Шығыс септігінің көнеленуі арқылы жасалған сөздер | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 30 ноября, печатный экземпляр отправим 4 декабря.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №4 (63) апрель 2014 г.

Дата публикации: 28.03.2014

Статья просмотрена: 2002 раза

Библиографическое описание:

Байдаулетова, А. У. Шығыс септігінің көнеленуі арқылы жасалған сөздер / А. У. Байдаулетова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2014. — № 4.1 (63.1). — С. 59-61. — URL: https://moluch.ru/archive/63/9994/ (дата обращения: 16.11.2024).

Тілдің дамуы барысында болып жататын түрлі құбылыстар, соның ішінде септік жалғауларының түбірге кірігіп, көнеріп, өзінің сөздің грамматикалық тұлғасын түрлендіру қызметінен айырылып, мағынасының өзгеруін, соған орай синтаксистік қызметінің ауысуын туғызатын дәрежеге жетуі тілде жиі кездесетін құбылыстарға айналған. Осындай септік жалғаулары түбірге кірігуі, көнеруі нәтижесінде пайда болған сөздер лексикалық бірліктер ретінде танылып, сөздіктерде реестр сөз ретінде беріліп, дербес лексемалар ретінде танылып жүр. Бұл сөздерді септік жалғауларының түбірге көнеруі арқылы жасалған туынды сөздер деп санаймыз.

Қазақ тіліндегі көнеленген септік жалғаулы лексикалық тұлғалардың әрқайсысында болған өзгерістер түрліше сипат алған. Сондай септік жалғауларының бірі – шығыс септігі. Шығыс септігінің көнеруі туралы да барлық морфологиялық грамматикалық еңбектерде, үстеу сөз табының қалыптасуына байланысты мәселеде айтылып келеді. «Шығыс септіктің басты мақсаты – қимыл, іс-әрекеттің неден, қайдан шыққанын, басталғанын білдіру, сөйтіп, барыс септігінің мағынасына қарама-қайшы болып келеді. Сондай-ақ, шығыс септігі қимылдың қандай объект төңірегінде болғанын (бетінен сүйді, басынан сипады), себебін (айғайдан шошып кетті), не арқылы, неден өткенін (аяқтан аттады, таудан асты), сапалық, сындық сипаттағы сөздердің салыстырма мәнін (бетегеден биік, бұтадан аласа), істің, заттың тегін (атадан алтау, анадан төртеу), кейбір өлшем, мөлшер, мезгіл мәнін (бес жасынан қасына ерді), жанама объект (досынан түңілді), бөліктің бірлік тұтастығын (топтан бөлініп) сияқты да мағынаны білдіреді. Шығыс септікті сөз сөйлем ішінде пысықтауыш (ауылдан келді), толықтауыш (жақсыдан көмек күт) қызметінен басқа жіктеліп келіп, баяндауыш қызметін атқарады. Шығыс септікті кейбір сөздер адвербиалданып, үстеуге айналып кеткен: алдан, баяғыдан, келтесінен, кенеттен» деп, ғалым С. Исаев шығыс септікті кейбір сөздердің де адвербиалданып, үстеуге айналатынын айтады [1, 139 б.]. Бұл туралы пікір А. Ысқақов, М. Томанов т.б. ғалымдар еңбегінде де сөз болады.

Шығыс  септігінің көнеленуі туралы ғалым Е. Саурықов: «Шығыс септігі формаларының көнеленуі сөздің тұтастай үстеулер қатарына ауысуына әсер еткен. Бірақ, барлық сөздер (негіздер) шығыс септігімен қатынасқа түскенде үстеулер қатарына өте бермеген. Көптеген сөздер өздерінің зат есімге тән сөз табындық ерекшелігін сақтап, сөз түрлендіру жүйесіне түсіп отырған. Сондықтан үстеу ретінде қалыптасқан шығыс жалғаулы сөздерді талдағанда, олардың семантикалық және морфологиялық белгілеріне сүйенген дұрыс. Түркі тілдерінде -дан, -ден, -тан, -тен, -нан, -нен формалары арқылы жасалған үстеулер көбіне мезгіл, мекен, бейне мәнінде қолданылады. Олардың алуан түрлі болып келуіне байланысты сөйлемдегі орны да, тарихи құрамы да бір текті емес. Өйткені, шығыс септігі формасымен лексикаланған сөздер әртүрлі сөз таптарынан жасалған. Әрбір сөз табының өзінің единицасы белгілі бір ерекше қасиеттерімен сипатталады», - дейді [2, 104-105 бб.]. Сонымен қатар ауызекі cөйлеу тілінде кездесетін үстеулер туралы көзқарастар зерттеушілер еңбектерінде қарастырылған [3, 46-48 бб.].

Шығыс септік жалғауларының көрсеткіштері арқылы қалыптасқан үстеу сөздерін төмендегіше жүйелі түрде көрсетуге болады.

Кесте 1. Шығыс септік жалғауының көрсеткіштері арқылы пайда болған  сөздер

-тан

-тен

-дан

-ден

-нан

-нен

арттан

іштен

баяғыдан

төтеден

жалпағынан

тігінен

бастан

күншіліктен

сонадайдан

әуелден

ғайыбынан

келтесінен

ғайыптан

тектен-тек

анадайдан

кісіден- кісіге

қарғадайынан

тыстан

манағыдан

кешеден

шалқасынан

шөкесінен

ұзақтан- ұзақ

шұғылдан

әріден

қаршадайынан

шетінен

жан- жақтан

алғашқыдан

тәуір- тәуірден

молынан

үстінен

тұс-тұстан

мол-молдан

жер- жерден

тосыннан

төтеннен

бастан-аяқ

бағанадан

ертеден

астынан

етпетінен

бостан- бос

турадан- тура

ежелден

кенеттен

күннен- күнге

асыл-асылдан

әнеугіден

тосыннан- тосын

кем-кемнен

биылдан

елден- елге

ұзыннан-ұзын

былтырдан

бекерден-бекер

қиыннан-қиын

күннен-күн

алдан

төтеден- төте

жаңадан

тікеден-тіке

қолдан- қолға

еріксізден-еріксіз

Шығыс септігі төмендегідей сөз таптарына жалғанады:

Зат есім

Сын есім

Үстеулер

алдан,

астынан,

арттан,

бастан,

ғайыптан,

етпетінен,

кешеден,

күншіліктен,

сырттан,

үстінен,

шетінен,

тыстан,

іштен,

шөкесінен,

шалқасынан т.б.   

жаңадан,

төтеннен,

тосыннан,

шұғылдан,

төтеден,

алғашқыдан,

анадайдан,

баяғыдан,

сонадайдан.

молынан,

тігінен,

келтесінен,

жалпағынан,

ғайыбынан,

қарғадайынан,

қаршадайынан.

аулақта,

қапелімде,

әуелде,

қазірде,

шығайда,

жоғарыда,

жуырда,

жуықта,

таяуда,

кездейсоқта,

оңашада,

кейінде,

бүгінде,

ақырында,

әманда,

аңдаусызда,

ертеректе,

баяғыда.

Бірінші сыңары көнеленген жатыс және екінші сыңары барыс септікті  зат есімдердің қосарлануы арқылы жасалған: қолдан-қолға, күннен-күнге,ауылдан-ауылға, жылдан-жылға, кісіден-кісіге,елден-елге.

Екінші сыңары көнеленген шығыс септікті зат есімдердің қосарлануы арқылы жасалған:  жан-жақтан, маңай-маңайдан, тұс-тұстан, ауыл-ауылдан, жер-жерден.

Бірінші сыңары көнеленген шығыс септікті зат есімдердің қосарлануы арқылы жасалған: бастан-аяқ, тектен-тек, жылдан-жыл, күннен-күн, айдан-ай.

Бірінші сыңары көнеленген шығыс септікті сын есімдердің қосарлануы арқылы жасалған: турадан-тура, бостан-бос, жайдан-жай, бекерден-бекер, күнәсыздан-күнәсыз, тосыннан-тосын, төтеден-төте, еріксізден-еріксіз, тікеден-тіке, ұзыннан-ұзын, қиыннан-қиын, ұзақтан-ұзақ, жападан-жалғыз.

Екінші сыңары көнеленген шығыс септікті сын есімдердің қосарлануы арқылы жасалған: кем-кемнен, аз-аздан, мол-молдан, тәуір-тәуірден, асыл-асылдан.

Үстеулерге көнеленген шығыс септігі жалғануы арқылы жасалған: бағанадан, әуелден, кешеден, ертеден, ежелден, әнеугіден, былтырдан, әріден, манағыдан, биылдан, кенеттен.

Көнеленген шығыс септік жалғаулы лексикалық тұлғалардың мағыналық сипаты төмендегідей.

–                     Мезгілдік мағынаны білдіреді:Өрекписің бекерге? Әлімсақтан белгілі: Ақын орны не түрмеде, не төрде (М. Әлімбаев).  Мына бір тамаша суретті осы арадан отырып манадан қараудамын (М. Иманжанов). Үйден шығар-шықпастан-ақ жұрт үшеуін анталап бас салды (Б. Нұржекеев). Шалдар отырар-отырмастан қымыз құйылды (З. Шашкин). Қазақ баласы баяғыдан бері соғысқа бармай жүргенде де бітіргені шамалы, қайта, соғысқа барса, жол көріп ысылады (Б. Майлин). Қаражанмен әзілдесу Абайдың бағанадан бергі түйілген көңілін басқаша жадыратқандай (М. Әуезов). Сырқат адам о бастан дұрыс емделмеген жағдайда абсцесс созылмалы түрге айналып бірнеше жыл бойы ауырады (М. Сисекенов). Алагөбеден тұрған Нұқан да көз шырымын алуға ұйғарғандай, профессордың қасына қисайып жатты (Н. Баяндин).

–                     Мекендік мағынада жұмсалады:Ойдан-қырдан келген хабардың бәрі осында (С. Шәріпов).

Айнала орап жатқан қалың орман,

Кім екен күші жетіп еккен қолдан?

Көрінген күншіліктен күмбезденіп,

Секілді сауыт киген болат қорған (М. Хакімжанова).

Қимыл-сын мағынада жұмсалады: Батальон «маршпен» дұшпан тылына білдірмей өтті де, қапыдан келіп соқты (С. Сарғасқаев). Енді шарасыздан келіп отырмын (Ф. Оразаев). Шалқасынан түсіп ұйықтап жатыр  (Қ. Қамбаров). Байтабын батыр бастап келе жатқан қол ыстыққа шыдай алмай, осы құдықтарға тоқтап су ішкен екен, шетінен ауырыпты (І. Есенберлин). Одан-бұдантүйе жеккен екі-үш фургон арба тауып, ауруларды соған жатқызды (М. Қаратаев). Мұныңыз негізінен дұрыс, – деді де, сосын әңгіме тақырыбын өзгерте қойды (Ж. Тілеков). Әлі күнге өздігінен отыра алмайтын болғасын айналасын көрпемен қоршап, мүйіттеп қойған кішкентай Әшім әжесін көре сала талпынып, қолын созып жылай бастайды (Ә. Нұрпейісов). Әлден уақытта денем өз-өзінен ұйып, маужырай бастадым (С. Жүнісов). Табыстарың молынан жетеді (Қ. Жұмаділов). Кімге қарсы қару көтергенімізді ойламай неліктен досқа күлкі, дұшпанға таба болу жолына түстік? (Х. Есенжанов). Маржанкүл Түлкібайға осы қорқынышының себебін хатында ұялта отырып лажсыздан білдіруге душар болды (Н. Ғабдуллин). Күзетшінің айтағы басында қатты үріккендей болып оқыстан шықса да, аздан соң басылып қалды (М. Әуезов). Солдаттар белуардан шешініп, жағасында дөңкиген қой тастары бар өзенде жуынып жатыр екен (Б. Момышұлы). Бір-бірдентауып, аман лақтап берсе, сол төлді аман өсірсең де олжаң аз болмас, – деді Қазықан (С. Бегалин). Жыланды желкесінен басып тұрып, бала оны жыланбауыр қамшысымен сартылдатып еді, екі соққаннан қалмай белшесінен бөліп түсті (Ә. Әбішев). Келтесінен кесіп өтіп Магнитті жер кіндігін, Шұғылалы шымылдығын, түріп көктің түндігін (Қ. Аманжолов). Қазіргі таңда осы секілді септік жалғаулы лексикалық бірліктердің табиғаты, жасалу жолдары, сөз таптарын жасаудағы қызметі туралы зерттеулер жүргізілуде [4, 39-41 бб.].

Келтірілген мысалдардағы көнеленген шығыс септік жалғаулы лексикалық тұлғалар пысықтауыштық қызмет атқарып, қымылдың мезгілдік, мекендік, сындық сияқты түрлі сипатын белсенді түрде анықтап тұр. Көнеленген шығыс септік жалғаулы лексикалық тұлғалар түрлі мағыналық парадигма құрап, тілімізде жұмсалады.

Әдебиет:

1   Исаев С. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. – Алматы: Өнер, 2007. – 340 б.

2   Саурықов Е.Б. Адвербиалдану процесінің құрылымдық-семантикалық сипаты (көне түркі және қазіргі қазақ, өзбек, түрік тілдері деректері негізінде): филол. ғыл. канд. ... дис. – Алматы, 1999. – 139 б.

3   Нұрсұлтанқызы Ж. Невербальные средства – важный элемент разговорной речи // Молодой ученый. - 2013. - №11.1. – С. 46-48.

4   Байдаулетова А.У., Садуахасова Г.Ж., Сапартаева Л.Е.. Лексические формы с падежными окончаниями // Молодой ученый. - 2013. - №11.1. – С. 39-41.



Задать вопрос