Қазақ лингвотекстологиясының қалыптасу, даму тарихы | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Авторы: ,

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №1 (60) январь 2014 г.

Дата публикации: 08.01.2014

Статья просмотрена: 219 раз

Библиографическое описание:

Убайдуллаева, Г. Ж. Қазақ лингвотекстологиясының қалыптасу, даму тарихы / Г. Ж. Убайдуллаева, З. Н. Махамбетова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2014. — № 1.2 (60.2). — С. 82-84. — URL: https://moluch.ru/archive/60/8926/ (дата обращения: 18.12.2024).

Қазақ әдеби тілінің зерттелуінде зор еңбек сіңірген ғалым Рабиға Сыздық: «...текстология мәселесіне тек әдебиет зерттеушілері ғана емес, ең алдымен тіл мамандары қатысуы шарт. Өйткені, әдеби тіл мен көркем әдебиет тілін зерттеу ісі тексті зерттеу және авторды табу проблемаларымен қабысып жатқанын көреміз. Әсіресе мұның қазақ филологиясы үшін үлкен мәні бар. Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінде және ертеректегі қазақ әдебиеті шығармаларында осы күнгі қалың оқуша жұртшылыққа түсініксіз болып келетін жалғыз араб-парсы сөздері емес, бұларда қыруар көне түркі сөздері немесе басқа туысқан түркі тілдерінен ауысқан сөздер, сондай-ақ моңғол сөздері бар. Оларды көпшілік, әсіресе жастар түсіне бермейді. Бұларды сол баспаны даярлаушы әдебиетші де әрдайым түсіндіре алмайды. Оларды сөздердің төркінін арнайы іздеп зерттейтін тіл маманы ғана түсіндіріп береді. Осы күнгі шын мәніндегі текстолог жай әдебиетші емес, бір жағынан әдебиет тарихшысы, екіншіден, әлеуметтік тарихты жақсы меңгерген, үшіншіден, тіл білімінен хабары бар маман болуы шарт», - деген ұсыныстар жасайды [1, 3].

Шығарманың түріне, зерттеудің қай тұрғыдан жүргізілуіне байланысты текстологиялық талдаудың да өзіндік ерекшелігі болмай тұрмайды. Талдау ерекшелігіне, яғни шығармаға қай тұрғыдан зерттеу жүргізуіне байланысты текстология мен лингвотекстология салалары айқындалды. Лингвотекстология ғылымы өзінің зерттеу нысанына қарай: а) ауыз әдебиеті үлгілерінің лингвотекстологиясы; б) ежелгі дәуір әдебиетінің лингвотекстологиясы; в) қазіргі заман әдебиетінің лингвотекстологиясы деп бөлінеді.

Әдебиет тарихында ауыз әдебиеті, ежелгі дәуір әдебиеті және қазіргі заман әдебиетінің айырмашылықтары болатыны секілді текстология ғылымы зерттеу міндеттері мен өзіндік айырмашылықтарымен ерекшеленеді:

- егер қазіргі әдебиет шығармаларының авторлық қолжазбалары сақталған болса, ежелгі дәуір әдебиеті шығармаларының көбінесе көшірмесі ғана сақталған. Ал ауыз әдебиеті шығармалары баяндаушыдан жазылып алынған күйі ғана жеткен. Осыларға байланысты мәтінгер маман түпнұсқаға ең жақын вариантты қайта қалпына келтіруге міндетті;

- ежелгі дәуір әдебиеті шығармаларына тән екінші бір ерекшелік–автордың лақап атпен берілуі. Бұл бүгінгі әдебиетімізде де қайта жаңғырып келеді. Дегенмен автор жайлы деректі әр уақытта табуға болады. Кейде ежелгі дәуір әдебиеті шығармаларының авторы белгісіз болып келеді. Онда мәтінгер шығарма стилі мен палеорграфиялық зерттеулер арқылы авторды анықтауға немесе телуге міндетті;

- осылар секілді зерттеліп отырған материалдардың жазылған орны мен уақыты белгісіз болуы мүмкін. Бұларды анықтау да ежелгі дәуір әдебиеті текстологиясының міндеті.

- ежелгі дәуір әдебиеті шығармаларының көшірмелері өте аз немесе қалып кеткен жерлері болса, түпнұсқаны қайта қалпына келтіру де мүмкін болмай қалады. Ал қазіргі әдебиет текстологиясының басты міндеті тұрақты мәтін қалыптастыру болып табылады.

Зерттеуші ғалымдар еңбектерін осы екі сала тұрғысынан сараласақ, лингвотекстология мәселелеріне әлі де болса өз дәрежесінде мән берілмей отырғанын көреміз. Ал шындығына келсек, бұл мәселенің маңыздылығы текстология ғылымының теориялық негізі алғаш қалыптаса бастаған кезеңнен-ақ аңғарылған болатын. Академик Д.С.Лихачев: «Мәтіннің дұрыс оқылуы – дәуір тілі туралы мол білімнің кепілі. Өкінішке орай, қазіргі басылымдар мен зерттеулердегі мәтінді дұрыс оқымаудан кеткен қателердің көпшілігі шығарма жазылған дәуір тілін жақсы білмеуден болып отыр»,-дейді [2, 102].

Баспасөз бетінде лингвотекстология мәселелерін алғашқылардың бірі болып қозғаған мақала - Ш.Сарыбаев пен Ә.Құрышжановтың «Халық жырларының текстологиясы». Кез келген жырдың бірнеше нұсқасы болуы мүмкін және олар ауызша орындаушылардан қағазға түсіріліп қана ғылыми айналымға енген. Олардың бір-бірінен түрлі айырмашылықтары болуы заңды. Кейбір айырмашылықтар жырдың ғылыми құндылығына да нұсқан келтіріп тұрады. Сондықтан мақалада жыр тілінің көнелігін сақтап, көлемі мен көркемдігін қалпына келтіру қажеттігі айтылған [3, 21].

Ал Қ. Өмірәлиевтің «Оғыз қаған ескерткішінің текстологиясы» деген мақаласында «...жазба ескерткіштің бүкіл сюжеттік-композициялық құрылысын, сөйлем жүйесін, белгілі топтағы дағдылы сөздердің (формулалардың) келу орынын, дәстүрліктің сақталуын, бұзылуын, дыбыстағы және грамматикалық формадағы айырымдарды т.б қарастырады», - деп текстология ғылымының кей мақсаттары сөз болған [4, 69]. Көшірмелер арасындағы айырмашылықтар фонетика, лексика, синтаксис салаларына жіктеле зерттелген. Ғалымның бұл мақаласы – тіл мен әдебиетті қатар алып ұштастыру нәтежесінде жазылған бағалы еңбек.

Абай шығармаларының текстологиясын зерттеген ғалым Қайым Мұқамадқанов текстологияның теориялық мәселелерін де былайша сөз етеді: «Оқырман көңілінен шыққан, көпке танымал болған әдеби туынды халық қазынасы, халық мүлкі екендігін ескерсек, көркем шығарма тексті жақсақтықтардан аулақ, ешбір ақауы жоқ, мүлтіксіз болуы шарт. Бұл түптеп келгенде қоғамдық маңызы бар іс деп қараған жөн [5, 51]». Ал, текстің бұрмаланып, кейде өзгеріске ұшырап кетуінің себептері сан – алуан:

1.  машинка мен әріп терушінің байқаусыздығынан кеткен.

2.  корректор мен редақтордың тарапынан кеткен.

3.  кейде автордың өзі байқамай, жаңсақ жазылып бір сөз түзетілмей бір басылымнан келесі басылымға ауысып жүре береді.

Әрине, мұның бәрі халық игілігіне айналған көркем шығарманың сыр-сипатына, ажарына, нұқсан келтіріп, сапасын бәсеңдетері сөзсіз. Сондықтан текстология мәселелерімен шұғылданып жүрген әдебиет мамандарының міндеті- әдеби текстің бастапқы, дұрыс нұсқасын анықтау, үйлеспей, сөйлемнің шырқын бұзып тұған ағат сөздің түпкі төркінін табу болып саналады. Демек, әдебиеттану ғылымының шағын бір саласы текстологияның да иығын тосар өз жүгі мен тауқыметтері баршылық.

Бізде әдеби туындыны қайтадан басылымға әзірлеу үстінде ғылыми –зерттеу және баспа орындарында текстологиялық жұмыстар жүргізуге айрықша мән берілмей келеді.

Соның салдарынан бір басылымда кеткен қате түзетілмей, кітапта мықтап орын теуіп алады да, келесі басылымдарда «дұрысы осы» делініп, сол күйінде жүре береді.

Әдеби шығарма текстінің қат –қабатына, иіріміне, сөз тіркестері мен сөйлемдеріне үңіле қарап барлау жасаған адам із кескен аңшыға ұқсас. Текстология мәселелерімен шұғылданған маман «мен мұндалап» көптің көзіне шалынып тұған кінәратты сөйлем мен сөздерді тәртіпке келтіріп қана қоймай, кейде шиеленіскен, күрделі қателердің түйінін шешумен айналысады».

Текстологияның теориялық мәселелерінің бірі – мәтін түрлері, мәтіннің нұсқалары, варианттары, қолжазба түрлері т.б. Олардың бір-бірінен айырмашылығы болмай тұрмайтыны рас. Айырмашылығының азды-көптігіне қарамастан текстология ғылымы үшін олардың бар болғанының өзі маңызды. Осы теориялық мәселе туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Әзібаева: «бір туындының бір жыршыдан / айтушыдан арасына біраз уақыт салып жазылып алынған мәтіні, бір шығарманың екі я одан да көп орындаушыларынан жазылып алынған мәтіндері, белгілі бір шығарманың еліміздің түрлі аймақтарында жазылып алынған мәтіндері, белгілі шығарманы бір жыршыдан тараған, бірақ ұстазынан үйренген шығарманы өңдеп, өзінше жырлаған шәкірттерінен жазылып алынған мәтіндері т.б. сол шығарманың варианттары болып табылады» деген [6, 26].

Ал мәтін нұсқаларының көп болуы текстология ғылымын нақтылықтан алшақтатуы мүмкін, сол себепті текстологтың мақсаты негізгі нұсқаны таңдап алып, салыстырылған нұсқалардан авторлық нұсқаны таба білу және авторлық нұсқаны ғана елге танымал ету болып келеді. Бұл - текстологтың басқа нұсқаларды халық жадынан шығаруға әрекет етуін туғызбау керек. Текстологияның осы теориялық мәселесіне келгенде Ы. Дүйсенбаевтың ғылымға қосқан зор еңбегін баяндай келе, зерттеуші Ақан мынадай тұжырым түйеді: «Ы.Дүйсенбаев жоғарыда аталған екі нұсқаның әр алуан сөз, жол айырмашылықтарын салыстыра отырып, талдап көрсетсе де, солардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін ашып айтпайды. Мұнысы дұрыс болған, өйткені текстологиялық ғылымда әр нұсқаның өз болмыс-бітімімен өмір сүруге хақысы бар деп саналады, себебі бұл ғылым үшін де аса қажет. Тек бір жағдайда ғана жолдар өзгертілуі мүмкін: сөз немесе тұтас жол, шумақ мағынасыз болса, не оқып ұғуға мүмкін болмаған кезде ғана, логикалық үйлесім-жүйемен басқа вариантқа қарап сол сөз, сөйлемдерді қалпына келтіруге мүмкіндік туады. Осыларды ескере отырып, автор ауызекі "қалай айтылып келген болса, дәл солай жазу" принципін ұстанған, бұл фольклортану үшін де, текстология үшін де ең басты шарт боп есептелетіні белгілі [7, 21]».

Бір қуанарлығы соңғы жылдары текстология мәселеріне көбірек көңіл бөлініп келеді. Тек мақалалар, жинақтар ғана жарық көріп жатқан жоқ, сонымен қатар ғылыми диссертациялар да қорғалуда. Атап айтсақ, М.Имашев «Біржан Сара айтысындағы өмір шындығы мен оның көркемдік ерекшеліктері», 1992; Г.Убайдуллаева «Махаббат-наме (ХІVғ.) ескерткішінің текстологиясы», 2001; А.Болсынбаева «М.Әуезов. Қараш-қараш оқиғасының повесі», 2004; Г.Рахимбаева «Шығыс Қазақстан өңіріндегі тарихи жырлар», 2005 және т.б.

«Қазақ фольклоры мен әдебиет шығармаларының текстологиялық зерттелуі» (Алматы, 1983) деп аталатын кітабаның алғы сөзінде М.Жармұхаметов: «Әрине, туған әдебитеміздің 60 жылдан аса жемісті өмір сүріп келе жатқан мерзімінде текстология саласында ешбір еңбек жазылмады деуге болас»,-деп әр жылдарда жазылған мақала, зерттеулерде көтерген мәселелерге тоқталып, бұларда текстологияның теориялық та, практикалық та мәселерінің қамтылғанын айтады.

Аталған мақалалар мен зерттеулер әр түрлі шығарманы текстологияның әр қырынан сөз еткен. Олай болса, қазақ филологиясында да текстологияның да, лингвотекстологияның да теориялық мәселелеріне қатысты айтылған ой-пікірлерді ғалымдар еңбектерінен қалқып алып, жүйелеп, бірізге түсіретін уақыт жетті.

Әдебиет:

1.      Лихачев Д.С. Текстология на материале русской литературы Х-ХҮШ вв. 2-ое изд. – Ленинград: Наука, 1983. – С. 235.

2.      Сыздықова Р. Текстология мәселелері // Қазақ әдебиеті. - 1964. – 27 март.

3.      Құрышжанов Ә., Сарыбаев Ш. Халық жырларының текстологиясы туралы // Қазақ ССР Ғылым академиясының Хабарлары. Тіл әдебиет сериясы. - 1959. - № 9. - 19-25-бб.

4.      Өмірәлиев Қ. Оғыз қаған ескерткішінің текстологиясы //Ескі түркі жазба ескерткіштерінің зерттелуі. – Алматы: Ғылым, 1983. – 63-72 бб.

5.      Мұхамедқанов Қ. Абай шығармаларының текстологиясы. – Алматы: Жазушы, 1959. - 125 б.

6.      Тәуелсіздік кезеңінде жарияланған көркем шығармалардың текстологиясы / Жауапты редактор: ф.ғ.д., профессор Б. Әзібаева. – Алматы: Тіл, 2012. – 184 б.

7.      Ақан А.Ү. Р. Мәзқожаев жырлауындағы «Көрұғлы» эпосы (сюжетикасы мен текстологиясы)». // Кандидаттық диссертацияның авторефераты, – Алматы, 2010. – 32 б.

Основные термины (генерируются автоматически): мена, Текстология, Алматы, бар, оса.


Задать вопрос