Текстологиялық зерттеу – өте күрделі және ұзақ уақытты қажет ететін аса жауапты шығармашылық жұмыс. Негізінен текстология бұрын библиографияның құрамдас бөлігі ретінде ғана қарастырылып келсе, 1917 жылдан кейін дербес ғылым деп танылды. Ал бұл дегеніміз текстология мәселелерінің о бастан қазіргі кезге дейін әлі де өзекті екендігін дәлелдейтін тәрізді.
Сөйтіп, текстология – мәтін туралы ғылым, ол көне мәтіндердің, қай тарихи дәуірге, қай авторға тиесілі екенін анықтаумен қатар, сол мәтіндердің мазмұнын да талдап талқылайды. Филология, әдебиеттану, тарих, мәдениеттану және басқа да қоғамдық пәндер бойынша терең біліктілікті қажет ететін заман талабынан туындап отырған сала.
Әдебиеттану терминдер сөздігінде текстологияға байланысты Ө.Күмісбаев: «Қазақ әдебиеттану ғылымында текстология – әлі бұғанасы қатпаған жас ғылым. Қазіргі әдебиетімізде бұл ғылымның әліппесі өте қажет. Текстология табиғатын, мән-жайын, кешегісі мен бүгінгісін түсіндіретін аударма оқулық кітап жоқ...»,- деп атап көрсеткен [1, 93]. Белгілі бір шығарманың мәтінін зерттеу үшін әлі күнге дейін орысша әдебиеттерге сүйенуге тура келеді. Ал қазақ әдебиеті шығармалары мен тарихи жазба мұраларымыздың өзіне тән ерекшеліктері текстологияның орысша әдебиеттерде берілген теориялары тұрғысынан қарауға сай келмей, өзіндік қиындықтар тудыратыны белгілі. Сондықтан қазақ текстологиясы бүгінде арнайы теориялық оқулыққа мұқтаж.
Текстология ғылымының мақсаты – әдеби шығарманың немесе тарихи құжатты ғылымға белгілі барлық нұсқаларымен салыстыра отырып, баспаға әзірлейтін мәтінді қалыптастыру. Кез келген мәтіннің баспада жарық көруінің екі жолы бар: бірі – мәтіннің қалың оқырман қауымға арналуы; екіншісі – ғылыми зерттеу жұмысына арналуы; бұдан бөлек үшінші бір түрі –мәтіннің балала тіліне лайық жеңілдетіп басылуы. Мәтінді балалар тіліне лайықтап құрылғанда мәтінгер көптеген қысқартулар, әсірелеу үшін өзгертулер жасауына болады. Дегенмен текстологияның теориялық әдебиеттерде мәтін басылымдарының осындай айырмашылықтарының болуын қостамайтын керағар пікірлер де бар. Көрнекті мәтінгер маман Б.М.Эйхенбаум мәтіндегі көне тіл элементтерін жаңаша беру тарихқа қиянат жасау деп есептейді. Ондай ерекшеліктерді түсіндірме /коментарий/ арқылы берілуін қолдап есесіне мәтіндегі сөздердің көне қалпы оқырман қауымға ана тілінен хабар беретінін айтады. Сондай-ақ С.А.Рейсер мәтін басылымдарының бұндай айырмашылықтары оқырман ұғымында қайшылық тудыратынын айта келіп, бұның өзі сыни мәтіннің тұрақтануына көп кедергі келтіретінін ескертеді: «Біріншісі – авторлық емес, жалпы жұртшылыққа кеңінен тараған, екіншісі – авторлық тек тарихи әдеби зерттеулер арқылы анықталған және көпшілік оқырман қауымға таныс емес. Бұндайда ол бірінші нұсқа тұрақты мәтін ретінде қалыптасуы мүмкін», - дейді [2, 85]. Бұл пікірдің орынды екені рас. Сондықтан мәтін басылымдарының қай түрі болмасын бір-бірінен айырмашылықтары болуы мүмкін. Тек қалың оқырман қауымға арналған мәтіндегі кейбір түсініксіз сөздер ғана сол бетте сілтемемен берілгені дұрыс. Кейде арнайы текстологиялық зерттеу жүргізілмей-ақ, мәтіннің жарыққа шығып жатуы да кездеседі. Қалың оқырман қауымға арналған мәтін, мүмкіндік болғанша, текстологиялық зерттеулер жүргізіліп болғаннан кейін ғана баспаға берілуі тиіс.
Көп уақытқа дейін текстология «прикладная филология» деп аталып, практикалық пән ретінде ғана қарастырылып келді. Текстологияны «кәсіп» деп, ал әдеби шығармаларға сәтті жасалған текстологиялық зерттеулерді мәтінгердің талантына байланысты «өнер» деп қабылдаған кездер де болды. Дұрысына келсек,текстология ешқандай кәсіп емес, ол-бірнеше ғылымның тоғысқан, зерттеушінің ізденушілік, тапқырлық талантының нағыз ашылар көзі.
Өйткені, мәтінгер тек мәтіннің жарыққа шыққанға дейінгі тарихын зерттеп қана қоймайды, әрбір қолжазбалар арасындағы өзгерістердің себебін дәлелдеу барысында сол шығарманың жазылған дәуірін, тарихын, әдеби ағымдарын, этностық тілін, саяси-мәдени жағдайларын, тіпті көшірмешінің мақсатын да байқап, ескере отыруға міндетті. Осы тұрғыдан келгенде текстология ғылымы көптеген ғылым салаларымен тығыз байланыста болады. Мәтінге жасалатын кейінгі түзетулер мен зерттеулердің дұрыс бағыт алуы да текстология ғылымына тікелей тәуелді. Демек, текстология- филологияның көмекші пәні емес, керісінше оның бастауы мен негізі, өзіндік даму тарихы бар ғылым саласы.
Орыс филологиясында текстологияның аса көрнекті өкілдері ретінде Б.В. Томашевский, Б.М. Эйхенбаум, Д.С. Лихачев т.б. танылады. Олар Х-ХVІІ ғасырлардағы көне орыс жазба мұралары мен классик ақын-жазушылардың шығармаларын зерттеу нәтижесінде көптеген теориялық еңбектер жариялады. Л.Д. Окульская, И.Г. Лорионова, М.В. Безрадный, В.А. Заподов сияқты зерттеушілер кандидаттық, докторлық диссертациялар жазды. Орыс филологиясында текстология – теориялық, әдістемелік негізі қалыптасқан іргелі ғылым салаларының бірі. Тіпті жазба ескерткіштері мен тарихи құжаттарына тек қана әдеби тұрғыдан емес, тілдік тұрғыдан да талдаулар жүргізіліп, көптеген кандидаттық диссертациялар қорғалған.
Текстология ғылымы түркі халықтарында, атап айтсақ, өзбек, азербайжан, түркімен филологиясында да айтарлықтай жақсы дамып отыр. Әсіресе, ежелгі дәуір әдебиеті мәтіндерін салыстыру ісі ертерек қолға алынып, олар арнайы зерттеу нысанына айналып отырған. Бұған П. Шамсиев «Научно – критический текст Хамзановой» (Ташкент, 1970 ж.); «Научно-критический текст поэмы Низами «Хосрови шырын» (Баку, 1960 ж.); Додалишаев Д.Ж. «Поема «Хафт и Монзар» Хатыфы и ее научно-крити- ческий текст» (Душанбе, 1974 ж.); «Текстологические исследование Китабы- деде-Коркут» (Баку, 1985 ж.); және тағы басқа еңбектерде теориялық текстологияға байланысты көптеген тұжырымдар жасалған. Бұдан бабалардан мирас болып келе жатқан әдеби мұраларға олардың аса қамқорлықпен қарайтындығы көрінді.
Ежелгі дәуір әдебиті шығармаларының бірнеше нұсқаларын салыстырып, кандидатттық, докторлық диссертациялар қорғалған жұмыстар да бар. Мысалы: Рашидова М.Х. «Текстологические исследование произведения Алишера Новаи «Назмул Джавахир» (АКД, Ташкент, 1991 ж.); Ругия Г.К. «Подготовка научного текста, текстологические исследование и комментирование труда Фридун-Бека Кочарли», (АКД, Баку, 1981 ж); Галяутдинов И.Г. «Тарих-номе и булгар» Таджетдина Ялсыгулова /лингвотекстологический анализ списков помятника. Фонологическая интерпретация графики, морфология (АКД, Москва, 1977 ж.) т.б.
Қазақ әдебиеті тарихында текстологиялық жұмыстар Абай шығармаларын жарыққа шығарып, халыққа тарату кезеңінен басталды деуге болады. Дегенмен, қазақ текстологиясының тарихын Шоқан Уәлиханов еңбектерінен бастау туралы ойды алғаш айтқан - филология ғылымдарының докторы, профессор Ғ. Әнес[3, 11]. Ұлы Абай мұрасын жан-жақты терең зерттеуді қолға алған М.Әуезов ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізумен қатар ақын шығармаларының текстологиялық жағына да ден қоя ізденді. Бұдан соң «Біржан-Сара» айтысына, халық ауыз әдебиеті үлгілеріне Ы.Алтынсарин, Ш.Уалиханов, М.Сералин, С.Торайғыров шығармаларына тағы да басқа толып жатқан жазба деректерімізге текстологиялық зерттеу жүргізіліп, шығарманың жазылған жері мен уақытын анықтау, авторын табу немесе телу, қате оқылған сөздерді қайта түзету секілді қыруар жұмыстар атқарылды. Осы кезеңде (1950-1960 ж.ж.) мерзімді баспасөз беттерінде Абай шығармаларына, халық ауыз әдебиеті үлгілеріне, ақын-жыраулардың халық арасынан жазылып алынған, кейде жарияланып үлгерген түрлеріне, ертегілер мен лиро-эпостық жырлардың бірнеше нұсқаларына т.б. жасалған текстологиялық жұмыстарға қатысты қызу пікірталас жүріп жатты. Мысалы: З.Ахметов, И.Дюсенбаев, «Некоторые вопросы текстологического изучения произведений Абая» (Вестник АН КазССР, 1953, № 10), Б.Кенжебаев «Абай шығармаларының соңғы басылуы туралы» (Социалистік Қазақстан, 1955, 29 мамыр); Қ. Өмірәлиев «Тағы да Абай текстолгиясы жайында» (Қазақ әдебиеті, 1957, 8 наурыз); М.Сәрсекеев «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» (Әдебиет және өнер, 1956ж № 10) сияқты мақалалар легі әлі де толастамаған. Осындай ерен еңбектің нәтижесінде 1963 жылы ҚССР М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жанынан «Текстология мен қолжазба» бөлімі ашылды.
Сол кезеңде тек Абай шығармаларының текстологиясына ғана 60-тан астам мақала арналды. Бұл мәселенің бүгінгі күнге дейін күн тәртібінен түспегенін ойласақ, 1979 жылы 21 желтоқсанда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген мақаласын Т.Абдрахманов «Мәңгі жас мұра» деп асқан көрегендікпен атаған деуге болады. Абай шығармаларының текстологиясы жөнінде соны пікірмен танылған профессор Тұрсын Жұртбай ақын шығармаларының текстологиясына қатысты мақаласын «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 13 қыркүйектегі «Абайдан асырып кім айтқан?» және аталған газеттің 2006 жылғы 22 ақпандағы «Абайды дұрыс оқып жүрміз бе?» деген мақалаларында сөз етті. Әсіресе, Абайдың Бұқар жырау, Шортанбай мен Дулат поэзиясына қатысты пікірі байқалатын өлең жолдары енді ғана дұрыс шешімін тапқандай.
Ал, Қ.Мұқаметжановтың «Бұқар жырау» (Қазақ әдебиеті, 1982, 30 маусым); Н. Келімбетовтың «Жыраулар поэзиясын сөз етсек» (Қазақ әдебиеті, 1982, 12 наурыз); Қ. Өмірәлиевтің «Ия, терең зерттеу қажет» (Қазақ әдебиеті, 1971, 29 желтоқсан) деген мақалалары шығарма дәлдігін айқындауға қатысы бар мәселелерді қозғайды.
Қазақ текстологиясы ғылымында М.Мырзахметов, З.Ахметов, И.Дүйсенбаев, Б.Кенжебаев, Ғ.Мұсабаев, Т.Абдрахманов, Қ. Өмірәлиев, Ш.Сарыбаев, Ә. Құрысжаноы, Р. Сыздықова, Б. Сағындықұлы, Е. Жұбанов, М.Малбақова және т.б. ғылымдар классик ақын-жазушылардың, ежелгі дәуірден келіп жеткен жазба мұраларымыздың мәтінін ғылыми басылымға әзірлеуде аса құнды еңбектерімен танылды. Аталған ғалымдар еңбектерінің көпшілігі мерзімді баспасөз беттерінде, ғылыми жинақтарда жарияланса, бірқатары жеке кітап болып басылып жарық көрді. Оларға Х.Сүйіншалиевтің «Абай қара сөздері» (Алматы, 1956 ж.); Қ.Мұқаметжанов «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» (Алматы, 1956 ж.); М.Мырзахметов «М.Әуезов және Абайтану» (Алматы, 1982 ж.); «Ескі түркі жазба ескерткіштері» (Алматы, 1983 ж.): «Қазақ фолклоры мен әдебиет шығармаларының текстологиялық зерттелуі» (Алматы, 1983 ж.); Ә.Құрышжанов пен Б.Сағындықұлы баспаға әзірлеген «Ахмет Йүгінеки Ақиқат сыйы» (Алматы, 1985 ж.): Е.Жұбанов пен М.Малбақовтың «Қозы Көрпеш –Баян сұлу эпосының текстологиясы» (Алматы, 1994 ж) және т.б. еңбектер жатады.
Ә.Құрышжановтың 1970 жылы «Исследование по лексике стракыпчаковского письменного памятника ХІІІ века - «Тюркского –арабского словаря» деп аталатын еңбегінен лингвотекстологиялық зерттеудердің нәтижелерін көреміз. Ғалым бұл сөздікті алғаш бастырған Т.Хаутсманның коррекциялық еңбегі зор екенін айта келіп, кей сөздердің оқылуында байқалған қателерді: 1) әріптердің көмескіленуінен, 2) харакет белгілердің дәл қойылуынан – дұрыс оқылмаған деп топтап көрсетеді [4, 7]. Сөздіктің транскрипциялау мәселелеріне байланысты да шешімін таппаған сөздерді төрт топқа бөліп қарастырып қйындықтың себебін ашады. Бұл еңбекте сөздердің графикалық, транскрипциялық, фонетикалық бұрмаланулары түзетіліп, ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Сол сияқты Е.Жұбанов пен М.Малбақовтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу эпосының текстологиясы» деген кітабында да әрбір айырмашылық түсініктемеде дәлелденіп отырған [5].
Қорыта айтқанда, қазақ филологиясында текстологияның теориялық негізі жазылмады десек те, практикалық текстология кеңінен қолданыс тапты. Оны осы уақытқа дейін жарық көрген ХV– ХІХ ғғ. айтыс ақындары мен жыраулар шығармаларынан көреміз. Орта ғасыр, ежелгі дәуір әдебиеті шығармаларын зерттеген ғылыми еңбектеріміздің басым көпшілігін аса жауапкершілікпен жасалған текстологиялық салыстырулардың жемісі деуімізге болады.
Әдебиет:
1. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. – Алматы: Жазушы, 1998.
2. Рейсер С.А. Палеография и текстология. – М., Просвещение, 1970. – С. 336.
3. Әнес Ғ. Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінің лингвотекстологиясы. / Кандидаттық диссертацияның авторефераты, Алматы, 2002. – 114 б.
4. Курышжанов А.К. Исследование по лексике старокыпчакского письменного памятника XIII века. «Тюркско-арабского славаря». – Алма-Ата: Наука, 1970. – С. 234.
5. Жұбанов Е., Малбақов М. Қозы көрпеш-Баян сұлу жырының текстологиясы. – Алматы: Ғылым, 1987. – 223 б.
6. Лихачев Д.С. Текстология на материале русской литературы Х-ХҮШ вв. 2-ое изд. – Ленинград: Наука, 1983. – С. 235.