Жыраулар поэзиясындағы сопылық сарындар | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 30 ноября, печатный экземпляр отправим 4 декабря.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Куандык, Б. Н. Жыраулар поэзиясындағы сопылық сарындар / Б. Н. Куандык. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2018. — № 16.1 (202.1). — С. 34-37. — URL: https://moluch.ru/archive/202/49783/ (дата обращения: 16.11.2024).



Қазақ ақын-жыраулары мұрасындағы діни таным іздері Орта Азияда қалыптанған, Түркістан жұрты тұтынып келген Ислам мектебінің негізінде көрініс тапқан. Қожа Ахмет Ясауи ілімімен астасып жатқан сопылық таным – халық шығармашылығының көзі болып саналатын жыраулық дәстүр арқылы кең тарады десек қателеспейміз. «Диуани хикметті» жыр жолымен жеткізген әулие шайырдың жолы Қазақ хандығы құрылғаннан бергі дәуірлерде де жыраулық сарында көрініс тапты.

Сопылық танымның мәні мен маңызы жайлы М.Мырзахметов: «Сопылық ағымның ең басты да өзекті мәселесі – хақиқатқа жету. Міне осы хақиқатқа жету жолында адам рухы жағынан тазарып, іштей пәктенгенде ғана адам камили инсани (толық адам) қалпына қол жеткізе алмақ. Осы себепті де бүгінгі күнде осы мәселе тұрғысынан қарағанда қалыптасқан ортақ таным тарих оқулығында: «Сопылық ілімде камили инсан (Абайда толық адам) рухани қалыпқа түсіру, кәмалатқа жеткізу жолындағы дүниетаным ең басты мәселе ретінде қаралады» дейді [1, 3].

Сопылықтың жыраулар танымында терең орын алуына не себеп болды? Мұның бастауында қандай діни, социо-мәдени құбылыстар жатыр? деген сұраққа Серікбол Қондыбай «Есен-Қазақ» еңбегінде: «Қазақ дегеніміз – исламның суфийлік және ханифалық ағымы мен қыпшақтанып кеткен ежелгі Вара – Ұрым идеясының бір рухани арнаға тоғысуынан шыққан пенде» – дей келіп, суфизмнің қалыптасу, таралу аймағын осы аймақтағы суфизм өкілдері – әулиелер тарихымен байланыстыра былайша көрсетеді: «Осы әулиелік реалды қалыптастырушылар туралы аңыздардың ыңғайына қарап біз XIV ғасырда Түркістан аймағынан Ясауилік діни уағыздаушылардың легі Өзбек хан билеген, исламның ресми түрде мемлекеттік дін деп жарияланған тұсында Арал-Хасарлы аймағында қаптап келе бастағанын байқаймыз. Яғни, егер XIV ғасырдың басында Ясауилік-сопылық, ханифалық діннің басты ордасы Қаратау-Нұратау аймағы ғана болса, XIV ғасырдың ортасында осы орталықтың ықпалымен тағы бір Яссауилік реал Батыс Қазақстанда пайда болды», дейді[2, 31-33].

Жыраулар мұрасындағы сопылық сарынды айқындау үшін жыр мәтініндегі категориялардың мәнін терең талдай алу маңызды. Кеңестік кезеңде ескіліктің, діни қараңғылықтың көзі ретінде танылып келген жыраулардың шығармашылығына қажетті межеде ғылыми талдау жасалмады. Жыраулар поэтикасындағы басты концепті «шынайы адам концептісі» – жыраулар дүниетанымының негізгі концептілік құндылығы болып табылады және де жыр мәтіндеріндегі кейбір тілдік категориялардың семантикалық аясында айқындалды. Солардың ең негізгілері – сопы, иман, пір, мүрид, уағыз, зікір, пікір, шүкір, тоба, тақуа, нұр,жүрек, нәпсі, шайтан т.б. сөздері. Аталған сөздердің мағыналық өрісі жырды шығарушының (автор) және жырды тыңдаушының (қабылдаушы) белгілі бір дүниетаным деңгейіндегі ортақ білімдік аясын танытады. Сопылық ілімнің басты атрибуттарынан саналатын пір, мүрид, уағыз, зікір, сопы, нұр сөздерін түсініп қолдану осы ілімнен толық хабардар болуды қажет етеді. Жалпы түркі тектес халықтардың, соның ішінде қазақ халқының да, өркениетті дамуына ерекше үлес қосқан сопылық ілім өкілдері [3, 108].

Суфи (сопы) сөзінің этимологиясы зерттеушілер тарапынан түрліше таратылып жүр. Соның ішінде ең негізгілерін алсақ, біріншіден, суфи – арабтың «жүннен тігілген киім» мағынасындағы сөзі. Ол сопыларды өзгелерден ажыратып ерекше тақуалық сипатын білдіретін киім түрі болған. Екіншіден, «жаны таза, адал адамдарды» суфи атаған. Үшіншіден, гректің «ақыл» мағынасындағы «суффи» сөзімен төркіндес делінеді. Төртіншіден, арабтың «саф» таза мәніндегі сөзінен өрбіген. «Ислам» энциклопедиялық сөздігінде суфи (сопы) атауына дарвш (дәруіш), факир (пақыр) сөзін мағыналас етіп көрсетеді [4, 56].

Жыраулар мұрасында көптеп кездесетін сопылық ұғымдардың бірі зікір. Зікір құлшылығы сопылық тариқаттардың барлығына да тән. Сопылықты ұстанған ғұламалар ІХ ғасырдан бастап сопылықтың негізгі ұғымын, рухани қағидасы мен зікір құлшылығын Құран мен сүннет шеңберінде негіздеп еңбектер қалдырған. Бұларды сопылықтың классикалық мәтіндері дейді. Харис әл-Мухасибидің «әр-Риаииа ли-Хукуһиллаһы», Сәхл Әт-Тустаридің «әр-Рисәла филь-Хикәм уәт-Тасаууфы», Әбул-Хусейн ән-Нуридің «Мақалатул-Қулубы», Хаким әт-Тирмизидің «Хатмул-Аулииасы», Әбу Насыр ас-Саррадждың «әл-Лумасы», Әбу Талиб әл-Маккидің «Қут әл-Қулубы», Абдулкарим әл-Кушайридің «Рисаласы» зікір түрлерін шариғат шеңберінде бекітті. Бағдат, Нишапур, Хорасанда алғаш сопылық мектептер пайда болды. Уақыт өте келе түрлі тариқатқа айналып, оның негізін қалаушы шайқылардың атымен аталды. Бұлар ХІІ ғасырдан бастап жүйелі діни қауымдастық болып қалыптасты. Абдулқадир Жәйланидің қадария тариқаты, Ахмет әр-Рифаидің рифаия тариқаты, Хасан Шиштияның шиштия тариқаты, Әбул Хасан әш-Шазилидің шазилия тариқаты, Ахмет Яссауидің яссауииа тариқаты, Хажы Бекташ Уәлидің бекташия, Ходжа Абдал Халиқ Гидждвуанидің ходжагания тариқатынан Бахауаддин Нақшбандидің нақшбандия тариқаты пайда болды. Тариқаттың бәрі өмір сүрген кезеңнің шартына сай сопылық ілімді халықтың тұрмыс тіршілігіне бейімдеді. Яссауи ілімінен үлес алған түркі тайпалары оны Пир-и Түркистани деп атады. Жоғарыда аталған тариқаттың бәріне жария зікірі тән болатын. Дегенмен XIV ғасырда нақшбандия мектебінде құпия зікір кең тарады. Осыдан соң сопылық тариқатты классификация жасағанда салатын зікіріне қарай жәһри (жария) немесе хафи (құпия) тариқат деп атау дәстүрі енді. Орта Азияда зікірдің екі түрі қатар айтылған. Яссауи жолын қош көрген көшпелі жұртқа жария зікір қолайлы көрінді. Наманған мен Ташкентте зікірдің жариясы мен құпиясы қатар айтылды. ХV ғасырда өмір сүрген Мұхаммед Парса сынды нақшбанди ғұламасы зікірдің екі түрін де шариғат талабына сай негіздеді.

Сопылар зікірді көп айтуға Құрандағы «Әй, иман келтірген момындар, Алланы өте көп зікір етіңдер. Сахарда және намазшамда Оны мадақтаңдар» деген аятты негіз етті [Құран, 33/41]. Бұл ғибадат түрі Ясауи хикметінде:

«Фа-азкуруллаһу касиран...»* деген Алла,

Зікір айтып зар илеумен жүрдім ғой мен.

Шын ғашықтар Жар жамалын көрер онда,

Ғашық жолға жан-тәніммен кірдім ғой мен.

Хикметтегі осы үлгіні Ізбас Есімұлы былайша дамытады:

Бұйрығын Хақтың шет етсең,

Шықпассың зарар-зияннан.

Намазыңды оқы «қазір» деп,

Аудармай табан қиямнан.

Ислам діні шыны асыл,

Жаппар Хақ қабыл, құп алған.

Мағына тапсаң жарасар

Шығарып әуез зыбаннан:

«Зікіруллаһә Зикрән

Кәсирән» – деген Құраннан.

Мұнымды жалған дей алмас,

Құдайдан қорқып ұялған.

Сопы шайырлардың еңбектерінде талай ойшылды таң қалдырған теңеулер мен аллегориялар көптеп кездеседі. Мистикалық жолдың ішкі тазалыққа негізделген рухани хәлдерін сопылар символдық жолмен шебер жеткізе білген. Сопылық шығармадағы символдық яғни шартты түрде берілетін атаулар көп: мей, мейхана, шараб, маст, шам, пәруана, гүл, бұлбұл, пирмұған, мәжнүн, ләйлі, сахи, жәми жәиш, ешқ, машұқ және т.б.

Мысалы, Қожа Ахмет Ясауи:

Уахдат хами ачилди майханаға кирдим ман,

Бир жам ичиб шул майдин маст, хайран булдим ман.

Ушул майниң мазаси ич-бағримни қан қылды,

Бағир қанын ақизуб жанан сари бардым ман [5, 211].

Сүлеймен Бақырғани:

Иман шамин йандир сан, рухинг суға қандир сан,

Мунглуғ зарин алғил сан, сахар уахти булғанда [6, 14].

Софы Аллайар:

Ушал шаханшахи ке шам диндур,

Аниң пәруәнаси рухуләминдур.

Диди мағбуд аниң атин Мухаммад,

Мақаматиға хәргез етмади хад [7, 7].

Шығыс шайырларынан қуат алған Шәкәрім қажы да:

Сорлы бұлбұл Жарға асық боп,

Нұрлы гүлге айтты зар.

Көбелек те Шамды алам деп,

Отқа түсті боп құмар, – дейді. Бұл жердегі Жар, бұлбұл, көбелек пен шам атаулары сопының ғашық хәлін білдіретін категориялар ретінде ауыспалы мағынада қолданылып тұр. Сонау Ясауи, Бақырғани еңбектерінде көрініс тапқан сопылардың символдық тілі кейінгі қазақ ақын-жырауларының діни-дидактикалық мұраларында да қайталанып келеді.

Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінде жүрек соқырлығын қатты сынайды. Құранда Алла Тағала мал-байлық пен бала-шағадан қайыр болмайтын қиямет күні таза жүрекпен келген құлдарына қайыр бар дейді. Ясауи ілімі бойынша Хақтың назарына ілігудің басты шарты жүрек тазалығы. Яғни жүректерді көркейту Хал ілімінің негізгі ұстанымы болып табылады. Ясауи бабамыз:

Көз жасың – май, қалің – білте, хәлің – шырақ,

Ғибрат алмас тас жүректер көзін шылап.

Жол үстінде топырақ болғын өзің, шырақ,

Жан-жүрекпен Хай зікірін айтың, достар, дейді. Осы ілімнің желісінде тағылым көрген Ұзақбай жырау:

Нешелер шайхы, пір де өткен,

Кереметін көрсеткен,

Туына жұртын түнеткен,

«Алла» деген тілекпен,

Зікірін айтып, ерте-кеш

Ашылған көзі жүректен.

Жүрек жыраулардың поэтикалық тілінде көкірек, қалыб, көңіл, көңіл айнасы сөздерімен де беріледі.

Имандылықтың шарты – рухани пәктік, жүректің тазалығы болса (қазақта ақ жүрек, аузын ашса жүрегі көрінеді, жүрегі таза тіркестері бар) оны кірлететін имандылықтың дұшпандары ретінде шайтан, нәпсі, пітнә ұғымдары көрсетіледі.

Жырауларда:

Көңілді беріп хаққа, нәпсіңді тый,

Таста да харам нәпсі адалдан жый.

Пәк тұтып киіміңді тазадан ки

Алланың ақ бұйрығы келген күні

Еркіңмен мойныңды ұсын, жаныңды қи.

Нәпсі арабтың нафс – «көңіл, ниет, адамның ішкі дүниесі, ой дүниесі, тілегі, арманы, құмарлығы» мағынасындағы сөзінен шыққан. Құранда нәпсінің бірнеше сатылары баяндалған. Сөздік мағынасында Құранда кейде адам сөзінің синонимі ретінде қолданылса, кейде адам бойындағы құмарлық қасиеттері мен ақиқаттан жолдан тайдырушы қалауларын сипаттаған. Бұйырушы (әммара), орныққан (мутмаиннә), разылық тапқан (разия) сынды нәпсінің сипаттамалары бар. Сопылықта адамды құмарлық қақпанына түсіріп, Құдайлық мейірімнен шет қалдырушы жауы ретінде айқындалады. Шайтан да осы нәпсіні қоздырушы күш.

Нәпсің теріс бастаса,

Бұйқыт жатқан шайтанды

Жолдас бол деп қозғайсың. (Ақтан)

Мұсылман дініндегі шайтанның образы жыраулар поэзиясында жан-жақты ашылып берілген.

Бұрыннан шайтан – зор дұспан

Атамызға бидай жегізіп,

Бидайды тәтті дегізіп,

Адам ата, Хауа ана

Алла алдында оларды

Қалдырған екен ұятқа-ай (Қашаған)

Ақылы бар жігіттер

Шайтанның сақтан құлқынан (Аралбай)

Кең пазылды құдайым

Нәпсіні беріп шайтанға

Жұмақтан шыққан қуылып (Өмір Қараұлы)

Қорыта айтқанда, Ясауи ілімімен байланысты сопылық таным іздері поэтикалық һәм діни-дидактикалық қырынан қазақ ақын-жырауларының еңбектерінде молынан кездеседі. Діннің аксиологиялық қабатынан шығатын мұндай мұралар дәстүрлі діни танымның реконструкциясын қайта қалыптастыруда жол көрсетер бағдар қызметін атқара алады. Жыраулар поэтикасындағы сопылық сарын – мыңжылдық тарихы бар діни танымның үзілмей жеткен жемісі іспеттес.

Әдебиеттер:

  1. Мырзахметұлы М. Түркістанда туған ойлар, Алматы: Санат, 1998. – 368 б.
  2. С.Қондыбай. Есен-Қазақ, Алматы: Үшқиян, 2002. -349 б.
  3. Б.Нұрдәулетова. Жыраулар поэтикасындағы дүниенің концептуалдық бейнесі, Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация, Алматы, 2008.
  4. Ислам. Энциклопедический словарь. –Москва: Наука, 1991. -315 б
  5. Хазірет Сұлтан Ахмет Иасауи. Хикмет. Алматы: Жалын, 2002. –272б.
  6. Боқирғон китоби. Тошкент: Езувчи, 1991. –80с.
  7. Софы Аллайар. Сәбәтул әжизин. Алматы: Арыс, 2002. –184б.
Основные термины (генерируются автоматически): Ахмета, мена, оса, алматы, бар, Хасан.


Задать вопрос