Сорт ‒ ауыл шаруашылығы өндірісі құралдарының бірі. Өндіріске жергілікті және селекциялық жақсы сорттарды енгізуден өнімнің мөлшері мен шығымдылығы көбейеді, өсімдіктердің ортаға төзімділігі артады, өнім жинауды механизациялау мүмкіндіктері кеңейеді [1].
Жергілікті сорт белгілі бір аймақта қандай да болмасын дақылды өсіруде табиғи және жасанды (қолдан) сұрыптаудың қарапайым тәсілдерінің ұзақ әсері нәтижесінде шыққан. Түрлі дақылдардың жақсы жергілікті сорттарының көпшілігі халықтық селекция процесінде шығарылған. Оларға: жұмсақ бидайдың – Көже бидай, күріштің –Дұнған-салы, Қазақы-салы, арпаның – Унумли-арпа, жуаның Каратальский сорттары және т.с.с. жатады. Көптеген жергілікті сорттардың шаруашылық-биологиялық қасиеттері алуан түрлі, сондықтан олар селекциялық сорттар шығару үшін құнды бастапқы материал. Мысалы, жаздық жұмсақ бидайдың жергілікті Көже-бидай сортынан Казахстанская 126 сорты, Түрікменстанның жергілікті сортын пайдаланудан – Красная звезда, күріштің жергілікті Қазақы-салысынан ‒ Первомайский 152, КзРОС 358, судан шөбінің жергілікті популяциясынан – Бородинская 2, сарымсақтың жергілікті дұнған популяциясынан ‒ Заилийский, асқабақтың жергілікті популяцияларынан, оның Афродита, Карина сорттары және т.б. көптеген дақылдар түрлерінен алуан түрлі сорттар шығарылған [2].
Барлық елдерде, солардың қатарында біздің елімізде де жергілікті сорттар маңыздылығы және құндылығы бойынша селекциялық сорттармен теңестіріледі. Олар селекцияның алтын қоры. Сондықтан жергілікті сорттардың жойылып кетпеуінің алдын алу шараларын жасау қажет. Яғни, әр топырақтық-климаттық аймақтардың ең жақсы жергілікті сорттары ғылыми-зерттеу мекемелеріндегі ауыл шаруашылығы дақылдары коллекциясында болуы және сақталуы керек. Біршама жағдайларда оларды сақтау үшін арнай қорықтар жасаған дұрыс. Бұл жұмыстар табиғатты қорғау жөніндегі шаралар кешеніндегі маңызды элементтердің бірі саналуы тиіс.
Селекциялыққа қазіргі ғылыми-зерттеу мекемелерінде жергілікті сорттар мен табиғи популяцияны пайдаланып бастапқы материал алатын классикалық әдіс – шағылыстырумен қатар, герерозис, экспериментті мутагенез, полиплоидия, гаплоидия, ұлпа өсіру, сомалық будандастыру, хромосомдық және гендік инженерия сияқты генетикалық, сондай-ақ биотехнологиялық тәсілдермен жасалынып, Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесіне (әрі қарай Мемтізбе) енгізілген кез келген сорт жатады.
Сорттар жасалыну тәсілдері бойынша популяция-сорт, тізбекті сорт, клон-сорт, будандық сорт және мутанттық сортқа бөлінеді. Популяция-сорт айқас немесе өздігінен тозаңданатын өсімдіктерден жаппай сұрыптаумен алынады. Оның тұқым қуалауы біркелкі емес. Өздігінен тозаңданатындардың популяция-сорттары көп жағдайларда гомозиготалық тізбектер қоспасы болып, морфологиялық белгілері мен шаруашылық-биологиялық қасиеттері бойынша алуан түрлі. Айқас тозаңданатындардың популяция-сорттары үнемі айқас тозаңдануларының арқасында біркелкі келеді.
Барлық өздігінен тозаңданатын және айқас тозаңданатын дақылдардың жергілікті сорттары – популяциялық сорттар. Бірақ та селекциялық сорттың да популяциялықтары баршылық. Оған мысал, бұрынғы КСРО-дағы Оңтүстік-Шығыс ҒЗИ (Ресей) шығарған күздік қарабидайдың орташа пісетін Саратовская 5 сорты. Бұл сорт экологиялық бейімделгіштігі мен басқа да селекциялық құнды қасиеттерінің арқасында 1986 жылы өндіріске енгізіліп, қазіргі кезде де Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында өсірілуде. Сондай-ақ, Башқұрт ауыл шаруашылығы ҒЗИ (Ресей) ғалымдарының 1991 жылы шығарған және біздің елімізде – Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары өндірісіне енген қарабидайдың Чулпон сорты да популяциялық [2].
Негізінде айқас тозаңданатын дақылдардың селекциялық сорттарының өзі сорт-популяция болуы заңдылық. Сонымен қатар, өздігінен тозаңданатын дақылдардың селекциялық сорттары арасында популяциялық сорттар аз болса да кездеседі. Мысалы, Сібір АШҒЗИ (Ресей) шығарған, кезінде еліміздің бірқатар өңірлері – Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының территорияларында егілген жаздық жұмсақ бидайдың орташа кеш пісетін Омсая 9 сорты (6-тізбекті) мен В.Я.Юрьев атындағы ӨШСГ ҒЗИ-да (Украина) жасалынып, Қостанай облысының ауыл шаруашылығы өндірісінде пайдаланылған жаздық қатты бидайдың орташа пісетін Харьковская 46 сорты (4-тізбекті) [2].
Тізбекті деп өздігінен тозаңданатындардан жекелей сұрыптаумен шығарылған сорттарды айтады. Тізбекті сорт – бір өсімдіктің көбейтілген ұрпағы, сондықтан ол барлық белгілері мен қасиеттері бойынша өте біркелкілігімен ерекшеленеді. Табиғи тозаңдану, механикалық ластану және мутацияланудан тізбекті сорттар бірте-бірте өзінің біркелкілігін жоғалтуы мүмкін. Тізбекті сорттарға елімізде бұрыннан өсіріліп келе жатқан және соңғы кезеңдері шығарылған күздік және жаздық астық дақылдарының барлығына жуық сорттары мен өздігінен тозаңданатын басқа да дақылдардың көпшілік сорттарын жатқызуға болады.
Шағылыстырумен және будандық популяциялардан сұрыптаумен алынатын сорттар будандық. Өздігінен тозаңданатын дақылдардың будандық сорттарының тізбектілерге қарағанда біркелкілігі төмендеу. Сондықтан селекциялық тәжірибеде будандық сорттардан қайта сұрыптаумен жаңа сорттар шығарылғаны да белгілі. Мысалы, сортішілік қайта сұрыптаумен күздік бидайдың Безостая 4 сортынан Безостая 1, жаздық бидайдың саратовтық сорт топтамалары алынуы, тарының Саратовское 853 сортының табиғи будандарынан Орал ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы екіқайтара сұрыптаумен 1981 жылы ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізілген, қазіргі кезде де Батыс Қазақстан облысында пайдалануға рұқсат етілген орташа кеш пісетін Уральское 109 сортының шығарылуы.
Қазіргі таңда біздің еліміздегі барлық дақылдардың Мемтізбеге тіркелген сорттарының көпшілігі ‒ будандық [3]. Ал дәнді астық дақылдары сорттарының барлығын да будандық деуге болады. Оларға, мысалы, бұрыннан КСРО кезеңінен келе жатқан сорттар мен отандық селекцияның шығарып, өндіріске енгізген күздік жұмсақ бидайдың Қарлығаш, Жетісу, Алмалы, Әлия; жаздық жұмсақ бидайдың – Саратовская 29, Целинная 26, Арай, Астана; сұлының – Казахстанский 70, Ертіс 15, Бітік; арпаның – Бәйшешек, Сәуле, Жұлдыз, Арна; тарының – Шортандинское 7, Аружан, Памяти Берсиева, Яркое 3; жүгерінің – Казахстанский 587СВ, Алатау 107ТВ, Целинный 160СВ, Будан 237МВ және күріштің Кубань 3, Янтарь Новатор сорттары жатады. Бұлардың қатарына соңғы 1-2 жылда шығарылған еліміздің ғылыми-зерттеу мекемелерінің селекциясы – «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС, Қарабалық ауыл шаруашылық тәжірибе стансасы, ҚР АШМ А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ҒӨО, сондай-ақ Өсімдік шаруашылығы және селекция Қарағанды ҒЗИ-ының шығарған күздік жұмсақ бидайдың Даулет, Арап улучшенный, Егемен-20, Восточно-Казахстанская, Карабалыкская 101, жаздық жұмсақ бидайдың – Асыл сапа, Карабалыкская, Карагандинская 30, Карагандинская 31 және басқа да дәнді астықтардың жаңа сорттары кіреді.
Кейде будандық популяциядан бір емес, бірнеше морфологиялық біркелкі, бірақ биологиясы әр түрлі тізбектер таңдалынып алынады. Олардың біріктірілген ұрпағы көптізбекті будандық сорт болып саналады. Бұндай көплиниялық сортқа бұрынғы КСРО кезеңінде Ресей Федерациясы мен Украинада шығарылып, еліміздің ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізілген күздік бидайдың Одесская 51, жаздық бидайдың – Московская 35, жаздық арпаның Донецкий 4 сияқты сорттары жатады. Әдетте бұндай сорттар экологиялық бейімделгіштігімен ерекшеленеді және үлкен ареалды алады. Көптізбекті сорттар жасау әдісі алыс-жақын шетелдерде кеңінен таралған.
Табиғи сыртқы немесе жасанды мутагендік факторлар әсерінен пайда болған сорттар мутанттық болып саналады. Ресейде табиғи жағдайда пайда болған мутациялық популяциядан жеке сұрыптаумен алынған сұлының Немчиновский 2 сортының негізі – табиғи мутант. Біздің елімізде экперименттік мутагенез процесімен көптеген егістік дақылдардан бірқатар мутанттық сорттар алынды. Оларға – ҚР ҒА ботаника және фитоинтродукция институтының шығарған жаздық бидайдың Мутант 1, Мутант 301 және Мутант 306, «Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС жасаған күріштің Маржан және Ару, сондай-ақ «Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС-да алынған картоптың Мереке, Табыс, Игілік сорттары жатады. Клон-сорттар вегетативті көбейетін өсімдіктерді жекелей сұрыптау жолымен жасалынады. Клон-сорт вегетативті көбейтілген бір өсімдік ұрпағы болғандықтан, өте жоғары дәрежелі біркелкілігімен ерекшеленеді. Клон-сорттар табиғи мутагенез әсерінен өзгереді. Еліміздегі Солтүстік Батыс ауыл шаруашылығы ҒӨО мен «Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС-да шығарылып, Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай және Жамбыл облыстарының агроөнеркәсіп өндірісіне пайдалану үшін 1993, 2000 және 2003 жылдары Мемтізбеге енген картоптың, сәйкес Ақжар, Ұлан, Тамыр сорттары ‒ клон-сорттар [4].
Әдебиет:
- Гуляев Г.В., Гужов Ю.Л. Селекция и семеноводство полевых культур. – М.: Агропромиздат, 1987. – 447 с.
- Жанзақов М.М. Егістік дақылдар селекциясы. Оқулық. Астана: Фолиант, 2015. – 416 б.
- Государственный реестр селекционных достижений, допущенных к использованиюв Республике Казахстан. Сорта растений. Астана, 2016. – 244 с.
- Допущенные к использованию перспективные сорта и гибриды картофеля и овоще-бахчевых культур. ‒ Алматы, 2003. ‒ 45 с.