Ашаршылық қасіреті | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 30 ноября, печатный экземпляр отправим 4 декабря.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №2 (61) февраль 2014 г.

Дата публикации: 01.02.2014

Статья просмотрена: 14354 раза

Библиографическое описание:

Шайхиева, У. А. Ашаршылық қасіреті / У. А. Шайхиева. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2014. — № 2.1 (61.1). — С. 20-22. — URL: https://moluch.ru/archive/61/9119/ (дата обращения: 16.11.2024).

Кеңес дәуірінде тарихи оқиғаларға берілетін баға жалған мәліметтермен бұрмаланып берілгендігі бәрімізге аян. Тәуелсіздік алғаннан кейін терең зерттеуге жол ашылған тақырыптардың бірі Қазақстандағы кеңестік ұжымдастыру саясаты.

Қазақстандағы ұжымдастыру бүкіл елдегі науқанның құрамдас бөлігі бола тұрса да, одан қазақ халқының басқа ұлт өкілдеріне қарағанда аяусыз қырғынға ұшырағанын көрсетеді.

Кеңес қоғамындағы өзгерістер халықтың белгілі бір бөлігін құрбан ету арқылы іске асырылды. Бұл әсіресе ауыл шаруашылығын ұжымдық негізде күштеп қайта құру саясатында айқын көрінді. Қазақ даласында жүргiзiлген жаппай ұжымдастыру, отырықшыландыру және кәмпеске науқанының салдары қазақ жерiне үлкен қоғамдық - экономикалық және әлеуметтiк өзгерiстер әкелді.

Күні бүгінге дейін ашаршылық геноциді тәуелсіз Қазақстан тарихында обьективті бағасын ала алмай келеді. Кеңестік ұжымдастыру зардаптарының бірі болған осы ашаршылық жылдары ел тарихының тұтас кезеңі ретінде арнайы зерттеуді және ашаршылық кезінде құрбан болғандардың жалпы саны әлі де болса терең зерттеп, анықтай түсуді қажет етеді.

Қазақ байларының малдарын тәркілеу науқаны қазақ даласындағы дәстүрлі мал шаруашылығын күйретуге әкелді. Ашаршылық Кеңес өкіметінің Қазақстандағы мал атаулыны тәркілеу туралы шешімінен бастау алды. Бұл кезде қазақ жұртын бар тіршілігі малдан айырған жағдайда аштан өлуден басқа жол жоқ еді. Сонымен қолындағы барынан айрылған қазаққа біржолата жойылу қаупі төнді. 1931-32 жылдары болған қуаңшылық жағдайды мүлдем шиеленістіріп жіберді.

1932-33-ші жылдардағы ашаршылық – ел тарихындағы ең қасіретті оқиғалардың бірі болып саналады. Қазақ даласындағы ашар­шы­­лық туралы қазақ зиялылары Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Нығмет Нұр­мақов, Ораз Исаев, Сұлтанбек Қожанов және т.б. Мәс­кеуге ресми хаттар дайындады. БК(б)П ОК-нiң Бас хатшысы И.В.Сталин мен Қазақ өлкелiк партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Ф.И. Голо­ще­кинге жолданған Т.Рыс­құловтың «Сталинге хаттары», Ғ.Мүсiрепов, М.Ғатаулин, М.Дәулет­қалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышев жазған «Бе­сеу­дiң хаты» және т.б. хаттарда қазақтың аштықтан қырылуы мен шетел асуының негізгі себеп­терiн, экономикалық және демогра­фия­лық шы­ғынды айғақтайтын нақты мәлiмет­тер берілдi.

Ашаршылыққа душар болғандарға көмек беру ол бастан дұрыс ұйымдастырылмады. Оған республика басшыларының, әсіресе, Ф.И.Голощекиннің көзқарасы да әсер етті. Алматы, Шымкент, Семей, Әулиеата, Қызылорда, Ақтөбе және басқа да қалалардың көшелерінде аштан өліп жатқандар көп болды. Оларды жинап, көмуге арнайы жасақтар құрылды. Алыс ауылдардан елді пункттерге жете алмаған аналар балаларын суға лақтыруға, тастап кетуге мәжбүр болған..

Облыстық мұрағат қорындағы осы кезең барысына шолу жасасақ, 1932 жылы 28 ақпанда өткен Қызылорда аудандық атқару комитеті мәжілісінің күн тәртібінде көшіп - қоныстанушылар мен панасыз балаларды орналастыру мәселесі қаралып, панасыздықпен күрес бөлімінің жұмысы сынға алынған. Онда азық - түлікпен қамтамасыз етудің дұрыс жолға қойылмағандығы, есебі жүргізілмегендігі, желтоқсан айында берілетін азық - түлік қаңтар айының соңында үлестіріліп, талан - таражға түскендігі айтылып, кінәлілерді жауапқа тарту ұсынылған.

Ақтөбе облысынан және Қарсақпай ауданынан келіп жатқан көшпенділер мен панасыз балалар саны күннен - күнге көбейген. Бұл көрсеткіш ақпан айында 835 болса, наурыз айының басында 928-ге жеткен. Осы айдың ортасында тағы да Қарсақпайдан - 630, Батпаққарадан - 510, Қостанайдан - 47, Торғайдан - 14, Ырғыздан - 2 адам, 1665 панасыз балалар келген. Олардың 1500-і балалар үйіне, 150- сәбилер үйіне орналастырылған, 10- оқуға, 5- кәсіпорындарға жұмысқа жіберілген, балалар үйіне және сәбилер үйіне жіберілгендер арасында 109 бала аштықтан өлген. Азық - түліктің жетіспеушілігіне байланысты үнемдеу мақсатында адам басына 1 айға 1 килодан дән бөлінген. Осыдан кейін жиналған панасыз балалар Қазалы, Қармақшы, Тереңөзек, Түркістан балалар үйіне жіберілген [1.23].

1933 жылдың 1 қаңтары мен 20 ақпаны аралығында панасыз балалардың саны 1311 болса, оның 44- коопкомбинатқа жұмысқа жіберілген, 2- кәсіпорынға, 20 адам «овцевод» кеңшарына жіберілсе, 105 бала сәбилер үйіне орналастырылған. 315 бала қайтыс болған. Ескертпеде берілген мәліметте балалардың көпшілігінің өліміне аштық себеп болғандығы көрсетілген [2.2]. Ал енді бір деректе 1933 жылдың 10-20 наурызы аралығында 1759 панасыз баланың 1660- балалар үйіне, ал қалған 99- сәбилер үйіне орналастырылған. 59 бала балар үйінде, 38 бала сәбилер үйінде барлығы 97 бала қайтыс болған. Ғ.Мұратбаев балалар үйіндегі мәлімет бойынша 1933 жылдың 1 қаңтары мен 20 ақпаны аралығында 5 баланың қайтыс болғандығы айтылған, оның 1- туберкулез, 4- өкпесіне салқын тиген. Ал қазан революциясы балалар үйінің хабарлауынша осы жылдың қаңтары мен ақпаны аралығында 26 бала аштықтан өлген. Сәбилер үйінің дерегі бойынша 1933 жылдың 21 қаңтары мен 1 ақпаны аралығында 45 бала, 15 ақпан - 20 ақпанда 50 бала, 20 ақпан - 11 адам, оның 5- қыз бала, 6 - ұл бала, 25 ақпаннан -20 бала, оның 9- қыз бала, 11 – ұл бала, 26 ақпанда 2 ұл, 7 қыз қайтыс болған [3.3,5]. Балаларды қабылдап бөлетін балалар үйінде 1933 жылдың 1 қаңтары мен 20 ақпаны аралығында 46 бала аштан өлгендігі көрсетілген. Ал қаңтар - наурыз аралығында барлығы 61 баланың аштықтан өлгені туралы мәлімет бар [60.10]. Қызылорда қаласындағы барак ішіндегі балалар туралы 1933 жылдың 7 - 20 маусымы аралығындағы мәліметтер берілген. 7 маусымда болған балалар саны - 1532, келгені - 219, кеткені - 76, өлгені - 28, бары - 1581, ал 20 маусымда балалар саны- 1390, келгені 79, кеткені -71, өлгені - 14, бары 1386 болған[3.18]. Бұл мәліметтен 13 күн ішінде 42 баланың аштықтан өлгенін көруге болады.

1933 жылдың 20 қаңтар - 20 ақпан аралығында панасыздықты жою айлығы жарияланып, барлық ұжымдарда жедел жиналыстар өткізіліп, қаржы жинау, панасыздар пайдасына 10 тиындық талон маркасын енгізу ұсынылған. Панасыздықпен күрес штабының Халық ағарту комиссариатының төрағасы С.Меңдешевтің қатысуымен 1933 жылы 28 маусымда өткен кеңейтілген мәжілісінде 25 маусымнан 25 шілдеге дейін тағы да айлық өткізу, аудандық оқу бөлімінде кеңестік бюро құрып, балалар коммунасы қызметкерлеріне тұрақты түрде әдістемелік көмек көрсету, семинарлар мен мәдени шараларға ағарту қызметкерлерін жұмылдыру керектігі айтылды. Балаларды әдеби кітаптармен, ойыншықтармен қамтамасыз ету жұмыстарын бақылау, жасөспірімдерді егіндікке жұмысқа шақырып, еңбекке баулу тәрбиесі қаралды.

Үкіметтің жергілікті ауыл және село мұғалімдерінің тұрмыстық жағдайын жақсарту жөніндегі шығарған бірқатар шешімдері орындалмады, айлық жалақылары берілмеді, азық - түлік айына бір рет қана бөлінді. Ауылдық партия және қоғам қайраткерлерінің де тұрмыстық жағдайлары айтарлықтай болмады. Олар ешқандай азық - түлік пайын алмады. Алматы қаласында Қаскелең ауылдық кеңесіне жіберген хатында ашыққандарды тамақтандыру орны мәлімет бойынша ашылғанымен бұл пункттерде адамдардың жоқтығы, жоғарыдан берілген директивалардың орындалмағандығын айта отырып, үкіметтік шараларға салғырттық танытқандар жауапкершілікке тартылатындығы айтылған [4.32].

Қазақ АКСР Халық комиссарлар Кеңесі мен өлкелік комитетінің 1933 жылдың 3 қыркүйегіндегі «Панасыздарға қарсы күрес жағдайы туралы» қаулысында Алматы облысы Қаратал- Аягөз ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс, Қызылорда аудандарындағы орын алған кемшіліктер, атап айтқанда балалардың өліміне апарып соқтырған жағдайлар, медициналық көмектің берілмейтіндігі, балалар қорына бөлінген қаржының жымқырылуы т.б. жағдайлар қатты сынға алынды. Осыған байланысты балалар үйіндегі 8-10 жас аралығындағы балаларды мектепке оқыту, 3-7 жастағы балаларды балалар бақшасымен - интернаттармен, 3 жастағы балаларды сәбилер үйімен қамтамасыз ету, қиын балалар үшін 1100 балаға арналған 8 балалар коммунасын құру міндеттелді. [2.8].

Қазалы ауданында шаруашылықтарды жаппай жою және малдарды құрту салдарынан халықтың да саны азайды. Мәселен, Қазалы ауданында 1932 жылдың 1 қаңтарында 29896 адам болса, 1933 жылдың 1 қаңтарында 14840 адам болған. Сонда 15000 адамға азайған [5.3]. 1932-1933 жылдардағы аштық салдарынан көптеген көшпелілер туған жерлеріне - Арал бассейніне оралды. Қысқа уақыт ішінде көшпенділердің 3500 шаруашылықтары Қазалы ауданына келген. Олардың көпшілігі аштық жағдайында, араларында жалғыз бастылар, ата - анасыз балалар көп болған. 1932 жылдың қазан айында Жосалы станциясына келген 300 - 400 жанұяның ішінде 100 адам өлген.

Қазақстандағы күшпен ұжымдастырудың және зорлап отырықшыландырудың алып келген ауыр зардаптарының бірі- демографиялық апат еді. Тарихи зерттеулерде Қазақстандағы 1931-33 жылдардағы ашаршылыққа байланысты әртүрлі пікірлер мен деректер айтылып жүр. Қазақстандық тарихшы демограф ғалымдар осы жылдардағы ашаршылық құрбандарын 1,5 миллионнан 3 миллионға дейін жеткізіп жүр. Академик М.Асылбеков бір зерттеуінде 1926 жыл мен 1939 жыл аралығында республикамыздың өз ішіндегі қазақтар 1 миллион 180 мың адамға немесе 33,0 пайызға азайғанын нақты деректерге сүйене отырып, шығарады. [6.50].

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесi Төралқасының осы мәселелердi зерттеген комиссиясы (төрағасы – академик М.Қ. Қозыбаев) өзiнiң қорытындысында тарихшы демографтардың жүргiзген алдын- ала талдауларында «Қазақ елi аштықтан және соған байланысты iндеттерден, сондай-ақ табиғи өлiм деңгейiнiң үнемi жоғары болуынан 2 млн. 200 мың адамынан яғни барлық қазақ халқының 49% айырылғанын» атап көрсете отырып, сонымен қатар «қасiрет құрбандарының саны туралы мәселе әзiрге ашық қалып» отырғанын да ескертедi. Республика мұрағаттарында ауылдық жерлерден, аудандардан қанша мал, астық дайындалғаны туралы мәлiметтер баршылық болғанымен, аштан өлген адамдар жөнiнде нақты деректер табыла бермейдi. Әлiби Жангельдиннiң 1918 жылдың көктемiнде Халық Комиссарлары кеңесiне жазған бiр хатында қазақ даласында 10 миллион адам тұрады. Оның 6 миллионы байырғы тұрғындар да, қалған 4 миллионы орыс және басқа ұлттар шашырандылар деген дерек бар. Арада 21 жыл өткеннен кейiн, 1939 жылы жүргiзiлген санақта Қазақстан ғана емес, бүкiл Одақ бойынша үш миллионнан сәл - ақ асатын қазақ бар екенi анықталды. 1918 жылғыдан тең жарымы кемiп кеткен [7.3 ].

Сталиндiк режим күштеп ұжымдастыру жылдарында орын алған, алапат аштықтан туындаған демографиялық апатты анықтауға мүдделi болған жоқ. Мұның өзi «ауыл шаруашылығын социалистiк жолмен қайта құру» деген атпен жүргiзiлген шын мәнiнде шаруаларға орасан зор қасiрет әкелген кiнәсiздердi жаппай жазалау саясатын әшкерелеу болар едi. Көршiлес қырғыз, өзбек, түркмен, тәжiк республикалары мұндай нәубетсiз, апатсыз, шығынсыз-ақ ұжымдастыру қайшылықтарын жеңе бiлгенде Қазақстанның мұндай трагедияға ұшырауы өкiнiштi. Сонау нәубет жылдары 2 млн-ға дейін азайып кеткен қазақ бүгіннің өзіне 9 млн-ға әзер жетіп отырмыз. Бұл демографиялық регресс жалғыз ғана 1932 жылғы аштықтың ғана емес, 1921 жылғы аштықтың да және көшпендi халықтың республикадағы асыра сiлтеуге шыдамай туған жерден кетуiнiң де салдары.

Әдебиет:

  1. Қызылдар қырғыны. /Құраст. Қыстаубаев З. Хабдина Б.-Алматы: Өнер, 1993-254 б
  2. ҚОММ Р-2-қор. 2-тізбе.5-іс.
  3. ҚОММ. Р-2-қор.1-тізбе.2-іс.
  4. Саланчина Н. Әбдірахманова А. Ашаршылық тауқыметі мұрағат құжаттарында (1932-1933 ж.ж.).//Қазақ тарихы, 2007 №5
  5. ҚОММ Р-2-қор. 2-тізбе.7-іс
  6. Асылбеков М. Об изменениях в национальном и социальном составе населения Казахстана. //Вестник АН КазССР. 1991 г. №3
  7. Әсiпов С. Ашаршылықтың себеп-салдары // Заң газетi. –№4, 1995. – 21 -27 қаңтар
Основные термины (генерируются автоматически): бал, мена, бар, оса, сан.


Задать вопрос