Педагогика тарихынан белгілі, мәдениеттің жас ұрпақты «өз бетінше шешім қабылдап, әрекет ете алуға» тәрбиелеу білім мазмұнында мәдениеттанымдық қызметтің дамуына себепші болды. Сондықтан, бүгінгі күні білімнің даму көзі - мәдениет болып белгіленіп, оқушы – оны қабылдаушы және оның шығармашысы тұрғысынан тәрбиеленеді
Шығармашылық қабілет – өзінің жаңашылдығымен, өзгешелігімен ерекшеленетін, өнім алуға мүмкіндік жасайтын жеке тұлға бойындағы қабілеттіліктің, білім мен біліктің болуы. Шығармашылық ұғымымен қатар дарындылық, талант деген ұғымдарда бар. Дарындылық немесе талант ұғымдары өздерінің мәні бойынша, белгілі бір әрекет саласында ерекше жетістікке жеткізетін адам қабілеті дамуының жоғары деңгейін білдіреді.
Мектепте жеке пәндерді оқуда ерекше білім жетістіктерін көрсеткен оқушылардың мәлімет банкісі құрылып, оқушылардың білім жетістіктері мен психопедагогикалық диагностикалары салыстырылып, әр оқушыға күнделік жүргізілен. Ғалымдар [1,2,3] анықтағандай дарынды немесе талантты оқушылармен жасалынатын жұмыс түрлері төмендегідей:
1. Баланың қызығушылығына әрі табиғатына қарай ғылыми жұмысқа баулу;
2. Пәндік олимпиадалық жұмыстарға дайындау;
3. Қазіргі кезде жақсы дамып келе жатқан дебаттарға, пікір – сайыс яғни интеллектуальды ойындарға дайындау;
4. Мектептің ғылыми қоғамындағы үйірме жұмыстарын ұйымдастыру.
Байқап отырғанымыздай оқушыларды пәндік олимпиадаға дайындау маңызды орынға ие.
Пәндік олимпиадалардың негізгі мақсаттары мен міндеттері педагогтардың ғылыми-әдістемелік деңгейлерін анықтау, кәсіби және ақпараттық құзыреттілік деңгейлерін арттыру мен қатар, дарынды оқушының өзін қызықтыратын пәнде шығармашылық белсенділігін ынталандыру және қызығушылығын дамыту, ғылыми білімді насихаттау болып табылады.
Ертедегі Грецияда б.д.д 776 жылы қалыптасқан олимпиадалар тек түрлі спорттық жарыстарды ғана біріктіріп қоймаған, сонымен қатар өнер байқауларын да біріктірген. Тапсырмаларды орындау бойынша ұйымдастырылған байқаулар да олимпиада деп аталған. Тарихта ақыл ой жарыстарының барлығы содан бері белгілі болып келеді. Ерте Өрлеу дәуірінде Италида математикалық турнирлар кең көлемде таралған.
Олипиадалық қозғалыстардың қалыптасуы мен дамуына, оларды ұйымдастыру мен өткізу әдістемелерін жасауда зор үлес қосқан ғалымдар: П.С.Александров, В.Г.Болтянский, А.Л.Брудно, Б.Н.Делоне, Ю.С.Ильяшенко, В.Ф. Каган, П.Л. Капица, Л.И. Каплан, М.Клайн, СМ.Козел, А.Н.Колмогоров, Н.Н.Константинов, М.А.Лаврентьев, Л.А. Люстерник, А.И. Маркушевич, И.С.Петраков, Д.Пойя, СЕ. Рукшин, АЛ.Савин, И.Ш. Слободецкий, В.И. Смирнов, СЛ. Соболев, В.Н, Сойфер, В.М. Тихомиров; А.Л.Тоом, Д.В. Фомин, Д.Шклярский, Л.Г. Шнирельман, И.М. Яглом және т.б.
Ұлы Отан соғысына дейін олимпиадалар жыл сайын өткізіліп тұрды да жалпы халықтық мойындаушылыққа ие болды. Соғыс жылдары Ашхабадта және Казанда, 1946 жылдан бастап Киевте, одан кейін Волгада, Смоленскіде, Иркутскіде, Саратовта, Минскіде өткізілген.
Түрлі білімдер саласы мамандарының дайындаған жұмыстары барлық елдерде жаратылыстану ғылыми циклдері пәндері бойынща олимпиадаларды өткізуге жақсы жағдай жасады. Совет Одағы кезінде математикалық олимпиадалармен қатар астрономиялық, физикалық, химиялық, биологиялық, географиялық және т.б. олимпиадалар өткізіле бастады.
«Ірі» олимпиадалар құрылымы одан әрі сатылана түсті: республикалық және Бүкілодақтық пәндік олимпиадалар, ал үлкен қалалар ішінде аудандық сатылары ұйымдастырыла бастады.
Соңғы жылдары түрлі пәндік олимпиадалардың міндеттері артқан:
· оқытудың міндетті нәтижесін бақылаушы;
· оқушыларды тиісті білім беру аясында оқыту формасы;
· оқушылардың ақыл ойын, шығармашылықтарын дамытушы форма;
· ақыл-ойы жоғары дәрежеде дамыған оқушыларды анықтау;
· оқушылардың кәсіби бейімділіктері мен қабілеттерін айқындау мен үйлестіруші;
· ЖОО емтихансыз қабылданатын оқушыларды таңдау формасы ретінде және т.б.
Осылайша қосымша білім беру жүйесінде, осы саладағы көп жылдық бай дәстүрде дарынды әрі танымдық деңгейлері жоғары балалармен жұмыс жасау мүмкіндіктері жатыр. Айта кету керек оқушылардың олимпиадалардағы нәтижелері мұғалімдердің қызметін бағалау аспектіснің бірі болып табылады.
Пәндік олимпиадалар – оқушылардың білім деңгейін тексерудің бұқаралық сипаттағы жарыс түрінде өткізілетін бірден – бір формасы.
Пәндік олимпиадалардың оқу үдерісіндегі негізгі роліне зерттеушілер түрліше анықтама береді. Ол туралы көзқарастар үш түрлі:
- білім беру сапасын сырттай бақылау формасының элементі [1];
- танымдық ойын түрі [2];
- оқушы тұлғасын дамыту тәсілі, яғни оқушылардың шығармашылығын, дарындылығын арттыруға ықпал ететін оқыту тәсілдерінің бірі [3].
Зерттеушілер өздерінің еңбектерінде оқушыларды пәнге қатысты дайындықтарын арттырудың біршама маңызды құралдарының бірі ретінде пәндік олимпиадаларды атап көрсетеді. Оқушылардың пәндік олимпиадалары қазіргі мектеп жағдайында олардың оқу мотивациясын қалыптастыруға, оқушылардың танымдық белсенділіктерін көтеретін, шығармашылықтарын дамытуға, пән бойынша білімдерін кеңейтуге ықпал етуші құрал. Ең бірінші олимпиадалар біршама қиынырақ тапсырмаларды шешу қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді [4].
Дарынды балалармен жұмыстың бір формасы ретінде пәндік олимпиадалар қазіргі уақытта оқушылардың тек пәнге бейімділіктері мен қабілеттерін айқындауға бағытталған емес, сонымен қатар барлық оқу процесінің мазмұны мен оқыту технологиясын жетілдіруге бағытталған сыныптан тыс жұмыстың болашағы бар түрлерінің бірі болып отыр.
Зерттеушілердің тұжырымдауы бойынша олимпиада оқушының өзінің қандай екенін көрсете алатын, потенциалды мүмкіндіктерін ашатын әлеуметтік-психологиялық шарттарды жасайды [5].
Олимпиада резервтерімен жұмыс жүргізудің дайындық жолдарына тоқталсақ, ол ең алдымен төмендегідей ұйымдастыру және оқу - әдістемелік бағыттарда жүзеге асуы тиіс:
- ең алдымен биология пәнінің мектеп бағдарламасы шеңберінде сұрақтар мен тапсырмалар меңгерілуі керек, бірақ ол сұрақтар оқушыны шығармашылық ойлауға жетелеуі тиіс;
- биология оқу курстары бойынша алған теориялық білімдерін оқушы қолданбалық түрде көрсетуге, оның себеп–салдарын түсіндіруге, салыстырулар мен талдау жасауға, болжау жасау дағдыларын қалыптастыруға машықтандыру керек.
- оқушылар алдына қойылған мәселеге сараптау, айқындау, жіктеу, дәлелдеу қажет болса болжам жасау негізінде өз көзқарасын білдіруге үйрену қажет.
Қазіргі кезде баланы дамыту және дамуына жағдай жасау керектігі ешкімге таңсық емес. Сондықтан да олимпиадаға қойылатын талаптар күшеюде. Облыстық, республикалық олимпиада мектеп бағдарламасынан да білімді тереңдетуді қажет етеді. Олимпиадаларда биологияны өте жақсы меңгерген, қызығушылықтары жоғары балалар күш сынасады. Сондай жарыстарға оқушыларды іріктеу мақсатында арнайы курс жүргізіледі, курстың материалдары олимпиада тапсырмаларының теориялық жағын қамтуы керек. Биологиялық есептерді шығару арқылы оқушылардың ойлау қабілеті оқу материалдарын терең меңгеруі артады. Теориялық алған білімдерін практикада қолдана білу де есептер шығару арқылы жүзеге асырылады.
Мектеп бағдарламасының біліміне сүйене отырып, биология пәнін тереңдете оқытып, олимпиадаға дайындау мақсатында құрастырылатын арнайы курс бағдарламасының негізгі міндеттері:
1. Оқушыларға олимпиадаға дайындық кезінде биология пәні бойынша терең білім беру;
2. Оқушыларды биологиялық ізденісте болуға, өз бетімен жұмыс істеуге жағдай жасау;
3. Биология курсы бойынша білімдерін тереңдету болып табылады.
Күтілетін нәтиже, ізденімпаз, білімге құштар, терең және тиянақты білім алған оқушы дайындау.
Біз, өз тәжірибемізде оқушыларды биология пәні бойынша пәндік олимпиадаға дайындаудың күнтізбелік жоспарын төрт кезеңге бөліп жоспарлаймыз:
І. Оқушыларды таңдау: бақылау, сараптау, жазбаша жұмыс, оқушылардың жалпы және пәндік дарындылықтарын айқындау үшін алғашқы сауалнаманы алу.
ІІ. Теориялық дайындық:
1. Тапсырмамен танысу. Рәсімдеу ережесі. Әдебиет көздеріне шолу.
2. Клетканың химиялық құрамы.
3. Тірі организмдердің алуантүрлілігі. Систематика. Патшалықтар белгілері.
4. Өсімдіктер, Саңырауқұлақтар, Бактериалар патшалықтарының жалпы ерекшеліктері.
5. Жануарлар патшалығының жалпы ерекшеліктері.
6. Адам мүшелері жүйесінің ерекшеліктері.
7. Жалпы биологияның теориялық негіздері
8. Былтырғы жылғы олимпиадалық тапсырмаларға шолу жасау. Кеңес беру.
9. Қосымша әдебиеттермен жұмыс. Жазбаша конспектілер құрастыру.
10. Интернет желісі арқылы оқушылардың ғылыми-ізденушілік жұмыстарын ұйымдастыру.
ІІІ. Практикалық дайындық– іскерліктерін қалыптастыру.
1.Арнайы құралдармен жұмыс жасау, жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін анықтау мен тану, микропрепараттар дайындау, билогиялық коллекциялар дайындау және т.б. біліктіліктерін қалыптастыру бойынша практикалық сабақтары.
2.Цитология бойынша тапсырмаларды орындау.
3. Генетикалық есептерді орындау.
4.Бұрынғы жылғы олимпиадалардың практикалық тапсырмаларын талдау.
5. Түрлі деңгейдегі практикалық тапсырмаларды орындау жолдарын талдау.
IV. Өзіндік дайындық
1. Бұрынғы жылғы түрлі күрделілік деңгейдегі олимпиадалық тапсырмаларды орындау;
2. Бұрынғы жылғы олимпиалардың түрлі күрделілік деңгейдегі практикалық тапсырмаларды орындау
3. Логикалық тапсырмаларды орындау
4. Біршама қиынырақ тапсырмалар бойынша кеңес алу.
Жүргізілген зерттеу жұмысының негізінде оқушыларды пәндік олимпиадаға дайындау жұмысының мазмұнын, құрылымдық бөліктерін нәтиже өлшемдерін, көрсеткіштерін және деңгейлерін атап көрсетуге болады:
Мотивациялық деңгейде: дарындылықты дамытуда пәнге қатысты танымдық тапсырмаларды орындаудың қажеттілігін түсіну;
Мазмұндық деңгейде: олимпиадалық тапсырмалардың жауабын жүйелі зерттеп, іздеу жолдарын білу (ақпарат көздерін білу);
Іс- әрекеттік деңгейде: олимпиадалық тапсырмалар мазмұны бойынша білімдерін жаңа тапсырмалар жүйесінде қолдану .
Педагогикалық шарттары:
- оқушылардың дарындылықтарының деңгейін анықтау;
- оқушыларда оқу-зерттеу біліктіліктерін, ақпараттық сауаттылықтарын дамыту;
- оқушылардың жеке даму бағдарламаларын құрастыру;
- оқушыларды шығармашылық ізденіске баулу;
- жан-жақты ақпараттандыру:
- байқаулар ұйымдастыру.
Ең алдымен биология пәнінің мектеп бағдарламасы шеңберінде сұрақтар мен тапсырмалар меңгерілуі керек, бірақ ол сұрақтар оқушыны шығармашылық ойлауға жетелеуі тиіс. Биология оқу курстары бойынша алған теориялық білімдерін оқушы қолданбалы түрде көрсетуге, оның себеп–салдарын түсіндіруге, салыстырулар мен талдау жасауға, болжау жасау дағдыларын қалыптастыруға машықтандыру керек.
Әдебиет:
1. Бим-Бад Б.М. Педагогический энциклопедический словарь. - М., 2002. - С. 179.
2. Педагогический терминологический словарь. - СПб: Российская национальная библиотека, 2006.
3. Старикова Я.В. История физических олимпиад школьников: Методические рекомендации для учителей физики и студентов физико-математических факультетов пединститутов. - Бийск, 1996. - 24 с.
4. Корсунова Овена Юрьевна. Педагогические условия организации нтеллектуально-творческих ученических олимпиад: Дис. ... канд. пед. наук: 13.00.01: Москва, 2003. - 170 c. РГБ ОД, 61:04-13/504-9
5. Шарапков Андрей Николаевич. Педагогические условия гуманизации режима интеллектуального испытания школьников на предметных олимпиадах: диссертация кандидата педагогических наук: 13.00.01. - Рязань, 2003. - 188 c.