Экологиялық парасат | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Наубетова, Г. Ж. Экологиялық парасат / Г. Ж. Наубетова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2018. — № 9.1 (195.1). — С. 15-16. — URL: https://moluch.ru/archive/195/48570/ (дата обращения: 18.12.2024).



Кез келген қоғам болмасын табиғат пен жануарларға деген қатынастарын қайтадан қарап, өзінің барлық қажеттіліктерін өтеу принципінен бас тартып, табиғатпен қатынасын үйлесімді етуге тырысады. Сонда ғана экологиялық дағдарыс және денсаулық сақтау проблемаларын шешу мүмкін болмақ. Тұлғаның сан қырлы қатынастардың бірі – адамның табиғатқа, қоршаған ортаға, оны аялауға деген қатынасы болып табылады. Қазіргі уақытта адамның экологиялық қатынастары әлемдік деңгейде кеңінен тарап, әрбір елдің тұрақты дамудағы басты ұстанымына айналып отырған жайы бар.

Бүгінгі таңда әлемде ғылыми-техникалық жетістіктің жедел өсуі қоршаған ортаға, ондағы тіршілікке зиянын тигізіп жатқаны да белгілі. Қазақ жерінің байлығын бағалайтын, табиғатты аялайтын жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне көңіл бөлу – басты шарт. Тұлғаға білім, тәрбие берудің маңызды мәселенің бірі оқушыны азамат, патриот, өз еліне, жеріне жауапты адам ретінде қалыптастыру. Ауқымы кең экологиялық білім беру аясына көптеген бағыттар енеді. Оқушыларға экологиялық білім беру табиғатқа, Отанға, еліне деген сүйіспеншілік сезімін, жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталады. Тұлғаның қоршаған ортаға, табиғатқа қатынасын білдіретін адамның экологиялық сауаттылығы, экологиялық мәдениеті, экологиялық тұрғыдан мінез–құлық пен іс–әрекеті адамның экологиялық парасаттылығын анықтайды.

Халқымызда ақыл-парасатқа адамның дүниеге көзқарасын, зейін-зердесін, басқалармен қатынасын, бауырмалдығын, қайырымдылығын, ұқыптылығын, мінез-құлқын жатқызады. Парасат деп адам бейнесіндегі нұрын, ақылдылық пен білімпаздықтың, мәдениеттіліктің іс-әрекеттегі көрінісін айтуға болады. Ал экологиялық парасатбұл – экологиялық білімпаздықтың, мәдениеттіліктің іс-әрекеттегі көрінісі. Экологиялық парасат адамдардың табиғатты, қоршаған ортаны қабылдауының және әлемдегі жағдайды бағалауының, адамның дүниеге деген қарым-қатынасының ең жоғары тұлғалық деңгейін білдіреді.

Экологиялық парасат өмірімізге соңғы кезеңдерде енген салыстырмалы тұрғыдағы тың мәселе. Ол адамзаттың жаһандық экологиялық дағдарысқа әкелген қауіп-қатерімен тығыз байланысты. Өкінішке қарай, адамдардың шаруашылық іс-әрекеттерінің себебінен әлемдік деңгейде қоршаған орта қатты ластанып, тұрғындар денсаулығына үлкен қауіп төніп отырғанын, оның залалдарын айқын көріп жүрміз. Табиғатты және оның ресурстарын дұрыс пайдаланбаудан, оның әлемдегі орнын дұрыс түсінбеуден адамзатқа деградация және құрып кету қаупі төніп тұр. Эколог-ғалымдар экологиялық қауіп пен қатердің өткір мәселелерін барынша алға тартып, неғұрлым ертерек «дабыл қақса», жұртшылық та соғұрлым ертерек өздерінің қияс басқан іс-әрекеттерінің нәтижелерін қайтадан қарайды және мақсаттарын түзейтін болады. Былайша айтқанда, адамдар бұл тірлікте табиғаттың ғана арқасында тірлік етіп отырғандарын, оның қаншалықты қажетті құндылық екенін тереңнен зерделеп, экологиялық тұрғыда жіберген қателерін жылдамырақ түзетуге бет бұруы керек. Міне, экологиялық парасат жеке тұлғаларға осындай мүмкіндіктер туғызады, санасына ой салады, қоршаған ортаға ұқыптылығын, жауапкершілігін арттырады. Бірақ «экологиялық парасат» проблемасы әлі толық зерттелген жоқ: бұл тақырыптағы әдебиеттер санаулы ғана, тек бірді-екілі ғана белгілі ғалымдар осы салада зерттеу еңбектерін жазған.

Тұлғаның экологиялық парасатын тәрбиелеу әр заманда жастарға білім берудің негізгі құралы болып келеді. Экологиялық білім алуға және ғалымға деген ұмтылыс халық санасынан тереңінен әрдайым орын алды. Халық табиғат пен қоғам дамуының заңдылықтары бейнеленген ғылымның деректерін, түсініктерін және заңдарын мақсатты игерудің нәтижесі деп білді. Тек парасатты адам ғана терең білімдерді меңгере алатынын түсінді. Оқушылардың ақыл-ой күштерін, экологиялық ойлауын дамытуда және экологиялық мәдениетін дарытуда экологиялық парасатты қалыптастыруға жағдай туады.

Қай формацияда болмасын табиғат адам игілігіне өзінің кең байлығын сыйға тартпаса, онда қоғамның ілгерілеуіне мүмкіндік болмайды. Халық педагогикасында сананы парасатты іс-әрекетке бағдарлау қазақ ұлты болғаннан басталады. Мәселен, отқа жолама, күлді баспа, кірсуды көрінген жерге төкпе, құстың ұясын бұзсаң, бағың жанбайды, ағашты жұлмалама, сені де өспей жатып біреу жұлмалайды және т.б. тыйым сөздер бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді.

Шығыс ғылымының аса көрнекті өкілі Әбу-Насыр әл-Фараби жастарға білім мен ізгілікті тәлім-тәрбие беруді, оларды қоршаған әлеуметтік орта мен табиғат құбылыстарын танып-білуге баулуды баланың сана-сезімі ояна бастаған кезден бастау керектігін дәлелдеген. Ол адамның іс-әрекетінде зиялылықтың, парасаттың рөлі зор деп бағалаған. Адамның өзін, оның ақыл-парасатын, қабілет пен жігерін өте жоғары қояды адамның шынайы бақытын тілейді, оларды тынымсыз іздену, оқу-үйрену арқылы өзін-өзі жетілдіруге шақырады. Әл-Фараби ақылдық пен адамгершілік үлгісі тәрбиеге байланысты, оның негізі еңбекте, ал еңбек өз кезегінде – тәрбиенің негізінен туындайды деген [1].

Сонымен экологиялық парасатты дамытуды білім меңгертудің үлгісі деп ойласақ, бір жағынан, интеллект, екінші жағынан, ақыл секілді сапалық көрсеткіштерге данышпан бабаларымыз ерекше тоқталып, ізгіліктің сүрлеуіне сілтейді. Экологиялық парасаттың діңгегі – Отанға деген сүйіспеншілік. Отан, ол, тек қалалар мен ауылдар ғана емес, бау-бақшалар мен ормандар, шалғындар мен жайылымдар, ауадағы құс, судағы балық, жер бетіндегі жануарлар әлемі. Сондықтан Отан мен оның табиғатына сүйіспеншілік тұтас бір ұғым ретінде танылады, туған жерге деген ерекше ілтипат осыдан туады. «Отан – табиғат, табиғат – Отан» деген ұғымды Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» атты өлеңі [2], Бүркіт Ысқақовтың «Сенің Отаның» [3] атты өлеңі толықтыра түседі. Әрине, дәл осы сапаларды меңгерген, не сол сапаларды әдеби арналармен іс-әрекетте жүзеге асыруға бағыт алған субъекті – қай қоғамның болмасын сүйікті данасы.

Әдебиет:

1 Сарбасова Қ.А. Қазіргі педагогика ғылымының қайнар көздері. – Алматы: Білім, 2008. – 243 б.

2 Марғұлан Ә. Қорқыт ата және оның әфсаналары. – Жұлдыз. - 1983. - № 3. – 155 б.

3 Мақатаев М. Таңдамалы шығармалары. - Алматы: Жазушы, 1985. - 560 б.

Основные термины (генерируются автоматически): мена, пена.


Задать вопрос