Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» [1] атты бағдарламалық мақаласында сананы жаңғыртудың екінші бағыты ретінде прагматизмге ерекше мән береді: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді».
Заманауи философияның маңызды қырлары ретінде прагматизмның қалыптасқан кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі теориялық өзгерістері саналады. Алғашында қалыптасқан тұжырымдар мен бүгінгі көзқарастар арасында біршама өзгерістер орын алғандығын байқау қиын емес [2]. Зерттеу жұмысында прагматизмның қалыптасуына негізгі үлес қосқан Ч. Пирс көзқарастарына ерекше мән бергенді жөн көріп отырмыз.
Ч. Пирс өзі классикалық прагматизм деп атап көрсеткен ұғым объективтілік үлгісін қамтамасыз етуге бағытталған және біздің нанымдарымыздың пайдалылығын тексеруді көздейді. Фәлсафашы ойларын бекіту үшін дәлме-дәл және тиімді әдістерді дәйектеуге тырысты. Оның пікірінше, ортақ күдікті сейілтуге ғылым әдісі әсер етеді. Ғылым әдісі зерттеудің дұрыс және бұрыс жолдарын ажыратады; ол «ішкі тұрақты фактор ретінде қызмет атқарады», «қолданушылар арасында жалпыға бірдей шешім қабылдауға әкеледі» [3].
Оның пікірінше, біздің нанымымыз жүзеге асыра алатын барлық ықпалды сыннан өткізуі тиіс. Сондықтан адамзат қауымдастығы тәжірибелік әрекеттер нәтижелеріне назар аударуы қажет. Демек, баршамыз нанымдардың орындалуын қамтамасыз етуде шынайы өмірдің шарттарына мән беру немесе ғылыми бақылау және тәжірибе арқылы ахуалды сәтті болжап, тиімді тексеру жұмыстарын жүргізе аламыз. Нанымдарды тиянақты қатынастар тәсілімен бекіту арқылы ғылыми қауымдастық оның талас тудырмайтын мүмкіндіктерін көрсетеді.
Осы негіздерге сәйкес Ч. Пирс прагматизмды шынайы дүниеден жинақы теориялар арқылы дәйектелетін когнитивтік құралдар (идеялар, теориялар, әдістер, рәсімдер) мәртебесін бағалау үлгісін көрсетті. Сәйкесінше прагматизм өзінің қалыптасу кезеңінде ең алдымен эмпирикалық білімді рационалды негіздеу туралы әдістер ілімі ретінде ұсынылды. Прагматизмның негізгі идеясы терминнің мәнін құрастыру арқылы оны күнделікті тәжірибеде қолданылуын көрсету болып табылады.
Ч. Пирс бойынша прагматизм қағидалардан бас тартпайды; керісінше, оның міндеті дәлелдеу тәжірибесіне негізделген сенімді жолды қамтамасыз ету, қағидаларды тәжірибелік қолданыстар бойынша тиімділігін нығайтуды көздейді. Қағидалардың қолданыстағы ерекше нәтижелерінің көрсеткіштері прагматизмның идеясын айқындайды. Теория тәжірибелік табысты қамтамасыз еткен мүмкіндіктеріне қарай дәлелденген болып есептеледі [4].
Ойшыл өз философиясының негізгі міндеті ретінде шынайы өмірге қатысы жоқ идеялардан арылуды санайды. Адам өмірімен тікелей байланысты философиялық мәселелер ғана маңызды болып табылады. Сондықтан бұл мәселелер адам әрекеті мен оның табыстылығы ұғымдарында қарастырылуы қажет.
Сонымен қатар, прагматизмның негізін Ч. Пирстың «күмән-сенім» тұжырымдамасы қалайды. Тұжырымдамаға сәйкес адамға екі жағдай тән: күмәндану жағдайы және сенім жағдайы. Айта кету қажет, сенім түсінігін ойшыл көзі жетушілік құбылысымен байланыстырады.
Бірінші жағдайда адам алаңдау, мазасыздық, қолайсыздық күйін кешеді. Бұл жағдайда адам өз-өзіне, айналадағы ахуалға риза емес күйде болып, мәселеден шығу әрекетімен айналысады. Мұндай ахуал оның атына келген сындардан, сәтсіздіктерден, табиғи қажеттіліктерге қанағаттанбаудан туындауы мүмкін. Аталмыш жағдайдан шығу үшін адам әрекет етуі керек. Әрекет еткенге дейінгі шешім ізденісі таным болып табылады. Демек, адамның ойлау қабілеті тиімді шешімдер қабылдау ізденісіндегі қажет іс, әрекет. Сондықтан ғылымның негізгі міндеті адамзат мәселелерін шешу болып табылады.
Ойшыл білім объективті ақиқатқа әкеледі деген тұжырымдаманы теріске шығарады. Прагматизмның негізін қалаушы танымдық қызметті таным субъектісіне зияткерлік жайлылық қалыптастыратын әрекет ретінде қарастырады. Сондықтан Ч. Пирс ақиқатты адам сенімі екендігін дәйектейді.
Адам өз мүддесіне қажетті шешім қабылдағанда күмән сейіліп, сенім, көзі жетушілік жағдайы қалыптасады. Салмақты тұжырым пайда болған соң адамның өзіне деген сенімі қалыптасып, әрекет етуге даяр болады, қажетті шешімдер жүзеге асырылады. Жеке адамның сенімділік тұрақтылығы өзгелердің қолдауымен беки түседі. Адам сенімділігін арттырудың мұндай тәсілін ойшыл бедел әдісі деп атап көрсетті. Сонымен қатар, Ч. Пирс адамзат білімінің табиғатын қарастыру барысында таңбалық белгілер жүйесі туралы ғылым семиотиканың негізін қалайды. Семантиканы дамыту арқылы мағыналылық, мән туралы ілімді қалыптастыруды басшылыққа алады.
Алғыс білдіру
Ғылыми-зерттеу жұмысы «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты жанындағы Әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулер ғылыми-зерттеу орталығының «Сананы жаңғырту бағыттарының мәні, мазмұны және түсініктері» университетішілік жобасы шеңберінде орындалып, университет құрылтайшысының қаржыландыруымен жарық көрді.
Әдебиет:
- Назарбаев Н.Ә. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру // Егемен Қазақстан. – 2017. – 12 сәуір.
- Паридинова Б.Ж. Прагматизмның негізгі идеялары: Ч. Пирс, У. Джеймс және Дж. Дьюи көзқарастары // Адам әлемі. – 2017. – №2 (72). – 36-46 бб.
- Пирс Ч. Закрепление верования // Вопросы философии. – 1996. – №12. – С. 113-114.
- Медведев Н. Метаморфоза прагматизма // Вестник ТГУ. – 2008. – №3 (59). – С. 16-17.