Қазақ әдебиеті әлемдік әдебиеттермен иықтаса алатын деңгейде екендігіне еш күмән жоқ. Әдебиет – сөз өнерінен жинақталған туынды, Абай айтқандай «толғауы тоқсан қызыл тіл» немесе «сөз сарасы, сөздің патшасы», Горький айтқандай «әдебиеттің бірінші элементі – тіл» оның өмір – болмыстың сырлы суретін, адамдар тағдырын бедерлі бейнелеу, көркем таныту құралы сөз. Kөркем шығарманың тілін тіл білімі ғылымы тұрғысынан талдап, танытуда да әуелі әдебиеттің нысаны (объект) өмір болғанда, оның пәні адам екенін естен шығармауымыз керек. Орыс жазушысы М.Горький «Кәсіп туралы» кеңесінде көркем әдебиетті адамтану деп атаған екен. Бұл ретте тіл көркем сөздің құрамдас бөлігі болмайды, адам «көңіліндегі көрікті ойдың сыртқа шыққан» (Абай) көрінісі іспетті. Немесе тіл – дерек. Одан қаламгердің өзі мен өзгені таныған таным, қоршаған дүниеге қатысты көзқарасын танимыз.
Oлай болатыны – адам тағдыры жазушы үшін шығарманың арқауы ғана емес, өмірді танудың өзгеше тәсілі де: өмірде көрген тірі адамдар туралы, олардың хал-күйі, кескін-кейпі туралы тебірене, толғана ойланудан көбіне суреткердің сол адамдар өмір сүрген қоғам туралы көзқарасы қалыптасады, нәтижесінде сол қоғамдық шындықты көркем жинақтау мақсатындағы творчестволық әрекеті басталып кетеді [1, 86 б.].
Tіл арқылы адамды тану идеясын ғылым жүзінде жүзеге асырып, тілді таныммен бірге, тұтастықта тексеруді 20-ғ.басындағы қазақ зиялылары жолға қойып кеткен. XX ғ.басында-ақ батырлардың рухынан, батырларды жыр қылған ақын сөздерінің рухынан сол жыр шыққан замандағы халық рухы қандай болғанын білеміз. Ертегілер бұрынғының қалпынан, салтынан дерек бергендей, eртек жырлар бұрынғының рухынан дерек береді. Сондықтан М.Жұмабаевтың тіл мен танымның тұтастығына қатысты «тіл – адам жанының тілмашы», тіл философиясының негізін салған B.фон.Гумбольдтың «тіл – ұлттың рухы» деген тұжырымымен үндескендей.
Xалық өзінің дүние туралы түсінігін тілі арқылы көрсетеді. Рухымен қоса, мәдениетін тілінде сақтайды және тілінде көрсетеді десек, кеңестік империя кезеңінде тіл кеңестік идеологияның насихатшысына айналды. Мәселен, қазақ тілінің иесі – қазаққа өз тіліндегі ұлттың рухы, танымын тануға жол берілмеді [2, 11 б.].
Әдебиет адам жанының, оның ұлттық сана-сезімін дамытып, ұлттың тұтастығы, бірегейлігіне алып келерінен үміттенген қазақ зиялыларының ақын сөзіне «қоғамдық ұғым» беруінің сыры, «сөз тексеру» үстінде көздеген мүддесі. Егер де тіл білімі осыған тоқтаса, тіл тек «аса маңызды қарым-қатынас құралы» болып қоймай, ұлтымызға қызмет ете берер еді. Ұлттың рухын өзіне танытып, ұлттық санасын дамытып, ұрпағын тәрбиелеуде зор үлесін әлі күнге жалғастыруда.
Tілтанымдық адамтануды XIX ғасырдағы ғылым «жаңалығынан» басталады деу ерте заманнан жеткен халық даналығы мен тәжірибесін жоққа шығарумен тең. Mәтіннің иесі – автор дәуір перзенті, оқырман – мәтін тағдырының куәгері әрі тұтынушы, М.Әуезов тілінше, «жан ауданын кеңейтуші», мәтін – автор мен оқырман қатынасының ұйытқысы, ұлт бірегейлігін сақтаушы құндылық иелері.
Oдан әріде қазақ даналығы тұр. Қазақтың биі мен шешені «сөзіне қарай кісі алу» үшін, «тіл мен ұлт біртұтас» теориясының жарыққа шығуын күтіп отырмаған. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, «сөз өнерін бар өнердің басы» санауы – соның көрінісі. Айталық, «Тыңдамаса сөз жетім», «Аталы сөзге арсыз да тоқтайды», «Сөз сүйектен өтеді», «Қалар мұра – сөз, кісіден кісіге, сөзді мұра тұтсаң, пайда ісіңе», «кісілерге мирас ата сөзі ғой, ата сөзі ұқсаң, құттың көзі ғой», «ми ойлағанды тіл тындырады» сынды «өмірден түйген түйінді ойларын (тіл туралы мақал-мәтел, фразеологиялық тіл орамдарын, т.б.), «метатілдік рефлексия» деуге болады. Және оның «...қоғамдық-әлеуметтік тіршілікпен байланысты екені айқын аңғарылады» [3, 15 б.].
A.Байтұрсынов тілді қолдануды «біз қазақ тіліндегі сөздің бәрін білгеніміз қазақ тілін қолдана білу болып табылмайды. Tілді қолдана білу деп – айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білуді және сол сөздерді сөйлем ішіне орын-орнына дұрыстап қоя білуді айтамыз» деп түсінсе, P.Cыздықтың ойынша, сөз қолданысы деген мәселе – көркем шығарма тілін танытудың ең бір өзекті тұсы, мұнда стильдік-шеберлік жайттары сөз болмақ (мысалы, сөздірдің бір тақырыптылығы, модальдық бояуларының біркелкілігі, бір сөздің қайталануы, белгілі бір тұлғалардың жиі (актив) не сирек (пассив) қолданылуы, синонимдердің қолданысы дегендерге барып тіреледі).
Tіліміз ата-бабаларымыздың ұрпақтан ұрпаққа қалдырған асыл мұраларының бірі- «қиыннан қиыстырып», «сөзден түйін түйген» суырып салма ақындық қасиеті, жаныңды жадыратып, кеудеңді күмбірлетет айтыс өнері.
Қорыта келе, көркем тіл – құдыретті нәрсе. Cұлу сөз тіл көркемдігімен сөз сұлулығы, сөздің табиғилығымен қарапайымдылығында.
Жазушының сөздік қоры бай болуға тиіс. Oл өзінің сөз қорының молықтыру үшін жалпы халықтық тілдің телегей – теңіз бай қазынасын, мүмкіндігінше, молырақ игеруі, әр сөздің мәні мен мағынасындағы ұланғайыр өзгертулер мен өңдеулерді, ауысулар мен алмасуларды, құбылулар мен құлпыруларды дәл аңғара білуі қажет. Cонда ғана жазушы әр сөзді таңдап, талғап, тауып, ойды анық, сезімді нәзік жеткізер тың және тартымды суреттер жасай алады. Жазушы әр сөздің сипаттап тура таза туынды мағыналарын жіті айыра танып, әрқайсысын тек өз орнында ғана ұтымды қолданса, сөзбен жасалған суреттегі ой мен ұғым, сыр мен сезім дәлдігіне жетеді де, осы арқылы шығармаға әсерлі эмоциялық күш беретіне сенімдімін.
Әдебиет:
- Қабдолов З. Қазақ әдебиеті теориясының негіздері. – Алматы, 1970. – 86 б.
- Сабирова Г. Көркем тілді адамтану парадигмасы тұрғысынан зерттеу. Филол. ғыл. канд.дисс. – Алматы, 2002. - 110 б.
- Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері: филол. ғыл. докт. дис. – Алматы, 2007. – 123 б.