Сыр ақындары поэзиясындағы Арал тақырыбы | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Авторы: ,

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №1 (81) январь-1 2015 г.

Дата публикации: 06.01.2015

Статья просмотрена: 7195 раз

Библиографическое описание:

Тайманова, С. Т. Сыр ақындары поэзиясындағы Арал тақырыбы / С. Т. Тайманова, Л. Е. Сапартаева. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2015. — № 1.1 (81.1). — С. 128-130. — URL: https://moluch.ru/archive/81/14857/ (дата обращения: 18.12.2024).

«Сыр елi – жыр елi» деп бекер айтылмаған. Әдебиетте өнер мирас ретiнде келешек әр буын өкiлдерiне берiлiп, дарып отыратыны табиғи заңдылық. Бұл тұрғыдан келгенде, алдыңғы толқын қаламгерлер мұрасымен сусындаған, солардың игі дәстүрі мен өнерін жалғастырған қаламгерлер аз емес. Олардың бірі республикалық, бірі облыстық деңгейде көрініп, Сыр елінің әдебиеті мен мәдениетін дамытуда үлес қосып жүргендер: Сейіл Боранбаев, Толыбай Абылаев, т.б.

Жастайынан өлең-жырмен сусындап өскен азамат ақын ел аузындағы шежiре, аңыз-әңгiмелер мен қисса-дастандарды жатқа айтып өстi. Ақын өзiнiң шығармашылық ғұмырында өмiр мен өлеңдi, жаратылыс пен жырды қатар алып жүрді. Өмірде көрген-білгендерін, көңілге тоқығандарын өлең өрнегіне салып, көркемдік ой түйген. Соның бірі − Арал тақырыбы. Арал – ақынның туған жері. Бүкіл қазақ еліне ортақ Арал теңізі қазақ қаламгерлерінің біразының қаламына нысан болды. Мұхтар Шахановтан бастап жергілікті ақындар мен жазушылар да осы тақырыпты қозғады. Поэзия алыбы атанған Әбділда ақын да кезінде Сыр мен Аралдың бүгінгі хал-ахуалы туралы өксік пен аңсауға, мұңды сағынышқа толы жырлар жазды. Сондай жырларының бірі − «Аралдарым» өлеңі:

Аралдан алдым ащы ойлар,

Ауырлап кетті кемеміз.

Теңіз де емес,

Қайғыда

Жүзгендей болып келеміз,−

деп жырлаған еді. Сондай-ақ «Таныс дауыстар» жинағындағы:

Сыймаса Сырдариямыз арнасына

Шығайын тентек шулап жар басына,

Қиратып бөгеттерді бұзып жарып,

Жататын содан кейін тынышталып,−

деген жолдары кезінде арнасына сыймай аққан Сырдарияның тасқынды келбетін, асау бейнесін, енді бірде кезінде арнасына сыймай аққан Сырдарияның бүгінгі мүшкіл халін көрсетеді:

Сондағы Дариям қайда. Көлім қайда?

Айдында ескен тартқан жерім қайда?

Тоқтатпай кетіпті жел сағымды айдап,

Елес бала кезгі қалыпты ойда.

Ақын көңілінде бір кездегі шалқып тасыған дарияны алас ұрып іздеу, көксеу бар. Өз жерін, өз елін, өз дариясын жанындай сүйіп, оның қасіретті қайғысына қинала білген қаламгер:

Сырым менің бүгін де аға ма екен,

Жағасында әжем от жаға ма екен.

Ақ қамыста ыңыранып жолбарысы,

Көк шалғында атам шөп шаба ма екен.

Сырым менің ақпаса не етер екен?

Көк шалғындар қуанып кетер екен

Сырдың суы бітпейді, жер тозбайды,

Ел азбайды деген сөз бекер екен.

Міне, бұл – ақынның жүрекжарды толғанысы.

Сейіл Боранбаев поэзиясының да дені Арал проблемасын қозғайды. Кезінде алты алаштың Аралы атанған жайсаң ел, теңізі толқыған шұрайлы жер жел айдаған бұлттай, сиреген жапырақтай жаутаңдаған жетім күйге түскен. Адам денсаулығына кері әсерін тигізіп жатқан құрғақшылық, ыстық климат, жел, жоғары күн радиациясынан болып жатқан табиғат экологиясы өз алдына, адам қолымен жасалған экологиялық қауіп, антропогендік фактор қоршаған ортаның бұзылуына, биосферадағы теңдіктің бұзылуына алып келді.

Ақынның Арал табиғатын арқау еткен толғау өлеңдері идеялық жағынан да Отан тақырыбындағы өлеңдерімен үндестік табады. Табиғат Отанның бір бөлшегі десек, С.Боранбаев поэзиясындағы Аралды қорғау идеясы туған жерді сүю идеясымен қабаттаса өрбиді. Бұл ретте «Теңіз», «Жағажай жай туралы жыр», «Араша түс апатқа», «Қайтқан теңіз қасіреті», тағы басқа өлең-толғауларын ерекше атауға болады.

«Араша түс апатқа» толғауы өлең-хат ретінде Қызылорда облысының 1995 жылғы қазан айында болған алтыншы сессиясының шешімі бойынша Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан мемлекеттерінің Елбасылары мен үкіметтеріне жіберілген. Ақын алғашқы шумағында құт дарыған қонысы – Сырды мақтан етеді. «Шын қазақты көрем десең, Сырға бар» дегенді ел мақтан тұтатынын айтады. Ел басынан небір қилы заман өтсе де, елдіктің салтын сақтап қалған шежіреге бай өлкеде Қорқыт бабамыздың, ел-жұрты үшін жерұйығын іздеген Асан қайғының жатқаны сөз болады. Бұл өлкеде қазақ халқының ұлттық тілі мен діні, салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмағандығын еске алып марқаяды. Сондай-ақ толқыны тасыған Сырдарияның бұрынғы келбетін көрсетеді. Сөйткен Сырдың бүгін ажары да, базары да жоғалған.

Кеше ғана жайнап жері түлеген,

Өлкеміздің өңі бүгін жүдеген.

Суын сарқып,

Топырағын тоздырды,

Апаттан соң апат соғып үдеген,−

дейді. Ақын көңілінде бір кездегі шалқып тасыған дарияны, байлықтың көзі болған теңізді алас ұрып іздеу, көксеу бар. «Араша түс апатқа» толғауында елге төнген үш апатты атап көрсетеді.

Жеріміздің ырыс-құты байырғы,

Бірінші апат Аралымнан айырды.

Улы тозаң көшкен теңіз түбінен

Кесел болып шартарапқа жайылды.

...Екінші апат –

Аты әйгілі Байқоңыр,

Ғарышқа ұшып, қону үшін жайлы өңір...

...Үшінші апат −

Сансыз қайғы алып келген кесапат,

Аз болғандай бұл айтылған қос апат.

Үшінші апат тағы келіп,

Сұлу Сыр

Деген ұғым болып қалды бос атақ.

Тіршіліктің жалғыз көзі ел үшін,

Адамдарға берген сыйын, жемісін.

Сырдария қалды кеуіп, тартылып,

Шөлге айналды Сырдың нулы жері шын,−

деп елдің еккен егіні мен дақылының қурап қалғандығын, теңізді толтырмақ түгіл, егін салар суы жоқ елдің амалы таусылған күйзелісін суреттеп, оған жауаптыны іздейді.

«Кім жауапты, кім кінәлі осыған?»

Деген сөздің кім береді жауабын...

Сол үшін де ақ тілеулі барша жан,

Ел басылар, үкіметтер,

Жар салам!

Сыр бойына көмек қолын созыңдар,

Тәуелсіздік алған,

Бірақ, шаршаған.

Арал апатына қарсы жазылған бұл толғауға Өзбекстан, Қырғызтан, Түрікменстан, Тәжікстан мемлекетінен жауап та жоқ, сол күйінше кетті. Өз жерін, өз елін, өз дариясын, өз теңізін жанындай сүйіп, оның қасіретті шағына қинала білген қаламгер тағы да былай деп толғанады:

Сырдың бойы −

Құт дарыған қонысым,

Ұлттық салтым өркен жайған өрісім.

Сырдың елін сақтап қалу апаттан,

Адал жанды адам, сенің борышың.

Ақын жүрекжарды толғанысын осылайша жеткізеді. Сол өмірінің экологиялық ауыр халі қатты толғандырған ақын қиялы алуан ойларға жетелейді, Арал проблемасы туралы толғанады.

Толғау – қазақ поэзиясының ұлттық жанры. Ол кешегі мен бүгінгі өлең өнеріміздің, поэзиямыздың бүкіл болмысын таныта алады. Сондықтан да ол өміршең. «Толғау сөзінің түбірі – толға,− дейді профессор Қ.Жұбанов,− мұндағы «ға» жұрнақ, таза түбірі тол, осы түбірден барып толқын сөзі жасалған. Түрікпендерде толқынды «толға» дейді. Бұл сөз әрі толқынның ырғағымен байланысты болса, екінші жағынан сумен байланысты болғанын көреміз» [1, 37]. Толғаудың толқыннан туғаны, сумен байланысты болғаны тегін болмаса керек. Толқын – су − көз жасы, бұл тізбекке адам баласының табиғи сезімі, көңіл толқыныстары, тебіреністері жатса, толғаудың әдебиет өмірінде дәл осы сезімді білдіретін жанр болуы да кездейсоқтық емес. Ақын негізгі ойын осы жанрда жазып, еркін сыр бөліседі, қоғамның өзекті проблемасын қозғайды.

Адам табиғаттың төл тумасы десек, қоршаған ортаны қорғау, оған қамқорлық жасау – адамзаттың басты міндеті. Қазақ ұғымында «табиғат» деген ұғым «туған жер» деген сөзбен мағыналас, мазмұндас айтылады. Мысалы: «Туған жерге туың тік», «Туған жердің топырағы да киелі», «Жері байдың – елі бай», «Қара жер қарыз арқаламайды», «Жер − ана, ел − бала», «Тозған жерде тоқшылық болмайды», «Күте білсең − жер жомарт», «Туған жердің түйе аунайтын топырағы да киелі, түйе жейтін жантағы да киелі», т.б. Аңыздар арқылы бізге жеткен Асан қайғының Желмаяға мініп, Жерұйықты іздеуі, қазақтың кең байтақ даласын аралап, байлығын көрсетуі туған жерге деген махаббаттан туындаса керек. Күллі түркі халқының данышпаны саналатын Қорқыт атаның да қалдырған мұраларындағы «асқар тауларың құламасын, саялы ағаш сынбасын, қанаттарың қырқылмасын» деген ұғымдар – туған жеріңнің табиғатын аялай біліңдер деген аталы сөздер. Одан беріде қазақ әдебиетінің тарихында туған жер, атамекен, Отан жайлы жазылған туындылар табиғаттың керемет сұлулығын, жанға жайлы жылылығын тілге тиек еткен. Тіпті шығыс халықтарында имандылықтан келетін үш сауап: шөлге құдық қазу, өзенге көпір салу, жолға ағаш егу – экологиялық тәрбиенің бастау бұлағы десек, артық айтқандық емес.

Тіршіліктің тірегі, нәрі болған Арал бір кезде туған жерді тастап ауа көшкен күңіренген жұртқа, «ақ табанға» ұшыраған елге айналуда. Теңіздің сәні болған шағалалар жоқ. Автор Әму мен Сырдың құрғап қалған арнасын қос анарынан сүті қайтқан анаға теңейді. Десек те, ақын Аралдың кемеріне келіп, ақ самал желі бетті аялаған, ел тіршілігінің қайта түлеген күнін күтеді. Алдағы күндерден үкілі үмітін үзбейді. Толғауда ақын:

Арал! Қайта қанаңа кеп толарсың,

Баяғыдай ұлы думан боларсың.

Толқыныңмен шалқып ойнап шағалаң,

Айдыныңа Аққуларың қонар шын.

Ұлы теңіз!

Сен теңіз де, мен адам,

Бірақ сенсіз қалай еркін дем алам?

Адамзаттың ақыл-ойы тұрғанда,

Мәңгі жасар ғұмырыңа сене алам!

Аралдың құтты мекенге айналып, қайтадан көркеюін аңсайды, армандайды. Арманы елес болып көз алдына келеді. Жалпы арман – көксеген мақсат, қиял. Армандау − ойлаған мақсатына жетем деп құмарту, аңсау. Ақында романтикалық пафос басым.

Сондай-ақ табиғат байлықтарын игілікке пайдаланудағы жауапсыздықтың, салғырттықтың, өзімшілдіктің, тағы басқа қисынсыз іс-әрекеттердің салдарынан болған экологиялық күрделі хал-ахуал сипаты көркем сөз арқылы өріледі. Бұл толғау-дастандарда адамдарға мәңгілік құтты қоныс болған мекендердің шөлді, тұзды, сорлы өлкелерге айналғаны, ғарыш айлағынан ұшқан зымырандар құлауынан, атом сынықтары зардаптарынан туындағын сан алуан аурулардың аналарды, азаматтарды ұрпақсыздыққа ұшыратқаны, белгісіз құбыжық жәндіктердің пайда болғаны, адамдар пиғылдарының да психологиялық ауытқуларға ұшырағаны − бәрі де ақынның экологиялық-қасіретнамалық толғаныстарымен өрнектелген. Лирикалық қаһарман – ақынның өзі. Оның жанары жасқа толып, жетім баладай жаутаңдайды. Арал − тек ақынның ғана емес, алты алаштың құтты қоныс мекені. Ата-бабалардың қаһармандық дәстүрімен рухтанған ақын өлеңдеріндегі лирикалық қаһарман табиғаттың экологиялық апат зардаптары мен тұрмыс тауқыметі түскен қазақтың ұлттық қайрат-жігеріне, оптимистік ұстанымына тән уақыт үнін танытады. Лирикалық толғаныстар аясында тіршілік қозғалысындағы қайшылықтарды жыр арқауындағы көркемдік шешімдерімен ұғындыруға ұмтылған ақынның психологиялық ой иірімдерінің тереңдігі танылады.

Ал ақын Толыбай Абылаевтың «Аралдан көшкен ағайын», «Теңіз түбіндегі кент», өлеңдерінде де мәңгілік құтты қоныс болған мекендердің шөлді, тұзды, сорлы өлкелерге айналуын ғарыш айлағынан ұшқан зымырандар құлауынан, атом сынықтары зардаптарынан деп түсінеді. Ақын «Арал көшіп барады» өлеңінде:

Мынау заман түсі жат,

Аждаһадай араны,

«Ақтабанға» ұшырап,

Арал көшіп барады.

Кісәпірлер құртты Алла-ай,

Жайсаң едім жағалы.

Жел айдаған бұлттардай

Арал көшіп барады.

Туған жерді тастап ауа көшкен күңіренген ел, «ақ табанға» ұшыраған жер ақын жүрегін жаралайды. Арал қаралы келіншектей, аждаһадай жат, суық мекенге айналған. Оны мұндай күйге түсірген − кісәпірлер. Кісәпір – қалтаға түсетін ұры, арам ниетті қу, залым, дінсіз адам.

Кезінде Аралдың думанды шаһарына айналған Бөген туралы ақын динамикалық психологизмге бой ұрып, лирикалық кейіпкердің ішкі монологы арқылы өмір шындығын көрсетуге ұмтылады. Мысалы «Бөгенім» деген өлеңінде:

...Құм ішінде Иран бақтай қызыл-жасыл көрік берген Бөгенім,

Ақындықтың ақ тұйғынын қаршадайдан алақанға сеніп берген Бөгенім.

Ару қызы ақ шабақтан аумайтұғын Бөгенім,

Жанар оты жалт еткенде жүректерді жаулайтұғын Бөгенім.

Қайда менің бала күнгі жан достарым ұмар-жұмар, Бөгенім,

Ақ құмшықтың төбесінен аунайтұғын Бөгенім,

Ақ сақалды абыз сынды аңыз жырлар толғанады Бөгенім,

Бұзып-жарып бұйрат құмды Болашаққа жол барады, Бөгенім.

Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары. Ақын үшін Арал Мысыр шаһарынан кем емес. «Аралдан көшкен ағайын» өлеңінде ата жұртты тастап, қоныс аударған күңіренген ел сағыныштан өзегі ортеніп, көк теңіздей өксиді. Бөгеннің қайтадан көркеюін аңсайды, армандайды. Өлеңде ақын Бөген сөзіне ерекше екпін беріп, халықтық теңеулер мен эпитеттерді шебер қолданады.

Қорыта айтқанда, С.Боранбаев пен Т.Абылаевтың өлең-толғауларында адам мен табиғат, уақыт сырлары үндесіп, сабақтас өріледі. Олардың теңіздей терең, сұлу жырларын халқы өзінің жүрегінің ыстығына бөлеп оқып келеді.

 

Әдебиет:

 

1.    Жұбанов Қ. Абай – қазақ әдебиетінің классигі. Шығармалар жинағы. − Алматы: Жазушы, 1999. − 285 б.

2.    Боранбайұлы С. Халқым қалай күн көрер? Өлеңдер, толғаулар, дастандар. – Қызылорда: «Тұмар», 1999 жыл.

3.    Абылаев Т. Арал көшіп келеді. – Қызылорда: Тұмар, 2002.  −68 б.

4.    Әшірбекова Г. Арал өңірі экопроблемаларының аймақтық басылымдарда жазылуы // «Еуразия тарихы мен мәдениетіндегі Арал-Сырдария өңірінің орны» атты халықаралық ғылыми конференция материалдары. − Алматы: Арна, 2009. − 432 б.

5.    Нұрмаханов Н. Поэзия – адамның жүрек сезімі, жан толқуы... // Әлімсақ. – 2000. - №7.

Основные термины (генерируются автоматически): Арал, мена, сыр.


Задать вопрос