Тұрғын үйге қолжетімділік халықтың әл-ауқатының ағымдағы деңгейінің негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Мақалада Қазақстанның тұрғын үй саясатын іске асырудағы мемлекеттік бағдарламалардың бағыттары қарастырыла отырып, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет салаларындағы тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударылады.
Кілт сөздер: тұрғын үй, тұрғын үй саясаты, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары, қолжетімді тұрғын үй
Доступность жилья является одним из основных показателей текущего уровня благосостояния населения. В статье рассматриваются направления государственных программ в реализации жилищной политики Казахстана, акцентируется внимание на вопросах обеспечения жильем в сфере здравоохранения, образования и культуры.
Ключевые слова: жилье, жилищная политика, государственные жилищные программы, доступное жилье
Тұрғын үй мәселесін шешу — әрбір елдегі мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі болып табылады. Тұрғын үйге қол жетімділік адам өмірінің маңызды негіздерінің бірі бола отырып, халықтың әл-ауқатының деңгейінің негізгі көрсеткіші болып табылады. Мәселен, БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттары, елдер алдына 2030 жылға қарай барлығының тұрғын үйге қол жеткізуін қамтамасыз ету міндеті қойылды [1].
Мемлекет тұрғын үй нарығының тиімсіз жұмыс істейтін бөлігін, соның ішінде тұрғын үйге мұқтаж адамдарға түрлі тетіктер немесе құралдар арқылы қолдау көрсетуді реттеуге арналған. Бұл ретте, тұрғын үй саясаты нарықтың даму деңгейіне және халықтың әл-ауқатына сәйкес өзектендіріледі.
Қазақстан Республикасының азаматтарына тұрғын үй құқығы Конституцияда көзделген [2].
Қазақстан Үкіметі халықтың қандай да бір себептермен мемлекеттік қолдауды қажет ететін жіктерінің тұрғын үйге қолжетімділігін кеңейту арқылы осы көрсеткішті жақсарту бойынша бірқатар шараларды іске асыруда.
2017 жылдан бастап елімізде бір мезгілде бірнеше тұрғын үй бағдарламалары іске асырылуда. Сонымен қатар, бұл бағдарламалардың барлығы дерлік «Қолжетімді тұрғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасынан бастау алып, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бағытталған.
Бағдарламалар санының артуы мемлекет үшін әлеуметтік мәселелерді шешетін тұрғын үй саясатының сапалы жұмысының маңыздылығын көрсетеді. Егер бұрын тұрғын үйдің қолжетімділігі тұрғын үй құрылысы арқылы қамтамасыз етілсе, соңғы жылдары баламалы жолдарды іздестіру маңызды болып табылады. Құрылыс саласын кеңейтуді ынталандырудың және ел халқының кең ауқымын тартудың әртүрлі тетіктері алдыңғы қатарға шығарыла бастады.
Тұрғын үй саясатын іске асыру процесін жаңғырту бағдарламаның әлеуетті қатысушыларын іріктеу тетігіне де әсер етті.
2019 жылы халықтың табысы бойынша тұрғын үйге қолжетімділік сатылары енгізілді.Табысы бар тұлғалар:
— отбасының бір мүшесіне тиісті жылға бір ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін, сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үйге үміткер бола алады;
— отбасының бір мүшесіне тиісті жылға 2 ең төмен күнкөріс деңгейіне дейін, 2 пайыздық мөлшерлемемен кредиттік тұрғын үйге үміткер бола алады («Бақытты отбасы» бағдарламасы»);
— отбасының бір мүшесіне тиісті жылға 3,1 ең төмен күнкөріс деңгейіне дейін, 5 пайыздық мөлшерлемемен кредиттік тұрғын үйге үміткер бола алады («5–20–25» бағдарламасы»);
— отбасының бір мүшесіне тиісті жылға 3,1 ең төмен күнкөріс деңгейінен жоғары 7 пайыздық мөлшерлемемен кредиттік тұрғын үйге үміткер бола алады («7–20–25» бағдарламасы»);
— —тиісті жылға отбасының бір мүшесіне шаққанда 5 ең төмен күнкөріс деңгейінен жоғары, бастапқы және қайталама тұрғын үй сатып алу үшін қолданыстағы нарықтық өнімдерді («Баспана-хит», «Орда», «Өз үйім») пайдалана алады [3].
Жоғарыда келтірілген мемлекеттік бағдарламаның бағыттарына сүйене отырып, Қазақстанның тұрғын үй саясаты халықтың әлеуметтік осал топтары, көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиеленетін отбасылар сияқты белгілі бір адамдардың әлеуметтік жағдайын қолдауға бағытталғанын атап өтуге болады. Сонымен қатар, мемлекет 29 жасқа дейінгі азаматтардың санатын –Республикалық маңызы бар қалаларда жұмыс істейтін жастарды бөлек бөледі. Оларға сатып алу құқығынсыз 5 жыл мерзімге жалға берілетін тұрғын үй беріледі.
Жоғарыда аталған тетіктер жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған, ипотекалық қарызға қызмет көрсету үшін белгілі бір кірісі бар, сондай-ақ тұрғын үй жинақтарының салымы болған кезде халықтың әлеуметтік осал топтарының азаматтарына тұрғын үй сатып алуға арналған.
Осы орайда еліміздің кейбір әлеуметтік салаларында тұрғын үй қолжетімділігі толық қамтамасыз етілмей ішінара шешімін тауып келеді. Мәселен қазіргі таңда еліміздің бірқатар өңірлерінде атап айтсам Маңғыстау облысында мұғалімдер мен дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Өңірдің білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет саласындағы мемлекеттік мекемелерінде аталған саладағы мамандарға деген қажеттілік бар.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысы бойынша денсаулық сақтау саласына 300 ден астам, білім беру саласына 100 ден астам, ал мәдениет саласында 40 тан астам маман жетіспеушілігі байқалып отыр. Осы салаларға білікті мамандарды тарту үшін де бірден бір әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу талап етіледі.
Жоғарыда аталып өткен мәселелерді шешу үшін 2020 жылы Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арасында «Нұрлы жер»мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді өткізу туралы келісімге қол қойылды. 2020 жылы аталған тетік бойынша тұрғын үйді іске асыруды бастау үшін білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне 58 пәтер, ал 2021 жылы 50 пәтер қарастырылған.
Алайда, қабылданған шаралар мұғалімдер мен дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз.
Қорытындылай келе, жалпы Қазақстанда тұрғын үй мәселесі өзекті болып қала береді деп айтуға болады. Әрине, республика азаматтары оның ішінде ел жастары тұрғын үй сатып алуда мемлекеттік қолдауға мұқтаж. Алайда, халық табысының шектеулілігі тұрғын үйді қамтамасыз ету шаралары бойынша мемлекеттің бағдарламалық мақсаттарына қол жеткізуді тежеуші фактор болып табылады.
Әдебиет:
- БҰҰ Тұрақты даму саласындағы мақсаттары. https://www.un.org/sustainabledevelopment/ru/sustainable-development-goals/.
- 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конститутциясы, 25-бап. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K950001000_.
- «Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020–2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1054 қаулысы. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1900001054