Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі ең маңызды тарихи оқиға болып табылады. Өйткені, Жолдау аясында көрсетілген мәселелер мемлекеттің бағытын айқындап, еліміздің әлеуметтік-саяси жағдайын сипаттайды. Елбасы Жолдауында аталатын әр сөздің мақсаты екі негізгі міндетті атқарады.
Біріншіден, Жолдау алдағы күндерге қойылған мемлекет саясатының негізгі бағыттарын айқындайды. Елбасының Жолдауы мемлекеттік органдардың тұрғындармен байланыс қызметінің келісілген демократиялық көзі болып саналады және ол – кері байланыстың негізгі көзі. Жолдаудың барлық мазмұны қоғам мүшелері үшін айдан анық, ашық. Барлық басым бағыттар, міндеттер мен мақсаттар мемлекеттік органдар, тұрғындар, сарапшылар мен ғалымдар үшін транспарентті құбылыс.
Екіншіден, Жолдау мемлекеттік орган қызметін қорытындылаудың құжаты секілді. Елбасы жыл сайын өз Жолдауын арнағанда болашаққа деген міндеттермен қатар, атқарылған жұмыстардың қорытындыларын айшықтайды, жетістіктерді аша түсіп, мардымсыз жүріп жатқан мәселелерді шешу жайын түсіндіреді. Сондықтан қазақстандықтар қандай нәтижелерге жеткенімізді бағалап, прогрестің бар екенін анықтай түседі.
Тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихында «Қазақстан-2030» Стратегиясының ел дамуындағы маңызы жоғары болды. Елбасы 1997 жылғы қазанда «Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты ел халқына Жолдауында Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын ұсынды. Бұл құжат егемен елдің экономикасы серпінді дамып келе жатқан әлемдегі ең бір қауіпсіз, тұрақты, экологиялық орнықты мемлекетке айналуына бағытталған ұзақ мерзімді даму жолын белгілеп берді. Даму стратегиясы ұзақ мерзімді жеті басымдықты іске асыруды қарастырып, аталмыш басымдықтар елдің дамуының орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңге арналған даму жоспарын қалыптастыру үшін негіз қалады.
«Қазақстан-2030» Стратегиясына негізгі қорытындылар жасалған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауда негізгі міндеттердің орындалуы және қалғандарының орындалу үстінде екендігі тұжырымдалды. 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру басты мақсатын орындаудағы жаңа саяси бағыттардың міндеттері айқындала түсті. Елбасы өз сөзінде: «1991 жылғы 16 желтоқсанда біз – Қазақстан халқы – егемендікті, бостандықты, әлемге ашықтықты таңдадық. Бүгінгі күні осы құндылықтар біздің күнделікті өміріміздің бөлшегіне айналды», деген болатын. Қалыптасқан Қазақстанның қуатты да табысты мемлекет құрудағы тарихи жолы, демократияландыру мен ырықтандырудың орнықты үдерістері, түрлі әлеуметтік, этностық және діни топтардың келісімі мен татулығы, ұлттық экономикадағы ерекшеліктер мен халықаралық еңбек бөлінісіндегі еліміздің рөлі, қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз еткен күшті әлеуметтік саясат, әлемдік қоғамдастық таныған мемлекет және ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілетудегі еліміздің белсенді рөлі негізделді.
Бүгінгі әлем бүкіл Жер шарын қамтыған экономикалық, әлеуметтік-саяси және мәдени өзгерістер жағдайында өмір сүріп жатыр. Қазіргі қоғам дамуының жоғары деңгейіндегі динамизм ХХІ ғасырдың негізгі сипаттамалық белгісі болып табылады. Қазақстан Республикасындағы жаңғыртуға индустриялық өндірістің қарқынды дамуы, билік пен басқарудың даму эволюциясы, дамыған азаматтық қоғам, саяси және заңнамалық институттарды сынап және бақылай алатын бұқаралық ақпарат құралдары секілді мықты институттардың болуы тән.
Демократиялық құндылықтар мен саяси тұрақтылықтың қалыптасуы мен дамуы да қоғамның барлық салаларындағы жаңғыртуларға байланысты. Билік пен азаматтар арасындағы үнқатысу, ақпараттық технологияларға негізделген ақиқат көріністер – Қазақстандағы қазіргі демократияның негізгі белгісі. Еліміздегі жалпыадамзаттық құндылықтар бекіген демократиялық реформалар жүзеге асуының сапалық белгілері мен тиімділігі саяси институттар мен процедуралардың азаматтар бірлігімен өзара байланысты.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы барысында дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауын ерте жариялағаны белгілі. Оның себебін түсіндірген Елбасы, дүниежүзінде 2007 жылы басталған дағдарыстың аяқталмауын, Ресей мен Батыс арасындағы санкциялар, Таяу Шығыста орын алып жатқан жағдайлармен байланыстырды.
Ауыртпалықтардан лайықты шығуды жоспарлаған Елбасы жаһандық сынақтардың күрделі болатындығын баяндады. Бұл сыннан өту үшін Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы жарияланып, құрылымдық реформалар 2015 жылы жалғасатын болды. Аталған шаралар кешенін жүргізу үшін тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету және экономиканы сыртқы жайсыз жағдайлардан қорғау мақсатында құрылған Ұлттық қор пайдаланылады. Осы қор қаражатынан жұмсалған 10 миллиард доллар 2007-2009 жылдардағы дағдарыстан шығуға өз септігін тигізген еді. Сол кезеңдерде кейбір сарапшылар қор қаржысын жұмсау ерте екендігін айтып, ақталмайтындығын да жеткізді. Бұл жолы да әр теңге үшін сұрау қатаң және жауапкершілік әкімдерге жүктелді.
Ұлан-ғайыр аумақтағы аймақтардың өзара байланысын жақсарту мен арттыру мақсатында сауда-саттық, экономикалық қатынастарды нығайтудың мынадай шаралары жалғасын табатын болды: көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту; индустриялық инфрақұрылымдарды дамыту; энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту; ТКШ мен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын дамыту; тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту; әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту; шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау. Өңірлердің дамуындағы бұл жеті басымдық жаңа бағдарлама мақсат етіп қойған әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына бару жолындағы ауқымды қадамдардың бастамасы деп ойлаймыз.
Алдағы жылы Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысында еліміздегі білім беруді, денсаулық сақтауды, ауыл шаруашылығын дамытуды қарастыратын бағдарламалардың орындалуы талданатын болды. Бағдарламалардың алдағы уақытта сәтті орындалуы Жаңа Экономикалық Саясаттың негізі деп түсінеміз.
Елбасы өзінің Жолдауында болашағымыз – жастарға үлкен мән береді. Әлемді өз тұрақтылығы, келісімі және бейбітшілігімен тамсандырған еліміздің креативті жастары алдағы уақытта «Нұрлы Жол» бастамаларындағы шараларды барлық күш-жігерімен атқаратындығына сенеді.
Еліміздің әлеуметтік-саяси өмірі мен жағдайы сипатталатын әр Жолдаудың өзіндік салмақты жүгі бар. Жаңа қазақстандық патриотизм идеясынан бастау алатын «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы нұрлы жолмен жалғаспақ. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституцияның 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекеленетін жылда Жолдау қағидалары сәтті жүзеге асатындығына сеніміміз мол.