Өсімдіктер мен жануарлардың және егіншілік тіршілігіндегі ең маңызды роль атқаратын факторлардың бірі және еліміздегі баға жетпес табиғи байлығымыз тұщы су қоры. Оны суармалы егіншілікте тиімді, үнемді пайдалану жолдарын қарастыру қазіргі маңызды шаралардың бірі. Өркениетті елдердің бәрінде судың құны баға қалыптастырушы элементтердің бастысы болып келе жатыр. Кез-келген тауарды өндіруге кеткен судың құны алдымен есепке алынады. Қазіргі нарықтық құрылымда өнімді өндіруге кеткен шығынды азайту, өндірілетін өнімнен белгілі бір мөлшерде пайда келтіру негізгі мақсат болып табылады. Судың қадірін білу, үнемдеу, тиімді пайдалану әдістерін қолдану бүгінгі күннің өзекті проблемасы.
Қызылорда облысының егіншілігі суармалы егістік, оның ішінде негізгі егіншілік, инженерлік жүйеге келтірген, қалыптасқан күріш ауыспалы егістігі. Бұл жүйеде, суды бірнеше есе көп қажет ететін дақыл – күріш. Жыл сайын ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруға 4,1 млрд. шаршы метр суармалы су лимиті бөлінеді. Сондықтанда, күріш ауыспалы егістігінде суды аз қажет ететін дақылдармен ауыстыру жолдарын қарастыру Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарының негізгі ізденіс бағыттарының бірі болып отыр [1].
Қазіргі кезде, күріш ауыспалы егістігінде суды үнемдеудің тиімді технологиясын өндіріске енгізу кең көлемде қолға алынуда. Яғни, күріш ауыспалы егістігінде егілетін дақылдарды, соның ішінде жүгеріні тамшылатып суғару және егістік жерлерді жаңа технология бойынша тегістеу негізінде ауылшаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру жұмыстарын жүргізу керек [2].
Қолдағы барды бағалап, суды үнеммен қажетке жарата алсақ отандық аграрлық секторды жаңа деңгейге шығаруға болатындығын жүргізілген зерттеулердің нәтижесі көрсетуде [1]. Өкінішке қарай бізде су мен жерді игерудегі стандартымыз басқа. Ал осы саладағы кемшіліктерді толық жоймайынша еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес.
Елімізде бір гектар алқапқа жұмсалатын су мөлшері қалыпты деңгейден артық. Суды пайдалану коэффициенті өте төмен. Айталық, республика бойынша су пайдалану коэффициенті 0,72 текше метрді құрайды. Қызылорда облысында су пайдалану коэффициенті 0,6 текше метрді шамалайды. Сондықтан бұл деңгейді көтеру қазіргі заман талабы. Өркениетті елдерде 1 текше метр суға 2,5-6 кг ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі. Ал бізде оның көлемі небәрі 0,4-0,8 келіні құрайды. Бір сөзбен айтқанда, өнімді алты-жеті есеге аз жинаймыз.
Негізінен, Қызылорда облысының суармалы егістігі облыс аймағының ортасынан бойлай өтетін Сырдария өзенінен таралған, күріш ауыспалы егістігіне арнап қазылған бірнеше ірі каналдардан алады.
Суармалы егістіктерге суды пайдалану әдістері негізінен өздігінен ағып келетін суару жүйелерімен және судың деңгейі төмен жерлерде суды көтеретін механикалық қондырғылар көмегімен жүзеге асырылады.
Өздігінен ағып келетін суару жүйелері - су алу құрылыстары суармалы егістік жерлерге суды каналдармен өз ағысымен жеткізуге мүмкіндік беретін, қарапайым құрылымдық пайдалану әдісі болып саналады. Әдетте бұндай суару әдістері жердің құрылымдық тегістігіне қарай реттегіш құрылғылар жасалынып, пайдаланылады. Егер су көздеріндегі судың деңгейі суармалы егістік жерден жоғары тұрса бөгетсіз, немесе бөгетті су aлy құрылыстары салынады.
Суды ашып-жауып реттеп отыратын бөгеттегі су алу құрылыстары егістікті суару үшін өзеннің арнасы тұрақты, жағасы мен табаны ауыр топырақтардан түзілген жерлерде тұрғызылады.
Механикалық суару жүйелерінде - су сорап станциялары арқылы алынып, каналдарға немесе тікелей суару техникаларына, егіншілік алқаптарына беріледі. Мұндай әдіс суармалы жер деңгейі су көздеріндегі судың деңгейінен едәуір жоғары болғанда, сондай-ақ суару техникасы жоғары су қысымымен жұмыс істейтін жағдайда қолданылады.
Суармалы егістік су көздерінен анағұрлым жоғары жатса, немесе жер беті қыртыстары өте күрделі болса, онда қысыммен жұмыс істейтін суару техникалары пайдаланылады, яғни, механикалық құрылғылармен су aлy әдісі қолданылады. Бұл әдіспен суды суарылатын жердің ең жоғарғы нүктесінен ағызуға болады.
Шахталы және құбырлы құдықтар арқылы жерасты суларын алатын сорап қондырғысы көмегімен жүзеге асырылады. Олар тік орнатылған құрылғылар болғандықтан, суды сорап қондырғысы көмегімен шығарып, жазық орналасқан құбырлар арқылы өздігімен ағызып отырады.
Суармалы егіншілікте суды үнемді пайдалану деңгейі мен топырақтың мелиоративтік режимдерінің өзгеру шамасы, суаруды қандай тәсілмен жүргізуіне байланысты.
Ағын суды өсімдіктердің агробиологиялық ерекшеліктерін, топырақ қасиеттерін және басқа табиғи жағдайларды ескере отырып, топырақтың тамырлар орналасқан қабатына жеткізіп сіңіру әдістері суару тәсілі - деп аталады.
Негізінен, суару тәсілі кез келген суармалы жерлер үшін тиімді бола бермейді. Сондықтанда, өсімдіктердің ерекшеліктеріне байланысты және шаруашылық жағдайларын мұқият ескере отырып, ең тиімді суару тәсілін таңдаған жөн. Онда, мына жағдайларды ерекше ескеру қажет: ауа-райы (жауын-шашын, ауа температурасы, жел) жағдайы; жер бедері және кеңістігі; жерасты ызасуларының деңгейі мен тұздылығы; топырақтың механикалық құрамы, физикалық қасиеттері және сортаңдығы; дақыл түрі мен сорты, ауыспалы егістіктің түрі, топырақ өңдеу тәсілі мен тереңдігі, тұқым себу тәсілдерінің агротехникасы; суару техникасы және сумен қамтамасыз етілу деңгейлері қарастырылуы тиіс.
Қазіргі кезде, суарудың негізгі тәсілдері – қарықтап және бастырып суару, жаңбырлатып және тамшылатып суару болып бөлінеді. Оның құрылымдық сұлбасын төмендегі суреттен көруге болады (1-сурет).
Қарықтап және бастырып суару тәсілі - бұл суды өздігінен қарықтардың әр түрлі құрылымдарымен және тартылған жолақтар арқылы беткейлеп, сондай-ақ, арнайы дайындалған атыздар ішін суға толық бастыру арқылы жүзеге асырылады [3].
Қарықтап суару егілетін ауылшаруашылық дақылдарына, топырақтың су сіңіру қасиетіне, суармалы алқаптың еңістігіне байланысты су ағып өтетін, ақпайтын шектелген арықтар арқылы орындалады. Құрылымдық байланысына қарай тереңдігі жоғары 20-30 см, немесе тереңдігі орташа 18-20 см және тереңдігі таяз 10-18 см қарықтар болуы мүмкін. Суды өткізу қасиетін қарықтар жүйектерінің жиегіндегі жоғары қопсытылған топырақтар құрылымын қалыптастырады. Қарықтармен суару арқылы топырақ біркелкі және тез ылғалданады.
Сурет 1. Суарудың негізгі тәсілдерінің сұлбасы
Қарық арқылы суару - ағынды жүйекітеп суарудың бір түрі болып есептелінеді. Оның негізгі мәнісі, егістік жердің бетінің деңгейінің бөлінер жерінде, жүйектердің ара қашықтығы бір-бірінен екі есе үлкен етіп тілінеді және олардың арасында ұзына бойлай кеңістік болады. Бұл кеңістікті егілген көкөністер өркендеп, кейіннен жапырағы жайылып, басып кететін болады.
Жолақтап суару тәсілімен жер бетінің еңістігі 0,002-0,007
шамасында болатын жерлерде кең қатарлап егілетін дақылдар – жүгері, мақта, қызылша, көкөністер суарылады. Егілген дақылдардың қатараралықтарында құрылған қарықтарды жүйеаралық қарықтар деп атайды. Бұндай қарықтарды егістегі тұқым жер бетіне өніп шықаннан соң, жүйектер айқындалғаннан кейін суару алдында қопсытқыш техникамен жүріп өңдейді. Суды арнайы дайындалған, жақсы тегістелген, көлденең еңістігі әдеуір, қосалқы жүйектер арқылы ені 3,6-20 м тақталарға жаяды. Тақталап тар қатарлап егілетін дақылдар суарылады. Сондай-ақ, осы тәсілмен күзде немесе көктемде тұқым себілмей тұрып, топырақты терең ылғалдандыру үшін суарады.
Көптеген суармалы жерлерде жолақтап суару технологиялары дұрыс қолданылмауы салдарынан әр гектарға орта есеппен 600-800 м3 орнына 1000-1 900 м3 су беріліп, оның 50% мөлшері танап сыртына және топырақтың өте терең кабатына сіңіп кетеді. Бұл жағдай топырақтың эрозияға ұшырауына және сортаңдануына әкеліп соқтырады.
Жерді бастырып суару тәсілі егістік тақтасының ішіндегі атыздарды толық бастырып суару түрін айтады. Бұл тәсілмен негізінен күріш, тары дақылдары суарылады. Тақта – арнайы дайындалған инженерлік жүйеге келтірілген, жан-жағы белдеумен қоршалған, суаратын және қашыртқысы бар тегістелген жер. Кейде тақта ауданы 20-25 га жетеді, оны карта-тақта деп атайды. Атыз белдеуінің биіктігі 45-65 см дейін, ал ені 70-85 см шамасында болады. Бұл атыз ішіндегі судың деңгейін қажетілігіне қарай реттеуге мүмкіншілік береді.
Топырақтың, климаттың, гидрогеологиялық жағдайларға сонымен қатар дақылдың өсу технологиясына сәйкес әрбір нақтылы жағдайға байланысты бастырып суарудың тиісті техникалық элементтері қабылданады. Бастырылып суару басқа суаруларға қарағанда заттар шығындарының аздығымен ерекшеленеді.
Жаңбырлатып суару тәсілі. Бұл әдісте егістік жерге суды арнайы қондырғылар көмегімен жаңбыр түрінде дақылдардың вегетациялық кезеңдерінде береді [3].
Жаңбырлатып суарудың ең басты шарты - су топыраққа қысыммен емес еркін, яғни тек сол топырақтың сіңіру қабілетіне байланысты сіңуі. Топырақтың осылайша су сіңіруін еркін инфильтрация деп атайды. Беткейлеп суарғанда (тақталап және арық арқылы) топыраққа су сіңуі негізінен қысымды инфильтрация жолымен жүзеге асады.
Жаңбырлатып суару тәсілінің сапалық көрсеткіштеріне жаңбырдың жауу жылдамдығы, тамшылардың ірілігі (диаметрі) және олардың егіс танабына біркелкі таралуы жатады. Жаңбырлатып суару тәсілі жаңбыр сапасы ерекшеліктеріне байланысты кәдімгі, импульсті және аэрозольді болып бөлінеді.
Кәдімгі жаңбырлату тәсілі суарудың ең алғашқы және ең көп тараған түрі болып есептелінеді. Кәдімгі жаңбырлатудағы жауынның жылдамдығы шамамен минутына 0,25-0,45 мм, ал тамшылар диаметрі орташа 0,8-2 mm осы көрсеткіштер жаңбырлатып суару тәсілінің негізгі сапалық көрсеткіштері - жаңбырлату технологиясының басты элементтері болып саналады.
Импульсті жаңбырлату тәсілі - жаңбырлатудың прогрессивті түрі. Су гидропневмоаккумулятор арқылы ауаға жоғары қысыммен өте тез (1-2 сек ішінде) шашылып, жерге жаңбыр түрінде түседі. 30-180 сек үзілістен кейін осы операция қайталанады. Суару кезінде осы екі кезең кезекпен қайталанып отырады және аппаратқа берілетін су мөлшері 0,04-0,3 л, жаңбыр жиілігі минутына 0,005 мм аспайды. Импульсті жаңбырлатудың басқа суару тәсілдерінен артықшылығы - дақылға қандай қолайлы микроклимат туғызса, топырақ құнарлығының жақсаруына да соншалықты пайдалы әсерін тигізеді. Бұл тәсілдің тағы бір ерекшелігі - суару жұмыстарын толық автоматтандыруға қолайлы. Импульсті жаңбырлату тәсілі өсімдіктерге физиологиялық қолайлы жағдайлар туғызады және ауа мен топырақ ылғалдылығы жоғары болуды қажет ететін дақылдарға қажет деп саналады.
Аэрозольді жаңбырлату тәсілі ағын суды арнайы қондырғы арқылы өте ұсақ тамшыларға (диаметрі 300-500 мм) айналдырып, егістікке тұман түрінде береді. Осылай жаңбырлатумен фотосинтез процесін жақсартады, демек дақыл өнімділігі артады.
Қызылорда облысы жағдайында жаңбырлатып суару тәсілін қолдана бермейді. Оның себебі, Қызылорда облысы желді аймақ, облыста желдің ұйытқу қатері 15-20 м/с дейін жетіп, кейде оданда жоғары болады. Бұл, суды шашқанда, егілген аумаққа су бір деңгейде берліп, біркелкі суаруды жүзеге асыра бермейді. Жаңбырлатып суару кезінде судың қысымы белгіленген аумаққа жететіндей жоғары болуы шарт. Міне осының салдарынан егілген жерден шыққан дақыл өнімі төмендейді және басқа суару түрлерінен қарағанда дұрыс шықпайды. Сонымен қатар, жаңбырлатып суаруға арнайы техникалық жабдықтар мен құрылғыларды қажет етеді. Оларды күтіп баптауға және бұзылған жерлерін жөндеп тұруға арнайы құрылымдық мамандар керек. Бұның бәрі қаржылай экономикалық жағынан шығын болып саналады. Осыған байланысты, Қызылорда облысының егіншілігінде негізінен жаңбырлату тәсілі қолданылмайды.
Тамшылатып суару тәсілі. Тамшылатып суару - тазартылған суды арнайы тамшылатқыш қондырғылар арқылы топырақка тамшылатып (тамшы соңынан тамшы) беріп сіңіру. Арнайы дайындалған құбырлар арқылы су қысыммен беріледі де топыраққа тамшылатқыштар арқылы түседі [1, 3].
Басқа суғару әдістеріне қарағанда тамшылатып суғару әдісі суды толық үнемдеуге мүмкіншілік береді. Жаңбырлатып және жер бетімен беткейлеп суғаруға қарағанда ылғал шығыны бірнеше есе аз, себебі жер бетінен булану және топырақ қабатынан сүзілуге кететін шығынды, яғни 40-50% орнына 4-5% дейін кемітуге болады. Бұл жер бедерінің күрделілігіне қарамастан су ағынын болдырмай, топырақ қабатында судың ұзақ уақыт және белгілі нүктеде таралуына мүмкіндік тудырады.
Кез келген басқа суару әдістеріне қарағанда ылғал мақсатты бағытта таралады және оны реттеуге мүмкіншілік беру нәтижесінде іске асырады және сыртқы ортаның әсеріне, яғни булану және желдің әсеріне қарамастан, суаруды тәуліктің 24 сағатында жүргізуге болады.
Берілетін су мөлшері аз болуына байланысты топыраққа сіңген су тек өсімдік тамырлары кең тараған қабаттарды ғана ылғалдандырады. Сондықтан, өсімдік тамырлары жоғарғы қабатта тамшылатқыштар орналасқан жерде көп болады және сол жерге берілген тыңайтқыштарды өсімдік тамырлары жақсы пайдаланады.
Топырақтың төменгі қабаты арқылы суарудағы суару жүйесі жартылай жабық және жабық болып бөлінеді. Жартылай жабық суару жүйесінде арықтар ашық, су жүретін құбырлар жер астында жабық, ал жабық түрінде - барлық су тасымалдаушы немесе таратушы құбырлар жер астында болды.
Қолданылатын құбырлардағы тамшылатқыштар саны, олардың ара қашықтығы сол жер топырағының құрамы мен суарылатын дақыл түріне байланысты.
Тамшылатып суару тәсілімен жүгеріні, жеміс-жидектерді және кең қатарлы ауыл шаруашылық дақылдарын суаруға болатындығын біздердің Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Қарауылтөбе тәжірибе шаруашылығында жүргізген ізденістеріміз көрсетті.
Жүргізілген зерттеулер топырақтың белсенді қабатының дымқылдығын, оның капиллярлық сусыйымдылық деңгейінде сақталатындығын, суарғанда топырақтың жыртылатын қабат құрамы бұзылмайдығын, топырақ бетіндегі судың булану мөлшері аз болатындығын, оның топырақтағы қоры көп уақыт бойы сақталадындығын көрсетті.
Топырақтың төменгі қабаты аркылы суару тәсілі топырақ құрамындағы заттардың капилляр түтіктер арқылы топырақтың астыңғы бөлігінен жоғарыға шығу қабілетіне негізделді. 40-60 см тереңдіктегі топырақ қабатына жіберілген су үстіңгі қабаттың капилляр түтікшелеріне дейін ылғалдандырылды.
Қарауылтөбе тәжірибе шаруашылығында жүгеріге жүргізілген зерттеулердің нәтижесі жер бетінің орналасуының күрделілігіне қарамастан, тамшылатып суғару кезеңінде топырақ эрозиясы және топырақтың шайылу жүргісі болмайтындығы байқалды. Тамшылатып суғарудың ерекшелігі егістікке берілген су көлемінің 95% дақылдар пайдалана алады. Топырақтың құнарлығын және экологиялық көзқараста тамшылатып суғару әдісі егістік жерлерде пайдалануға ынғайлы әдіс. Суғару жүйесін және суғару тәртібін дұрыс жолға қойған жағдайда арнайы кәріз құрудың қажеттілігі жоқ және өсімдіктің тамыры орналасқан қабаттан судың ағып кету байқалмайды. Тамшылатып суғарудың жүйесін пайдалану кезінде топырақтың шіру жүрісі байқалмайды, ал басқа суғару әдістерінде ол байқалады.
Әдебиет:
- Сеитова Ж.А. Қазақстандық Арал өңірінде күріш ауыспалы егістігіндегі су үнемдейтін және экологиялық қауіпсіз технологиясын ғылыми негіздеу // «Қазақстанда және шет елдерде күріш шаруашылығын дамытудың ғылыми-инновациялық негіздері»: халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. - Қызылорда, 2012. - 335-338 бб.
- Өмірзақов С.И., Тәжібаев Ә.Ә., Байманов Ж.Н. Күріш ауыспалы егістігінде жер тегістеудің маңыздылығы және оған қойылатын агротехникалық талаптар // II Международная научно-практическая конференция «Интеграция научного сообщества перед голобальными проблемами современности» в Осаке (Япония) 7-9 марта 2017 г.
- Мұстафаев Ж.С., Рябцев А.Д., Апушев А.Қ., Сағаев Ә.Ә., Қозыкеева Ә.Т., Қалманова Г.Қ. Суландыру жүйесін пайдалану. - Тараз, 2007. - 321 б.