Сорт – шаруашылық және биологиялық жағынан қасиеттері мен морфологиялық белгілері ұқсас, шығу тегі жағынан туыс, өз белгілерін тұқым қуалау арқылы келесі ұрпақтарға беретін және белгілі бір ботаникалық таксондағы өсімдіктердің басқа топтарынан ең болмағанда бір белгісі бойынша ерекшеленетін бір дақылдың өсімдіктер тобы [1]. Мәдени дақылдар сорттары белгілі бір табиғат-климаттық жағдайда өсіру үшін шығарылады және белгілі немесе соған ұқсас жағдайларға сұрыптаумен бейімделеді [2]. Негізінде жақсы сорттар генотипінің реакциясы кең нормалы болуынан бейімділігі өте жоғары және еліміздің түрлі топырақтық-климаттық аймақтарында кең көлемді егістік жерлерді алып жатады.
Сорттың бейімділігі сыртқы жағдай кешенінің күрт өзгеруіне оның биологиялық бейімделуімен, қолайлыдағыдай қолайсызда да жоғары агротехникада салыстырмалы жоғары өнім беру қабілетімен анықталады [3]. Бұрынғы КСРО кезінде дәнді дақылдар селекциясында сорттар бейімделгіштігінің классикалық үлгісі болып, астық өндірумен айналысатын одақтас республикаларда, оның қатарында біздің республикада да ‒ Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Семей және Целиноград облыстарына 1959 жылдан өндіріске енгізіліп, соңғы кездері ғана Мемтізбеден алынған, жаздық бидайдың Харьковская 46 сорты саналатын. Қазір кезде көптеген аймақтарға кеңінен таралған бейімделгіш сортқа жаздық бидайдың Саратовская 29 сортын жатқызады. Бұл сорт еліміздің егістік алқаптарына осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын, нақты 1957 жылы енгізіліп, қазірде де селекциялық жетістіктер Мемтізбесінен түспей, Ақмола, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары өндірістерінде пайдаланылуда [4]. Сорт суды аз буландырып жоғалтады, сонымен қатар оның тамыр жүйесінің сіңіру күші мықты. Фотосинтездік қабілеті де өте жоғары. Отандық селекция бойынша осындай сорттың қатарына, еліміздің ғылыми-зерттеу мекемелері ‒ Ауыл шаруашылық Солтүстік Батыс ҒЗО, Өсімдік шаруашылығы және селекция Қарағанды ҒЗИ және Павлодар АШҒЗИ селекционерлері соңғы кездері шығарып, 1995 және 2015 жылдары Мемтізбеге енгізген және қазіргі кездері де Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына пайдалануға рұқсат етілген жаздық жұмсақ бидайдың орташа пісетін Карабалыкская 90, Карагандинская 30, және орташа кеш пісетін Кондитерская яровая сорттары жатады.
Күздік бидайдың көп тамаша қасиеттерімен әлемге танымал Безостая 1 мен Мироновская 808 сорттары, бұрынғы КСРО республикаларында, сәйкес 1960 және 1965 жылдардан бастап өндірісте пайдаланыла бастаса, олар біздің еліміздің кейбір өңірлері ‒ Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында қазіргі кезде де пайдалануға рұқсат етілген. Ылғал жеткілікті және қысы жұмсақ болып келетін Украина мен Ресей өңірлерінде жасалып шығарылған бұл сорттардың далалық, құрғақшылықты аймақтарға енгізілуі, кезінде ол аймақтарға арналған қысқа төзімді сорттардың болмауынан.
Қазіргі кезде бұл мәселені шешуде отандық селекционер-ғалымдар аянбай еңбек етуде және алынған нәтижелер де жоқ емес. Оған мысал, отандық селекцияның ‒ «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС селекционерлері шығарған күздік бидайдың Жетісу (1993 жылы Мемтізбеге енгізілген), Алмалы (2003) және Даулет (2015) сияқты сорттары. Олар топырақтық-климаттық жағдайлары алуан түрлі болып келетін Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Түркістан облыстары ауыл шаруашылығы өндірістерінде пайдаланылуда [4].
Тары дақылында, қазіргі кезде еліміздің Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан басқа, барлық әкімшілік-шаруашылық аймақтарына таралған Ресейлік селекцияның орташа пісетін Саратовское 6 сортының ареалы өте кең. Бұл сорттың елімізде кеңінен таралуының бірден-бір себебі, отандық тары селекциясында оның көрсеткішіне тең келетіндей сорттар шығарылмауы. Бірақ соңғы кездері еліміздегі тарымен айналысатын ғылыми-зерттеу мекемелерде селекциялық жұмыстар жақсы нәтижелер бере бастаған сыңайлы, оған мысал, Ақтөбе ауыл шаруашылық тәжірибе стансасының шығарған Яркое 5 (Мемтізбеге 2012 жылы енгізілген) және Яркое 6 (2016) сорттарының Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының ауыл шаруашылығы өндірісінде пайдаланыла бастауы. Павлодар АШҒЗИ-ы селекционерлері шығарған, Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары өндірісінде пайдалану үшін 2011 жылы Мемтізбеге енгізілген Павлодарское сортын да осы қатарға қосуға болады. Тіпті жоғарыда аталған ақтөбелік селекцияның Яркое сорттоптамалары бөгде аймақтық Саратовское 6 сортын еліміздің бірқатар облыстары егістерінен ығыстыра да бастады.
Күнбағыс дақылы бойынша жақын шетелдік селекция – Оңтүстік-Шығыс АШҒЗИ (Ресей) күнбағыстың Степной 81сорты мен Скороспелый сортынан бөліп алынған ультра ерте пісетін НА 89 тізбегін шағылыстыру будандық материалынан жасалған, 1991 жылы Мемтізбеге енгізілген, ультра ертепісетін Скороспелый 87 сорты өте экологиялық бейімделгіштігімен ерекшеленеді. Бұл сорт қазіргі кезде еліміздің күнбағыс өсіретін негізгі өңірі – Шығыс Қазақстан облысында пайдалануға рұқсат етілген.
Біздің елімізде «Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ»ЖШС шығарған қоршаған ортаға бейімделгіштігімен, өңдеуге жарамдылығымен, сондай-ақ кең таралған ауруларға төзімділігімен ерекшеленетін картоп, көкөніс және бақшалық дақылдар сорттары көптеп саналады. Олар: осы мекеменің ҚР АШМ А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ҒӨО-мен бірлесіп шығарған картоптың Шортандинский (Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және т.б. облыстарда пайдалануға рұқсат етілген), қызанақтың – Самаладай (Павлодар, Алматы, Қарағанды және т.б.), қиярдың – Шілде (Ақтөбе, Атырау, Жамбыл және т.б.), пияздың Мереке (Батыс Қазақстан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және т.б.) және Каратальский (еліміздің барлық облыстарында) сияқты отандық селекциялық сорттары. Бұнда картоп дақылы бойынша, еліміздің барлық облыстары өндірістерінде пайдаланылатын Солтүстік-Батыс АШҒЗИ (Ресей) шығарған экологиялық бейімделгіш Невский сортын ерекше атау қажет және оның қатарына еліміздің бірқатар өңірлеріне 1962 жылдан енгізілген, осы кездері де Мемтізбеден түспеген латвиялық – Приекульский ранний сортын да қосуға болады.
Қазақ ЕҒЗИ Қаратал тәжірибе алқабы мен «Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ»ЖШС-да шығарылған пияздың және аскөктің, сәйкес Каратальский (1959) және Каскеленский (1961) сорттарының жарты ғасырдан астам уақыттан бері еліміздің барлық аймақтарында өсіріліп келе жатқандығы, олардың еліміздегі алуан түрлі топырақтық-климаттық жағдайларға жақсы бейімделгіш қасиеттерінің арқасы.
Тәтті бұрыш бойынша отандық селекцияда, мысалы, көкөніс селекциясымен айналысатын басты мекеме «Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ»ЖШС-да соңғы кездері – 2011, 2012 және 2015 жылдары шығарылып, Мемтізбеге енгізілген Қозы-көрпеш, Баян сұлу, Қаз-тай және Красное чудо сияқты сорттар, еліміздің алуан түрлі топырақтық-климаттық жағдайларына бейімделгіштік қасиеттерінің төмендігінен тек шектеулі аймақта – Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарына ғана пайдалануға рұқсат етілген. Оның есесіне осы көкөністердің Қазақстан Республикасы селекциялық жетістіктері Мемтізбесіне 2011 және 2013 жылдары енгізілген алыс шетелдік – Джемини, Клаудио (Нидерланд) және Ред найт (Голландия), сондай-ақ жақын шетелдік – 1975 және 1987 жылдары өндіріске енгізілген, сәйкес Ласточка және Подарок Молдовы (Молдова) сияқты сорттары, қазіргі кездері еліміздің барлық әкімшілік-өндірістік облыстарының ауыл шаруашылығы өндірісінде пайдалануға рұқсат етілген [4]. Өндіріске ертеректе енгізілген осы сорттардың қазіргі кезде де пайдалануға рұқсат етілуі, ол сорттардың әлеуетті мүмкіндіктерінің әлі де түгісілмеуі, немесе отандық селекцияда әлі күнге дейін оларға тең келетіндей сорттардың шығарылмауы.
Елімізде ащы бұрыш бойынша да осындай жағдай орын алуда. «Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ»ЖШС шығарған ащы бұрыштың Ерекше және Пикант сорттары еліміздің 2-3 облысына пайдалану үшін 2011-2012 жылдары Мемтізбеге енгізілген болса, бөгде ел – Ресейдің сыртқы ортаның жағдайларына жақсы бейімделгіш Астраханьский 147 сорты 1947 жылдан және осы кезеңде де еліміздің барлық өңірлері ауыл шаруашылығы өндірісінде пайдаланылып келеді.
Асқабақтың қантының мөлшері 15%-ға жуық, дәмді, сақталуы өте жақсы және өнімділігі гектарына 50-70 тоннаға жететін Карина сорты (2003) сыртқы орта жағдайына бейімделгіштігі арқасында Павлодар, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында пайдалануға рұқсат етілген болса, қауынның өте дәмді және жоғары өнімді Алтыночка (2003) сорты жоғарыдағы облыстардың, Павлодардан басқа барлығында пайдаланылады.
Әдебиет:
- Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы ҚР Заңы. 1999 ж. 13 шілде №422-1 ҚРЗ // ҚР Парламентінің жаршысы. – 1999. - №19. – 67-85-бб.
- Жанзақов М.М. Егістік дақылдар селекциясы. - Астана: Фолиант, 2015. - 416 б.
- Гуляев Г.В., Гужов Ю.Л. Селекция и семеноводство полевых культур. – М.: Агропромиздат, 1987. - 447 с.
- Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктер мемлекеттік тізілімі // EGEMEN QAZAQSTAN. ‒ 2018. - 20 сәуір.