Коронавирустар шетелдік ғылыми әдебиеттерде | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Насимов, М. О. Коронавирустар шетелдік ғылыми әдебиеттерде / М. О. Насимов. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2020. — № 17.1 (307.1). — С. 13-15. — URL: https://moluch.ru/archive/307/69133/ (дата обращения: 18.12.2024).



COVID-19 пандемиясынан кейін коронавирустар түсінігі мен құбылысына мән берушілер көбейді. Аталмыш вирус рибонуклеин қышқылының молекуласы бар сфералық пішіндегі микроб болып табылады. Микроб күннің тұтылуы барысындағы тәжге ұқсайтын ерекше тікенегі мен қылшықты қабығына байланысты коронавирустар деп аталып кеткен. Бүгінгі таңда ғалымдар бұл вирустың 40-қа жуық түрі бар екендігін айтады. Олардың басым көпшілігін жануарлар жұқтырады және таратады. COVID-19 тарауының нәтижесінде адамға зақым келтіретін коронавирустардың саны жетіге жетті. Оның ішіндегі үшеуі (SARS-CoV, MERS-CoV и SARS-CoV-2) халық арасында тарауы өте жылдам және өкінішке орай адам өліміне әкеледі. Коронавирустардың тарихын зерттеу мақсатында ғылыми әдебиеттерге талдауды жөн санап, зерттеу барысындағы тұжырымдарға мән бергіміз келеді.

1957 жылы Ц. Х. Домермутх (C. H. Domermuth) пен O. Ф. Эдвардстың (O. F. Edwards) «Journal of Infectious Diseases» журналында құстың инфекциялық бронхитын жұқтырған хориоаллантоис мембранасының электронды-микроскопиялық зерттеуіне («An electron microscope study of chorioallantoic membrane infected with the virus of avian infectious bronchitis») арналған мақаласында коронавирустар түсінігін пайдаланған. К. Макинтош (K. McIntosh) SpringerLink баспасы шығаратын «Current Topics in Microbiology and Immunology» кітаптар сериясының 1974 жылғы 63 бөлімінде коронавирустарға арналған салыстырмалы зерттеу жүргізіп, вирустардың бұл түрі алғаш рет 1930 жылдары анықталғандығы жөнінде айтады. Ғалымның пікірінше, қолға үйретілген балапандардың жедел респираторлық вирустық инфекциясы жұқпалы бронхит вирусынан (IBV) туындаған. 1940 жылдары жануарларға қатысты тағы екі коронавирустар тобы бөлінген: тышқан гепатитінің вирусы (MHV) және трансмиссивті гастроэнтерит вирусы (TGEV) [1].

Адам коронавирусының тарихы 1965 жылы басталады. Д. А. Таррелл (D. A. Tyrrell) мен М. Л. Быное (M. L. Bynoe) «Lancet» журналында суық тию ауруларымен ауыратын науқастардан туындайтын вирустарды айқындау барысында В814 микробын табады. Вирус қарапайым суық тиген ересек адамның тыныс алу жолдарынан алынған адам эмбрионының мүшелерінен табылған. 60-жылдардың соңында Таррелл адам штаммдарымен және жануарлардың бірқатар вирустарын зерттейтін вирусологтар тобын басқарды. Ғалымдар морфологиялық түрде электрондық микроскопия мәліметтеріне сәйкес жұқпалы бронхит вирусы, тышқан гепатитінің вирусы және шошқаның трансмиссивті гастроэнтерит вирусын қарастырды. Осы вирустардың жаңа тобы коронавирустар деп аталып, кейін вирустардың жаңа түрі ретінде ресми қабылданды [2].

1995 жылы Р. С. Барич (R. S. Baric) бастаған бір топ ғалымдардың «Advances in Experimental Medicine and Biology» атты журналында тышқан гепатиті вирусындағы қайта әрекет ету (рекомбинация) мен мутацияның жоғары жиілігі коронавирустардың пайда болу ықтималдылығына ықпал ететіндігі туралы болжамдарына ешкім елең етпеді десек те болады. Өйткені, көптеген ғалымдар үшін жаңа коронавирустардың респираторлық синдромның ауыр түрінің (SARS) себебі екендігін дәлелденуі таң қалдырып, қызуғышылық туғызбады [3]. Бұл коронавирустарға көптеген жылдар бойы зерттеушілер, әлемдік қауымдастық, қоғам назарының болмағандығының дәлелі

Тек 2002–2003 жылдары Қытайда атиптік пневманияның, респираторлық синдромның ауыр түрінің (SARS) өршуі кезінде назар аударылды. Ауру SARS-CoV вирусынан туындап, өзге елдерге де тарады: 8273 адам науқастанды және 775 адам қайтыс болды. Осы індеттен кейін зерттеулер жүргізген медицина докторлары Дж.С. Кан (J. S. Kahn — Йель университетінің медицина факультеті) мен К. Макинтош (K. McIntosh — Гарвардтың медициналық мектебі) «The Pediatric Infectious Disease Journal» басылымының 2005 жылғы 11 санында коронавирусты анықтаудың тарихы мен соңғы жетістіктеріне арналған қорытындыларын ұсынды. Ғалымдар атиптік пневмония індетіндегі жануарлардың коронавирустары адам популяциясы үшін қауіп төндірудің ықтималдылығын дәлелдейді. Бірақ, олар атиптік пневмония коронавирусы таралуының нақты тетігі түсініксіз болып қалатынын еске салады. Алдағы уақытта адам коронавирусының қосымша штаммдары анықталатындығын, аталмыш жұқпалы организмдердің вирусологиясы мен этиологиясын терең зерттеу қажеттілігін сол жылдары айтқан [4].

Коронавирустар тобына жататын MERS-CoV вирусының Таяу Шығыс респираторлық синдромының (MERS) қоздырғыштарының алғашқы белгілері 2012 жылы Сауд Арабиясында тіркелді. 2013 жылдың маусымына дейін 50-ден астам адам науқастанып, оның жартысы қайтыс болған. 2015 жылдың жазында бұл вирус әлемнің 23 елінде тіркеліп, кейбір деректерде 1154 адам ауырып, оның 431 қайтыс болғандығы жөнінде айтылады. Коронавирустар бойынша бұл оқиғалар ғылым үшін жаңа, белгісіз тақырып болды.

Коронавирустар туралы зерттеулер Скопус базасындағы журналдарда көп кездеседі. Бүгінгі таңда базадан «Coronavirus» кілт сөзімен 18660 зерттеу жұмысын тауып отырмыз. Медицинада — 8302, иммунология және микробиологияда — 7077, биохимия, генетика және молекулярлық биологияда — 4252, ветеринарияда — 2785, ауыл шаруашылығы және биологиялық ғылымдарда — 2556. Бұл ұғым бойынша әлеуметтік ғылымдарда — 93; гуманитарлық ғылымдарда — 46 мақала жарияланған. 2020 жылы 545 мақала жарияланып үлгерген (18.03.2020 көрсеткіш). 2002–2003 жылдары Қытайда коронавирустардың таралуына байланысты болар, 2004 жылғы мақалаларда «Coronavirus» кілт сөзі ең көп кездеседі: 1096.

Қазіргі вирус түрі «COVID-19» кілт сөзі бойынша 116 материал бар. Айтпай-ақ түсінікті, бұл зерттеулер 2020 жылы жарияланған. «Скопус» базасындағы ағымдағы жылдың 18 наурызындағы сандық мәлімет көрсетіп отырғандай, медицинада — 102, иммунология және микробиологияда — 22, биохимия, генетика және молекулярлық биологияда — 7. Бұл зерттеулердің қатары алдағы уақытта да көбеетіндігі анық. Өйткені адам коронавирустарының эволюциялық дамуы әлі де жүріп жатыр. Келешекте оның морфологиясы мен геномын зерттеу толығуымен қатар, коронавирустардан қорғаудың нақты құралдары мен вирусқа қарсы тұрудың тәсілдері, емі табылатындығына сенейік.

Алғыс білдіру

Ғылыми-зерттеу жұмысы «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты жанындағы Әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулер орталығын дайындалып, университет құрылтайшысының қаржыландыруымен жарық көрді.

Әдебиет:

  1. McIntosh K. Coronaviruses: A comparative review // Current Topics in Microbiology and Immunology / Ergebnisse der Mikrobiologie und Immunitätsforschung. — 1974. — Volume 63. — P. 85–129.
  2. Tyrrell D. A., Bynoe M. L. Cultivation of viruses from a high proportion of patients with colds // Lancet. — 1966. — № 1. — P. 76–77.
  3. Baric R. S., Fu K., Chen W., Yount B. High recombination and mutation rates in mouse hepatitis virus suggest that coronaviruses may be potentially important emerging viruses // Advances in Experimental Medicine and Biology. — 1995. — № 380. — P. 571–576.
  4. Kahn J. S., McIntosh K. History and recent advances in coronavirus discovery // The Pediatric Infectious Disease Journal. — 2005. — Volume 24. — Issue 11. — P. S223-S227.
Основные термины (генерируются автоматически): SARS, вирус, мена, IBV, MERS, MHV, TGEV.


Задать вопрос