Патшалық Ресейдің Орта Азия аймағына қызығушылығы І Петр патша тұсында анық аңғарылған еді. ХІХ ғасырдың ортасына таман Орта Азияда ағылшын ықпалының күшеюінің алдын-алу мақсатында стратегиялық жағынан өте маңызды болып келетін Сыр өлкесін өзіне қарату және бұл өңірде әскери шептер жүйесін құру көзделді. ХІХ ғасырда өмір сүрген Ресейдің әскери шенеунігі М.А. Терентьев өз еңбегінде «Орта Азия аймағы бізге тек тынығып, күш жинап, ары қарай жылжуға арналған станция болуы қажет» деп Орта Азия аймағының маңыздылығына тоқталып және Ресей экспансиясы мұнымен шектеліп қалмайтынын анық аңғартады [1, c.272].
ХІХ ғасырдың ортасында Ресей империясының еуропадағы саясаты қиындай түсуіне байланысты алға қойған саяси-экономикалық стратегиясын өзгертуге мәжбүр болды. Осы кезеңнен бастап патшалық Ресей негізгі саяси-әскери күшін шығысқа қарай бағыттауға көшті. Орта Азия аймағындағы ықпалдық үшін Англиямен бәсекелестікке түсіп, батыл қадамдар жасауда барлық айла-тәсілдер мен әскери күшті жұмсауға дайын болды. Екі алып империя арасындағы Орта Азия аймағы үшін бәсекелестік уақыт өткен сайын өрши түскені соншалықты, тіпті екі елдің тыңшылары саяхатшы, саудагер немесе кезбелер кейпінде Хиуа, Бұхара және Қоқан хандықтары туралы әскери, географиялық және басқа қажетті мәліметтер жинауға барынша тырысып бақты. Сонымен қатар екі империяның елшіліктері осы хандықтармен саяси достық қарым-қатынас құруға талпынды. Ағылшындық әскери шенеунік Артур Коннолли 1838 жылы жарық көрген «Солтүстік Үндістанға саяхат» атты еңбегінде Ресей империясының Үндістанға сәтті жорық жасауының тек екі жолы бар екенін жазып кеткен болатын [2]. Соның бірі Хиуаға жорығын Каспий теңізінің шығыс жағалауымен емес, Орынбор жақтан тікелей бағыттаған әлдеқайда тиімдірек деп табатынын алдын-ала болжап қойған еді. Ағылшын шенеунігінің ойынша орыс әскерінің бұл бағытты таңдауына Арал теңізі мен оған құятын өзендерді тиімді пайдалана алатынына кәміл сенген. Яғни Арал теңізіне жеткен бойда, орыс әскерлері Оксус (Амудария) өзені арқылы кемелер мен салдар арқылы Хиуаға оңай жететінін түсінді [3, с.67]
Патша әкімшілігі сауданы дамытудың және әскери күштерін Орта Азия хандықтарына жақындату мақсатында жергілікті жердің географиялық-климаттық ерекшеліктерін зерттеуді қолға алды. Патша үкіметі кабинеттерінде Бұхара, Хиуа, Қоқан хандықтарымен құрлық арқылы немесе су жолдарымен байланыс жасаудың тиімді амалдары қарастырылып, жоспарлар құрылып отырды. ХІХ ғасырдың 60-жылдарына дейін Сыр өңірі мен Орта Азия аймағын саяси ахуалы мен географиялық жағынан зерттеу үшін патша үкіметі шенеуніктері мен Бас штаб офицерлері басқарған әскери, дипломатиялық және ғылыми миссиялар жасақталып, толассыз жөнелтіліп, олар өз кезегінде әскери жорықтармен жалғасып отырды.
Сыр өңірін жаулап алу үшін су жолдарын пайдалану орыс әскерлеріне үлкен мүмкіндік беретінін түсінген патша әкімшілігі Сырдария өзені мен Арал теңізін гидрографиялық жағынан зерттеуді кезек күттірмейтін мәселелердің бірі деп тапты. Осылайша саяси стратегиялық маңызы жоғары Сыр өңірін Ресей құрамына қосу патша өкіметінің кезекті шарасына айналды. Арал теңізі мен Сыр өлкесін географиялық, тарихи және этнографиялық жағынан зерттеу мақсатында А.И.Бутаков бастаған ғылыми экспедиция жұмыс жүргізді. Арал теңізін, Сырдария, Амудария өзендерін кемелермен жүзіп өтіп, толық зерттеуге алады. Патша әкімшілігі Бутаков ғылыми экспедициясының алдына кеме қатынастарын жолға қою тапсырмасын қойды.
1848 жылдың 5 наурызында капитан-лейтенант А.И. Бутаков Әскери министрліктің тапсырмасымен Арал теңізін гидрографиялық зерттеу мен астрономиялық бақылау мақсатында Орынборға келеді. 1848 жылдың сәуірінде ұзындығы 14 метрді құрайтын және 2 зеңбірекпен қамтамасыз етілген «Константин» шхунасы құрастырылып, Райым бекінісіне жеткізіледі. Сондай-ақ тек жүк тасымалдаумен ғана қызмет етіп келген «Николай» кемесі экспедициялық ғылыми зерттеулер жүргізуде тиімді пайдаланылды. 1848-1849 жылдары А.И.Бутаков ғылыми экспедициясында пайдаланылған «Николай» және «Константин» шхуналары 1853 жылға дейін қызмет көрсетті. Арал теңізінде зертеу жүргізген «Константин» шхунасында №5 Орынбор батальонының қатардағы жауынгері, украин ақыны және суретшісі Т.Шевченко да өзінің этнографиялық бақылауларын жүргізіп, Арал флотилиясы туралы майлы бояумен салынған көркем туындыларын жарыққа шығарды [4, c. 204].
1850 жылы Швецияның кеме жасайтын әйгілі «Motala Verkstad» атты зауытында арнайы тапсырыспен жасалып шығарылған «Перовский» кемесі мен «Обручев» (16 т., 12 ат күші) баркасы 1852 жылы Райым бекінісіне жеткізіледі. Кемелердің жалпы құны 49,347 рубльді құрады [5, c. 79]. 1853 жылы патша әскерінің Ақмешіт бекінісін жаулап алуда флотилия кемелерінің маңызды қызмет атқарғанын тарихи деректерден аңғаруға болады. Ақмешіт жорығына қатысқан орыс офицері А.Макшеев флотилия кемелерінің бекіністі алуда «Перовский» мен «Обручев» кемелері әскери жүктер мен зеңбіректерді тасымалдап, әскерлердің жылдам әрекет етуіне едәуір жәрдемдескенін өзінің еңбегінде жариялайды [6, с.182]. Орыстың атақты саяхатшысы П.П. Семенов «Бутаков «Перовский» кемесі арқылы Хиуа хандығының Қоңырат қаласына жетіп, хиуалықтардың зәресін ұшырды» деп өз еңбегінде мақтана суреттейді [11, с.75].
1866-1867 жылдары Түркістан облысының әскери губернаторы қызмет атқарған Д.И.Романовский өзінің Орта Азияға байланысты жазбаларында Арал флотилиясының маңызына ерекше көңіл бөледі. Ол «Арал флотилиясының құрылуымен Хиуаның бізге қарсы әрекеттеріне төтеп беруге мүмкіндік алдық» деп өз ойын білдіреді [7, с.21].
Әскери флотилия кемелері 1858-1859 жылдары Хиуаға жөнелтілген полковник А.И. Игнатьев бастаған ғылыми-дипломатиялық миссияға қатысады. А.И. Бутаков дипломатиялық экспедицияға «Перовский» және «Обручев» кемелері арқылы жәрдемдесіп, Амудария өзені бойымен Нүкүске дейін жетіп, аймақтың гидрографиялық ерекшеліктерін зерттеуін жүргізіп, Хиуа мен Бұхара хандықтары туралы мол тарихи-этнографиялық мәліметтер жинастырады [8, c.164].
Еуропа елдеріне кеме жасаудың соңғы жетістіктерімен танысып келгеннен кейін контр-адмирал А.И. Бутаков 1861 жылы Англияның Ливерпуль қаласындағы «Windsor Works» зауытында жасалған, құны 16000 рубльді құраған «Сырдария» және 30080 рубльге бағаланған «Арал» кемелерін Қазалыға жеткізіп, 1862 жылдың 29 шілдесінде суға жібереді. Бұл кемелер 1864-1868 жылдары Қоқан және Бұхар хандықтартарымен болған ұрыстарда әскери жүктерді және жауынгерлерді тасымалдаумен айналысты. 1873 жылы патшалық Ресейдің Хиуаға жорығында әскери қимылдарға қатысты. Кейін жергілікті сыр қазақтардың тұрмысын зерттеуші-этнограф, әскери шенеунік А.К.Гейнс өзінің еңбегінде «Арал» кемесін «өте ыңғайсыз, көне және өзеннің ағысына қарсы жүзуге дәрменсіз» деп сипаттап береді [9, с.226]. Осы кемемен қоса сол жылы қолдануға берілген «Самарқанд» кемесі Арал флотилиясының әскери күш қуатын одан әрі арттыра түседі. Зеңбіректермен жабдықталған бұл кеме бірнеше әскери жорықтарда сәтті пайдаланылды.
Ресей әскери шенеунігі Л. Мейер 1862 жылы «Морской сборник» журналында жарыққа шыққан «Аральская флотилия в отношении к среднеазиатской торговле» атты мақаласында Арал флотилиясының кемелер құрамын көрсетіп береді. Олар: «Перовский» (40 ат күші), «Обручев» баркасы (12 ат күші), «Арал» (40 ат күші), «Сыр-Дария» (20 ат күші) бу қозғалтқышты кемелер қатарын толықтырса, 3 темір баржасы, 2 ағаш шхунасы желкенді кемелер қатарына жатқызылды. Сондай-ақ 2 темір және 4 ағаштан құрастырылған паромдар, 22 ескекті қайықтар флотилияның игілігіне қызмет етті [10, с.112-113].
ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде флотилия құрамындағы «Перовский» мен «Самарқанд» кемелері ғана теңізде жүзуге қабілетті болды. Ал «Ташкент» кемесі теңізде жүзе алса да кез келген уақытта аударылып кету қаупі төніп тұрды. «Сыр-Дария» және «Арал» кемелері өзенде жүзуге ғана арналса, «Самарқанд» кемесі өзенде жүзуге арналса да 1873 жылғы Хиуаға жорығынан кейін Сыр өңірі бекіністерінен Амударияға жүзіп, қажетті жүктерді тасымалдап отырды. 1883 жылы Арал флотилиясы Ресейдің стратегиялық мақсаттарының өзгеруіне байланысты қажет болмай, таратылды. Флотилия құрамындағы кемелерді бұзуға ұйғарды немесе тым арзанға сатты. Кейбір кемелер жаңадан құрылған Амудария флотилиясының құрамына қосылды.
Қорыта келгенде Арал әскери флотилиясының құрылуына патшалық Ресейдің империялық мүдделері себеп болғаны белгілі. Флотилияның көмегімен орыс жауынгерлері Хиуа, Қоқан және Бұхара хандықтарына өз ықпалын жүргізді. Орта Азия аймағына тереңдей енуіне және ағылшындармен өлке үшін бәсекелестікте жеңіп шығуына себепкер болды.
Әдебиет:
1. Терентьев М.А. Россия и Англия в Средней Азии. – Спб. 1875. – 361 с.
2. Arthur Conolly. Journey to the North of India: Overland from England, Through Russia, Persia, and Affghaunistaun, V.1. - R. Bentley, - 1838. - 350 p.
3. Большая Игра против России: Азиатский синдром/ Пер. с анг. И. И. Кубатько.— М.: РИПОЛ КЛАССИК, 2004.— 640 с: ил.
4. Терентьев М.А. История завоевания Средней Азии. Том 1. – Спб. – 1906. – 510 с.
5. Берг Л.С. Аральское море. Опыт физико-географической монографии СПб.: Типография М.М.Стасюлевича, 1908. - 580 с.
6. Макшеев А. Путешествия по киргизским степям и Туркестанскому краю. 1896. 257 с.
7. Романовский Д.И. Заметки по Средне-Азиатскому вопросу. – Спб, 1868.
8. Мушкетов И.В. Туркестан Т.І. С-Петербург. – 1886.
9. Собрание литературных трудов А.К.Гейнса. Том ІІ. С-Петербург. – 1898. – 597 с.
10. Мейер Л. Аральская флотилия в отношении к среднеазиатской торговле // Морской сборник. — 1862. — Т.X. — No7. — С. 109–134.
11. Семенов П.П. Живописьная Россия. Отечество наше в его земельном, историческом, племенном, экономическом и бытовом значении. Т.Х. С-Петербург, - 1885. – 272 с.