Наурыз мерекесі жайындағы мәліметтер | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Кипшакбаев, К. З. Наурыз мерекесі жайындағы мәліметтер / К. З. Кипшакбаев, Г. С. Каденова, М. И. Мырзанова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2018. — № 14.1 (200.1). — С. 12-14. — URL: https://moluch.ru/archive/200/49091/ (дата обращения: 18.12.2024).



Наурыз – шығыс күнтізбесі бойынша жылдың алғашқы айы. Наурыз мерекесінің қалыптасуы, мән жайы туралы жазба деректерді орта ғасырлық шығыс ғұламаларының, қазақ жеріне келген зерттеушілердің саяхатшылырдың, алаш зиялыларының еңбектері құрайды. Наурыз мерекесі шығыс елдерінің орта ғасырлық мемлекеттерінде патша сарайларына лайық сән-салтанатпен өтсе, дәстүрлі қазақ қоғамында наурызнама тойы бірнеше күнге жалғасқан. Наурыз айының 21-нен 22-не қараған күні жыл басы ретінде Омар Хайямның қатысуымен жасалған күнтізбеден бастап тұрақталған.

Наурыз мерекесінің қалыптасуы, мән-жайы туралы жазба деректерді орта ғасырлық шығыс ғұламаларының, қазақ жеріне келген орыс және батыс зерттеушілерінің, саяхатшылардың, алаш зиялыларының еңбектері құрайды. Омар Хайямның Наурызнама туралы қол жазбалары, Германияның мемлекеттік кітапханасында, Лондондағы Британ Ұлттық музейІнде сақталған. Омар Хайям жазып алған аңыз бойынша, парсы еліндегі ерте дәуірлердегі тәңірі Изид күнді жаратарда оған ерекше ықылас-мейір төккен күнге үнемі қозғалыста болуды бұйырған. Күн өзінің жылдық айналымында әрбір жұлдызды бір айда басып өтеді. Он екі жұлдыздың бірі амалға күннің бірінші кірген күні, күн мен түннің теңелуі, көктемнің басталған күні болып есептеледі. Ажам патшалары дәл осы күнді айрықша атап өту үшін баршаға мәлімдеп мейрам деп жариялаған. Осы аңыз желісі бойынша парсы әлемінің бірінші патшасы Каюмарс таққа отырғаннан кейін жылдың әр айы мен күніне ат фарвардин айы атанды. Бабақан (226-251 жж.) тұсында қабиса есепке алынып, Наурыз тойы қайта жанданған. Нушараван (531-579 жж.) тұсында қайта тоқтатылды, ал Мағмұн патша (813-833 жж.) . Наурызды тойлауды бұйырған.

Наурызды тойлау жалғасын тапқанмен, парсы абыздарының күнтізбені дұрысбақылап отырмағандықтарынан наурыз 21-і күні жылдың басқа кезеңдеріне жылжып отырған, бұл парсы шаруаларын күйзеліске ұшыратқан, себебі наурызға дейін заттай төленіп бітетін салықтың уақыты келгенде егін пісіп жетілмеген, ал ертеде парсы жерінде егін наурызда пісіп, халық салықты мерзімінде төлеген.

Наурыз тойының өткізілуі рәсімдері туралыда деректер шектеулі. Аңыз бойынша, Жыл-жаңа туған бала, ол күн санап өсіп, үш айдан соң жігіт болады, күз түскенде қартайып, бурыл бас болады, қыс түсіп қар астында қалғанда кәріліктен өледі, осылайша он екі ай бітуімен ескі жылдың өмірі де бітеді. Жаңа жыл туылғанда, сол туылған күнді құттықтап, қуанғанды қысып құшағына алып сый-құрмет жасау, қызық дәурен салу әр адамның міндеті болған екен.

Жазба деректерге сүйенсек ертеде жұлдыз есебімен санағанда қыс пен жаздың ауысатын уақыты 9-шы наурызға сәйкес келген және де қазақтар осы есепті орыс билігі орнағанға дейін берік ұстап келген және ескі жылдың шығып, жаңа жылдың кіруін сегіз күн бойына тойлаған. «Қазақ» газеті шығып тұрған уақытында әр жыл сайын 9 наурызда Алаш зиялылары Наурыз мерекесінің мән – мағынасы туралы өз ойларын жазып, халықты құттықтап отырған. Ескі күнтізбе бойынша Наурыз мерекесін тойлау наурыздың 9-16 аралығында жалғасқан. Мәшһүр Жүсіп жиырма тоғыз жасында Ғабдолла хан өткізген наурызнама тойына сегіз күн бойына қатысқан. Бұл тойда күресте үш кісіні жыққан адамға бір шапаннан бәйге берілген. Тойдың сегізінші соңғы күнінде қожа Баһуалдин әулиенің басына барып, сол жердегі көпшілікке қант төгіп, қант татыған тәтті суды жұрт жабыла ішіп, ырым қылған.

Наурызды Орта Азия жергілікті халықтарының барлығы тойлаған. «Наурызда Самарқанның көк тасы да жібиді» деген сөз астарында халықтың бір-біріне кешіріммен қарауы, мейірімі, сонымен қатар адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынас жатыр. Тарихи жазба деректер наурыз мерекесі тараған халықтар арасында өздерінің тарихи дәуіріне сай атап өтілген және наурызды тойлайтын халықтар өз ұлттық ерекшеліктеріне қарай бейімдеген. Ежелгі шығыс мемлекеттерінде мереке патшалық сарай салтанатына сай болса, Орта Азияның халықтары отырықшы шаруашылық пен отырықшы мәдениетке бейімдеген, наурыз дәстүрі егіншілікке қатысты дәстүрлермен жалғасқан, көне түркілер мен қазақтар өз мәдениеті мен дәстүрлі шаруашылығына бейімдеген.

Жазба деректерді негізге алсақ, наурызнама кезінде жасалатын салт-дәстүрлердің көбі жойылған, кейбірі синтезделіп, өзгеріп жеткен. Наурыз тойына қатысты дәстүрлерді «жойылған дәстүрлер», «синтезделген дәстүрлер» және «сақталған дәстүрлер» деп бөліп қарауға болар еді.

Сақталған және мәні өзгеріп жеткен дәстүрлер:

- Байырғы қазақ қоғамында «наурызнама» жасауға шамасы келмегендер, жалғыз қой сойса да наурыз күні ауылға дәм таттырам деп басын сақтап қойған екен. Бұл күні наурызға соғымнан сыбаға ретінде сүрленген етті сақтаса да арнайы бас сақтау жойылған.

- Қарын-қарын жентті жасап, ірімшік жасап қатырып сақтау. Қыстың күні балалары жентті қашан жейміз десе, шешелері Самарқанттың көк тасы жібігенде бұл жентте өзі балқып босайды, сонда бастаймыз, – дейді екен. Бұл күнде жентті қарынға салып сақтамағанымен, жент дәстүрлі тағам ретінде дастарханымыздан үзілген жоқ.

- Қазақтарда «наурыз көже» атауына ие болған арпадан көже пісіріп, ауылға дәм таттыру. Қазақтар «арпа, бидай ас екен», «наурыз көжені тойып жесең жыл бойына тоқ жүресің» деп бекер айтпаса керек. Ет пен сүтті негізгі тағам қылған қазақтар бұл көжеге айран, сүзбе қатып, қыстан сақтаған сүр етті қосқан. Наурыз көже дайындау әдісінде аймақтық ерекшеліктер байқалады, арпа, ағарған, сүр ет қазақ жерінің барлық өңіріне ортақ болса, батыста, Сырдың төменгі ағысы бойында жүгері, тары, оңтүстікте маш, бұршақ, кеспе қосады. Жетісудың шығыс бөлігінде «көп көже» деп аталады.

Алғашқы жазба деректерге сүйенсек, Наурыз мерекесін тойлайды мұрат еткен шығыс халықтарының барлығы үшін бір ортақ мүдде жыл басын ізгі ниетпен, жақсы көңілмен қарсы алып, елге тыныштық, молшылық тілеу, ал осы мерекені атап өтудегі әдет – ғұрыптарындағы ерекшеліктер, олардың дәстүрлі шаруашылығымен, наным – сенімдер жүйесімен тығыз байланысты. «Қазақ» газетінің Наурыз туралы жазбаларын негізге алсақ, ХХ ғасырдың бас кезінде Наурыз мерекесінің бұрынғы кезеңге қарағанда бәсең тойланғандығын аңғаруға болады. Бұл мәліметтер ХХ ғасырдың бас кезінде қазақтың дәстүрлі шаруашылығындағы бетбұрыстар және отаршылдықтың қазақ қоғамына дендеп енуі, ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың бас кезінде жұттың жиі болуы Наурызнама жасауға да әсер еткенін байқатады. Наурыз мұсылман халықтарының тұрмысында ислам бұрын байырғы зороастризммен бірге сіңген, тамырын тереңнен тартқан бұл мереке халықтың салт-санасына берік орныққан. Сондықтан да, қазақ халқы басынан қанша жаугершілік, ашаршылық жылдары өткерсе де, наурызды ұрпақтан-ұрпаққа сақтап жеткізген. 1926 жылы кеңістік билік наурыз тойлауға ресми тиым салса да, көнекөз қарияларымыз наурызда қауышу дәстүрінен ажырамады. Бұл күнде қайта жаңғырған Наурыз тойы бұл мерекенің өміршеңдігін дәлелдейді.

Әдебиет:

  1. Бабур – наме. Записки Бабура. Перевод М. Салье. 2 – ое издание, доработанное. – Ташкент: Главная редакция энциклопедий, 1993. – 463 с.
  2. Наурыз в Самарканде // Туркестанские ведомости. 1897. №14. 20 февраля. – С. 60 – 61.
  3. Диваев Ә. Тарту (Құрастырған, алғы сөзін және түсініктемелерін жазған Флора Оразаева). – Алматы: Ана тілі, 1992. 256 б.
  4. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Наурыз // Мына жинақта: Наурызнама. Аталы ойлар. – Алматы: Жалын, 1993. – 112 б.
  5. Наурыз // Қазақ газеті, 1913. – №5. 9 наурыз.
  6. Ысқақов М. Халық календары. – Алматы: Қазақ мемлекет баспасы, 1963. – 210 б.
Основные термины (генерируются автоматически): бас, мена, Орт, парс.


Задать вопрос