Болашақ мамандарды даярлаудағы сындарлы сабақты жоспарлаудың түйінді мәселелері | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №19 (99) октябрь-1 2015 г.

Дата публикации: 12.10.2015

Статья просмотрена: 806 раз

Библиографическое описание:

Марсали, Р. О. Болашақ мамандарды даярлаудағы сындарлы сабақты жоспарлаудың түйінді мәселелері / Р. О. Марсали. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2015. — № 19.2 (99.2). — С. 46-48. — URL: https://moluch.ru/archive/99/22494/ (дата обращения: 19.12.2024).

Мектептегі басты тұлға – мұғалім екендігі белгілі. Технологиялар ерекше дамыған заманның өзінде білім сапасын қамтамасыз етудегі мұғалімнің рөлін ешнәрсемен ауыстыруға болмайтынын халықаралық тәжірибелер көрсетуде. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды білікті мұғалімдер, кәсіби тұрғыдан жан-жақты дамыған кемел ұстаздар ғана тәрбиелей алады. Қазіргі таңда қоғамымыздың ең көкейтесті мұраттарының бірі білімді педагог кадрларды әзірлеу және қалыптастыру, оның ішінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселелері білім беруді дамытудың басым бағыттарының біріне айналып отыр. Елімізде және біздің облыста осы бағытта ауқымды шаралар атқарылып келеді.

Қазақстан үшін бүгінгі әлемде өзін ауқымды халықаралық контексте көрместен, білім сапасын бағалаудың жаңа жүйесін әзірлеу аса қиын. Ол үшін әлемдік тәжірибелерді зерделеу қажеттілігі туындайды.Кембридж универститетінің білім беру факультеті мен педагогикалық шеберлік орталығы дайындаған біліктілікті арттыру курстарының бағдарламасы ЮНЕСКО мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының(ЭЫДҰ) білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі ұсыныстарының негізгі қағидаттарымен үйлеседі [1].

Бұл бағдарламаның негізгі зерттеушілік идеялары сындарлы оқытуға негізделген. Сындарлы оқытудың мақсаты - оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез-келген жағдайда тиімді пайдалана білу қабілетін дамытуды көздейді [2]. Сындарлы оқыту тәсілінде мұғалім білім алушылардың өзіндік пайымдауларын, «ақылды» сұрақтарын, саналы түрде өзі түзеткен қатесін бағалайды. Оқудың нәтижесі ғана емес, жаңа білімді құрастыруға жұмсалған оқушының күш-жігері мен оның ілгерілеуі, оқу-танымдық іс-әрекетінің барлық өнімдері бағаланады. Бақылау мен бағалау шынайы оқыту процесінің жүруімен тығыз байланыста жүзеге асады [3].

Білім беру саласын реформалау жағдайында мұғалімдердің кәсіби дамуын жоғарғы дәрежеге көтеру аса қажет. Жаңа тұрпаттағы мұғалім төмендегі тұлғалық сапаларға ие болуы керек: сыни тұрғыдан ойлау; жүйелі дүниетанымдық көзқарас; шешім қабылдай білу; дербестік пен шығармашылық; мақсатшыл және табандылық; кәсіби құзырлылық; коммуникативті қабілеттілік; өзін-өзі дамыту; рефлексивті мәдениет.

Сондықтан мұғалімді шығармашыл тұлға етіп қалыптастыру үшін болашақ педагогтарды даярлаудың, мұғалімдердің біліктілік арттыру курстарының сапасын жетілідіріп, теория мен практиканы ұштастырып, мұғалімнің рефлективті-талдаушылық қабілетін арттыру және өзінің әдістемелік жұмыс жүйесіне өзгерістер енгізуіне ықпал жасаумен қатар болашақ педагогтерді даярлауда сындарлылық тетіктерін қолдану қазіргі таңдағы кезек күттірмейтін мәселелердің біріне айналды.

Менің тренерлік жұмысымды жаңаша формада ұйымдастыруды көздеу мақсатым да осыда. Әрине көшбасшылық қасиеттің аса қажет болатын тұсы осы жерде. Сындарлы оқыту теориясының негіздері, бағдарлама идеясының мазмұны маған, соның ішінде тренерлік қызметіме маңызды өзгерістер жасауыма әсерін тигізді. Алдымда отырған мұғалімдердің тұлғалық қасиеттері мен кәсіби мүмкіндіктерін дамыту үшін дәрістер, практикалық сабақтардың өткізілу формасын жаңартып отыру маңызды болды. Алдағы мақсат сындарлы оқыту теориясының түйінді тұстарын болашақ педагог кадрларды даярлауға бейімдеу.

Мұғалімнің өз бастамасына негізделген кәсіби даму үдерісінің нәтижесі, ең бірінші кезекте, жоба аяқталған соң емес, оның барысында сезілуі керек. Сапалы даму жұмысына: жаңа технологияларды сынақтан өткізу, бағалау, талқылау және шолу жатады. Олардың барлығының әсері түрліше болады, нәтижелері әрдайым практикалық бағытта болады: оқыту мен білім берудің жақсартылған әдістері болып табылады. Олар сонымен бірге кәсіби өсуде маңызды бола алады [1].

Тренер психологиялық-педагогикалық білімдерді және оларды оқу үдерісінде іскерлікпен қабылдап алу әдістерін меңгеру қажет, ақпараттарды қатысушылардың жинақтауы және ұсынуына, олардың мінез-құлық қатынастарына ықпал ету керек. Тренер оқудың мақсаттары мен міндеттерін, әдістері мен тәсілдерін, ақпараттардың қайнарларын, алдын алу, білім беру бағдарламаларын білуі тиіс. Осы қағидаларды мен де өзімнің тренерлік тәжірибемде негізге алдым.

«Бала жүрегі – кішкентай күйсандық. Ол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт жүруі керек»-деп, М.Шаханов ағамыз айтқандай, әр мұғалім бала жүрегіне жол таба білетін білімді де білікті маман болуы керек. Бүгінгі күннің мұғалімге қоятын талабы осындай. Осыған байланысты сындарлы оқыту теориясына негізделген Бағдарламаның мақсаты – мұғалімдерді, болашақ педагогтерді қарқынды өзгеріп жатқан өмір жағдайында үздіксіз кәсіби дамуға дайындау болып табылады. Сонымен қатар, мұғалімдерді оқушылардың бойында өз бетімен білім алу, өзін-өзі реттеу дағдыларын қалыптастыруға, түрлі адамдармен тиімді диалог жүргізе алатын, қазіргі заманда табысты өмір сүруге дайын, сандық технологияларда құзырлылық танытатын белсенді азамат, болашақ маман ретінде қалыптасуға көмектесетін оқу үдерісін ұйымдастыру үшін қажетті біліммен және практикалық дайындықпен қамтамасыз ету [4].

Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін өз тәжірибемде курсқа келген мұғалімдердің біліктілік деңгейі мен жас ерекшеліктерін ескере отырып, сабақтарымды мазмұнды жоспарлап, табысты оқытуға ерекше көңіл бөлу қажет деп білемін.

Үнемі қайта оқуға, білім жетілдіруге деген қажеттілік өмір бойы оқу ұстанымына, сонымен бірге одан ары қарай өзгерудің негізі болып табылатын базалық компонент деп аталатын ұстанымға алып келеді. «Жұмыспен тығыз байланысқан және барынша әралуан білім өмір бойы жалғасын табады» [5]. Сондықтан әлемдегі ақпараттық-техникалық революция нәтижесінде білім сапасын арттыруда пайда болған жаңа факторлар мен олардың дәстүрлі факторлармен үйлесімін қарастыру қызықты деп ойлаймын.

«Жаңа технологиялар расында білім сапасын арттыруға мүмкіндік бере ме?» деген сұрақ бөлек қарастыруды талап етеді. Бұл сұраққа түпкілікті жауап жоқ. Кейде «ия» деуге болады, дегенмен кейде «жоқ» деп жауап беруге де болады. Кейде барлық заманауи құралдар мен технологиялық шешімдерге қарамастан білім сапасы жақсартуды қажет ететінін байқауға болады. Бұл көбіне білім алушылардың мотивациясына және оқу қабілетіне байланысты болады.

Ежелгі үнді эпосы «Махабхаратада», Бхагавад-Гитада садақшы Дронеге шәкірттері келіп, ол ағашқа нысана іліп жатып, оның балалардан не көріп тұрғандары туралы сұрайтыны жайлы эпизод бар. Әр оқушы алаңқайды, ағашты, аспанды, орманды және басқа көптеген нәрселерді сипаттайды, ал Арджун болса, сұраққа тек нысананы көріп тұрғынан айтады. Сөйтіп Арджун өте алғыр болып шығады. Осы жерде ешбір заманауи инновациялық технология «нысананы көре білуге» оқытуға қабілетті емес екенін түсіну керек және мақсат қоя білу мәселесі оқыту мен оқудағы өзекті мәселе болып қалып отыр.

Инновациялар қазіргі білім беруде тағы да қандай өзгерістерге мүмкіндіктер береді? Бүгінгі таңда ақпаратпен жұмыс істеу дағдысының қажеттілігі дау тудырмайды. Оны қалай қалыптастыруға болады? Оның үстіне, адамдардың шындыққа тікелей қол жеткізе алмайтынын үнемі есте ұстаған жөн. Болып жатқан құбылыстарды адамдар, әдетте белгілі бір қырынан, қандай да бір мәдени, әлеуметтік немесе теориялық (ғылым туралы сөз болғанда) тұрғыдан қарастырады. Оқиғалардың өзіндік және өзгенің сипаттамасының, сұрақтың немесе мәселенің туындау және даму қисынының болуы, іргелі пікірлер мен мәдени ұйғарымдар көбіне адамның басқа адамдардан, кітаптардан немесе бұқаралық ақпарат құралдарынан алған ақпаратты тиісінше түсінуге мүмкіндік бере бермейді. Сонымен бірге, оқиғаны немесе қабылданып жатқан ақпараттың мәтінін обьективті, «таза күйінде» көруге немесе түйсінуге мүмкіндік бермейтін, түсініктемелердің шынайылылығының алуан түрлілігіне алып келетін белгілі бір стереотиптердің бар екендігі анық.

Білімге қол жеткізудің күн сайын артуының нәтижесінде мұғалімнің рөлі өзгеруде. Алайда, бұл мұғалім рөлінің біркелкілігін білдірмейді, керісінше, мұғалімнің рөлі барынша артады және оқушылардың білімге қалай сыни қарайтындығына бағытталатын болады. Сондықтан өзгермелі өмірде мұғалімдер барлық сатыларда білім беру бағдарламасына енгізілетін өзгерістермен және пәндік салалардағы әзірлемелермен бірге дамып отыруға тиіс. Күрделі үдеріс болып табылатын оқыту шеберлігін толық игеріп шығу бүкіл ғұмыр еншісіндегі мәселе, міне, сол себепті де практикаға үнемі ерекше назар аударылатын болса, мұғалімдер қызмет барысында өзін жетілдіруді жалғастыра бермек.

Осы мақсатта білім алушының даму түсінігімен ұштастыра оқыту, болашақ маманның ішкі мүмкіндіктерін ашу, оқытудағы ерекшеліктерді түсіну, көптеген тәсілдердің, тілдік және мәдени әсер мен мінез-құлық және дағдының, қызығушылық және оқыту амалдарының болатынын жете түсінуі қажет болады.

Оқыту және сабақ беру саласындағы негізгі білімнің болуымен қатар, болашақ педагогтерде қандай өзгерістер болатыны және қандай стратегияларды алдын ала қабылдау қажеттігі туралы барынша дәлелді тұжырымдар жасауға мүмкіндік беретін қосымша ақпараттар жинауға тура келеді.

Шешім қабылдау үдерісінде мұғалім үшін ең маңыздысы оқушының қызығушылығы болып табылады. Осылайша, өзгермелі өмірге дайындаудан күтілетін нәтиже үдесінен шығу үшін болашақ мамандарға білім беру бағдарламасы шеңберінде шектеліп қалмауға мүмкіндік беретін жаңа дайындық түрі қажет болады [4, 13-б.]. Сондықтан соңғы 30 жылдың көлемінде ғалымдар - психологтар, философтар, педагогтар рефлексия мәселесі және оның тұлғаның шығармашыл ойлау, өзін-өзі дамыту және өзін-өзі тану құрылымындағы – өзінің жеке психикалық, дене, адамгершілік және шығармашылық ерекшеліктерін зерделеудегі орнын зерттеумен айналысуда. Бір жағынан, рефлексия туралы түсінік теориялық ойлау мәнін, оның даму деңгейлерінің диагностикасын және бақылау мен бағалау әрекеттерінің қалыптасуын анықтауға жәрдемдеседі. Екінші жағынан, рефлексияны шығармашыл ойлаудың құрамдас бөлігі ретінде зерделеу зияткерлік және тұлғалық рефлексияны айқындауға және олардың адам психикасындағы өзара байланысын анықтауға мүмкіндік береді.

 

Өз тәжірибемді қалай дамытамын? Әрине, жаңа ізденістер, теориялық дайындық, сабақтарымның құрылымын білім алушылардың талаптарына сәйкес жоспарлау. Өз сабақтарыма жеті модуль идеяларын тиімді ықпалдастыру және сабақтарымның мазмұнын жаңа педагогикалық әдіс-тәсілдермен толықтыру арқылы жетілдіру – алға қойған мақсатым.

Жалпы алғанда, мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттыруы –уақыт талабы болып табылады. Ол үшін әрбір маман алдына нақты мақсаттар қойып, жаңа технологияны меңгеріп, оқу-тәрбие үрдісіне енгізсе, ізденіс жасап, шығармашылықпен жұмыс істесе, онда өзінің және қоғамның мүддесінде өзін-өзі белсенді етуге дайын, бәсекеге қабілетті және құзыретті, шығармашыл, білімді тұлғаны қалыптастыратыны анық [5].

 

Әдебиет:

1.    Қазақстан Республикасының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламасы. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ.Астана, 2012.

2.    Тренерге арналған нұсқаулық. ІІІ (негізгі) деңгей. ІІІ басылым. Астана,2012.

3.    Мұғалімге арналған нұсқаулық. ІІІ (негізгі) деңгей. ІІІ басылым. Астана,2012.

4.    «Білім беру платформасы» материалдар жинағы.www.cpm.nis.edu.kz.

5.    Әлібеков Т. Қазақ мектебінде сапалы білім беруді қамтамасыз ету мәселелері// «Мұғалім», 2006, №5, 8-б.

Основные термины (генерируются автоматически): мена, дама, немес, оса.


Задать вопрос