Қазіргі заманғы мектеп көп нұсқалы және өзін-өзі басқару тәсілімен жұмыс жасауда. Білім беру жүйесінде ізгілендіру процесі жүруде, мұнда оқушы тұлғасын алдыңғы қатарға шығару, оның талаптарын қанағаттандыру, жеке қабілеті мен дарынын, тұлғалық сапалық қасиеттерін дамыту үрдісі болып саналады. Оңтайланған педагогикалық жүйе мәнін көрсететін білім беру үрдісінің ұйымдастырылуы ынтымақтасу педагогикасы идеясын жүзеге асырады. Бұл мектептегі басты қиындықтың бірі – мұғалім мен оқушы қарым-қатынасында кездесетін қиыншылықты жояды. Оқыту үрдісі тек психологиялық жағынан ғана емес, сыныптағы дәстүрлі сабақ жүйесін айрықшалап ұйымдастырылуы да өзгеріске ұшырады. Оқыту үрдісін өзгертуде ғылыми көзқарастарға ерекше мән беріледі. Мектеп мұғалімдері пайдаланатын технологиялар негізіне ақыл-ойдың дамуын сатылы қалыптастыру, проблемалық оқыту, дамыта оқыту сияқты психологиялық – дидактикалық теориялар т.б. жатады.
Мектепте қалыптасқан озық дәстүрлердің тәрбиелік және білім беру мүмкіндігін пайдалану, оқушыны ауылдағы әлеуметтік – оқу ортасын өзгертуге қатысушы ретінде дамыту, оның жеке тұлғасының парасаттылығының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Білім беру бағдарламасын жасаудағы жасампаз бейімдеу қимылдары – кәсібиліктің маңызды көрсеткіші. Мұғалім жергілікті жер мен өндірістің ерекшелігіне қарай, өз оқушыларының жеке ерекшеліктері мен мүдделеріне сай бағдарламаны түзетіп, икемдеп отырады. Оқыту мазмұнын өзгерте отырып, түрлі пәндер бойынша практикалық жұмыстар енгізе отырып, нақты жергілікті материалды, балалардың икемділігін шеберлікпен ұйымдастыра отырып, ол оқушыларды өз танымдық тәжірибесін пысықтауға итермелейді.
Ал, жалпы алғанда мектептердегі балалардың өзара қарым-қатынастарының шектеулігі сабақ түрлерін байытуды, оқыту әдістерін түрлендіруді талап етеді.
Оқушы дамуына әсер ететін негізгі әдістер ішінара іздеу, оқу диалогы, проблемелық оқыту әдістері т.б. болып табылады.
Ішінара іздеу сабағында мұғалім баланың әр қадамын назарға алып, оның жас ерекшеліктерін ескеріп отырады. Ішінара іздеу эвристикалық әңгімеде жүзеге асады, мұғалім проблемалық сұрақ қояды, оқушы талқыланатын сұрақтарды ой елегінен енгізіп, жауап береді. Мектеп мұғалімдері оқу диалогын өз тәжірибелерінде сәтті қолданады.
Диалог – оқу материалының мазмұнына негізделеді. Бірақ мұндай диалог сөздерін жоспарлау сабақ басталмастан бұрын өтеді де, ол оқушының тапсырманы игеру дәрежесіне немесе дайындығына бағытталуы керек. Себебі, жоспарланған диалог мәтіні мұғалімге белгілі болғанымен, оқушыларға белгісіз болады. Диалог сабақтарда оқушылар мұғаліммен тең дәрежеде әңгімелесе алады. Сондықтан оқу мазмұны ол үшін маңызды, ол өзіне керекті сұрақты өзі қояды, іштей өзімен - өзі диалог құрады.
Проблемалық оқыту әдісі де маңызды. Сабақты түсіндіру проблема қоюға алмастырылады. Мұғалім басты проблеманы қояды, оны шешуде балалар алдына жеке проблемалар қою арқылы қарама – қарсы шешу жолдарын көрсетеді, көзқарас күресін тәжірибе көмегімен дәлелдемелер арқылы көрсетеді.
Мектепте сондай-ақ ойын әдістері амалдары мен түрлері (рөлдік ойындар, іскерлік ойындар), қалыпты емес сабақтар (саяхат сабақ, аукцион сабақ, театр сабақ) өткізіледі. Ойын кезінде бала қимыл субъектісі. Демек, ол ойын нәтижесін көздейді. Бастауыш сынып оқушылары рөлдік ойындар ойнағанды ұнатады. Костюм мен модельдері бар рөлдік ойындар оқу үрдісін белсенді ететін маңызды дидактикалық құрал болып табылады.
Сонымен қатар, “Ертегі” әдістемелік амалын мұғалімдер бастауыш сыныпта кеңінен қолданады. Яғни ертегіден үзінділер, кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынастарды пайдалану балалардың тілдік қорын молайтуға, сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға ықпалын тигізеді. Ал, ойын үлгілерін жаңа білімді меңгерту, білімін пысықтау, білігі мен дағдысын бақылау үшін қолдануға болады. Бастауыш сынып балаларының қиялы мен ойлауы ұшқыр болады. Қиын тақырыптарды олар ойын арқылы да игереді. Оқу мақсаты мұндай сабақтарда сәтті жүзеге асады.
Біз оқыту үрдісін мектеп оқушысын бейімдеп оқыту жүйесі деп қараймыз, ол оқушының жеке тәжірибе мен танымдық күшін қамтамасыз етуге арналған.
Жалпы орта мектепте бала тұлғасының қалыптасуына ықпал ететін негізгі әлеуметтік – экономикалық және мәдени – тұрмыстық ахуалы. Осыған байланысты орта мектеп мұғалімінің негізгі мақсаты - өмір сүру қажеттілігіне сенімділігі бар баланың жеке тұлғасын қалыптастыру. Оқушының туған жеріне адалдығын сақтап, қоршаған ортаға белсенді араласып, жалпы мәдени дамытып, білімге деген ынтасын арттыру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, болашақта үлкен ортаға бейімделуге қабілетті тұлғаны қалыптастыру болып табылады.
Сынып жетекшісінің тәрбиелік қызметінің жүйесі бар. Ол жан-жақты оқу-тәрбиесінің мақсаты мен міндеттерінен туындайтын, өзара байланысты оқу-тәрбие шараларының жиынтығы, сынып жетекшісінің оқушылармен жүргізетін барлық жұмысының бағыттарын (саяси-идеялық, адамгершілік, дене, эстетикалық, еңбек тәрбиесі, т.б.) қамтиды.
Оқушыларды жан-жаақты тәрбиелеу үшін сынып жетекшісі оларды зерттеп білу қажет. Оларды зерттеп білу, сынып жетекшісінің өз қызметін ойдағыдай атқарудың басты шарты. Сынып жетекшісі балалар туралы мынандай мәліметтерді білуі қажет:
-оқушының денсаулығы;
-отбасындағы тұрмыс жағдайы;
-ішкі жан дүниесі, рухани байлығы;
-мінез-құлқы, темпераменті, қабілеті, еркі, зейіні, т.б.
-ата-ана, үлкендермен, құрбыларымен қарым-қатынасы;
-әдептілігі, адамгершілігі;
-еңбекшілдігі;
-интеллектуалдығы;
-саяси сауаттыллығы;
-Эстетикалық талғамы.
Осы айтылғанның бәрін сынып жетекшісі педагогикалық зерттеу әдісін қолдана отырып жинақтайды.(бақылау, әңгімелесу, эксперимент, т.б.)
Сынып жетекшісі тек шәкірттермен қызметтес болмай, сонымен бірге жалпы ұстаздармен де қызметтес болғаны дұрыс. Мұндай жағдайда бала туралы пікір алмасады, дұрыс мәлімет жинақтауға болады. Сынып жетекшісінің мақсаты- бала тәрбиесі мен білімін жетілдіру, іске асыру, ұйымдық қызмет атқару. Сынып жетекшісінің шәкірттердің ата-аналарымен қызметі де үлкен ізденісті талап ететін тақырып. Сынып жеткшісі отбасымен жиі қарым-қатынас жасаушы тұлға. Ата-аналарға шәкірттердің оқу жұмыстары, тәрбиесін мәлімдей отырып, ата-аналармен бірлесіп сол кемшіліктерді жоюға атсалысады. Ата-аналармен жүргізілетін жұмыстың түрлері көп; отбасына барып тұру, жағдайын білу, ата-аналармен сөйлесу, пікір алмасу, педагогикалық тұрғыда сауаттандыру, сұрақ-жауап кештерін өткізу, т.б.
Сонымен сынып жетeкшісі - мектеп басшыларының қызмет жобаларын іске асыратын белгілі тұлға. Ол шәкірттермен, ұстаздармен, ата-аналармен, жұртшылықпен қызметтес бола тұрып, сол қызметті ұйымдастырады. Соны атқару барысында мына мәселелерді қарайды.
- ұйымдық;
- саяси-тәрбиелік;
- талдау-қорытындылау;
- үйлестірушілік, хабарлаушылық;
- психологиялық;
- дем беруші, тежеуші, реттеуші;
- шығармашылық импровизация, т.б.
Сынып жетекшісінің қызметінің мазмұны сынып ұжымын ұйымдастыруымен байланысты. Осыған орай сынып ұжымын топтастырудың жолдары, оның үш кезеңі, мақсаты, қос ықпалы бар екенін еске түсірген жөн. Сынып жетекшісі шәкірттердің білім сапасын арттыруына көмектеседі. Оқу еңбегіне саналы жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді, күнделікті тәртіпке үйретеді, оқуда өзара жолдастық көмек ұйымдастырады, өз сыныбының ұстаздарымен тұрақты байланыс және ынтымақтастық жасауға шақырады.
Мектеп басшылары тәрбие процесін жүргізуші, іске асырушылар болып табылады.
Олар шәәкірттермен, ұстаздармен, ата-аналармен, жұртшылықпен қызметтес бола тұрып, сол қызметті ұйымдастырады.
Мектеп тәрбиеге байланысты барлық қоғамдық күштерді ұйымдастыру және біріктіру рөлін атқарады. Ол ішкі тәрбие процесін басқарып қана қоймайды, сонымен бірге шағын аудандарда, ата-аналардың жұмыс істейтін кейбір еңбек ұжымдарында жүргізілетін тәрбие жұмысының мақсатқа бағыттылығын қамтамасыз етеді. Осы тұрғыдан мектеп – балалармен тәрбие жұмысын ұйымдастырудың, баланың дамуында және қалыптасуында әр түрлі факторлардың ықпалын үйлестіріп, біріктірудің орталығы.
Мектеп іс-әрекетінің ең бастысы – тәрбие түрлерінің (адамгершілік, ұлттық, отансүйгіштік, дене, еңбек, эстетикалық, т.б.) байланыстылығын күшейту. Осының нәтижесінде олардың кешенді түрде мақсаттары және міндеттері жүзеге асады.
Осы жұмыстардың барлығына мектеп ұжымы басшылық жасайды, көмектеседі, тиісті мамандармен, ұйымдармен бірігіп іске асыруды қамтамасыз етеді.
Бала тәрбиесінде қоғамдық тәрбие институтарының алатын орны ерекше. Олардың ынтымақтасып істейтін жұмыстарының негізгі бағыттары:
- педагогикалық ұжым, ата-аналар комитеті, үлкен кеңес мүшелері, кәсіпорын басшылары, шағын аудандағы жұртшылық бірігіп, тәрбие жұмысының жоспарын жасап, оны басшылыққа алады;
- мектеп, кәсіпорындағы және шағын аудандағы жұртшылық тәрбие жұмысыны бірігіп зерттейді, нәтижесін арнайы мекткп, отбасы, жұртшылық талқысына салып шешім қабылдайды, іске асырады;
- мектеп ата-аналарды және жұртшылық өкілдерін үнемі балалармен
жұмыс істеуге даярлау үшін, оларды психологиялық-педагогикалық біліммен қаруландыруды, тәрбие жұмысына барлық жұртшылықты қатыстырады, әсіресі жаңашыл мамандарды, өндіріс озаттарын, спорт, өнер салаларындағы адамжарды, соғыс, еңбек ардагерлерімен кездесу ұйымдастырып, олардың тәжірибесін кеңінен пайдаланады, жалпы басшылық жасап, тәрбие жұмысын басқарады.
Бала тәрбиесіне ықпал ететін көптеген орта бар. Олар: отбасы, мектеп, аула, дос-жарандар, көрші, ағайын-туыстар, еңбек ұжымдары, жұртшылық, тағы басқалар. Қысқасы бала тәрбиесінде мектептің, отбасының, жұртшылықтың, еңбек ұжымдарының бірікке тәрбие жұмысы қажет. Осыны ұйымдастыратын – мектеп ұстаздары.
Олар сол жұртшылықты педагогикалық тұрғыдан сауаттандырып, жалпы тәрбие жұмыстарына жұртшылықты жұмылдырып, педагогикалық тұрғыдан сауатты басшылық жасауы тиіс.
Әдебиет:
1. Майғаранова Ш. Мектеп оқушыларын рухани дамыту мәселелері. Ғылыми-әдістемелік құрал. – Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2002. - 179 б.
2. Ілиясова А. Класс жетекшісінің жүргізетін тәрбие жұмысының жүйесі. - Алматы, 1991. - 238 б.
3. Атемова Қ.Т. Отбасында баланың іс- әрекетін ұйымдастыру жолдары. - Алматы, 2002. - 169 б.