Қазақ тіліндегі анималистік фразеологизмдердің танымдық сипаты | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №2 (61) февраль 2014 г.

Дата публикации: 01.02.2014

Статья просмотрена: 3081 раз

Библиографическое описание:

Умирсериков, К. А. Қазақ тіліндегі анималистік фразеологизмдердің танымдық сипаты / К. А. Умирсериков. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2014. — № 2.1 (61.1). — С. 42-43. — URL: https://moluch.ru/archive/61/9120/ (дата обращения: 18.12.2024).

Қазақ халқының ұлттық ерекшелігі мен болмысын танытатын қазақ тілінің сүбелі қабаттарының бірі – төрт түлік мал атауларына қатысты фразеологизмдер деуге болады.

Қазіргі таңда тіл білімінде жаңа бағыт дамып келеді. Антропоцентристік парадигма өз шеңберінде бірнеше жаңа салалардың ғылыми негізін зерделеп-тануға ықпал етті. Соның бірі – когнитивтік лингвистика. Когнитивтік лингвистика тіл мен адам санасын, тіл мен танымдық жүйені біртұтас жүйе тұрғысынан қарастырады. Концепт – когнитивтік лингвистиканың категориясы болып табылады. Жалпы «концепт» термині когнитивтік лингвистика ғылымының қажеттілігінен туындай отырып, адамның таным әрекетімен, мәдени ақпаратымен ұштасады. Қ.Қайрбаева «Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың символдық мәні» атты ғылыми еңбегінде тілдегі қалыптасқан символдық жүйемен ғаламның тілдік бейнесін өзара ұштастыра келіп, концепт жөнінде: «Концепт – әлем туралы жүйелі білімнің жеке тұлға тарапынан шындықтағы нысана туралы білетін, елестететін, ойлайтын фрагменті» – деп, ой түйеді [1, 50]. Қазақ тіліндегі поэтикалық мәтіндегі концептілердің ерекшелігін зерттеген А.Әмірбекованың пікірінше: «Концепт дүние құндылықтарын танытады; санадағы ұғымды бейнелейді, тіл арқылы объективтенеді; санада концептілік құрылымдар көмегімен репрезентацияланады; тұлғаның біліми деңгейін танытады; ұлттың мәдени болмысы мен менталитетін көрсетеді; әрбір ұлттың танымдық белгілерінің мазмұнын береді; тұлғаның танымдық стилін айқындайды» дегенді айтады [2, 101]. Зерттеуші С.Жапақов: «Концепт дегеніміз –индивидтің, тілдік ұжымның лингвистикалық қоғамдастықтың ақиқат туралы білім жүйесі болып табылады» [3, 47-48], - деп тұжырымдайды.

Қазақ тіл білімінде төрт түлік малға қатысты атаулар мәселесі Ш.Жанәбілов, Ә.Жақыпов, Т.В.Линко, С.К.Сәтенова, М.С.Бейсенова, Б.Тлепин, Р.З.Панзарбекова, Б.С.Тоқтағұл сияқты тілші-ғалымдардың диссертацияларында жүйелі сөз болады. Сондай-ақ, Х.Арғынбаев, Ж.Бабалықұлы, Е.Жанпейсов, О.Нақысбеков, Ә.Ермеков, С.Қасиманов, Қ.С.Ахметжанов, А.Тоқтабаев, Ж.Сейтқұлова т.б. ғалымдардың зерттеу мақалалары мен еңбектерінде төрт түлік мал атауларына қатысты мәселелер әртүрлі дәрежеде қарастырылды.

Тіліміздегі фразеологизмдердің мағыналық астарында халықтың ерте уақыттан бергі өмірінің бүкіл қыр-сыры жан-жақты сақталып суреттеледі. Халықтың күн-көріс, тұрмыс-тіршілік негізінде өрбіген түсінік пайымдаулары, соған байланысты қалыптасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар тілдік қолданыстағы тұрақты тіркестерден көрініс табады. Сондықтан тұрақты тіркестер халқымыздың ұлттық менталдық ерекшелігін бойына сіңірген басты мәдени байлығымыздың бірі болып есептеледі. Қазақ тіліндегі төрт түлік малға қатысты фразеологизмдер халықтың рухани-мәдениеті, әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, дүниетанымы, болмысы жөніндегі нақты ұғым-түсініктерді береді. Оларда тіл мен халықтың, тіл мен рухани мәдениеттің, тіл мн танымның өзара байланысы айқын көрініс тапқан. Қазақ тіліндегі фразеологизмдерді клгнитивтік тұрғыда зерделеу халық тарихын, әлеуметтік-экономикалық жағдайды, ұлттық-мәдени ерекшеліктерін, ойлау логикасын, ұлттың танымдық табиғатын егжей-тегжейлі танып-білуге мүмкіндік береді.

Негізгі өмірі мал шаруашылығымен тікелей байланысты болған қазақ халқы үшін төрт түлік малдың орны ерекше. Қазақта түйе, жылқы, қой, сиыр малын қосып төрт түлік деп атайды. Қазақ тіліндегі фразеологизмдер төрт түлік малдың сыртқы пішіні, мінез-құлқы, әдеттеріне сәйкес адамның ерекшеліктерімен бейнелі салыстыру, қатар қою негізінде пайда болған. Соның ішінде түйе малына қатысты фразеологизмдер адамның әртүрлі көңіл-күйін, мінезін, әлеуметтік және саяси қатынастарын және т.б. қасиеттерін білдіреді. Мысалы, уақытты, көлемді, салмақты, биіктікті т.б. анықтау негізінде туындаған тұрақты тіркестер: түйенің табаны түсер жер – Мекке қажылыққа барар өте алыс жер; адамның мінезіне, психологиясы мен іс-әрекеттеріне байланысты туындаған тұрақты тіркестер: түйе үстінен сирақ үйіту, түйе шешкендей ету, боз інгендей боздау т.б. Түйе ежелден киелі мал саналған, пірі – Ойсылқара делінеді.

Түйе, атан, бура, аруана, інген, тайлақ, бота, нарға байланысты қазақ тілінде фразеологизмдер көптеп кездеседі. Мысалы, нар атандай, нар еді, мұрнын тескен тайлақтай, елпеңдеу, қаңтардағы бурадай тісін қайрау, нар бурадай шабынды, жаңа аяқтанған ботадай, бота тірсек, шоқ басқан тайлақтай т.б. Боталаған нардай зарлады – еміренді, мейірімі түсіп егілді. Ботадай боздады – еңіреді, ағыл-тегіл көзінің жасын бұлады. Ботасын бауырына алған інгендей – жақсы көргеннен бойы еріп, барлық жан-дүниесі балқып емірену. Бота тірсек бозбала – аяқты маймақ басып, былқ-сылқ еткен әлжуаз, қайратсыз жас. Бурадай бұрқылдады (зіркіреді, зіркілдеді, бұрқырады) – бұрқан-тарқан болып қатты ашуланды, қаһарланды. Жаман түйенің жабуындай – көбіне әбден тозығы жеткен, ескі, алба-жұлбасы шыққан сырт киім. Нарға жүгін салғысыз – өте күшті, өте ірі, қайратты деген мағынада. Нар бурадай шабынды – қатты айбат көрсетті, ашумен шиыршық атты. Нар жігіттер (нар жандар) – нендей қиынға салса да нағыз біртума нар сияқты ауырсынбай көтере беретін, тапсырылған істі ойдағыдай етпейінше, тынбайтын, мықты, еңбекқор ер азаматтар. Түйе жолы жіңішке – жоғалған нәрсе, мал тез табылмады деген мағынада. Түйе кекірік – қатты тойып кеткенде еріксіз өрескел шығатын кекірік. Түйе қомында жүріп – күй таңдамайды деген мағынада. Түйенің мұрындық бер! салт. Ұзатылып келе жатқан қыздан бұйым сұрағанда айтылады. Баяғыда ұзатылып келе жатқан қыздың алдынан шығып қалған бір түйелі кісі, түйесінен түсе қап, мұрындықты бұйдасын керіп, «жол тосар түйемұрындығымды бер»-депті-міс, содан осы ырым-салт қалыпты.

Қазақ жылқыны «мал патшасы» деп қадір тұтқан. Жылқыға байланысты қолданылып келген фразеологизмдердің барлығы дерлік қазақ халқының ұлттық-мәдени ерекшеліктерінен хабар береді. Мысалы, жылқы тұсар кез, бие сауымдай уақыт, ат арыды, тон тозды, ат арылтты (сабылтты), ат байлар (ұстар), ат байлады, ат басына күн туды, ат басына соқты (соғысты), ат басын бұрды, ат басындай, ат басын тартты, ат басын (тұмсығын) тіреді, ат бауырына алды, ат бойы, ат жақты, бес биенің сабасындай, бие бауындай жер, ат адым, құнан шаптырым, тай тұяқ алтын, ат басындай алтын т.б. Сонымен қатар жылқы малының дене мүшелеріне байланысты тұрақты тіркестер де тілімізде баршылық. Мысалы, Ат жалын тартып мінді – «адам болды, ер жетті, азамат болды». Ат құйрығына байлау – кінәлі адамның мойнына қыл арқан салып, аттың құйрығына байлап жіберу ертеден келе жатқан жазалау түрі. Ат кекілін (құйрығын) кесісті – «кетісті, араздасты, мүлде безді». Бұл фразеологизм қазақтардың ежелгі ат кекілін кесісіп, бәрінің көзінше (жұрт алдында) достық, туысқандық, бейбітшілік қарым-қатынастарды бұзу салты негізінде құрылған. Ат құйрығын түйісу – серттен қайтпаудың шартты белгісі.

Халқымыз көшпелі өмірінде күш көлігі ретінде ерте кезден пайдаланған төрт түліктің бірі – сиыр. Сиыр малы жайлы да тілімізде жеке атаулар мен тұрақты тіркестер, мақал-мәтелдер едәуір: өгіздей боп – үп-үлкен бола тұрып; өгіз сияқты – бас-көзге қарамай, киіп-жарып жүре беретін кісіге айтылады; өгіз қара күші бар – күшті, қарулы деген мағынады; өгіздей өкірді – үлкен кісінің қайғы-құсадан қатты жылауы; өгіз олжа, өгіз сыбаға – үлкен, мол сыбаға; өгізді өрге салсаң, қанатың салады – қинамау, қиынға салмау туралы т.б. Өгіз аяң – шабан жүріс, баяу қарқынды іс. Өгіз терісі талыс – үлкен, ауқымды. Әңгіме бұзау емгізер – құр, бос сөз зияға түсер. Бұзау тіс – ірі қылып өрген қамшының бір түрі (оны бұзау терісінен жалпақ етіп таспа тіліп, содан өреді). Бұқа – буға, азбан – дуға – құр кеуде, босқа тыраштану сөз болып отыр. Бұқа мойын – жуан мойын. Сиыр сәске – халықтық уақыт өлшемі, үлкен сәске, күн қызған шақ. Сиырдай мүйіздесті – өзара қырылысты, түртпектесті. Сиырдың бүйрегіндей бытырады – бет-бетіне, жан-жаққа тарап кетті, басы қосылмады, берекесі кетті. Сиырдың жапасы – сиырдың нәжісі. Сиырдың жорғасы секілденді (кекесін) – еп қуып, майда жүріске салды. Сиыр құйымшақтатты – аяқсыз қалдырып, берекесіз етті, соңы сұйылып кетті. Сиыр мінез – сүйкімсіз қылық. Сиыр тектес – жөн сөйлемейтін, қисық, қыңыр.

Қой-ешкіге байланысты фразеологизмдер де тілімізде өте көп. Мысалы, ақсабас айтты (шалды) – аруақтарды риза қылу мақсатымен құрбандыққа мал шалынған. Егер құрбандыққа қой шалынса, ол ақ түсті, басы сары немесе ақ болуы керек болатын. Әдетте малды сояр алдында қазақтар өздерінің батасында малдың түр-түсін «о аруақ, ай мүйіз, аша тұяқты» деп атап кетеді. Қозы құйрық қылды – діңкесін құту, шаршату. Қой ішіндегі марқа – өте жарамды, артық деген мағынада қолданады. Көктемде туған қозылар күзде жетіліп, қой кезіндегісі марқа делінеді. Бұл кезде марқа қозыларды союға болады. Марқаның еті тез піседі, әрі дәмді болады. Қазақ марқа деп барлық қозыларды емес, солардың ішіндегі ең қоңдысын айтады. Қонақ қойдан жуас – мейман барына ырза деген ұғымда. Қойға шапқан қасқырдай – қырып-жойып, тас-талқан қылу туралы айтылады. Қойдай шулады – қайғы-зарға батып, азан-қазан болды. Қозыдай көгендеді – шетінен тізді, танауынан тізді. Қой аузынан шөп алмайды – қой жуастық, момындықтың, бейбіт жағдайдың баламасы ретінде алынып, тілде осы мағыналардағы осындай тіркестер пайда болды. Қой баласын сүйеді қоңырым деп, еш нәрсені білмеген момыным деп. Осыдан келіп адамның жуасын, момынын қой аузынан шөп алмас, қойдан қоңыр деп айтады. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман – бұл тіркес қазақтың ұғымында тыныштық, бейбіт заманды, әрі малға қолайлы кезеңді білдіреді.

Қорыта келгенде, төрт түлік малға қатысты көрініс тапқан тұрақты тіркестер өте көп. Әсіресе, төрт түлік малға қатысты тұрақты тіркестердің ішінен жылқы малына қатысты тұрақты тіркестер өте көп кездесетініне көзіміз жетті. Қазақ тіліндегі төрт түлік малға қатысты тұрақты тіркестерді когнитивтік тұрғыдан талдау – қазақы өркениеттегі ұлттық мәдениеттің табиғаты мен бітім-болмысын ашуда үлкен мүмкіндік береді.

Әдебиет:

1.      Қайрбаева Қ. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың символдық мәні. Фил. ғыл. канд... дис: - Алматы: А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі иниституты, 2004. - 138 б.

2.      Әмірбекова А. Концептілік құрылымдардың поэтикалық мәтіндегі вербалдану ерекшелігі (М.Мақатаев поэзиясы бойынша). Филол. ғыл. канд... дис: - Алматы: А.Байтұрсынұлы ат-ғы Тіл білімі иниституты, 2006. - 107 б.

3.      Жапақов С. Эпикалық фразеологизмдердің когнитивтік негіздері. Филол. ғыл. канд... дис: - Алматы: А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, 2003. - 130 б.

Основные термины (генерируются автоматически): мена, Концепт, нар.


Задать вопрос