Айтыс - халық өмірінің жарқын көрінісі | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 30 ноября, печатный экземпляр отправим 4 декабря.

Опубликовать статью в журнале

Авторы: ,

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №1 (81) январь-1 2015 г.

Дата публикации: 06.01.2015

Статья просмотрена: 3587 раз

Библиографическое описание:

Жукенова, А. А. Айтыс - халық өмірінің жарқын көрінісі / А. А. Жукенова, С. Т. Тайманова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2015. — № 1.1 (81.1). — С. 122-124. — URL: https://moluch.ru/archive/81/14856/ (дата обращения: 16.11.2024).

Айтыс – халықтың ауызша шығарған көнермес  сөз өнері, асыл мұрасы. Ол – тамыры сонау көне замандардан басталатын  синкреттік жанр. Ең алғаш хормен айтылып,  «Наурыз», «Бәдік, «Жар-жар» секілді тұрмыс-салт жырларынан басталып, даму барысында қайымдасудың сан қилы белестерінен өткен,  келе-келе ақындар айтысына келіп ұласқан, ауыз әдебиетінің бір түрі ретінде ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе  жатқан ұлттық өнеріміз. Уақыт өткен сайын ұмытылмай, қайта жаңарып, көркемдігі арта түскен айтыс ең алғашқы ұжымдық сипатынан дараланып жеке ақындарға тән өнер ретінде дамыды. Ол жөнінде алғашқы пікір айтқан қазақтың ғалымы Шоқан Уәлиханов болды.

Ұлтымыздың тарихына зерделей қарасақ елдің ел басқарған көсемі де, қол бастаған батыры да, сөз бастаған ақыны да қашан да білек күшінен гөрі, сөз қаруын қолданғаны белгілі.  Қарсы келген жауын да, жер дауын да, жесір дауын да сөз құдіретімен шешіп отырған. Арнайы сауаты болмаса да халықтың саналы деңгейінің өте жоғары екенін аңғартады.

Айтыс-өміршең өнер.  Әдебиетіміздің өзге жанрларына қарағанда айтыс өнерінің  түп мақсаты-қарсыласын қисынды, уәжді сөзбен қапысын тауып, жеңу. Оның даму тарихында Сыр өңірінен шыққан айтыс ақындарының қосқан үлесі мол. Әсіресе Орта ғасырлардан бермен қарай  Сыр өңірінде  айтыстың бірнеше үлгісі жасалды, себебі суырып салма ақындық дәстүрдің үлкен өкілдері өмір сүрді. Олар айтыс өнерін өздері өмір сүріп отырған аймақ көлемінде қарқынды түрде дамытты, күні бүгінге дейін дәстүрлі түрде дамып келеді. Сол үлгілердің жарқырап көрінген кезеңінің бірі – еліміз егемендік алғаннан кейінгі уақыт. Бұл кезеңдегі айтыстың ең басты ерекшеліктерінің бірі – айтыс ақындары білімді, сауатты болды, екінші айтыс өнерінің дамуына билік тарапынан да үлкен қолдау көрсетіліп, ұлттық өнеріміздің дамуына зор мүмкіндік жасалды. Айтыс мазмұны жағынан да, түр жағынан да өзгерді. Айтыскерлердің еркін ой толғап, кең көсіле құлаштауына, тіпті  әр түрлі мақамда, сазды айтылуына да мол мүмкіндік беріліп отыр. Олар ежелгі дәстүрлі ақындық өнерден үлгі ала отырып, қоғамдағы өзекті мәселені дәл танып, жетер жеріне жеткізе айтуға мүмкіндік алды.Оларды ең бастысы халық қолдады. Ел алдындағы беделі көтерілді.   

1942 жылы «Айтыс» жинағының алғы сөзін жазған С.Мұқанов: «... одан халықтың қуанышы да, қайғысы да, саяси шаруашылық тұрмысы да, мәдени дәрежесі де, замана идеологиясы да, әдет-ғұрып, жалпы әдебиеттік және жеке адамдардың қарым-қатынастары да, заманына лайық өрбіген тартысының формалары да көрінеді»,- деп [1,5] қазақ айтыстарын халық өмірінің жарқын көрінісі, шындықты көркем бейнелейтін, әдебиеттің мол саласы екендігін айтқан болатын. Бұл пікірдің әлі де маңызын жоймағанын  қазіргі айтыстардың негізгі мазмұнынан да көріп отырмыз. Мысалы, Махамбеттің 200 жыл толуына орай ораза айында  ұйымдастырылып, республика сарайында болған ақындар айтысында қызылордалық Мұхтар Қуандықов пен семейлік Сара Тоқтамысованың өнер жарысын алуға болады. Айтыста сөз кезегін алдымен Мұхтар бастап кеңестік жүйе кезінде дінімізден, ділімізден жұтаңдаған елдің  хал-ахуалынан сыр шертеді:

Республика сарайында оразада,

Азанның дауысы естілмей қалама деп.

Теңіз халқым, армысың тасқыныңа

Қонғалы қанат жайды шағала кеп,-

Толғанады, одан әрі:

Тарихтың бетінде сан өрнек жатыр,

Шындыққа далам әлі шөлдеп жатыр,-

деп  әлі де  елдің алдында атқарылар жұмыстың бағытын ескертеді. Ақынның бұл көтерген проблемасы  алдағы күннің негізгі проблемасы екенін  мойындауымыз керек.

 Сонымен қатар Мұхтар  Махамбет пен Жәңгірді суреттеу арқылы қазақ халқының рухы әлі де жоғары екенін тілге тиек етіп, халықтың жігерін көтереді.  Одан әрі дәстүрлі қыз бен жігіт айтысында жиі кездесетін әзілді де назардан тыс қалдырмайды.

Тұр екен Сара қыздың бақ басында-ай,

Нарқы бар Самарқанның көк тасындай.

«Король» түгіл «пешкі» де сиятұғын,

Көңілі шахматтың тақтасындай.

Үзіліп кететіндей тал бойы бар,

Үлбіреген Шымкенттің мақтасындай,-

деп Сараның портретін береді. Бұл тұста ақын теңеу сөздерді ойды көркемдеп берудің құралы ретінде тиімді қолданған әрі бұл – айтыстың қыздырмасы десек те болады. Сондай-ақ:

Мен – қылыш, ал сен болсаң қын секілді,

Мен өтірік, ал сен болсаң шын секілді.

Мен күлсем, бұлттан шыққан күн секілді,

Ашарсың қауызыңды гүл секілді,-

деген өлең жолдарында да алмастыруды орынды қолданып, автор айтайын деген ой-пікірін көріктендіре түседі.

Қазіргі айтыста ақындардың бірін-бірі кемітуі аз кездеседі, қайта сыпайы әзіл арқылы да халықтың рухани өміріндегі негізгі әлеуметтік тақырыпты қозғайды. Мысалы:

Уақыттың барлық дертке болады емі,

Даланың қызғалдаққа толады өңі,

Махамбет егер ақын болмағанда,

Биігін батырлықпен алар еді...  

Мұхтар жыр додасында Махамбет рухын көтеру арқылы  ұрпаққа тарих пен тағылымды ұғындырады.  Ал қызылордалық айтыскер  ақын Лена Әбдіхалықова Шорабекпен айтысында:

Сыр деген заманында  ең көрікті,

Тарихта Тұран аты зор болыпты.

Адамның арзымайтын азаматы,

Қорқытқа мәңгі мекен – көр болыпты.

Кешегі Абылайлар соғыстан соң,

Ес жинап, жайлаулатып ел қоныпты.

Шалқыған ару теңіз Аралымен,

Көк майса жері шұрай көл болыпты.

Қазаққа ең алғашқы астана боп,

Үш жүздің басын қосқан жер болыпты.

Бір шеті Ұлытауды қорғап-қоршап,

Бұқарбай, Жанқожадай ер болыпты.

Ошағы мәдениеттің бір шетінде,

Түркістан, Отырардай зер болыпты, -

деп ел тарихына ой жүгіртеді. Еліміздің әлеуметтік және мәдени өмірінде Сыр өңірінің тарихы орнын көрсетіп,  осы тарихи өлкенің экологиялық проблемасын көтереді.

Жарылыстан сызат түсіп санаға кіл,

Байқоңыр дерті меңдеп арада тұр.

Қазақтың қасиетті бір мекені,

Екінші Семей болып бара жатыр.

Құр босқа ойбайламай, ақын Шора,

Осындай бір сұмдыққа араша тұр,-

деп қоғамдағы етек алып келе жатқан табиғи апатты тілге тиек етіп, оған араша түседі.    Әлеуметтік саладағы  осы келеңсіздік екі ақынға да ортақ. Шорабек те  «Жау шаппай-ақ азып-тозған Жаңатастың халін,  Ресей бомбылаған Грозный қаласымен» салыстырады.    Табиғат – ана барлық адамзатқа ортақ. Оның адам қолымен жасалып жатқан зардабын залалсыздандыру, қалпына келтіру – игілікті іс. Екі ақын да айтыс барысында осы өзекті мәселені көтереді, елге, билікке ой салады. Қазіргі Сыр өңірінің екі  айтыс ақыны да айтыс  өнері арқылы  халық өмірінің жарқын көрінісін осылай бере білді.

 

Әдебиет:

 

1.      Айтыс / Құраст. Мұқанов С. - Алматы: Қазбірмембас,1942. – І том. - 248 б.

2.      Қазіргі айтыс / Құраст. И.Нұрахметұлы, С. Дүйсенгазин. – Астана: Күлтегін, 2004. – І том. – 312 б.

3.      Жармұхамедов М. Айтыстың даму жолдары. – Алматы, 1976. – 185 б.

4.     Мақпырұлы С. Адамтану өнері. – Алматы: Арыс, 2009. – 214 б.

Основные термины (генерируются автоматически): ала сен, Сыр.


Задать вопрос