Қазіргі таңдағы мемлекеттің білім беру саласындағы саясатының басты бағыты - шығармашыл, сындарлы ойлай білетін, өз мүмкіндіктеріне сенімді, әртүрлі әлеуметтік және өндірістік проблемаларды өз бетінше шешуге қабілетті азамат дайындау екендігі мәлім. Осыған орай әлемдік қауымдастықта айтарлықтай ықпалы артып келе жатқан еліміздің білім беру саласын халықаралық дәрежеге көтеру, бәсекеге қабілетті маман даярлау мақсатында тың да нақты қадамдар жасалуда.
Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан -2030» бағдарламасында «Білім беру жүйесінің басты міндеті-тұлғаның ұлттық және жалпы азаматтық, құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде қалыптасуы, дамуы және кәсіптік тұрғыда жетілуі үшін қажетті жағдайлар жасау», - деп көрсетті [1].
Ғылымның әр саласында білім мазмұны мен көлемі қауырт өсіп отырған бүгінгі күні жан-жақты дамыған азаматтарды қалыптастыру, әсіресе мектеп оқушыларының өздігінше шығармашылық жұмыстарын орындау біліктілігін дамыту ең өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Өйткені, білім берудің жаңа мазмұнына байланысты мұғалім әрекеті оқыту үрдісін ұйымдастырушы ретінде қарастырылып, оқушыньщ түлғалық аспектілерін дамыту мәселесі алғы орынға шықты. Бұл, оқу қызметінің субъектісі ретінде, даралық, өзіндік жұмыс істеуге, өзін-өзі тануға, білім алу арқылы дамуға ұмтылатын жеке тұлғаны қалыптастыру басты құндылық болып табылатынын көрсетеді.
Сондықтан окушының өздігінен білім алу, іздену, қорытынды жасап, талдай білу дағдыларын қалыптастыру үшін, оның өзіндік біліктілігіне сүйене отырып, білім алу технологиясын меңгертуге көңіл аударылуда.
Адамның дамуы – ішкі және сыртқы жағдайлардың әсерлерімен қалыптасатын күрделі, ұзақ мерзімді, қарама-қайшылықты үрдіс. Тұлғаның қалыптасуы мен дамуы үш факторға: тегі, ортасы және тәрбиесіне тығыз байланысты. Өзін қоршаған ортамен қатынасы арқылы адамның табиғи мәні ашылып, жаңа қасиеттері қалыптасады. Тәрбиенің сапасы тәрбиешінің тәрбие жұмысын мақсатты, жүйелі, кәсіби шеберлікпен жүргізуіне байланысты. Адам әлеуметтік жүйеде тәрбиеленіп, дамиды, қоғамда болып жатқан іс-әрекеттерге көзқарасы қалыптасады, нығаяды. Тұлға – біртұтас жүйе. Біртұтас жүйе ретінде адам өзін - өзі дамытып отырады. Педагогиканың негізгі мақсаттарының бірі – тұлғаны біртұтас жүйе ретінде тәрбиелеу. Тұлға – сана иесі. Шығармашыл адам – жасампаз тұлға. Өзін, айналасын, қоғамды жаңартып отырады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Білім беру туралы Заңында: «Ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізіңде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шындауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау», - деп атап көрсетілген [2].
Демек, білім беру мазмұнын жаңарту қажеттігі еліміздегі қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты қазақстандық білім беру саласында қалыптасқан ахуалдан туындап отыр. Бұл ретте біз педагогикалық әрекеттегі мұғалімнің шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптасу қажеттілігі мен педагогика ғылымында шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындауды қамтамасыз ететін қабілетін арттыруымыз қажет. Сондықтан баланың табиғи бейімділігін дамытып, тұрақты, әлеуметтік құнды шығармашылық қабілетке айналдырудың, осы әрекетке педагогикалық басшылық етудің маңызы зор.
Жүйенің басты мақсаттарының бірі – баланы оқыта оырып жалпы дамыту, еркіндігін қалыптастыру, өз бетінше ізденуге, шешім қабылдауға дағдыландыру, жеке қасиеттерін ескеру, басшылыққа алу, әрі қарай ұштау, тұлғалыққа бағыттау.
Шығармашылық бағыттың дамуы адамның өзін тұлға сезінуі мен айналасына өзіндік көзқарасы болуына байланысты. Шығармашылық бағыттың дамуына денсаулығы, психикалық қызметінің дамуы, негізгі шарты – әлеуметтік жағдайы негіз болады [3].
Қазіргі қоғам жеке адамнан прогрессивті ойлай алатын белсенді әрекетті, жан-жақты болуды талап етеді. Өйткені, адамның қоғамда алатын орны, қазіргісі, болашағы үнемі толғандыратын мәселелер қатарына жатады. Бұл қоғамның дамуына тікелей байланысты. Жеке тұлға үнемі даму үстінде болу үшін әрекет шығармашылықпен байланыста болу қажет. Оқу әрекетінің жеке тұлғаны қалыптастырудағы мүмкіншіліктері белгілі педагог-психолог ғалымдардың (Ш.А.Амонашвили, В.В.Давыдов, М.Мұқанов, Т.С.Сабыров) ұдайы назарында болды.
Мұғалімдер оқу әрекетін оқушылардың жеке бас ерекшеліктерін ескере отырып, оқу-ойлау қабілеттерін жетілдіру табиғатын терең білуі тиіс. Оқу әрекетінің өзіндік ерекшеліктері бар.Оқу әрекетін қалыптастыру барысында тұлғалық қасиеттер – мақсаттылық, ұйымшылдық, жауапкершілік, табандылық, т.б қалыптасады.
ҚР-да орта білімді дамыту тұжырымдамасында: «білім беру мекемелерінің ең негізгі мақсаты – дүниетанымдық, құзырлылық, шығармашылықты тұлға қалыптастыру деп атап көрсетіледі. Қоғамда «орындаушы» адамнан гөрі «шығармашыл» адамға деген сұраныстың көп екендігін қазіргі өмір талабы дәлелдеп отыр.
Шығармашылық – бүкіл тіршіліктің бастауы. Мектепте білім беру ісіндегі басты бағдар – оқушылардың тек шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту және оларды шынайы өмірдегі дара тұлға етіп әзірлеу. Ол үшін ең біріншіден, өз таңдаулары бойынша оқытудың ұстанымын жүзеге асыру, яғни денсаулығын, дамуы мен қызығушылығын ескеріп, мүмкіндіктерін ашу. Екіншіден, оқыту үрдісінің сапасын арттырудың басты құрамды бөлігі – жақсы түсінікті тілмен жазылған оқулық. Бұрынғы әдіске арналған оқу үрдісінде мұғалімге басымдылық рөл берілсе, ал қазіргі оқу үрдісінде оқушы белсенділігі көрсетілуі тиіс. Ол өздігінен оқуы тиіс, ал мұғалімнің негізгі көңіл аударатын жайы: әрбір оқушылардың жеке қызығуы мен мүмкіндіктерін ашу. Әрбір оқушы басқа оқушымен салыстырылмайды. Керісінше, дамуына қарай өзімен-өзі салыстырылады. Мұғалімнің кез келген сабағы шығармашылық сипатта өткізіліп отырса, оқушы дербестігінің қалыптасуы жоғары деңгейге көтерілері сөзсіз.
Қазіргі оқу үрдісінде түрлі инновациялық технологиялар – білім сапасын арттырудың кепілі. Оны өз дәрежесінде пайдалану – оқушыны шығармашылыққа төселдіруге ықпалы өте зор.
Шығармашылық адамын тәрбиелеу процесі жаңаша технологиямен ұйымдастырудың маңызы өте зор. Шығармашылық дегеніміз, оқушылардың даралық бейімділіктері мен қабілеттерінің көрінуі. Ал бейімділік – бұл адамның белгілі бір іс-әрекетпен айналысуға бет бұрысы, оған көңіл аууы, оянып келе жатқан қабілеттің алғашқы белгісі. Сондықтан балалық кезде көзге түсетін бейімділіктердің келешекте олардың қабілет көрсеткіштері екенін ұмытпағанымыз жөн. Кез келген оқушы мұғалімнің басшылығымен орындаған шығармашылық жұмысының нәтижесінде өзінің ішкі мүмкіндіктерін дамытады. Баланың қабілеті мен талантын дамытуды неғұрлым ертерек бастаса, соғұрлым оның қабілеті толық ашылуы мүмкін. Егер бала бойындағы қабілетті мұғалім байқамаса, ол бала басқа оқушылармен бірдей болып қалады. Сондықтан қабілеттің дамуына түрткі бола білу керек. Ең маңыздысы – қабілетті оқушыны зеріктіріктіріп алмау.
Жас ұрпақтың дара ерекшелігін ескере отырып ойлау, шешім қабылдау, қорытынды ой-пікірін білдіруін, белсенділігін, танымдық қабілетін дамытуын, өзінің шығармашылық әрекетін жүзеге асыруын қалыптастыруына мүмкіндік туғызған дұрыс. Оқушылардың қабілетін ашып, дамытуға жан-жақты жағдай жасағанда ғана мақсатқа қол жеткізуге болады.
Уақыт талабына сай оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін оқытудың жаңа ақпараттық технологиясын пайдаланған жөн деп есептейміз.
Шығармашылық тұлға, яғни жас дарын жасының ерекшелігіне, қызығуына қарамастан өзгелерден даралылығымен, табандылығымен, шұғыл шешімділігімен, өз күшіне деген сенімділігімен, сезім ұшқырлығымен, өз бетімен жұмыс істеуге деген құштарлығымен, асқан шабытымен ерекшеленеді. Сол себепті де жоғары оқу орнында студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту мен қалыптастырудың мәні өте зор.
Педагогке жауапкершілік жүктеледі, жұмыс нәтижесі оның іскерлігіне байланысты.
Әр күні өзгеріске толы бүгінгі жауапты кезеңде замана көшінен қалып қоймай уақыт талабына сай ертеңгі болашақ жас ұрпақты білімді етіп тәрбиелеу ұстаздарға зор жауапкершілікті жүктейді. Ол мұғалімнен үздіксіз ізденуді , өз білімін үнемі жетілдіріп отыруды талап етеді. Өйткені еліміздің ертеңі жас ұрпақтың қолында. Мұғалімнің шеберлігі мен жетістігі – сапалы білім және жақсы тәрбие алған шәкіртінде. Оқушы шығармашылығын дамыту ісі үздіксіз жүргізіле бермек. Бұл қоғам талабына сай туындайтын қажеттілік.
Қорыта келе, қазақ елінің келешегін айқындайтын, оны тұрақты даму деңгейіне көтеретін бірден-бір кұндылық, ол - бүгінгі ұрпақ. Сондықтан қазіргі жаңа білім үлгісін жасау аясында бүкіл қоғамды жұмылдыра отырып, рухани, интеллектуалдық және экономикалық тәуелсіз мемлекет орнату болашағына бағдарланған, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға үйлестірілген тәрбие мәселесін біріншіге қоятын тәрбие-білім жүйесін іске қосу - бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесі.
Әдебиет:
1. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы. – Астана, 2004.
2. Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы. – Алматы, 2008.
3. Тұрғанбекова Б.А. Мұғалімнің шығармашылық әлеуетін біліктілікті арттыру жағдайында дамыту: теория және тәжірибе. – Алматы, 2005.
4. Сейталиев К. Тәрбие теориясы мен әдістемесі. – Алматы, 2005.
5. Тұрғынбаева Б. Шығармашылық қабілеттер және дамыта оқыту. – Алматы, 1999.
6. Көшімбетова С. Оқу-тәрбие үрдісінде оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін пайдаланудың педагогикалық шарттары. – Алматы, 2008.