Қисас-ул әнбия-рухани мұра | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Медетбаев, Тасбулат Сиезбайулы. Қисас-ул әнбия-рухани мұра / Тасбулат Сиезбайулы Медетбаев. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2018. — № 9.1 (195.1). — С. 6-8. — URL: https://moluch.ru/archive/195/48556/ (дата обращения: 18.12.2024).



Қай халықтың болсын рухани – әдеби мұрасы сол халықтың тарихымен бірге туып, бірге қалыптасып, дамып отырады. Орта ғасыр заманында Батыс Түркістанда (Жетісу, Сырдария), Алтын Ордада және Орта Азия (Хорезм, Самарқанд, Бұхара, Хиуа, Қоқан) аймағын жайлаған халықтардың түркі тілінде XII-XIVғғ. жазылып қалған рухани – әдеби жазба мұралары бар.

Солардың қатарында «Қорқыт ата» кітабы, «Диуани Хикмет», «Мұқаддимат ал-адаб» («Әдебиетке кіріспе»), «Китаб тарджуман парси уа турки уа моғоли», («Парсы, түркі және монғол тілдерінің тәржімасы»), «Қисас-ул әнбия» («Пайғамбарлар тарихы»), қысқаша, «Қисас-и Рабғузи» («Рабғузи қиссалары») еңбектерін атай аламыз.

Рабғузи Насреддин Бурһанеддиннің баласы (т.ө.ж. белгісіз) – XIII ғасырдың аяғы мен XIV ғасырдың басында өмір сүрген жазушы, қазақ арасында көп тараған пайғамбар, әулиелер туралы хикая, аңыздар жинағының авторы.

Рабғузи есімі де әл-Фараби, Хорезми, Яссауи сияқты туған жеріне байланысты алған лақап аты. Ол XIII ғасырда өмір сүрген. Әкесі Бурһанеддин – Хорезм тұрғыны. «Қисас-ул анбия» немесе «Қисаси Рабғузи» («Рабғузи қиссалары») атты бұл кітапты 1310 жылы (710 хижра) жаздым. Оны Насреддин Тоқбұға бектің құрметіне арнап жаздым. Оны жазған Рабат Оғыз қазысы Бурһанеддин ұлы Насреддин», – дейді автор. Өзі: «Сенің қолыңнан шыққан, қаламыңнан түзілген сөз оқуға, үйренуге жеңіл, түсінікті болады деп жұрт қолқалаған соң, Тәңірден тауфих тілеп, кітапты бастадым», – дегеніне қарағанда бұрын да білімділігімен танымал болған кісі сияқты. Араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерген. Жергілікті түріктерден шыққан Н. Рабғузи Рабат қаласын мекен еткен. Оның оғыз (ғуз) [1, 176 б.] тайпасының перзенті екенін өзінің есімі де айғақтап тұрғандай.

Тарихымыздан белгілі, 1220 жылы Шыңғысхан әскерлерінің басып кіруіне байланысты Хорезм мемлекеті ыдырап, ол Жошы ұлысының құрамына, кейіннен Алтын орда хандығына кірді [2, 173 б.]. Шірік-Рабат (бұрынғы Рабат қаласы) қаласының қазіргі орны Қызылорда қаласынан оңтүстікке қарай 300 шақырым жерде (Өзбекстанмен шекаралас) Қызылқұм шөлінде жатыр [3, 40 б.].

Н.Рабғузи – жасынан арабша тәрбие алып, дін жолында қызмет жасап, қази болған кісі. Ол Адам ата, Хауа ана, пайғамбар-әулиелер туралы бұрын-соңды айтылып-жазылып келген аңыздарды жинап, парсы, араб діндарларының жазғандарын қайта өңдеп, осылардың негізінде «Хисаси Рабғузи» немесе «Қисас-ул әнбия» кітабын жазып қалдырған. Бірақ оның түпнұсқасы бізге жетпеген. Парсы тілінен түркі тіліне аударылған бұл қолжазбаның бірнеше көшірмелері бар.

Оның XV ғасырға жататын бір нұсқасы Лондондағы Британия музейінде, XVI ғасырлық бір көшірмесі Ленинградтағы СССР Ғылым Академиясының шығыс фондысында сақталған. Лондондық нұсқасын К. Гренбек 1948 жылы Копенгагенде бастырып шығарған.

1859 жылы белгілі түркітанушы Н.И. Ильминский императорлық Қазан университетінің баспаханасынан кітаптың толық мәтінін бастырып шығара отырып, көпшілікті әдеби мұраның мазмұнымен таныстыруды мақсат еткен. Кейбір мәліметтерге қарағанда Н.И.Ильминский екі түрлі қолжазбаны негізге алған болуы керек. Бұл жөнінде П.М. Мелиоранский былай дейді: «Шамасы Н.И.Ильминский кейін Азия музейінде сақталған №336 қолжазбаны пайдаланған тәрізді және ол императорлық көпшілік кітапханасындағы Дорн каталогында тіркелген №7 қолжазбасымен де таныс болуы керек» [4, С. 279-280].

Түркітанушы ғалымдар «Рабғузи хиссаларының» көне нұсқаларын іздестірді. 1883 жылы Лондонға барған сапарында П.М. Мелиоранский Британия музейіндегі ең көне, толық қолжазбаны қарап шығып, одан көшіріп алған кейбір үзінділерін 1897 жылы жариялаған еді. Сонымен бірге Ленинград университетінің кітапханасындағы қолжазбалардың ішінен бұрын жарияланып үлгермеген, Лондон нұсқасының бірнеше үзіндісін С. Е. Малов тауып, оны жарыққа шығарады [5, С. 507-525].

Содан кейін Н.И.Ильминский және С.Е.Малов баспасөз бетінде берілген шығарманың үзінділерін 1951 жылы жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап шығарған «Көне түркі жазба ескерткіштері» деген кітабына да енгізді. Бұл зерттеушілердің барлығын да «Рабғузи хиссаларының» әлемдік, рухани – мәдениет пен әдебиет тарихындағы орнын айқындауға үлес қосқан айрықша зерттеулер деп бағалауға болады.

Осы сала бойынша Өзбек ғалымдары да оның хиуалық бір нұсқасын тауып, оны XV-XVI ғғ. аралығына жатқызады. Ол нұсқа Өзбек Ғылым академиясы институтында сақталған.

Жоғарыда айтқанымыздай, «Рабғузи қиссалары» бірінші рет Қазанда 1859 жылы Н.И.Ильминскийдің бастыруымен жарық көрген. Қиссаның бір нұсқасын 1859 жылы Рахматулла Әмірханұлы бастырып шығарған. Одан кейін де 1873, 1897, 1899, 1914 жылдары басылып шыққаны белгілі. Қазақ елі хиссаның осы Қазан баспасы шығарған нұсқасымен жақсы таныс болғанға ұқсайды [6].

Бұл әдеби мұра қазақ әдебиеттану ғылымында алғаш рет 1967 жылы профессор Б.Кенжебаевтың басшылығымен филология факультеттерінің студенттеріне арналған «Ертедегі әдебиет нұсқалары» атты хрестоматияға енді. Ұсынылып отырған кітаптағы үзінділер «Рабғузи хиссаларының» 1914 жылғы Қазан баспасынан алынып жарияланған болатын.

Профессор Ғ.Айдаров, Ә.Құрышжанов, М.Томановтың филология факультеттеріне арналған «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» (1971) оқулығында әдеби мұраның жазылу тарихы мен әр түрлі көшірмелері жайында бірқатар мәліметтер берілген.

«Рабғузи қиссалары» туралы бұрынғы және кейінгі жазылған арнайы зерттеулерде бұл еңбек лингвистикалық тұрғыдан біршама талданғанымен, [7] әдеби сипаты жөнінде тек шолу ретінде ғана айтылғаны болмаса, арнайы зерттелмеген.

Бірақ осы ретте профессор Б.Кенжебаевтың арнайы жазған мақаласының танымдық мәні зор болғандығын айта кету керек [8].

Онда ғалым әдеби мұраның 1914 жылғы Қазан баспасынан шыққан нұсқасы бойынша шығарманың сюжетін, құрылысын, басты ерекшеліктерін, кейбір жеке әңгімелерін талдай отырып, көптеген мысалдар келтіреді. Осы кезге дейін «діни шығарма» ретінде бағаланып келген бұл әдеби мұраны керексіз дүние санап жүрген кейбір сыңаржақ көзқарастарға қарсы нақты дәлелдер айтады.

«Шаһнаманы» қазақша жырлаған Т.Ізтілеуов те Н.Рабғузи әңгімелерінің кейбір сюжеттерін өлеңге айналдырып, тәлім-тәрбиелік мәні зор әдеби мұра қалдырғанына көзіміз жетіп отыр. Соның ішінде шайырдың ерекше көңіл аударғаны Лұқман хәкімнің әңгімелері болды [9, 114-117 бб.].

Рабғузи хикаяттарының біреуін (6-хикаят) жырау Р.Мәзғожаев 1946 жылы Сыр бойындағы халық аузынан жазып алып, оны Ғылым Академиясына тапсырған [10, 365 б.].

«Рабғузи қиссаларының» тематикасы, идеялық бағыт-бағдары негізінен діни сипатта болғанымен, ондағы жекелеген әңгімелер мен оқиғалар көркем әдебиеттің дамуына игі ықпал етті.

Біздің осы тарихи жәдігерге, сан ғасырлардан асып жеткен рухани – әдеби мұраға «өзінен бұрынғы озық ой-пікірлерге қосқан жаңалығы, сол тұстағы әдебиетті дамытуға азды-көпті үлесі қандай болды?» деп қарауымыз орынды.

«Рабғузи қиссаларының» негізі шығыстық (Вавилон) араб, парсы арасында туып, қалыптасқан. Кейін біздің жерімізге бірден-бірге ауысып, келіп жеткен сюжеттерден алынған аударма, әрі назиралық шығарма болып табылады. «Қиссалардағы» кейбір қалыптасқан сюжеттердің генезисі, дүниенің жаралуы, жерді «топан су қаптау» туралы аңызы және басқалары Вавилон мифологиясынан алынғандығы дәлелденіп отыр.

Лондондағы Британия музейінің қызметкері, археолог Джордж Смит сына жазбаларының арасынан б.д.д. I мыңжылдықта жазылған «Энума Элиш» атты бір поэманы тауып, оны оқып шыққан. Сонда көктің, жердің, дүниенің алты күнде жаралуы, адамды да алтыншы күнде жаратуы, тағы да басқалары кейінгі діни кітаптардағы («Тәурат», «Інжіл», «Құран Кәрім») қалыптасқан сюжеттерге сәйкес келеді.

Рабғузи кітабында көне Вавилон мифологиясымен тамырласып жатқан көптеген қалыпты сюжеттер бар: дүниенің жаралуы, жерді топан су қаптауы, Адам ата, Хауа ана, т.б.. Шумер тілінде «нин» – әйел, «ти» – қабырға сөзінің мағынасын білдіреді екен. Хауа анамыздың Құдайдың құдіретімен Адам атаның қабырғасынан жаралғаны туралы аңызды ескерсек, ақиқат шындыққа бір табан жақындағандай боламыз.

Сол сияқты Ә.Әріпбайұлы да Н.Рабғузидің «Қисас-ул әнбиясының» үш жерде (Ташкент, 1904ж., Қазан, 1904ж., Қашқар ұйғыр баспасында, 1908 ж.) басылып шыққанын айтқан және сол үш баспадан шыққан кітапты салыстыра отырып жазған.

Сонымен, Ә.Әріпбайұлының, Н.Рабғузидің «Қисас-ул әнбиясы» негізінде жазылған (1991 ж.) қолжазбасына сүйене отырып редакциялап, оны сол кездегі Қызылорда әкімі Мұхтар Құл-Мұхамедтің қолдауымен Сырдария кітапқанасынан («Фолиант» баспасы, Астана-2008) басылып шығуына ұсындым.

«Болашақ» университетінің Ғылыми – әдістемелік кеңесінің шешімімен «Болашақ» университетінің баспақанасынан шығарылып, филология факультеттерінің студенттеріне арналған «Ежелгі дәуір әдебиеті» курсына қосымша оқу құралы ретінде оқытуға ұсынылды.

Адам атадан бастап, пайғамбарлардың сәруары атанған Хазіреті Мұхаммед с.ғ.с.-ға дейінгі аралықтағы көптеген пайғамбарлардың өз қауымы мен жұрты үшін атқарған игі істері жүйелі түрде тарқатылып, әсерлі баяндалып отырады.Шығармадағы әрбір хикая – әдеби көркем туынды. Оны оқи отырып, көкірек көзіңді ашар парасат айдынына кезіккендей боласың. Жай оқымайсың, зерделей түсіп, жоғалтқаныңды тапқандай боласың. Әсілі, фәни өмірдегі адам баласының асылындай бағалар, жалғанның жылтырағына алданып жүріп жоғалтар нәрсесі біреу-ақ. Ол – өзі, өзінің адамдық қалпы мен имани шындығы. Сол жоғалтқаныңызды тапқанда қандай сезімде болуыңыз мүмкін? Міне, сол асылды тапқандай болып отырған жайымыз бар. Халқымыздың сан ғасырлардан мұқалмай жеткен рухани інжу-маржаны – қолыңыздағы «Қисас-ул әнбия» секілді жәдігер ұрпақтан-ұрпаққа ауыса отырып, рухани дүниеміздің кем-кетігін бүтіндеп, ақыл-ой парасатының шырқау шыңына бастай берсін!

Әдебиет:

  1. Қоңыратбаев Ә. Қазақ эпосы және түркология. – А.,1987. – 176 б.
  2. Қазақ совет энциклопедиясы. – А., 1972. – 173 б.
  3. Қазақстан тарихы. – А., 1994. – 40 б.
  4. Мелиоранский М.П. Сказание о пророке Салихе. (изд. Хисас-ул Энбия Рабгузи).-сборник статей учеников барона В.Р. Розена к дню дватцати пятилетия его лекций. СПБ, 1897.– С. 279-280.
  5. Малов С.Е. Мусульманские сказания о пророках по Рабгузи. Записки коллегии востоковедов при Азиатском музее. Том V. Ленинград. Изд. АН СССР. 1930. – С. 507-525.
  6. Қисас-и Рабгузи. – Қазан, 1985.
  7. Мирзакаримова Ульмас. Морфологические особенности «Кисаси Рабгузи». Ташкент, Автореф. канд. дисс. – 1969.
  8. Кенжебаев Б. Қисас-ул әнбия // Жұлдыз. – 1968. – №7.
  9. Ізтілеуов Т. Назым. А. – 114-117 бб.
  10. Мәзғожаев Р. Қазақ ертегілері. 3-том. – 365 б.
Основные термины (генерируются автоматически): Британия, Вавилон, Рабат, Хорезм, XV-XVI, Азия, Ленинград, парс, СССР, ташкент.


Задать вопрос