Соңғы онжылдық шамасында еліміздің білім саласында білім беру сапасын арттыруға, мектеп және бала-бақшамен қамту, жалпы дайындықтарды жан-жақты жетілдіру бағытында көптеген бастамалардың орын алуы әрбір қазақстандықтар үшін қуанарлық жағдай. Біліктілік арттыру жағдайында да соңғы жылдары мүмкіндіктер көкжиегі өз аясын шектеусіз кеңейтуде, отандық және шетелдік ең озық үлгідегі ғылыми-теориялық бағдарламалар бойынша курстардың оқу-тақырыптық жоспарлары құрылуда. Педагогтар тарапынан туындайтын кешенді проблемаларды көтеріп, бүкіл қоғамның алдында келелі міндеттер қойып отырған «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жалпы орта білім беретін педагог қызметкерлердің кәсіби құзырлығы мен зияткерлік әлеуетін дамыту мақсатында біліктілік арттырудың жаңа мазмұндағы деңгейлік бағдарламасы 2012 жылдан бастап өз жұмысына қызу кірісіп те кетті. Білім саласының жанашырлары мен барлық жаңашылдар педагогтар бағдарлама мазмұны мен тұжырымдамалық аспектілерін өте маңызды құндылық ретінде қабылдауда.
Педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың деңгейлік бағдарламалары ескірген әдістемелік жүйені жаңғыртуға, білім беру үдерісінің сапалық және нәтижелік басымдылығын арттыруға, бағалау жүйесіне өзгерістер енгізуге, ең бастысы оқушылардың оқу мен оқытудағы сұраныстары мен қажеттіліктерін қанағаттандыру жолдарын жан-жақты ойластыруға жол көрсетуде. Осы бағдарламаның негізгі мақсаты мен түйінді идеялары дұрыс сақталып орындалған жағдайда ұлттық білім беру жүйесінің білім мен ғылымды өркендете отырып, мектептегі орта білімнің мазмұнына ғылыми-практикалық прогрестің соңғы жаңалықтарын енгізудің ұтымды құралы болатыны анық.
Заманауи сұраныстардың қажеттілігін ескере құрылған Бағдарлама талаптарына сай жаңа жүйе маманына өте қажет:
· өзгерістерге ауыртпалықсыз бейімделе алу мүмкіндіктерін қалыптастыра алатын білімі мен білік-дағдылардың болуы;
· бағдарлама мазмұны мен кәсіби педагогикалық қызметті қисынды әрекеттестіру, идеяларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейту болжамдарының болуы;
· ұстаздардың ұйымдастырушылық, ойлау және метатанымдық дағдыларын қалыптастыра білуі;
· 7 модуль идеяларына сәйкес өзекті және түйінді проблемаларды шешу мақсатында білімі мен дағдыларын қолдану тәжірибесін кеңейтудегі бастамашылдығы мен көшбасшылығы;
· әріптестердің әрекеттесуіндегі шынайылылық, ынтымақ және сенім. Ізгіліктілік сипаттағы көшбасшылық.
Аталған талаптар қандай қажеттіліктер туғызады? Әрине, білім беру жүйесінің түбегейлі өзгерістерге жетелейтін мазмұндық, әдістемелік, әдіснамалық және қарым-қатынас өзгерістері. Осы өзгерістерге қатысты Бағдарламаның кейбір тұстарына тоқталар болсақ:
- Карл Роджерстің «Мен-тұжырымдама» идеясы – сабақтың мақсат-міндеттерін анықтауға өте тиімді, өзгеріс пен нәтижеге нақты жетелейді, танымдық, эмоционалдық және әлеуметтік кедергілерді анықтау үшін, оқу мен оқыту үдерісін гуманистік тәсілде ұйымдастыруда маңызды, сонымен қатар мұғалімнің көзқарастарын өзгертуге жетелейді, қалай оқу керектігін үйрену жолдарын меңгереді.
- Блум таксономиясының аспектілерін көп жағдайда мұғалімдер мақсат қоюда пайдалануда, бірақ менің пайымдауым бойынша аталмыш таксономияның аспектілері күтілетін нәтижелерді белгілеуде, сабақтың қаншалықты табысты өткендігін талдап-жинақтауда, оны өлшеу бағытында маңыздылығы басым секілді. Сол сияқты оқу мен оқытудағы әрекеттерді талдауға, сыни тұрғысынан ойлау дағдыларын дамытуда тиімділігі жоғары.
- диалог, сұрақ қою және метатаным - коммуникативтілік дағдылар танымдық қажеттіліктерді өздігінен қанағаттандыруға қол жетімділікке жетелейді.
- Дональд Шон «Рефлексивті практик» - техникалық ұтымдылықтан кәсіпқойлық ұтымдылыққа шығу, іс-әрекеттегі және іс-әрекеттен кейінгі толғаныстарды ұсынады. Мұғалімдер нені оқыту емес (мазмұны), қалай оқу мен оқыту қажеттілігін түсінуде, яғни инновациялық педагогика мен әдістеме талаптарын меңгеруде маңызды рөл атқарады.
- мектептегі тәжірибе кезінде орындалатын 8 тапсырманың барлығы сабақ құрылымынан орын алуы тиіс, яғни сабақ құрылымын жаңарту осы үлгіде қарастырылғаны өте дұрыс, қайталаудың қажеті жоқ, курстан өткен мамандардың барлығы дереккөздермен қамтылған.
Оқыту әдістеріне келер болсақ, проблемалық оқыту, интерактивті дәрістер, бірлескен топтық оқыту, өзіндік жеке оқу, оқитындар мен оқытатындардың өзара әрекеттестігінің негізгі тәсілі бойынша, іс-әрекет арқылы, құрылымдалған топтық оқыту түрлері қолданылуда.
Курсқа келген мектеп мұғалімдері оқудағы кедергілерді білу және оларды жеңу әдістерін жақсы меңгеруі үшін нұсқаулық пен қосымшадағы материалдарды зерделеудің тиімді әдіс-тәсілдері таңдау арқылы ұсынылады. Осы тұста тренердің ұйымдастырушылық қабілеттерін дұрыс пайдалануы көрініс таба алады, сабақ барысында мұғалімдерді топтастыру жұмыстарына мән беру, қалаулы топтардың пайда болуынан, топ ішіндегі ахуалдың бұзылуы мен оның кері әсерінен сақтану керек деп ойлаймын. Топтағы жағымды психологиялық ахуал бар жерде, әлеуметтік серіктестіктер жақсы жұмыс атқарады, бірлескен әрекеттер жүргізуді жоспарлай отырып, оның сапасы мен деңгейін арттырып отыру тағы бір мәселе бола алады.
Қаншалықты кедергілер кездескенмен оны заңдылық ретінде қабылдау қарастырылса, осы кедергілерді бірімен-бірін байланыстыра қарастыру, оңтайлы шешу жолдарын ойластыру, оған мұғалімдердің өздерін қамту, оларды тек тыңдаушы ғана емес, белсенді серіктестерге айналдыру, өздігінен реттелу аймағына жетелеу, тыңдау машықтарынан бастап, зерделеу, талдау, сұрыптау, ой қорытуға дейін өсіру екінші заңдылық деп танимын. Осылайша екі заңдылықты кіріктіру мәселесі тренердің басты мәселесі деп білемін.
Мұғалімдерге қиындық әкелетін мәселе, ол бағдарламаның ғылыми-теориялық тұжырымдарын меңгеру, қосымшалармен жұмыс жасау, ақпараттарды сындарлы саралау болып табылады. Ащы болса да шындық, мұғалімдердің 50 пайыздан жоғары бөлігі өз бетімен оқуды қаламайды, икем-дағдыларын дамыта алмайды, бейімделуге көп уақыт кетеді.
Оқығанды талдау, негізгі идеялардың тұжырымдарын тану, бірнеше идеялардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын, ерекшеліктерін, тобықтай түйінін табу секілді логикалық және сыни ойлау жағдаяттарында тіпті пайызымыз азайып кетеді. Сыни ойлауды оқушыда дамыту үшін, әуелі, мұғалімнің өзінде ол көрініс табуы қажет. Деректерді жинақтауда, оның орындаған функциясының сипатына қарай айыра білу, талдап-жинақтау, болжамдар мен қорытындылар жасау, бақылауларды жүргізу, жауаптарды күрделендіру мен нәтижеге бағыттау үшін қайта бағыттау сұрақтарын қою секілді педагогикалық қызметтің осындай аспектілерін орындаудағы кәсіби жетілу әлі де дамытуды қажет етеді.
Сондықтан да курс барысында аудиториялық жағдайда оқыту әркез әртүрлі қаралады, кейде алдын-ала талдау тәжірибесімен, кейде топта жеке оқумен, топтық талдаулармен, тренердің оқуымен де қарастырылып отырды. Бәрі дұрыс, бірақ оның тағы бір түсініксіз жағы бар. Сол бағытта мектеп жағдайында көптеген өзгерістер болуы керек деп ойлаймын. Ол мұғалімдердің кінәсі болғанымен, тек жалғыз ғана мұғалімнің кінәсі емес. Қалыптасқан жүйенің де пайдасынан гөрі, кері әсері өте көп екендігін курстан өткен барша ұстаздар мойындайды деп ойлаймын.
Ол қандай жағдай? Ол толған кедергілер, мектеп жағдайындағы танымдық, эмоционалдық және әлеуметтік кедергілердің орын алуы. Мектеп жағдайында жүргізілетін кәсіби өсу шараларының заманауи сұраныстарға сәйкес келмеуі, әдістемелік бірлестік, ғылыми бағыттағы жұмыстардың шынайылығының жетіспеушілігі, жаттанды немесе есеп беру үшін, жалған формада ұйымдастырылуы деп ойлаймын. Кей жағдайларда, тіпті курстан өткен мұғалімнің де кәсіби әрекеттеріне мектеп басшылары тарапынан кедергілер келтірулері, таңдау, әрекет ету мүмкіндіктеріне шектеу қою кездеседі. Көпке топырақ шашудан аулақпын, өз қызметіне берік, жаңалыққа құмар, алысты барлап, жақында жалғап отыратын кәсіпқой басшыларымыз да жеткілікті, дегенмен олардың да жұмыстарын сараптауда ескі жүйе диагностикасы басып кетеді ме деген ойдамын.
Бұрынғы тәжірибемен салыстырғанда мұғалімдердің өзін-өзі реттеулеріне мүмкіндіктерді кеңейте бастағаным байқалады. Кез-келген пікірді тыңдауда, оны қабылдау мен саралауда, өзіндік көзқарастарымды білдіруде бағдарлама идеясымен үйлесуіне мән беруге тырысамын. Ойларым мен жоспарлаудағы әрекеттерге қажет мазмұнды сындарлы құрылымдауға машықтана бастағандығым қуантады. Бұл сындарлы ойлаудың дамуынан болған ілгерілеушілік деп танимын. Кәсіби дағдыларды дамыту арқылы оқыту мен оқу үдерісін жаңаша ұйымдастыру, модульдердің философиялық түйіні мен ескерілетін тұжырымдамалық аспектілер теориясын меңгертуге қатысты қайта бағыттау сұрақтарын құрастыру, жоспарлау тұрғысынан мұғалімдеріміздің кейбір елемеген тұстарына назар аудару, іс-әрекет нәтижелерін талдауға машықтандыру тәжірибелері пысықталуда.
Курс аясында мұғалімдер қорытынды, тұжырым жасаудың әдістерін меңгеріп, өзінің атқарған жұмыстарына есеп беріп отыруды үйренуде. Мұғалімнің білімін көтеру ісі ең алдымен оның өзіне қарай бағытталғанда ғана, ұстаздардың өз санасын дамытып, атқарып отырған қызметінің мәнін терең ұғынуы, соған сәйкес өзін-өзі жетілдіруі, шығармашылыққа ұмтылуы қалыптасатын болады.
Мұғалімдердің курсқа қатысу белсенділіктерінің нәтижелерін өзгемен емес, өздерімен салыстыру қарастырылған. Курс басында теорияны қабылдауға қиналып, топ алдында ой-тұжырымдарын айтуға батылдары жетпей, шешім қабылдаудан қысылатын бірқатар әріптестер өз ұстанымдары мен құндылықтарын анықтап, көзқарас пен шешімдерден тұратын сатылы білім беру сызбаларын жүйеге айналдыруға да ұмтылуда, көп өзгерістерге келуде.
Бағдарлама әр адамның қолында әртүрлі қолданылатындығы және әр деңгейде табыстылыққа жетелейтіндігін көріп жатырмыз, дегенмен өзіңнің бар кәсіби тұтастығыңда өн бойыңнан өткізбей жеміс беру қиын екенін түсінудемін. Тәжірибені өзгертудегі маңызды рөл атқаратын технология немесе бағдарлама емес, адамның білім, тәжірибесі, көзқарастары мен шешімдері, соған орай жасалған әрекеттері екендігіне көз жеткізілуде.
Біліктілік арттырудеңгейлік бағдарлама мазмұнын меңгеру нәтижесінде ұстаздар кәсіби әлеуетінің айтарлықтай өскені көрінуде. Жаңалық болған ғылыми теориялар да аз емес, ақпараттарды талдау, жинақтау, әдіснамалық қабілеттер жетілдіруде рефлексивтік есептер мен мақала жазу машықтары қалыптасуда, педагогикалық бақылау жасау мен зерттеу икем-дағдылары пайда болуда. Еліміздің әлемдік деңгейдегі білім кеңістегінен орын алу стртатегиясының мақсаттарына орай, мұғалімдер мен басшылардың мектептегі білім беру үдерісін жаңарту қызметі оқушылардың белсенділік әрекеттілігін қалыптастыру, заттық-кеңістік ортаны оқушы сұранысына қарай пайдалану, білім ордаларында мәдениеттану, ағарту және ақпараттандыру жұмыстарын табысты жүргізуі арқылы мектепті әлеуметтендіру институтына айналдыра алуымен ғана көрініс таба алады.
Әдебиет:
1. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.
2. Тренерге арналған нұсқаулық. ІІІ (негізгі) деңгей. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ. – Астана, 2012.
3. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық. ІІІ (негізгі) деңгей. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ. – Астана, 2012.
4. Тренердің жеке тәжірибесінен, рефлексивтік есептері мен күнделігінен.