Консалтинг (ағыл. consulting) ұғымының аудармасы кеңес беру, ақылы кеңес беру дегенді білдіреді. Жалпы бұл кез келген құбылыстың ұйымдастырушылық дамуы мен басқару салаларының күрделі мәселелерін шешуге бағытталған интеллектуалды шара. Сонымен қатар, кеңес берушілік және тәжірибелік қызметтердің кең дәрежелі кешені, сараптамалық, техникалық және экономикалық мәселелер бойынша арнайы кеңес беру қызметі.
Жалпы бұл ұғым ХХ ғасырларда батыстан енгендіктен, оның консультация түсінігі баршамызға баяғыдан белгілі. Мәселен, С.И. Ожеговтың «Орыс тілінің сөздігі» еңбегінде: «1. Кез келген іс жөніндегі мамандардың кеңесуі. 2. Мамандарға берілетін кеңес. 3. Осындай кеңес беретін ұйым. 4. Оқушыларға пәнді игеруге беретін ұстаздың көмегі» [1], - деп жазылған.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «1. Белгілі бір мәселеге байланысты мамандардың жиналысы. 2. Белгілі бір маманның тарапынан берілетін кеңес. 3. Кеңес беретін мекеме. 4. Тақырыпты ұғындыру үшін мұғалімнің оқушыға көмек көрсетуі» [2], - деп жазылған.
Үлкен Совет Энциклопедиясында «консультация» деп көрсетіліп, оның оқу, медициналық, құқықтық түрлерінің бар екендігі баяндалады [3] және Қазақ Совет Энциклопедиясы Бас редакциясының ұсынған төмендегідей анықтамалары сәйкес келеді: «Консультация (лат. consultatio, consulto – кеңесемін, талқылаймын, қамқоршы боламын) 1) қандай болмасын бір мәселе жөніндегі маманның кеңесі, оқытушылардың оқушыларға, студенттерге емтиханға дайындық кезіндегі көмегі; 2) бір мәселе бойынша мамандар кеңесі; 3) белгілі практикалық мәселе жөнінен мамандар кеңесі арқылы халыққа көмек беретін мекеме» [4].
«Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында бұл ұғым консалтинг (ағыл. сonsult – кеңесу, кеңес құру, назар аудару) деп беріледі және мынадай анықтама ұсынылады: «шаруашылықты басқарушыларға және түрлі ұйымдардың басқарушы қызметкерлеріне кәсіби көмек көрсету, кеңес беру, оқыту» [5].
Бұл терминге қатысты өзге де анықтамаларға тоқталсақ. Консалтинг – нарықта тауарларды болжау, қызмет және инновацияны зерттеу, фирманы тізімдеу және жасау, сыртқы экономикалық байланыс, қаржы, сатып алушыларға кең көлемдегі экономика төңірегіндегі сұрақтары, сатушылар, өндірушілерге қорытындылаушы кеңес беру жөніндегі серіктестіктің жұмысы. Кеңес беру жұмыс көрінісінде жекелеген маманданған консалтингтік фирма болуы мүмкін. Жаңа мекемені құрғанда, құрушы құжат пакеттерін дайындауда консалтинг құрылу көмегінің болуы [6].
Экономика және басқару бойынша кеңес берушілердің Европалық ассоциация федерациясының ұсынысы бойынша: «Басқару мәселелеріне қатысты тәуелсіз кеңес пен көмек беру, оны орындау жөніндегі мүмкіндіктерді айқындау мен бағалаудағы жоғарғы санатты мамандардың ұсынысы» [7].
Ресейлік В.М. Попов секілді т.б. авторлар пікірінше: «Клиенттің мәселесі мен берілген саланың ғылыми-техникалық және ұйымдастырушылық-экономикалық инновациялары ескерілген даму басымдықтары айқындаған сараптамаларды негізгі міндет деп санаған интеллектуалды қызметтің түрі» [8].
Жалпы саяси кеңес беру арқылы даярланады:
- саяси міндеттерді шешуге бағытталған ұсыныстарды дайындау;
- көпшілік имиджін алға жылжыту;
- репутациялық консалтинг;
- тапсырыс берушінің ақпараты негізіндегі баяндамалар, есептер мен бағдарламаларды дайындау;
- белгілі бір ұйымның бағдарламасы мен идеологиясын дайындау;
- тұрғындармен тиімді үгіт-насихат жұмыстары әдістері;
- саясаткер, кандидат, партияның имиджіне психологиялық сараптама мен жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру;
- саяси бәсекелестер имиджіне салыстырмалы сараптама;
- электоратқа ықпал етудің психологиялық тәсілдеріне сараптама;
- бәсекелестердің үгіт-насихат науқандарына қарама-қайшы әдістер, деструктивті саяси технологияларды жою;
- бұқаралық саяси акцияларды өткізу ерекшеліктері;
- жеке әлеуметтік категориялармен (жастар, зейнеткерлер және т.б.) жұмыс жүргізу ерекшеліктері;
- мақсатты аудиторияның негативті ұстанымдары мен стереотиптерін жеңу жүйесін дайындау;
- БАҚ, партиялық бағдарламалар мен басқа материалдар мәтіндерін арнайы зерттеу;
- саяси баяндамалар мәтіндерін дайындау және психологиялық сараптама, спичрайтинг.
- саяси ұстаным технологиялары;
- сайлау науқанының менеджменті;
- ақпараттық қауіпсіздік ұйымдастыру;
- сараптамалық материалдарды дайындау;
- саясаткерлер мен саяси құрылымдарды ақпараттық-сараптамалық қолдау;
- ұзақмерзімді имидждік бағдарламаларды дайындау және енгізу.
Қазақстан Республикасы саяси консалтингі нарығының негізгі басымдығы ретінде саяси процестер мазмұнын терең талдау, саясаттағы негізгі ойыншылар қимылдарын модельдеу мүмкіндігі, оқиғаның дамуын болжау болып табылады. Біздің ойымызша, аталған тұжырымдар осы құбылыстың түрлі сипаттамалық феноменін айқындайды [9].
Әдебиет:
1. Ожегов С.И. Словарь русского языка // Под общей редакцией академика С.П. Обнорского. – 2-е издание, исправленное и дополненное. – М., 1952. – С. 255.
2. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1980. - 5 т. – 73 б.
3. Большая Советская Энциклопедия (В 30 томах) / Гл. Редактор А.М. Прохоров. – Изд. 3-е. – М.: Советская Энциклопедия, 1973. – Т. 13. – С. 58.
4. Қазақ Совет Энциклопедиясы / Бас редакторы М.Қ. Қаратаев. – Алматы: Қазақ Совет Энциклопедиясының Бас редакциясы, 1974. – 5 т. – 571 б.
5. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. / Бас ред. Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2002. – 4 т. – 634 б.
6. Орысша-қазақша қазіргі уақыттағы экономикалық түсіндірме сөздік (2100 жалпыға әйгілі сөздер) / Құраст. К.Ж. Оразалин, М.М. Жантасов. – Алматы: LEM, 2001. – 156-157 бб.
7. Кларин М.В. Корпоративный тренинг от А до Я. – М.: Дело, 2002. – С. 99.
8. Попов В.М., Ляпунов С.И., Филиппов В.В., Медведев Г.В. Современные бизнес-технологии. – М.: Кнорус, 2006, - С. 91.
9. Насимов М.О., Паридинова Б.Ж. Кеңес берудің саяси ғылымдардағы орны // Молодой ученый. – 2014. - № 1(2). – 47-48 бб.