Маңғыстау өлкесіндегі ұлт-азаттық көтеріліс | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №8 (67) июнь-1 2014 г.

Дата публикации: 10.06.2014

Статья просмотрена: 6221 раз

Библиографическое описание:

Рамазанова, Б. С. Маңғыстау өлкесіндегі ұлт-азаттық көтеріліс / Б. С. Рамазанова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2014. — № 8.1 (67.1). — С. 19-23. — URL: https://moluch.ru/archive/67/11480/ (дата обращения: 19.12.2024).

«Ата-бабаларымыз аңсаған азаттық пен

тәуелсіздікті алдық. Ендігі мәселе — соны ертеңге жеткізу, келесі ұрпаққа, болашаққа Қазақстанның осы тәуелсіздігін аманаттау»

Н.Ә. Назарбаев

Бұл зерттеу жұмысым өз топырағымыздан нәр алған тәуелсіздігіміздің бастауы болған Алаштың айтулы азаматы Досан Тәжіұлының Маңғыстау жеріндегі көтерілісін жан-жақты қарап ол туралы ел арасына тараған мағлұматтарды жинақтауға арналған. Сол кезде Досан Тәжіұлының болмыс-бітімін, қайраткерлігін бізге, оның артындағы ұрпағына, қалың еліне керек. Болашақ үшін, ұлттық бірлік үшін керек деп есептеймін. Ерін ардақтаған ел азбас, Досан атамыз халқымен қайта табысты.

 Досан Тәжіұлының адамгершілік, әділқазылық қасиеттерін, халқының болашағына жаны ашығандық пен ұлтжандылықтың тамаша үлгілерін көрсеттім.

Ел арасындағы дау — дамайды шешудегі терең ой толғаулары мен үлкен тебіреністері көрініс берген. Тарихта Досан Тәжіұлы мен Иса Тіленбайұлы бастаған ұлт азаттық көтеріліс — шын мәнісінде тек Маңғыстау өлкесін мекендегендердің ғана патшалық режимге қарсы бас көтеру емес, бұл сонымен қатар, бүкіл қазақ қауымының Ресей империясының отарлаушылық тойымсыз ындынына қарсы тойтарыс беруді мақсат еткен ең іріде, ең ақырғы айқасы болатын. Өйткені, мұнан кейін Ресей патшалығының отарлық құрығына амалсыздан мойынұсынған бүкіл қазақ ұлысында бұдан әрмен қарай ел болып көтеріліп, зеңбіректі әскермен айқасардай қайрат қалмаған еді. Олай болса бір жарым ғасыр бойы жартылай тәуелсіз — бодан болып өмір кешіп келген елдің сол күйінен айрылып қалмауды мұрас біліп, тұяқ серпер ақырғы айқасының бүкіл ұлт тарихында ерекше орны болуы заңды.

Жәнібек пен Керейден бастап Кенесарыға дейінгі қазақ хандары мен батырлары Досан мен Иса да қарап жатпады. Барлығы да елінің тәуелсіздігі мен халқының тыныштығы үшін қажымай -талмай күресті.

Келген тәуелсіздікті қорғап қалу, оны өміршең ету ел басында тұрған азаматтардан үлкен саяси алғырлық, көрегендік және қажыр — қайраттылық талап етті. Тәуелсіздік әуелі

сол азаматтардың басына түскен еді. «Тәуелсіздік үшін тәніңді де, жаныңды да аяма. Ең қасиетті күрес — тәуелсіздік үшін күрес екенін ұмытпа!» — деп өз ойымды айтқым келеді.

 Сонымен қатар, ғасырдан — ғасырға куә болып бізге жеткен тарихи деректерді ұсынып отырмын. Жалпы бүгінгі өсіп келе жатқан ұрпақты елін, жерін сүюге тәрбиелеуде Маңғыстау тарихындағы елеулі оқиғалар болған орындарға ескерткіш белгілер орнатқан жөн сияқты. Мұның қазақ елінің бір қиырында, сан елмен шектес жатқан аймағында атқарылуы «Жау жоқ деме — жар астында» дегендей, қазіргі ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуде зор рөлі болары даусыз. «Аспанда Құдай, жерде Адай» бар уақытта ел үшін өлген ерлердің есімдері ұмытылмақ емес.

Жалпы, қазақ халқы, оның ішінде Адай елі де ешкімге қарсы қол жинап барып бірінші жау болып тиіспеген. Сауран айналып «жеті жұрт» өткен Маңғыстауға келгенше Адайдың аға буыны батырлары алаш азаматтарымен тізе қосып қас жауы қалмақтан қорғанды. Адайлар Маңғыстауды мекендегеннен кейін орыс жеріне іштен еніп кеткен қалмақтармен 1740–1770 жылдар қалмақтардың ата-мекені Жоңғарияға шұбырған кездегі қақтығыстары болмаса қиян-кескі соғыстары болған жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай,адай еліне қанды жорықтарды жасанған қолмен Хиуа ханы ұйымдастырып отырған.

Сол соғыстардың сылтауы көп болғанмен себебі бір — ол Маңғыстаудың ұлан — байтақ жер –суы, мыңғырған малына иелік ету, елден көбірек алым –салық алу, қызын күң, ұлын құл ету. «Аққа құдай жақ» дегендей, елі үшін,жері үшін, малы –жаны үшін, елінің ары мен намысы үшін әділетті шайқасқа барған Адайға әуелі Алла, қала — берді Маңғыстаудың үш жүз алпыс әулиесі, пір –Бекет пана болған. Сөйтіп, ұраны — «Бекет», таңбасы — жебе Адайдың ешкімге есесі кетпеген.

Досан Тәжіұлы мен Иса Тіленбайұлы бастаған 1870 жылдың көктемінде 22 наурыз бұрқ ете түскен Маңғыстау қазақтарының патшалық Ресей отарлаушыларына қарсы ұлт азаттық көтерілісі — тарихи маңызы зор оқиғалардың бірі. ХІХ ғасырдағы патша отарлаушыларына қарсы көтерілістер ішіндегі ең бір елеулісі болғандығы сөзсіз.

Себебі бұл өлке ащы тарихымызға да, тұщы тарихымызға да куә болған, біздің ата-бабаларымыздың талай ұрпағының өмірінде із қалдырған мекен.Соның барлығының түбі қайыр болғандықтан бәріміз тірі жүрміз, өзіміздің үлкен тәуелсіздігімізге аман жеттік.

Соған осылай аман жетуімізге және қазіргідей қалыпта жетуімізге үлкен, үлес қосқан, елеулі ықпалы болған да екі теңіз арасында көшіп-қонып жүрген ата-бабаларымыздың ең дүлдүлдері, батырларының да білектілер, билерінің де мықтылары, байларының дәулеттілері, өнерлілерінің де саңлақтары бір кезде табатын ең бас сахнасы, ең бас саясат алаңы, ең бас базары, ең бақ сынайтын жері де осы Маңғыстау өлкесі болды. Осы Маңғыстауда біздің халқымыздың өткен ғасырдағы көптеген ұлдарының аттары танылыды. Осы жер біздің,өзіміздің халқымыздың алғашқы саяси — аумақтық билікке жеткен жері болды.Сәттіғұл 1876 жылы Маңғыстау уезі, 2-Бозашы болысында қазіргі Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Тұщықұдық ауылында дүниеге келіп, атамекені Маңғыстауда 90 жасында дүние салады.Келешек ақынның балалық шағы қиыр түбекте, күнел тісі кем, білімнен кенде жарлы ауылда өтеді. Жас Сәттіғұлдың көкірегіне берік ұялап, сезіне, көре

өскені — мехнатты еңбек, ел өнерпаздарының жыры мен күйі, жоқшылық азабын тартқан абзал жандардың ауыр өмірі. Сол тұрмысын ақын бейнелейді: Бес атадан бері қарай


Мал бітпеген сорлымын.

Өзімнің әкем Жанғабыл

Сорқұдық, Теппе — ойлардан,

Егін салып, жер қазған, -

Шертетін көрген қорлығын.

Мен де көрдім жарлықтың

Әрбір түрлі тарлығын.


1896 жылдары тұрмыс тарымшылығынан Бозашы мекенін тастап, Хорезмге босқан жарлылармен бірге Жанғабыл, үйі де кетеді. Сол жақтан мақта жинайды, егін салады, жалдамалы кәсіп етеді, қайтсе де еңбектері жанбайды. [4]

Қайда барса да ауыр тұрмыс арнасынан шыға алмаған Жанғабыл үйі біраз жылдан соң қайтадан Бозашыға оралады. Сол жылдар Сәттіғұлдың әкесі мен ағасы дүние салады. Енді екі үйлі жанды асырау міндеті Сәттіғұлға қалады.Абыл мен Ақтанның, Қашаған мен Елбайдың бірқатар жыры халық мұрасының алтын сандығындай көненің көзі. Сәттіғұл айтуымен жеткен. Ақын жаздырған мұралар мен жүздеген толғаулары, айтыстары мен «Досан батыр» дастаны — қазақ әдебиеті қорына қосылған елеулі үлес, қымбат қазына. [2]

«Досан батыр» — тарихи дастан. Досан хикаясы-ел аузындағы аңыз, әңгіме ғана емес, нақты шындық, болған оқиға.Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Маңғыстау қазақтары үрдіс қысымға кезігіп, бас көтерді. Бұл- патша өкіметінің 1868 жылғы «Уақытша ереже» реформасына қарсы наразылық еді. 1870 жылы Маңғыстауда болған көтеріліс — отаршылық езгіге қарсы, әсіресе салықтың өсуіне және жер, өріс, қонысқа шек қоюға қарсы шыққан стихиялық шаруалар көтерілісі болды.

Бұл — Иса, Досан бастаған бұрқаныстар еді. Бұл оқиғаны Сәттіғұл былай жырлайды:


Тарих қылып тасайын,

Әңгіме кеңес бастайын.

Бұрынғы өткен ерлерден,

Ертеде ерлер көп өткен.

Көк сүңгісін өңгерген,

Көңілі көшіп желденген.

Қалған екен бұл мекен

Елдің арты Айладырды аударып.,


Маңғыстаудың қара ойын,

Адай халқы жерленген.


Сол күнде болған батырлар:

Атағозы, Есет пен

Тәңірберген, Бердібек,

Мыңбай, Текеш, Құлыбек,

Балунияз, Қармыс, Ер Төлеп,

Шотан, Шабай, Ер Қонай,

Солардың жалғас ең соңы,

Досан мен Иса ер соңы.

Құлдығыңа көнбен деп,

Патшаменен қас болып,

Қырна жігітке бас болып,

Інісі Шабай қасында,

Досан шықты алдынан.

Тұлпар мініп қарғыған.

Кескір қылып көк найза

Жауыменен қастасқан

Соғысам деп майданда,

Кездескен жері Үш ауыз,

Шығанақ теңіз айналма.

Рукиннің сол жерде

Отряды көрінді.

Қарасына қауіп етіп,

Жолдастары Досанның.

Кейін қарай шегінді.

Уәдем бар айтқан деп,

Мың да болса қайтпан деп,

Досан жалғыз бөлінді.

Тұлпарын шу деп тебінді.

Ойламады өлімді.

Араласып өтулі

Бораған оқтың ішінен,

Қаза тапқан Рукин

Найзасының ұшынан.


Орыс бодан қылғысы, Адай бостан болғысы келіпжүрген итіс -тартыс заманда 1868 жылы патшаның Орынбор және Батыс Сібір облыстарын басқару жөніндегі жаңа ережесі шықты. Осы Ережемен таныстыруға Оралға екі дистанция бастықтары шақыртылды. Жаңа Ереже бойынша түтін басына 3 сом 50 тиын салық жинау (бұрын 1 сом 30 тиын), жерді мемлекет-тік меншік деп тану, елдің көші-қон жерін шектеу, ру-ру орнына болыс пен ауылдарға бөлу, билеушілерді сайлап қою, паспорт жүйесін енгізу, уездік соттар тағайындау іске асырылатын болды. Уақытша Ереже бойынша Орынбор өлкесі енді Орал, Торғай облыстарына бөлінді. Облыстар уездерге бөлініп, оның бәрін орыс офицерлері мен чиновниктері басқарды. Тек бұрынғы дистанция бастықтарының орнына ғана қазақтардан волостной управитель- болыс сайланатын болды. Ішкі Ресейден қоныс аударушыларға жол ашылды.

Орыс патшасы қазақ халқын шын мәнінде бодан қылып орыстың әкімшілік территориялық билікті бекітуді нақты қолға алуға кірісті.Бұл шара жалпы қазақтың, оның ішінде Адай елінің арасында да жаппай наразылық тудырды, ал ел билеген орыс, қазақ шенеуіктерінің қысымдары, хиуалық арандатушылар жағдайды тым ушықтырып жіберді. Сөйтіп, Досан Тәжіұлы (1835–1876), Иса Тілебайұлы (1829–1910) бастаған, тарихта «Досан көтерілісі» деп аталатын бүкіл Адай елінің орыс патшасына қарсы жаппай көтерілуі басталды.Ереже 1868 жылы қазан айында шыққанымен, оны Маңғыстауда бірден енгізуге асау Адайдан сескенген патша үкіметі қолайлы кезді күтті. Сол кезең Орта Азияны толық жаулап алу мақсатында Атыраудың оңтүстігі мен Красноводскінің солтүстігінде көптеген әскер түсіріп, Адай елі жан-жақтан сығылған 1869 жылдың аяғында «сәті түсті» деп есептеді. Осы жылы қараша айында ояз Рукин барлық Адай болыс, би, старшындарын жинап, екі жылдың салығын бір төлеуді талап етті, салық төленбей елдің жайлауға жіберілмейтінін айтты. Кейін келіп оязға хабарласқан билеушілер халықтың көпшілігі мұндай салық пен қыспаққа қатты наразы екенін мәлімдеді.

Маңғыстау приставы (ояз) Рукин 1870 жылы 15 наурызда елден екі жылдың салығын біржола жинамаққа 40-тан астам орыс-қазақ әскерін және 60-тай Адай билері мен старшындарын ертіп, қару-жарақтарын 35 түйеге артып жолға шықты. Орыс жасағы Каспий теңізінің «Үшауыз» деп аталатын құрлықпен астасып жатқан шатқалында кездесті. Досан батыр бастаған көтерілісшілермен болған соғыста орыс әскерлері талқандалып, Рукин өзін-өзі атты.Алдыңғы күні көтерілісшілер «Орыстар жағындасың» деп бітімге шыққан би

Бәймембет Маяұлын өз ағайыны Емен мергенге аттырған еді. Көтеріліс бүкіл Маңғыстау түбегін қамтып, он мың адам атқа мінді, олар Форт-Александровскіні шабуылдап, 18 зеңбірегі бар қамалды ала алмады.

Бірақ патша үкіметінің сол маңайдағы көптеген тіректерін, өндірістерін қиратты. Маңғыстаудағы көтеріліс орыс патшасының өзіне дейін жетіп, оны басуға мамыр айында Кавказдан Апшерон полкінің бір батальонінің екі ротасы, Дағыстан полкінің төрт ротасы және Терек казак-орыстарының төрт зеңбірікпен қаруланған екі жүздігі кемеден түсе жетісті.Патшаның жан-жақтан ағылып келген мұздай қаруланған сансыз сол-даты үш жылға созылған (1870–1873) көтерілісті елді айуандықпен қырып-жойып бастады. Ел жан-жаққа, Хорезмге, Ауған жеріне бас сауғалап ауып кетті.

Олардың ішінде атақты Қалнияз ақын да шетелде жүріп туған топырағына қайта орала алмай бақилық болды. Көтеріліс басшысы Досан Тәжіұлын 1874 жылы патша үкіметінің есауылы Аничкин бастаған жасағы Сам жерінен ұстап әкеліп, жаралы батырды екі жыл Кетіктің (Форт-Александровск) түрмесінде азаптап өлтірді. Мүрдесін Сәттіғұл ақынның әкесі Жанғабыл бастаған елдің білікті абыздары Қаратөбе қорымына жерледі.Рукиннің отряды 15–21 наурыз аралығындағы бір аптаның

ішінде жазғы жайылымға көшіп бара жатқан бірнеше ауылды кейін қайырып, дегендерін жасатты. Бейбіт кетіп бара жатқан ауылдар қарулы отрядқа ешқандай да қарсылық жасаған жоқ.Тек 22 наурыз күні ғана отрядтың маңдайы тасқа соққандай болды. Рукиннің қарулы отрядпен шығып, жүрген жерін бөрліктіріп келе жатқанын естіген Иса, Досан бастаған адай азаматтары оған қарсы тұруға белді бекем буған-ды. Рукин отряды оларға 22 наурыз күні ұшырасады (осы күнді көтерілістің басталған күні деп есептеуге болады). [1]

Көтерілісшілер отрядты қоршап алып, бұдан әрі өткізбейтіндерін, аман-есендерінде кейін қарай Фортқа қайтуларын талап етеді. Бірақ отряд олардың талаптарына винтовкадан оқ жаудырумен жауап береді. Бірақ төрт жүздей көтерілісшіден қаймыққан Рукин отряды 23 наурыз күні Қошақ шығанағына дейін шегінеді. Көтерілісішілер отряды біржолата жойып жібермек болып, шабуылдауға әрекеттенгенмен, жаңбырша жауған оқ оларды отрядқа жақындатпайды. Келесі күні 24 наурыз күні Бозашыдан көтерілісшілерге көптеген тың күш келіп қосылды.

Көтерілісшілер енді отрядтың Фортқа шегінетін жолын де кесіп тастайды. Амалы құрыған Рукин теңізге қарай ығысуға тырысады. Бірақ көтерілісшілер казактардың оқ жаудырғанына қарамастан, отрядты бұл бағытқа да аттатпай қояды. Осы арада қолма-қол шайқаста көтерілісшілерден бірнеше адам оққа ұшқан, отрядтан бір урядник, екі казак өлген. Отрядты ығыстыра-ығыстыра Үшауыз тар шатқалына әкеліп, айнала қоршап алған. Ат-көліктерін тартып алып, түні бойы айнала от жағып қоршап тұрған. Олар отрядты әбден титықтатып, шығынсыз-ақ қолға түсірмек болды.

25 наурыздың таңы құлан иектене бастасымен-ақ, қолға түсіп пенде болғысы келмеген Рукин көтерілісшілерді келіссөзге шақырып, ат-көліктерін қайырып беріп,

аман-есен Фортқа жіберуін сұрайды. Бірақ көтерілісшілер оған көнбей, отрядқа лап қояды.

Төрт күндік айқастың шешуші сәті де осы болған.Көтерілісшілер Рукинді және 16 солдатты өлтіріп, қалғандарын берілуге мәжбүр еткен...      Үшауыздағы бұл жеңіс көтерілісшілерді әбден жігерлендіріп, олар енді сонау Форттағы бекіністің өзін талқандауды ойлайды.«Үшауыздағы» айқастың нақтылы көрінісін Өрісбай Алданұлы сияқты көнекөз қариялар кезінде сол көтеріліске қатысушылардан естігендерін куәлікке тарта отырып, былайша суреттейтін.

... Үшауызды бекінген Рукин отрядын көтерілісшілер жан-жағынан топ-топ болып қоршап алады. Олардың келіссөзге келмегендігінен-ақ, лап қойып, отрядты жайпап өтуге бел байлағаны түсінікті еді. Бірақ жағалай қоршаған топтың қайсысының шабуылды бастайтынын аңғара алмаған Рукин мергендердін қай бағыттан шабуылданса да баудай түсіруге бейімдеп орналастырады. Мұны сезген Досан әр топтың басшыларына мынадай тапсырма береді: - Мен бірінші болып шабамын. Шамам келсе, алдымен ана мергендерді шаншып тастауға тырысармын. Сол кезде сендер де тұс-тұстан ат қоярсыңдар. Үрейі ұшқан солдаттар кімді атарын, білмей, дабдырап та қалар. Сол бір сәл-пәл дағдарыстарында 400 қылыш пен найза түгел қимылдаса, ешқайсысы да аман құтылмас. Ал енді бір алла өзі жар болсын! -дейді.Сөйтіп, Досанның барлық тобы да бір мезгілде жан-жақтан атойлап шыға келеді. Бірақ жауға қарсы, оққа қарсы тура шапқан Досанның өзі бастаған топ еді.Досан соңына ерген шағын топтың алдында Рукинге қарай ағызып келіп, оқ жетер шамаға жетер-жетпесте көз ілеспес шапшыңдықпен құйындатып келе жатып астындағы қарабуырыл аттың қапталына ауыса кетеді. Дәл осы сәтте қатар атылған Рукин мергендердің оқтары аттың екі құлағының арасынан өтіп, кекілі мен жалын өртеп, ердің басының быт-шытын шығарып, үстіндегі көпшіктің жүнін қопарып өтіпті деседі.

Досан да осының болатынын алдын-ала есептеген болса керек, алғашқы ол нөпірі өткен бойда-ақ ат үстіне қайтадан түзетіліп, мергендердің мылтықтарын қайтадан оқтатуына мұрса бермей, Қарабуырылды ағызған бойы үшеуін де найзамен шаншып-шаншып жайратып өтіпті-міс.Неткен шапшаңдық, найзагерлік десеңші!... Осы жерде Досанның өте шапшаңдығы, найзагерлігі, ерлігімен айрықша жаратылған адам екендігі жайлы әдетте «құйғытып шауып келе жатып, тақыр жердегі қойдың құмалағын жармай шаншып алып кетеді екен», «атқысы келіп көздегендерге ол бірнешеу болып көрінеді екен» дегендей аңыздарды еріксіз еске аласыз.

Тарихи құжаттарында «подполковник Рукин өзін-өзі атып өлтірді» деп көрсетілгенмен, 50–60 жылдарда көне көз қариялар «Досан Рукинді тірілей қолға түсіріп, ақ тастың үстіне бауыздаған екен» деп әңгімелейтін. Сол кездерде Өрісбай Алданұлы деген ақсақал Досанның ерлігі туралы әңгіме-аңыздарды көп білетін-ді. [1]

Тарихи деректерде Форт-Александровскінің Рукиннен кейінгі комендаты Зелениннің

былай деп жазғаны қалған екен:   «...Мен 20 жыл бойы тофографтар корпусының офицері бола жүріп, қырғыз даласында жолсапарда, тіпті олармен соқтығыстарды да кездестіре жүріп, мұндай көзсіз табанды шабуылды күтпеп едім... Форттың тағдырын осындай бірнеше шабуыл шешіп кетуі шынында да мүмкін еді. Онда мұның өзінің немен аяқталатынын көзге елестетудің өзі қорқынышты болды.».. Оның бұл сөзіне қарағанда, Досан бастаған көтеріліс патша өкіметінің жергілікті өкілдерін қатты қалтыратып, әбден састырған болып отыр.       Ал, Кавказдан келген граф Кутаисов өзінің Дағыстан облыстық армиясының

қолбасшысы генерал-майор Мелниковке берген теллеграммасында былай деген екен: «... өлке түгілімен көтерілген, қарусыз бір адам жоқ... көп шығынға ұшырағандарына қарамастан, олардың тіпті еңсесі де түскен емес. Олар төтенше күшті, үлкен шешімге келген, бірақ тек құдайға шүкір нашар қаруланған.Олармен алғаш кездескенде тіпті шошып кеттік, олардың бірде-біреуі де қаншама атсақ та құламайды, шауып келеді, өлісі қайсы, тірісі қайсы, айырып болар емес, сөйтсек, олар ердің үстіне олар өздерін таңып алады екен, адам шошырлық аласапыран. Көтеріліс басылғаннан кейінгі үш ай ішінде Маңғыстау территориясы патша әскерлерімен лық толды. Адай — қазақтары үшін ең қаралы күндер осы кезең болды.

Сонымен, көтерілісшілер жеңіліс тауып, аяусыз басып жаншылды. Бірақ бұл көтерілістің тарихи маңызы зор еді. «Ол Маңғыстау даласында болған патша отаршыларына қарсы наразылықтың бір көрінісі ғана емес, Рукиннің отрядына қарсы бас көтерген адайлардың шағын тобы 6 мың адамға, артынан 10 мың адамға дейін жеткен барлық еңбекші адай тайпаларының барынша белсенді, ең ұзаққа созылған күресі болды. Оны ұйымдастырушы және басқарушы халық батыры атанған бақташы Досан Тәжиев болды.

Бұл күрес өзінің мақсаты мен міндеті жағынан алғанда жұмысшы балықшылар қатысқан шаруалар көтерілісі еді. Өйткені, оған кедейлер, батырақтар, балықшы-жатақтар еңбекшілер бұқарасы белсенді түрде кеңінен қатысты. Олардың бірқатары Ресейдің іскер топтарының қарамағында жұмыс істейтін.ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы Қазақстанда болған көтерілістермен салыстырғанда, бұл көтерілістің нақты шабуылдық сипатта болуы назар аударарлықтай».Көтерілсітің жеңіліске ұшырауының да маңызды себептері бар. Мәселен, оның сенімді тыл болмады, экономикалық базасы да жоқ еді. [1]

Көтерілісшілер ауылдарынан қол үзіп кете алмайтын. Олардың шегінетін жалғыз жолы — патша әскерлері тұрақты басып ала қоймаған жартылай шөл аймақ Үстірт болатын. Көтерілісшілерде алдын –ала ойластырылған саяси бағдарлама да болған жоқ. Әуелі адайлар «Уақытша Ережені» қабылдаудан бас тартты. Сосын, одан жаз шығысымен жазғы жайлауға елсіз далаға көшіп кетсек құтыламыз деп есептеді.

Рукин отрядын талқандауы көтерілісшілерді жігерлендіріп жіберді. Олар енді патшаның Маңғыстаудағы әскери тірегі — Форт-Александровск қамалын алсақ, езгіден, ауыртпалықтардан құтыламыз деп есептеді. Барлық пәле Фортта отырғандардың шығып жатқандай көрді. Әлеуметтік — экономикалық қатынастардың нашар дамуына байланысты халықтың ауызбірлігі де мықты емес еді.

Соның өзінде жалаң қылышпен, санаулы ғана ши мылтықпен, қорағаш, сойылдармен

қаруланған, соғыс әдістерінен мүлде бейхабар, өңкей қыр қазақтары алып империя — Ресейді дүрбелеңге түсірді, оларды басып-жаншуға Кавказдағы, Орынбордағы әскерлерін тік көтеруге мәжбүр етті. Бұл көтерілісшілер тегеуірінінің алып орыс империясының өкпесіне қадалған тікендей әсер еткендігін танытады.Көтерілісшілердің ерлігін олармен соғысқа түскен әскер бастықтары да еріксіз мойындаған.

Бұл көтерілістің дүмпуі Россия шеңберінен шығып, шетелдерге тез тараған. Ағылшын авторлары: армия полковнигі Барнаби «Хиуаға сапар, Орта Азияға саяхат және бастан кешкендер» және Аверинг Маккей «Батыс Түркістан жөнінде», француз этнографы Жирар де Риал «Орталық Азия туралы жазбалар» деген кітаптарында осы көтеріліс жайлы нақтылы деректер келтірген.Отарлаушы саясаттың белсенді өкілі, қанды қылыш жауынгері Рукиннің өлімі отарлаушыларға халықтың басқыншылық әрекетке бас шұлғып көне бермей, қасқайып қарсы тұра алатындығын, ол үшін еш нәрседен де тайынбайтындығын танытты.

Полковник шеніндегі пристав деген үлкен шендегі патша үкіметінің жергілікті жердегі дөкей өкілін өлтіру сияқты қантөгіс, тосын оқиға, қазақ жеріндегі бұдан бұрын-соңғы көтерілістерде естілмейді.1870 жылғы Маңғыстау қазақтары көтерілістің орыс патшалығын дүрбелеңге түсіріп, оның дүмпуінің Ресей шеңберінен асып, шетелдерге жетуі де осы Рукин өліміне байланысты болса керек. [5]

Сонымен қатар, көтерілісшілердің жеңіліс тапқанына қарамастан, төрт жыл бойы қаруын тастамай, жазалаушыларға қарсы жанкештілік ұрыс жүргізуі де Маңғыстау адайларының қайтпас қаһармандығын, тәуелсіздік жолында табандылықпен тірескендігін паш етері сөзсіз. Сонау 1870 жылы-ақ орыс патшасының отарлау саясатына жалаң қылышпен қарсы шапқан есіл ер жайлы жас ұрпаққа аз да болса мағлұмат бере алса, жұмыстың діттеген мақсатына жеткені.Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясыда» жан-жақты қарастырылған. Ол отандастарымызға береке — бірлігі мен ынтымағы жарасқан халықтың алмайтын асуы жоқ. Біз мұны туған Отанымыздың гүлденуі жолындағы қажырлы еңбегіміз бен ауызбірлігіміз бен тәуелсіздігіміз арқылы дәлелдедік.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.                  Маңғыстау. Е.Өмірбаев.1980ж

2.                  Қазақстан тарихы. Абдоллаев Н. А.2005ж

3.                  Қазақстан тарихы. Мусин А.2007ж

4.                  Маңғыстау энциклодепиясы.1997ж

5.                  Алтын ұя. О.Қосай. 2007ж.

Основные термины (генерируются автоматически): мена, оса, бас, бар, отряд, пена, Форт-Александровск.


Задать вопрос