Біздің рухани байлығымыз | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Авторы: ,

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №15 (253) апрель 2019 г.

Дата публикации: 17.04.2019

Статья просмотрена: 260 раз

Библиографическое описание:

Абдрахманова, А. К. Біздің рухани байлығымыз / А. К. Абдрахманова, С. Т. Тайманова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2019. — № 15.1 (253.1). — С. 1-3. — URL: https://moluch.ru/archive/253/58205/ (дата обращения: 19.12.2024).



Болашақта өркениетті, дамыған елдер қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Ол білім біздің рухани байлығымыз — кітапта. Осы мақсатта 2012 жылдан бері «Студент оқуға тиіс 100 кітап» жобасы бойынша қазақтың танымал 60 классикалық шығармасы және әлемдік 40 әдеби кітапты оқу жүзеге асуда. Бұл жастарды рухани баюмен бірге шығармашылық қабілетін дамытады. Менде осы Жоба аясында көркем шығармаларды оқуды қолға алып келемін. Қазақтың ақын-жазушыларының шығармалары мен қатар орыс, ағылшын, француз, түрік әдебиеттерін оқып оны төл шығармаларымызбен салыстырып, сараптап, бағалап отыруды мақсат тұттым.

«ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз — белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар», — деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев [1]. Ал дамудың негізі білім мен ғылымға келіп тіреледі. Сондықтан да әлемдегі дамыған елдер сияқты тәуелсіз елімізде білім жүйесі сапасын жетілдіру ең өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны белгілі.

Ел болашағы жастардың білім алуына, алдыңғы қатарлы мемлекеттердің озық тәжірибелерін оқу үрдісіне енгізу бағытында атқарылуға тиіс жұмыстар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында тізбектеліп айтылған. Сондықтан мемлекет басшысы «Гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» [2] жобасын қолға алуды тапсырды. Бұл жоба жастардың дүниетанымын кеңейтеді. Олай болса, көркем шығарманы жан-жақты оқу ұрпақты дамытудың басты шарттарының бірі. Өзіміздің төл әдебиетіміздегі көркем шығармалардың әлеуметтік-психологиялық, эстетикалық идеяларына зейін қойып оқумен қатар әлем әдебиеттермен тығыз байланыста қарастырып, жақсы жақтарынан үлгі, өнеге ала білу керек. Әсіресе әлем әдебиеттерімен етене жақындасу, тәржіма мәселесін дұрыс жолға қою бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі.

Әлем халықтарының әдебиеті — өте бай, жан-жақты дамыған әдебиет. Бұл әдебиеттен алар үлгі-өнеге де баршылық. Соның ішінде француз әдебиетінің көрнекті өкілі Антуан де Сент Экзюперидің «Кішкентай ханзада» атты шығармасын атауға болады. Ол қазақ оқырмандарына 1967 жылы Тәкен Әлімқұловтың аударған нұсқасымен таныс. Кітапты қазақ оқырмандары жылы қабылдады. «Кішкентай ханзада» алғаш рет 1946 жылы Нью-Йоркте басылып шыққан. Бүгінгі күнге дейін 265 тілге аударылды. 2016 жылы кітаптың 70 жылдығы әлемнің әр түкпірінде тойланды. Екінші рет кітапты қазақ тіліне Қазақстан-Франция елшілігінің аудармашысы, француз тілінің маманы Жанар Қонаева аударған болатын. Бұл жастарға әлем әдебиетін ана тілінде оқуға, дүниенің төрт бұрышын мекендеген елдердің әдебиетімен танысуға мүмкіндік туғызды. Адамзат баласының дүниетанымында ортақ көзқарастардың бар екенін, өркениетке жеткен елдің мәдениетінде жалпыхалықтық, адамзаттық құндылықтарды көтеретін озық идеялардың бар екенін пайымдайды.

«Кішкентай ханзада» балаларға ғана арналған кітап емес, ересектерге де арналған. Шығармада бала арманынан ересектердің ойы үшін бас тартып өзге жолды таңдап, ен далада ғажайып кішкентай ханзадаға жолыққан ұшқыш пен шашы алтын түстес сары «В-612» астероидында тұратын кішкентай ханзада жайлы айтылады. Шығарманың мәні де, философиялық ойы да сол кездесуден кейін басталып, негізгі сюжет өрбиді. Қазіргі қоғамда кішкентай ханзададай адамдар тым көп. Олар ерекше ойлап, әлемге өзгеше көзбен қарайды. Ал ондай адамдарға ой шекарасынан асуға мүмкіндік бермейтін жандар бар. Кішкентай ханзада өз планетасынан ұшып кетіп, өзге ғаламшарларға саяхаттайды. Өз саяхатында әмір жүргізгенді жақсы көретін патшаны, маскүнемді, атаққұмарды, іскер адамды, шырақшыны, географты кездестіреді. Және географтың нұсқауымен жерге сапар шегеді.

Ең біріншге Ханзада әмір беруді жақсы көретін патшаға келеді. Патша өзінің планетасында бұйрық беруші, өзі би, өзі қожа. Әділ патша, ақылды, қайырымды, дана билеушіні аңсау — ғылым мен әдебиетте ежелден көтеріліп келе жатқан тақырып. Қазақ жерінің ғұлама перзенті, кезінде «Шығыстың екінші ұстазы» атанған Әбунасыр әл-Фарабидың еңбектерінде де бұл тақырып арнайы баяндалған. Ғалым «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы» деген трактатында мемлекет басшысының кемелділігі — игілік, топастығы сор екенін жан-жақты дәлелдеген болатын. Мен тақырыпқа азық етіп алып отырған кітапта да бұл мәселелердің де шеті ашылады.

Сонымен қатар, Кішкентай ханзада атаққұмар адамның планетасына да ат басын бұрады. Бұл көркем шығарма сонау 1943 жылы жазылған болса да осы тараудағы атаққұмар арқылы қазіргі «хайп» қуған жандардың бейнесін ашып тұрғандай. Ол Кішкентай ханзадаға бостан-бос қол шапалақтауын сұрайды. Ал бұл деген құр мақтанның іске аспайтынын көрсетеді. Осы орайда қазақтың ұлы ақыны Абайдың: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек бекер мал шашпақ — Бес дұшпаның білсеңіз» дегені ойға оралады. Көркем шығармада мақтаншақтық — адамға жат мінез екені айтылады. Жүсіпбек Аймауытов та «Мақтаншақ кісі — менмен кісі» деген болатын. Менмендік адамды орға жығады. Ал әлемге танымал испан халқының жазушысы Мигельде Сервантес «Өзін өзі мақтау адамды кемітеді» деген еді. Олай болса әлем халықтарының әдебиетінде мақтаншақтықты сынау, арзан атаққа ұмтылу сияқты жат мінезден ұрпақты сақтандыру бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.

Келесі аялдама — маскүнемнің планетасы. Мұнда маскүнем өзінің ішетініне ұялады және соны ұмыту үшін ішетінін айтады. Бұл көрініс арқылы автор қоғамдағы өзекті, әлі маңызын жоймаған мәселені қозғайды. Маскүнемдік — адамның азғындауы. Ол — үлкен дерт. Автор жас ұрпақты осы дерттен сақтандырғысы келеді.

Төртінші планета — іскер адамның тұрағы. Бұл адамның титтей де бос уақыты жоқ. Әрқашан есептеумен, қосып, алумен өмірі өтуде. Бұл адам арқылы да автор өмірде белгілі бір көрер көкжиегі бар адамдардың бола-тынын және оларды өзгертудің оңай емес екенін жеткізеді. Меніңше, өмір бойы тек бір бағытпен ғана емес жан-жақты болып, өмірдің сан түрлі қатпар-ларын ақтарып көру керек секілді. Іскер адам — қабілетті, ізденімпаз, еңбекшіл адам.

Басқа планеталарға қарағанда ең кішкентайы, бірақ қызықтысы бұл –шырақшының планетасы. Бұл планетамен Кішкентай ханзада қимай қоштасады. Себебі неде? Себебі шырақшының өз қара басын ғана ойламай, өзгелерге жарығын, жылуын таратып, халыққа қажетті тірлікпен айналысатындығында. Шынында ол мүлдем демалмайды. Оның кәсібі сұмдық ауыр. Ол әлемге жарық сыйлаушы. Өз ісіне адал жан. Біз өмір сүріп жатқан қоғамға да дәл қазір өз кәсібіне берілген адал жандар керек-ақ...

Алтыншы планета географтың мекені болды. Ол басқа планеталарды көрмесе де зерттеумен айналысады. Дәл осы географ Кішкентай ханзадаға Жер планетасына баруға кеңес береді. Сол ақыл-кеңес арқылы ол жерге жетеді.

Міне, дәл осы Жер планетасында ұшқыш пен Кішкентай ханзаданың таныстығы басталады.

Кітапта оқу барысында автор бейнелеген, суреттеген әдеби детальдарға назар аударғым келеді. Түлкі — мұнда осы кішкене ғана аң. Кішкентай ханзадаға ғана емес, ол оқырманға да үлкен ой тастады. Екінші, роза гүлі. Оның үш тікенегі бар. Тікенектің атқарар қызметі зор. Тікенек — әдеби деталь. Сонымен қатар Кішкентай ханзаданың ойлары ішкі монолог арқылы беріліп отырады. Мысалы:«Ал адамдар қайда? Шөл далада сондай жалғызсырап жүрмін.».., «Адамдардың арасында да жалғызсырайсың».

«Мәнсіз әлем, мағынасыз мәселелер, қисынсыз тіл.».., «Жай ғана өмір сүруге болатын жұлдыз бар ма екен?!»., «Көз-соқыр. Жүрекпен іздеу керек» т.б. Бұл кейіпкердің ой-толғаныстары шығарманың негізгі идеясын ашып тұр. Сондай-ақ, Ханзада үлкендерге: «Мен қызғылт кірпіштен салынған, терезелерінде гүл, шатырында көгершіндері бар керемет бір үй көрдім»,- десең, бұл үйді олар көздеріне еш елестете алмайды. Оларға: «Мен бағасы он мың франк тұратын бір үй көрдім» — деп айту керек, сонда ғана олар: «Қандай әсем үй!» деп таңданады». Міне, нағыз өмір шындығын автор өзімізге таныс әдеби деталь арқылы көркемдік шындыққа айналдырған. «Мен сандардан басқа ештеңені қызық деп таппайтын ересектер сияқты болудан қорқам», — дейді [3, 7]. Өмірді тек ақшамен таразылау — адам санасының таяздығы. Адамның рухани санасын бұзатын көбіне шенқұмарлық пен баққұмарлық, байлыққа құныққандықтан,күншілдік пен іштарлық, қанағатсыздық, мейірімсіздік. Оның емі– жақсылыққа, имандылыққа баулу. Кітап оқу арқылы біз сананы жаңғыртып, рухани байлыққа кенелеміз.

әдебиет:

  1. Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халқына Жолдауы. 17 қаңтар, 2014.
  2. Насимов М. О., Паридинова Б. Ж. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының алғашқы нәтижелері // Молодой ученый. — 2018. — № 18–1. — С. 17–19.
  3. Антуан де Сент-Экзюпери. Кішкентай ханзада. Аударған Ж. Қонаева. — Алматы: Атамұра, 2013. — 96 бет.
Основные термины (генерируются автоматически): оса, автор, бар, мена.


Задать вопрос