Ғылыми түсініктерде жаңғыру дәстүрлі аграрлық қоғамнан заманауи индустриалды қоғамға көшудің тарихи үдерісі ретінде айтылады. Ол жалпы қоғамдық жүйені жетілдіруге бағытталған технологиялық, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, саяси өзгерістердің жиынтығы болып табылады. Қоғамның жаңғыруы оның индустрияландырылуымен, ал қоғамның қалыптасу тарихы өндірістің пайда болуымен тығыз байланысты. Польшалық әлеуметтенуші П. Штомпка берілген ұғымның төмендегідей мағынасын көрсетеді. Оның пікіріне сәйкес, бірінші, жалпы мағынада жаңғыру — бұл қоғам ілгері жылжу барысындағы барлық үдемелі әлеуметтік өзгерістердің синонимі болып табылады. Екінші мағынада «жаңғыру» термині артта қалған немесе нашар дамыған қоғамға қатысты болады және бір тарихи уақытта, бірыңғай жаһандық қоғамда өмір сүретін дамыған елдерді озуға бағытталған күш-жігерін көрсетеді. Басқаша айтқанда, бұл ахуалда «жаңғыру» ұғымы перифириядан заманауи қоғамның орталығына қозғалысты сипаттайды.
Жаңғыру өзінің жалпы сипаттамасында дәстүрлі қоғамның үдемелі, индустриялы дамушыға айналып, қоғамдық-тарихи үрдісімен сипатталады. Мамандардың мойындауынша, жаңғыру ұғымының түсіндірмесі нақты емес, оның мазмұнын түсіндіруде екі ұштылық бар. Бірақ, басқа терминдермен салыстырғанда қолдану ыңғайлы болып табылады [1]. С. И. Ожеговтың «Орыс тілінің сөздігінде» «жаңғырту» ұғымына сипаттама ұсынылады: «1. Өзгертуді енгізу, заманауи талаптарға сай жасау. 2. Көнені кескіндеу арқылы заманауи сипат беру» [2].
«Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» мынадай түсініктеме беріледі: «Өзгеріс, алмасу, жандану. Жаңғыр етістігінің қимыл атауы; жаңару, толығу, жаңамен алмасу» [3]. «Қысқаша саяси сөздік» бойынша: «жаңару, жаңа, замануи талаптарға сай өзгеру» [4]. Танымал неміс ғалымы Ю. Хабермас жаңғыру түсінігін кумулятивті және үдерістерді өзара күшейтіп отыратын тұтас тізбек ретінде санайды [5].
Бүгінгі кезеңде жаңғыру материалды және рухани өмірді бірлікте қамтуы тиіс. Сәйкесінше, жаңғыру — бұл әлеуметтік-мәдени ерекше құбылыс, оның негізінде адамның дүниені сезінуі мен дүниетанымы, қоршаған ортаны түсінуі мен мұндағы оның орны, мінез-құлықты ынталандыру мен стилі, құндылық бағдары мен мәдени артықшылық жүйесінің игерілуі, өмірдің қоғамдық, оның ішінде саяси түрі, құқықтар мен міндеттердің айқындалған жүйесі жатыр [6].
Әдебиет:
1. Матвеенко Ю. И. Модернизация: теория и современность // Известия Тульского государственного университета. Гуманитарные науки. — 2012. — № 1–1. — С. 154.
2. Ожегов С. И. Словарь русского языка. — М., 2000. — С. 295.
3. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. — Т. 6. / Құраст. Ж. Қоңыратбаева, Ғ. Қалиев, Қ. Есенова және т. б. — А.: Арыс, 2007. — 37 б.
4. Краткий политический словарь / Составление и общая редакция Л. А. Оникова, Н. В. Шишлина. — 4-е издание. — М.: Политиздат, 1987. — С. 270.
5. Хабермас Ю. Философский дискурс о модерне. — М.: Весь мир, 2003. — С. 8.
6. Паридинова Б. Ж. Рухани жаңғыру ұғымының ғылыми түсініктері // «Қазақ халқының ұлттық дәстүрі мен мәдениетінің қалыптасуының рухани және тарихи негіздері» атты республикалық ғылыми конференция материалдарының жинағы. — Ақтөбе, 2018. — 113–115 бб.