Ғылыми селекцияның дамуында Ч. Дарвиннің ілімі шешуші маңызға ие болды. Ол өсімдік сорттары мен жануар тұқымдарын шығару жөніндегі еңбегінде диханшылар мен малшылардың алғы тәжірибелерін жинақтап қорытындылады, сондай-ақ селекция нәтижелерін өнер сияқты бағалады. Дарвиннің органикалық әлем эволюциясы туралы ілімі селекцияға алғашқы ғылыми қор, оның бірінші негізі болды. Селекция туралы ғылымның баршасы эволюциялық іліммен негізделді. «Селекцияның мәні, ‒ өсімдіктер мен жануарлардың қалыптасуына адамның араласуы» деген Н.И. Вавилов [1].
Өсімдік селекциясының теориясы мен тәжірибесіне Н.В. Мичурин еңбектерінің үлесі зор болды. Ол 1874-1875 жылдары жеміс ағаштарының селекциясымен айналысты және жаңа, толығымен өзіндік бірқатар әдістерді қолдана, селекцияға алшақ будандастыру мәселелерін ұсынумен көптеген сорттар шығарды. И.В. Мичурин селекционерлердің арасында алғашқы болып формалар мен сорттардың қажетті белгілері мен қасиеттерін адамның саналы түрде басқара алу мүмкіндігі туралы қағида ұсынды. Ол теорияны негіздеді және жеміс-жидекті өсімдіктердің көптеген сорттарын шығарумен, оның дұрыстығын тәжірибемен дәлелдеді.
Селекцияның теориясы мен тәжірибесі үшін И.В. Мичуриннің өсімдіктердің географиялық алшақ формаларын будандастыру жөніндегі жұмыстары ерекше маңызды болды. Ол көпжылдық өсімдіктер онтогенезінде белгілер мен қасиеттер түзу процесіндегі басымдылық құбылысын басқару туралы ілім дайындады, сондай-ақ өсімдіктерді жерсіндіру тәсілдерін ұзақ уақыт зерттей келе, оның тек будандастыру және әрі қарайғы сұрыптаумен ғана мүмкін екендігі туралы өте маңызды қорытынды жасады. «...Тек будандастыру қолданумен соңғы кезде бірқатар шетелдік өсімдік түрлерінің жерсінуге қатаң қарсыласуын түпкілікті жеңе алдым», ‒ деді ол [2].
Осы кездері АҚШ-та (Санта-Роза, Калифорния) америкалық танымал селекционер Л. Бербанк селекциялық тәжірибелерін жүргізе бастады. Оның жұмыстарындағы басты әдістер будандастыру мен сұрыптаулар болатын. Бербанк әр қомбинация бойынша екпе шыбықтарды көптеп өсіре, оларға өте қатаң сұрыптау жүргізді. Оның шағылыстыру жүргізудегі тамаша өнері мен өте үлкен дәрежеге жеткізілген сұрыптауы мәдени дақылдардан сан алуан түрлі керемет сорттар жасауға ықпал етті. Тіпті олардың кейбірі бұрын жаратылыста мүлдем кездеспеген формаларға жататын. Мысалы, сүйексіз қараөрік, алып жаңғақ ағаштары, сарыөрік пен қараөрік будандары, қожақаттың тікенексіз сорттары, жемістері ағаш бұтақтарында тұрып кебетін қараөрік формалары және т.б. [3].
1886 жылы Швецияда өзінің нәтижелі жұмыстарымен тәжірибелік және ғылыми селекцияның дамуына біршама үлес қосқан Свалёф селекциялық стансасы құрылды. Онда өздігінен тозаңданатындар селекциясында жекелей сұрыптау әдісі үлкен ауқымда қолданылды және бұл әдістің теориясын біршама кейін В.Иоганнсен негіздеді [4]. Свалёфте жекелей сұрыптау негізінде шведтік сұлының белгілі сорттары және тағы басқа да дақылдардың аса құнды сорттары шығарылды. Қазіргі кезеңде бұл селекциялық станса Еуропадағы ең танымал селекциялық мекемелердің бірі.
Селекцияның ғылым ретіндегі элементтері XVIII ғасыр мен XIX ғасыр ортасындағы бірқатар ғалымдардың – Кельрейтер, Найт, Гертнер, Ноден, Мендель, Римпау және бәрінен де бұрын, Дарвиннің еңбектерінде кездесетін. Бірақ селекция толығымен ғылыми пән ретінде XX ғасырдың басында ғана қалыптасты. Осы кездері алғашқы селекциялық мекемелер де құрылды, селекцияны жоғарғы мектептерде оқыту енгізілді, оқулықтар, оқу құралдары, арнайы журналдар пайда бола бастады. Бірақ қазіргі заманауи селекцияда да өнер элементтерінің маңызды рөлі өз жалғасын табуда. Селекционер-тәжірибешілер селекция процесі теориясын көптеген жаңалықтар ашумен молайтуда. Жаңа теориялық деректер негізінде сорттар жасау әдістері жетілдірілуде. Селекцияда осылай, кез келген басқа ғылымдардағыдай, теория мен тәжірибе байланысы арта түсуде.
Біздің елімізде де селекциялық жұмыстар өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастау алып, бірнеше кезеңдерді қамтыды. Алғашқы кезеңде ертеден тағамдық, малазықтық және техникалық мақсатта егілетін жергілікті сорт-популяциялар жаппай сұрыптаумен тазартылып, қалпына келтірілді. Кейін осындай жергілікті бидай сорт-популяциясынан, оның Каскеленская және Красная звезда сорттары, күріштің Қазақы-салы сорт-популяциясынан ‒ оның Первомайский 152 сорты және т.б. да жергілікті дақылдар популяцияларынан көптеген сорттар шығарылды [5].
Екінші кезең ‒ синтездік селекция, 50-жылдары басталып, басында сорттар шығарудың әдісі ретінде жеке сұрыптаулар немесе таза тізбектер алу қолға алынса, кейіннен будандастыру және эксперименттік мутазенез сияқты әдістер қолданыла бастады. Бұрынғы Бүкілодақтық, қазіргі Бүкілресейлік өсімдік шаруашылығы институтындағы (БӨШИ) мәдени дақылдардың дүниежүзілік коллекциясын селекция үшін пайдалану кең етек алды. Айқас тозаңданатын дақылдардағы гетерозис құбылысын пайдаланумен жоғарыөнімді гетерозистік будандар алу қолданысқа енді. Нәтижесінде синтездік селекция өз жемісін бере бастады. Осы кезеңде егістік дақылдардың ерекше құнды сорттары мен будандары алынды, олардың кейбіреулері, мысалы, күздік жұмсақ бидайдың Безостая 1, Мироновская 808, күздік қарабидай ‒ Саратовская крупнозерная, жаздық жұмсақ бидай ‒ Саратовская 29, қарақұмық ‒ Богатырь, күріш – Кубань 3, асбұршақ ‒ Рамонский 77, күнбағыс ‒ Армавирец, мақсары – Милютинский 114, картоп – Приекульский ранний, қант қызылшасы ‒ Ялтушковская односемянная, аққауданды қырыққабат – Багирская және Бирючекутская 138, қиярдың Нежинский местный сияқты сорттары әлі күнге дейін өздерінің өндірістік мәнін жойған жоқ.
Қазіргі еліміздің дербес мемлекет кезінде егістік дақылдар бойынша шығарған көптеген отандық селекция сорттарының алыс-жақын шетелдер сорттарын ығыстырып пайдалануға рұқсат етілуі, ұлан-байтақ территорияда орналасқан 200-ден аса селекциялық бөлімшелердің қарқынды және жүйелі түрде жүргізіп жатқан, дұрыс жолға қойылған селекциялық жұмыстарының нәтижесі.Топырақ-климаттық жағдайы алуан түрлі өңірлерге арналған сорттар мен будандарды шығаруға елімізде құрылған ғылыми-өндірістік орталықтар (ҒӨО) мен олардың филиалдары, түрлі аймақтардағы ғылыми-зерттеу институттары, селекциялық стансалары мен ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орындары және т.б. жұмылдырылған.
Алғыс білдіру
Ғылыми-зерттеу жұмысы «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты жанындағы Агробиотехнологиялық ғылыми-зерттеу лабораториясының «Көбею биотехнологиясы» университетішілік жобасы шеңберінде орындалып, университет құрылтайшысының қаржыландыруымен жарық көрді.
Әдебиет:
- Вавилов Н.И. Избранные сочинения. – М.: Колос, 1966. – 562 с.
- Мичурин И.В. Сочинения. – М., Сельхозиздат. 1948, Т.1 – 792 с.
- Гуляев Г.В., Гужов Ю.Л. Селекция и семеноводство полевых культур. – М.: Агропромиздат, 1987. – 447 с.
- Иоганнсенн В. Л. О наследовании в популяциях и чистых линиях // Под общей редакцией академика Н.И.Вавилова ОГИЗ-Сельхозгиз. – Москва, Ленинград, 1935.
- Жанзақов М.М. Егістік дақылдар селекциясы. – Астана: Фолиант, 2015. – 416 б.