Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкүндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз- белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар мен азаматшаларды тәрбиелеп шығару [1]. Бүгінгі таңда Қазақстандағы және ТМД елдерінің құрамына енетін көптеген республикалардағы аса көкейкесті мәселелердің бірі – балалардың әлеуметтік-психологиялық жағдайы, денсаулығы, қоршаған ортаның баланың өміріне белсенді қатынасуы, өздеріне және әлеуметке оңды қатынасы және оларды құқықтық жағынан қорғау. Бұл мәселелердің оңтайлы бір шешімі жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларды дамытуға, тәрбиелеуге, оқытуға қатысты, теориялық және практикалық педагогикалық, психологиялық негіздерді айқындаумен байланысты.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев еліміздегі жетім, тастанды, ата-анасының қарауынан айырылған балалардың көптігіне және балалар үйлері мен интернат мекемелерінің қазіргі жай-күйніе назар аударып отыр. Бұл әлемдегі бірінші орында тұрған мәселе. Дамыған елдерде жетім балалар мәселесі қоғамдық жобалар арқылы шешіліп келеді. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында баланы асырап алған адамдар немесе оған қамқорлық көрсеткен мекемелерге мемлекет және қоғам қолғабыс көрсетеді. Швецияда бала асырап алған отбасыларға қосымша қаржы беріліп, кеңес беретін психологтардың жұмысы тегін көрсетіледі. Еліміздегі мемлекеттік емес ұйым өкілдері тастанды немесе жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар үшін жастар үйлерін ашуды ұсынған болатын. Енді бірі балалар үйлерін жанұя түріндегі үйлерге ауыстыру керектігін айтады. Оның себебін балалар үйінен бала асырап алғандардың көбісінің баланы кері қайтарып жатқанымен түсіндіреді. Жетім балалар саны артқан сайын Үкімет тарапынан бөлінетін қаржы да арта түседі. Осы орайда, әлеуметтік сала бойынша жұмыс істеп жатқан үкіметтік емес ұйым мамандары ата-анасыз қалған балаларды жекелеген отбасыларына беру керек дейді [2,56].
Жетім балалардың әлеуметтендіруге қиыншылық тудыратын себептерге тоқталар болсақ, олар әлеуметтік бейімделу деңгейлерінің, әлеуметтік белсенділіктерінің, әлеуметтік құзыреттіктерінің, әлеуметтік құндылықтарының қалыптасуы төмендегідей болып отыр. Оларды әлеуметтендіру әлеуметтік педагогтар, тәрбиеші педагог қоғам жүйесі арқылы іске асырылуы тиіс деген тұжырым жасауға болады. Демек, жетім балаларға әлеуметтік-педагогикалық тұрғыдан көмек көрсету, өмір сүруге үйрету, өзімен қатар алып жүру әлеуметтік педагог, психологтардың, тәрбиешілердің, кәсіби іс-әрекеттерінің жүйесі болып табылады. Бұл жетім балаларды өзімен қатар алып жүру баланың бойындағы жеке қасиеттерге сүйену арқылы іске асырылады. Жетім балалардың тұлғалық әлеуметтенуіне бағытталған педагогикалық алғы шарттар жасалуы және теориялық тұрғыдан жүйеге келтірілуі, әдістемелік тұрғыдан нақты қарастыру, кезек күттірмейтін мәселе деп айтуға болады. Ол мәселелердің шешімін елі бір, руы бір адамдардың бірін-бірі «бауырым» деген сөздеріне көреміз. Сондықтан, ата-анасынан айырылған тұл жетімдерге немесе ата-анасы баласын бағып-қағуға күйі келмегенде, бір тусы болмаса екіншісі қамқоршы бола білген. Оған бір ғана мысал. Қазақтың ата заңы «Жеті Жарғыда» жесір дауына жеке бір тарау арнауында үлкен мән бар. Мәселе, рулық қауымның жесір әйелді әмеңгерлік жолмен күйеуінің туысына қосуда емес, оның астарында әкесінен айырылған балаларды жетімдік азабынан құтқару, ағайынның қамқорлығына алу идеясы жатыр. Сонымен бірге, екі елді татуластыру, жұртынан алшақтамау, туыстықты жаңарту мақсатында бала алмасу, ол баланы өз балаларынан кем көрмей өсіру жағдайлары түркі халықтарында көптеп кезіккен. Қазақ халқының туысшылдығы соншалық, баласы жоққа өз баласын беру, ұлы не қызы жоққа өзіндегі екінің бірін беру, ал алған жақ балаға жан-жақты қамқорлық жасағаны, есейгенде туғандарына қызғануы, не керісінше, туған ұясына қосуы ата-әкелеріміздің екеуінің бірі басынан кешірген жай. Әрине, талаған салт-дәстүрлердің өзіндік оңды және теріс жақтары болғаны белгілі, сондықтан бірі осы күнге дейін ерекшеленітін қазақ қауымының қамқоршысынан айырылған балаға ата-аналық жылулық сезінетіндей жағдайлар жасап отырған [2, 23].
Отбасы әлеуметтенудің алғашқы сатысы болғандықтан мұнда балалар өсіп, олардың пікірлері, көзқарастары, құндылықтары мен мінез-құлықтары қалыптаса бастайды. Олардың бәріне нақты болатын нәрсе-қарым-қатынас.
Отбасы – болашақ азаматтың әлеуметтену жолындағы алғашқы қадамдарын жасайтын бастапқы қадам. Отбасы тәрбиесінің қоғамдық және мемлекеттік тәрбиеге қарағанда артықшылығы басым. Отбасының жетекшілік маңызы онда тәрбиеленіп жатқан баланың дене және рухани дамуына әсер етуші ықпалдар мәні мен мағынасының тереңдігіне тәуелді келеді. Бала үшін отбасы бір жағынан тіршілік қоршауы болса, екінші тараптан тәрбиелік орта. Баланың алғашқы өмірі жағдайындағы отбасы ықпалы басқа жағдайлар мен кейінгі жас кезеңдерде болатын ықпалдардан басымдау келеді. Зерттеу деректеріне сүйенсек, отбасы - бұл мектеп те, ақпарат көзі де, қоғамдық ұйымдар да да, дос-жарандары да, отбасы - бұл әдеп пен өнер кілті де. Осыдан, педагогтар нақты да дәл тұжырымға келіп отыр: тұлғаның қалыптасу нәтижелілігі ең алдымен отбасына тәуелді. Неғұрлым отбасы жақсы болып, оның тәрбиелік ықпалы ұнамды келсе, тұлғаның тән-дене, рухани-адамгершілік, еңбек тәрбиесінің өнімі де жоғары. Аса бір кездейсоқтық болмаса, әр уақыт тұлғаның кемелденуі келесі заңдылыққа тәуелді: отбасы қандай болса, онда өсіп, ер жеткен адам да сондай. Ата-ана арасындағы, ата-ана мен бала арасындағы, балалардың арасындағы өзара қатынас педагогикалық процестің тәрбиелік механизмдері болып табылады. Олар жеке тұлғалық мән беріп, көзқарастардың дамуына, балалардың мінез-құлығына, олардың адамдарға деген қатынасына әсер етеді. Отбасындағы өзара қатынас сипаты әдет-ғұрыптармен, ата-ананың өзінің бұрынғы отбасынан алған тәрбие-нұсқауларымен, темперамент ерекшеліктерімен, ерлі-зайыптылардың эмоцианалдық деңгейімен, олардың адамгершілік және педагогикалық мәдениетімен анықталады. Осының бәрі ата-ананың балаға деген қатынасында орын алады.
Бұл балаға жетімдік қиянатын тарттырмаудың бір жолы. Қазіргі кезде жетім баланың жарым көңіліне қуаныш сыйлап, баланы өз қамқорлығына алып, оларға ата - аналық махаббатын сыйлаған жандар баршылық. Сондай алтын жүректі жандарға үкіметіміз қолдау көрсетуде. Мысалы, соңғы жылдары баланы жаңа отбасына бейімдеудің тағы бір түрі - патранаттық тәрбие жолға қойылды. Патронаттық тәрбиеның жетімдіктің алдын алуға және баланың үлкендермен айналасындағы адамдардың тұрақты түрде қарым - қатынас жасап отыруына және олардың психикасының дұрыс дамуына әсері мол. Мемлекет қарамағындағы жетім балаларға отбасылық тәрбие беру тәжірибесі жүйелі жолға қойылуда. Солардың бірі – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды патронаттық тәрбиеге алу. Бұл ретте елімізде көптеген отбасылар жетімін жылатпаған ел екенімізді дәлілдеп, мектеп-интернаттардан бауырларына бала басуға құлышынып отырғандары да баршылық.
Патронаттық тәрбие – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, соның ішінде тәрбиелеу, емдеу немесе осы тәрізді басқа да мекемелердегі кәмелетке толмаған балаларға берілетін қорғаншылық және қамқоршылық тәсілдерінің бірі.
Ал, патронат отбасы дегеніміз – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы уәкілетті орган мен баланы тәрбиелеуге алуға тілек білдірген адам арасындағы жасалатын шарт бойынша отбасына тәрбиелеуге берген кезеңдегі нысан. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – ата-ана құқықтарының шектелуіне немес олардан айырылуына, ата-анасы хабар-ошарсыз кетті деп танылуына, олар өлді деп жариялануы на, әрекетке қабілетсіз деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айырыу орындарында жазасын өтеуіне, ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерін қорғаудан жалтаруына, оның ішінде ата-анасының өз баласын тәрбиелеу немесе емдеу мекемелерінен алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-анасы қамқорлық жасамаған өзге де жағдайларда жалғыз асты ата-анасының немесе екеуінің де қамқорлығынсыз қалған 18 жасқа дейінгі тұлға [3, 89].
Патронаттық тәрбие беру жүйесінде әлеуметтік бейімдеу ерекшелігі бала мен отбасын сүйемелдеу қызметінің қатысуымен бала мен отбасының өзара әсерін ескере отырып,баланы жаңа отбасына бейімдеудің факторлары мен шарттарын анықтаудан тұруы тиіс. Жасалынған жағдай бірінші кезекте бейімдеу механизмін қамтамассыз етуге бала мен патронат тәрбиешілер арасында жаңадан жақсы көру сезімін қалыптастыру мен қабылдау қатынастарын орнатуға бағытталу тиіс. Бала өмірінің алғашқы жылдарында үй ішіндегі қарым - қатынас оның ойлау жүйесі мен сөйлеу тілінің дамуына зор үлес қосады. Баланың үлкендермен және айналасындағы адамдармен тұрақты түрде қарым - қатынас жасап отыру қажеттігінің өмірлік мәні бар және оның психикасының дұрыс дамуына да тікелей байланысты болмақ. Ата - аналардың балаға деген оң қатынасыда маңызды рөл атқарады. Эмоционалдық тұрғыдан сәтсіз балаларда интеллектуалдық және танымдық белсенділіктері төмен болады, ішкі қуаттың бәрі алаңдаушылықпен күреске, өзінде жетіспейтін эмоционалдық жылылықты іздеумен бейімделумен кетеді.
Сонымен, әдебиеттерге жасаған талдаудан, шетел, кеңес, отандық ғалымдар мен педагог, психологтардың жетім балалар мен ата-анасынан айырылған балалар жайында зерттеген зерттеулеріне тоқталып, қазіргі таңда өзекті болып отырған патронаттық отбасында бала тәрбилеу, паторнаттық тәрбиеге алу қоғамның басты мәселелерінің бірі екеніне көз жеткіздік.
Патронат ата-ана қамқорлығына алған баласының жанының терең түкпіріне үңіле білсе, баланы тыңдай білсе, өзін де тыңдата алса, бала құқығына қол сұқпай тәрбие ісіне басшылық жасаса, дұрыс нәтижеге жетеді. Патронат ата-ананың өзінің де дүниетанымы кең болып, баланы дүниені танып білуге, байқампаз болуға, білімге қызығушылығын арттыруға күш салып, бүгінгі шешуі қиын деген мәселенің ертең түкке тұрғысыз жеңіл болып қалатынына сендіре білуі керек. Балалармен арадағы қатынас адамгершілік негіздеріне сүйенсе ғана нәтижелі болады. Бала көңілі сезгіш, оның өмір жолын таңдауға өз құқы бар. Сондықтан біз оларға үлкен өмірдің таңдауын жасарда көмек қолын созсақ, сәттілік әкеледі. Бала жаны әрқашан жылу мен мейірімді қажет ететінін естен шығаруға болмайды. Біздің өзіміздің адамгершілігіміз, өз жұмысымызға берілуіміз, баланы сыйлап қадірлеуіміз, әділ шешім шығару арқылы қатаң да дұрыс талап қоя білуіміз маңызды.
«Балалы үй- базар, баласыз үй- қумазар ». Қазақ бауыр етін қастерлеп - әлпештейтін періште жандардың қазіргі тағдыры алаңдатып барады. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мәселесі – қашан және қай уақытта болмасын әрбір мемлекеттің ең өзекті мәселелерінің бірі болып саналады. Сөз жоқ, бұл балаларға еліміздің тарапынан қаншалықты жағдай жасалып жатқанымен де, ата-ананың аялы алақаны мен мейірімі жеткіліксіз. Ата-ананың махаббатын көрмеген баладан қандай болашақ кутемиз? Сондықтан да, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алып, отбасындағы жылы қарым-қатынасты көрип, ата-ана жылуын сезінуіне көмектессек игі еді. Сондықтан жүрегі кең, тұрмысы тәуір азаматтар балалар үйінен қамқоршылыққа, патронатқа бала алып жатса, елімізде жетім балалар саны азаяр еді. «Жетім дегеніміз – балалық шағында тәрбие көрмеген адам »- деген екен бір ғұлама. Ендеше, жетім балалардың жауапкершілігі жоқ ата-ананың құрбаны екендін ұмытпайық.
Әдебиет:
1. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. – Егемен Қазақстан. – 2014. – 18 қаңтар.
2. Патронаттық тәрбие қызметін дамыту. Қызылорда облысының Балалар құқықтарын қорғау департаментінің көмекші құралы.
3. Жарықбаев К.Б., Қалиев С.К. Қазақ тәлім-тәрбиесі. - А., Санат, 1995. – 15-17 бб.
4. Алтынсарин Ы. Таңдамалы педагогикалық мұралары. - А., Рауан, 1991.