения: 18.12.2024).



Заманауи әлемде қоршаған ортаны қорғау мәселесі әлемдік деңгейде өзекті және басым мәселе болып табылады. Қоршаған ортаны қорғау мәселесі мемлекеттік саясаттың алдыңғы қатардағы міндеттерінің бірі бола тұра, заң жүзінде бекітілген. ҚР Конституциясы жоғарғы заңды күші бар құжат бола тұра, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөніндегі нормаларды екіге бөледі: жалпы сипаттағы нормалар және экологиялық нормалар.

ҚР Конституциясының 1 бабына сәйкес ҚР – әлеуметтік мемлекет, оның негізгі мақсаты адамның еркін дамуына және лайықты өмір сүруіне жағдайлар жасау болып табылады. Бұл норманың азаматтардың экологиялық құқықтарына тікелей қатысы бар. Адамның лайықты өмір сүруі дегеніміз әркімнің қолайлы қоршаған ортаға экологиялық құқығын қорғау, сақтау және қамтамасыз ету [1].

Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде берілген анықтамаға сәйкес қолайлы қоршаған орта дегеніміз «жай-күйi экологиялық қауiпсiздiктi және халықтың денсаулығын сақтауды, биологиялық әртүрлiктi сақтауды, ластануды болғызбауды, экологиялық жүйелердiң тұрақты жұмыс iстеуiн, табиғи ресурстарды молықтыруды және тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ететiн қоршаған орта» [2]. Яғни, қолайлы қоршаған ортаға құқығы дегеніміз адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтірмейтін қолайлы қоршаған ортада өмір сүру және қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыс істейтін тиісті лауазымды тұлғалардан қоршаған ортаның жақсы күйде ұстап тұруын талап ету құқығы.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 6 бабына сәйкес жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Бұл жағдай мемлекеттің экологиялық функциясы ретінде конституциялық бекітуді анықтайды және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету міндетінен тұрады [1].

Сонымен бірге, ҚР Конституциясының 31 бабында көрсетілгендей мемлекет адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсаты етіп қояды. Бұл бір жағынан мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі қоршаған ортаны қорғау екенін білдіреді. Екінші жағынан қоршаған орта адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы болуы тиіс [1].

Қазақстан Республикасының Конституциясының 38 бабына сәйкес «Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті» делінген. Бұл қоғамның әрбір азаматы табиғи ресурстарды пайдалануда ұқыптылық көрсетуге тиіс деген, яғни табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және келешек ұрпаққа табиғатты сақтап қалуды білдіреді [1].

Қоршаған ортаны қорғау ұғымына өтпестен бұрын «табиғат» және «қоршаған табиғи орта» терминдеріне тоқталып кетейік.

Заң әдебиеттерінде ғалымдар арасында «табиғат» және «қоршаған табиғи орта» терминдеріне байланысты әр түрлі көзқарастар қалыптасқан. Біреулері «табиғат» және «қоршаған табиғи орта» терминдерін бірдей мағына беретінін тұжырымдайды, ал екіншілер екі термин әр түрлі мағана білдіреді деп есептейді. Мысалы, Ресей ғалымы А.С.Тимошенконың пайымдауы бойынша «табиғат» терминінің орнына көбіне «қоршаған орта» термині қолданылады деп көзқарас айтады. Ол «қоршаған орта» термині адам әсер ететін табиғи ортаның бөлігі болып табылады деп есептейді. Ресейдің басқа ғалымы В.В.Петров «қоршаған орта» ұғымы екі «табиғат» және «адамды қоршайтын орта» ұғымнан тұрады деп санайды. В.В. Петров «табиғат» адамның санасына тәуелді емес және нақты экологиялық жүйеден тұратын объективті шынайылық, яғни адам өмір сүретін табиғи орта деп тұжырымдайды. Ал «адамды қоршайтын орта», ол антропогендік әрекет процесінде өзгерген табиғи орта деп есептейді [2, 98б.]. Бірақ ҚР Конституциясының 38 бабында «қоршаған орта» «табиғат» деген ұғыммен белгіленген. Бұл тұжырым «табиғат» және «қоршаған орта» терминдері бірдей мағынаны көздейтінін білдіреді.

Сонымен, табиғат – адамзат өмір сүретін және қызмет ететін орта. Табиғат адамның қажеттілігін қанағаттандыру бойынша бірнеше қызмет атқарады: экологиялық, экономикалық, ғылыми, эстетикалық, мәдени және рекреациялық.

Табиғаттың экологиялық функциясы адам өзінің өмір сүретін ортасымен әрекет етуін білдіреді. Экономикалық функциясы адам өзінің өмірлік қажеттіліктерін, әр түрлі табиғи ресурстарды пайдалана отырып, қанағаттандыратынын белгілейді. Табиғат шикізат пен тамақ өнімдерінің қайнары ғана емес, ол адамның демалу, еңбек ету, орны және эстетикалық қуат алу орны. Сондықтан табиғаттың эстетикалық, мәдени және рекреациялық қызметі адамның табиғаттың әдемі жерлерінде демалуды, тауларды, жасыл жазықпен, өзендермен әр түрлі гүлдер өсіп тұрған далалармен тамсануды білдіреді. Ғылыми функциясы адам табиғатта және табиғи объектілерімен әр түрлі ғылыми зерттеулер жүргізетінін айқындайды, яғни табиғат барлық ғылыми зерттеулерге объект болып табылады.

Қоғамның табиғатпен ара қатынаста екені бізге бұрыннан мәлім. Осы арақатынастың жалпы адамзаттық мәні бар маңызды міндеттері - қоршаған ортаның қолайлы күйін сақтау және әр түрлі табиғи ресурстарға қоғамның барлық қажеттіліктерін қамтамасыз ету болып табылады.

Қазіргі уақытта табиғи ортаның экологиялық жүйесінің бұзылуы байқалады. Экологиялық тұрақтылықтың бұзылу себебі, технология мүмкіндіктерімен өмірлік қажеттілік арасындағы динамикалық тепе-теңділіктің өзгеруінің нәтижесі деп айтуға болады. Бұл қолайсыз жағдайлар адамның табиғатқа ойсыз әрекет етуінен туындайды. Мысалы, қазіргі кезде климаттың өзгеруі байқалады, радиоактивтік ластануы бар, су ресурстарының тозуы, жердің деградациялануы және т.б. Тағы да бір мысал келтірер болсақ, Қазақстанның және бүкіл әлемнің өзекті мәселесіне айналған Арал теңізі мәселесін айтуға болады. Бұл экологиялық проблема жердің шөлейттенуіне, топырақтың тұздануына, өсімдік пен жануарлар әлемінің кейбір түрлерінің жойылуына, климаттың өзгеруіне, халықтың ауыршаңдығына әкеліп соқтырады. Белгілі, экологиялық мәселелер, оның ішінде Арал аймағының жағдайы аймақтың әлеуметтік мәселелерін пайда болуына негіз болды. Сол себептен, экологиялық проблемаларды болдырмау үшін билік органдары мен физикалық тұлғалардың барлығына бірдей, нақты және түсінікті тәртіп ережелерін жасау қажет. Барлық экологиялық проблемалар қоршаған ортаны қорғау шараларын тиісті дәрежеде жүргізбегендіктен туындап отыр.

Қоршаған ортаны қорғау және оған ұқыпты қарау мәселелері, елдің тұрақты дамуының өзекті және басым мәні бар бағыттары болып табылады және әрқашанда мемлекет назарынан түспеген. Қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында бірнеше бағдарламалық құжаттар қабылданды. Олардың ішіндегі маңыздылары: «2007-2024 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының тұрақты дамуына көшу туралы Тұжырымдамасы» және «2004-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздік туралы Тұжырымдамасы». Бұл маңызды құжаттар антропогендік қысымды азайту арқылы қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуды, елдің аймақтарының тұрақты дамуын жоғарылатуды, табиғи жүйелердің қорғалуын қамтамасыз етуді көздейді.

«Қоршаған ортаны қорғау» ұғымына келер болсақ, ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес «қоршаған ортаны қорғау дегеніміз қоршаған ортаны сақтау мен қалпына келтiруге, шаруашылық және өзге де қызметтiң қоршаған ортаға терiс әсерiн болғызбауға және оның зардаптарын жоюға бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық шаралар жүйесі» [3].

Сонымен, қоршаған ортаны қорғау дегеніміз қоршаған ортаны қорғау, сақтау және қалпына келтіруге, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық және басқа да коммерциялық емес ұйымдардың, заңды және физикалық тұлғалардың қызметі болып табылады.

Қоршаған ортаны қорғау объектілеріне: жер, жер қойнауы, жер үсті және жер асты сулары, атмосфералық ауа, орман, өсімдік және жануарлар әлемі, табиғи экологиялық жүйелер, климат және Жердің озон қабаты жатады. Оларды жойылудан, бұзылуынан, ластануынан және зиянды әсерден қорғау қажет.

«Қоршаған ортаны қорғау» ұғымымен «табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану» ұғымы тығыз байланысты.

Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану табиғатты пайдалануды экономикалық жағынан сипаттайды. Яғни, біз шаруашылық қызмет жүргізу кезінде табиғи ресурстарды пайдалануда аз шығын жұмсап, үлкен нәтижеге ие болып, табиғатқа экологиялық және экономикалық зиян келтірмеуге тиіспіз.

Сонымен, табиғатты ұтымды пайдалану дегеніміз өндірілетін табиғи ресурстарды толық пайдаланып, қалпына келетін табиғи ресурстарды қалпына келтіруді қамтамасыз ететін, өндіріс қалдықтарын бірнеше рет пайдаланатын табиғат пайдаланудың жүйесі болып табылады.

Қоршаған ортаны қорғау мәселесі біздің аймақтада белсенді түрде жүзеге асырылады. Мысалы, көктем сайын сенбіліктер өтіп тұрады. Өңірде «Жасыл ел» жастар ұйымы жыл бойы, әсіресе көктем, күз және жаз айларында қоршаған ортаны қоқыстан тазалау, көгалдандыру, аббаттандыру сияқты акцияларды өткізіп отырады. Осындай іс-шаралар жас ұрпақ арасында патриоттық және экологиялық тәрбиені насихаттайды.

Қорыта айтқанда, қоршаған ортаны қорғау мәселесі маңызды мәселе болып табылады, сондықтан Конституциялық негізде бекітілген.

Жоғарыдағы айтылғанның негізінде келесі ұсыныстар жасауға болады:

- біріншеден, азаматтар өзінің қолайлы қоршаған ортаға құқығын қорғауға тиіс;

- екіншіден, халық қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттің ісіне белсендік танытып қатысуы керек;

- үшіншіден, азаматтар экологиялық проблемаларды шешу үшін экологиялық қоғамдық ұйымдарға бірігуі қажет;

- азаматтар экологиялық заңдармен бағдарламалардың жобаларын талқылауға белсенді түрде ат салысуы керек;

- мемлекетте азаматтардың экологиялық санасымен экологиялық мәдениетін жоғарылату қажет. Бұл мәселе осылардың ішінде ең маныздысы болып есептеледі. Сондықтан мемлекет экологиялық сананы қалыптастыратын және экологиялық мәдениетті көтеретін Республикалық деңгейде мемлекеттік бағдарлама қабылдауы керек.

Сонымен, Қазақстан Республикасының Конституциясы адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын ең жоғарғы құндылық ретінде белгілей отырып, әрбір тұлға қолайлы қоршаған ортаға, қоршаған ортаның жай-күйі туралы шынайы мәлімет алуға және оның денсаулығы мен мүлігіне экологиялық құқық бұзушылықпен келтірген зиянды өтеуге құқығы бар екенін айқындайды. Сонымен қатар, қоғамның әрбір тұлғасы қоршаған ортаны қорғау мен оған ұқыпты көзқарас жасау міндеттілігін белгілейді.

Әдебиет:

  1. Қазақстан Ресупбликасының Конституциясы. – Алматы: Юрист, 2017.
  2. Петров В.В. Экологическое право. – Москва, 2011.- C.98-99.
  3. Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі. - Алматы: Юрист, 2017. (2017.27.02. берілген өзгерістермен толықтыруларымен).
Основные термины (генерируются автоматически): орт, мена, бар.


Задать вопрос