М. Шоқайдың шығармашылығы жөніндегі ізденістер | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 30 ноября, печатный экземпляр отправим 4 декабря.

Опубликовать статью в журнале

Авторы: ,

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №19 (99) октябрь-1 2015 г.

Дата публикации: 12.10.2015

Статья просмотрена: 437 раз

Библиографическое описание:

Қыпшақбаев, Қанат Зейноллаұлы. М. Шоқайдың шығармашылығы жөніндегі ізденістер / Қанат Зейноллаұлы Қыпшақбаев, Л. Б. Бакиева. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2015. — № 19.2 (99.2). — С. 24-26. — URL: https://moluch.ru/archive/99/22495/ (дата обращения: 16.11.2024).

Еліміздің тәуелсіздік алып, дербес даму жолына түсуіне байланысты түрлі саяси күштер мен ағымдардың, оның жетекшілері мен идеологтарының халық санасын оятып, адамзаттың ұлы көшінен қалмай алға жылжыуынан сіңірген еңбегін ғылыми тұрғыдан сараптап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің маңызы арта түсуде.

«Ұлы тұлғаларын білмейінше бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз.

Біздің ұлы қандастарымыз өмірлерін қиып, шыбын жандарын шүберекке түйіп, біздің тәуелсіздігімізді жақындата түскен... Сондықтан халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда оны адзал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім өз жұртының нағыз азаматы болып қала берген. Тарихтың қай кезінде болсын, олар өз ұлтының мақтанышы болып келген» [1] Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың осы сөзінде қоғамның дамуында жеке тұлғалардың феномені ерекше орын алатындығы барынша дәл көрсетіледі.

Өткен ғасырдың 20-30жылдарында қазақ мемлекеттілігінің даму мақсатын тұжырымдап берген, халыққа қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен тұлғалардың бірі Мұстафа Шоқай (1890-1941) болатын. Қазақ халқының аса күрделі «соқтыпалы да соқпақты» тарихының басты мазмұны азаттық үшін, өзін этнос ретінде және өмір сүру кеңістігін сақтап қалу үшін, күрес құраса, осы күрестің алдыңғы сапында тұрған да М.Шоқай. Сол себепті оның өмірі мен жанқиярлық қызметін, шығармашылық мұрасын зерттеп, зерделеу-біздің парызымыз. Сонда ғана «бүгінгі бостандықтың, бүгінгі тәуелсіздіктің өзіне-өзі келіп, басымызға қона қоймағанын, азаттық үшін миллиондаған адамдардың қаны шашылып, жаны қиналғанын, жазықсыз зардап шеккенін» [2] ұғынамыз.

Мұстафатанудың негізі Түркияды қаланды. М.Шоқайдың мұраттас жолдастары, саяси күреске бірге қатысқан серіктері, «Яш Түркістан» журналын щығарысқан Тахир Шағатай (1902-1984),Абдулуақап Оқтай (1904-1968)және олардың жұбайлары Сағадат Шағатай және Саида Оқтай ханымдар ,«Түркістан Ұлттық Бірлігі»ұйымының бас хатшысы, «Йени Түркістан», «Яш Түркістан » журналдарының жұмысын атқарысқан Междеддин Делил өз естеліктері мен еңбектерінде М.Шоқайдың дүниетанымы мен қайраткерлік болмысын қалпына келтіру жолында көп еңбек сіңірді.

М.Делил 1942ж. «Мұстафа Шоқай альбомын»дайындап, баспадан шығарды. 1950 жылы А.Оқтай «Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы және Мұстафа Шоқай»атты кітабын жариялады. Өткен ғасырдың орта кезінен Т.Шағатайдың М.Шоқайдың өмірін, шығармашылық мұрасы мен саяси қызметін баяндауға да орын берілген «Түркістандағы түрікшілдік және халықшылдық» (екі кітап), «Қызыл империализм» (жеті кітап) атты еңбектері жарық көрді [3].

Стамбулда «Түркістан - Еділ-Орал»қорының құрылуы, Сағадат Шағатайдың (1907-1989) «Яш Түркістан» журналының материялдарын жеке кітап етіп басып шығару ісін ұйымдастыруы мұстафатанудың ілгерелеуіне көмегін тигізді.

Соңғы кезеңде Мұстафаға батыс елдерінде де назар аударыла бастады [4]. Алайда кеңес идеологтары мен олардың Шығыс Еуропа елдеріндегі пікірлестері КСРО-ның ыдырауына дейін шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын түрлі лақаптар таратып, М.Шоқайды фашистік Германияның «тыңшысы» ретінде көрсетуге әрекеттеніп келді. 1971 жылы Варшавада жарық көрген «Голоса издалека» [5] деген поляк тіліндегі кітапта аға лейтенант Абдурахимов пен капитан Халимов деген тәжік ұшқыштарының 1942 жылы 10 қазанда немістерге тұтқынға түскені, олардан жауап алу кезінде Рейхтың қауіпсіздік басқармасы қызметкерлерімен бірге М.Шоқайдың да қатысқаны туралы айтылады.

Кеңес өкіметі тұсында М.Шоқайдың қызметі мен тарихи-публицистикалық жұмыстары да саяси және идеологиялық тұрғыдан сынға алынып,негізсіз бұрмалаушылыққа ұшырайды. Тек Қазақстанның тәуелсіздік алуымен ғана М.Шоқай туралы тарихи деректерге негізделген еңбектер жарық көре бастайды [6]. Солай бола тұрғанымен, өзгенің мүддесін қазақ халқының мүддесімен басым санайтын авторлар бұрынғы үрдісті әлі де жалғастыруда. Олар М.Шоқайды «өте күрделі тұлға» ретінде сипаттап, «Түркістан легионына» жетекшілік жасады немесе оның бастауында тұрды деген кеңес идеологиясының тұжырымдарын қайталаудан айнымауда. Отарлық, тоталитарлық жүйеге қарсы күрескен қайраткерлеріміз жөнінде сақталған мұндай психологиялық ахуалдың өміршеңдігінің басты себебі ұлттық мінез-құлқынан, әдет-ғұрпынан, тілі мен мәдениетінен, болмыс-бітімнен айыруға бағытталған Кеңес өкімметінің қитұрқы идеологиялық саясатының салдарына байланысты екендігі анық. «Планеталық деңгейдегі ақыл-ой апатын» [7] басынанкешірген халқымызға өзінің ұлттық құндылықтары мен мүдделерін «интернационалистік» ұғымдардан ажыратуы үшін, өзінің ұл-қыздарын танып-білуі үшін баршамыздың күш-жігеріміз,ақыл-ой парасатымыз қажет.

М.Шоқай - туған халқының ғана емес, өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен, әзірбайжан, грузин және басқа да бодан халықтардың бостандығы үшін күрескен тұлға. Осы жолда өмірінің соңғы сәтіне дейін өзінің ой-қабілетін сарқа жұмсаған М.Шоқайдың қайраткерлік және шығармашылық болмысын жан-жақты пайымдаудың еліміздің мұрат-мақсаттарын негіздеуге берері мол. Оның қайраткерлік, қаламгерлік қарымын, отар халқтардың ұлт-азаттық қозғалысы тарихындағы алатын орнын анықтауға бағытталған еңбектер қатары күн санап өсіп келеді. Дегенмен М.Шоқайдың өмірі мен қызметі толық зерттеліп, шығармашылық мұрасы игеріліп бітті деуге негіз жоқ, себебі оның еңбектері қазақ, өзбек, татар, башқұрт, орыс, түрік, неміс, француз, ағылшын , поляк тілдерінде жарық көрген және бірнеше елдердің мұрағат қорларында сақтаған. М.Шоқай қызметінің алғашқы кезеңі туралы материалдар Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатында (47,461,1044,1613-қорлар), Ташкент облыстық мұрағатында (528-қ) ұшырасады. Мұнда М.Тынышбаев, Қ.Қожықов, И.Жайнақовты патша «охранкасының» бақылауға алуы, М.Шоқайдың Ташкент гимназиясында оқуы, Ақпан революциясынан кейін Ташкентке оралып, автономия идеясы төңірегінде халықты ұйымдастыруы, түрлі саяси күштермен қарым-қатынасы, Түркістан автономиясын жариялау және оның күйреуі, Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті туралы мағлұматтар бар.

Қазақстанда М.Шоқайдың елмен байланысты жөніндегі материялдар қазақ зиялыларының БК(б)П Орталық Комитетіне, партиялық бақылау органдарына жазған хаттары, ОГПУ өкілдеріне берген жауаптары, есепті баяндамалар т.с.с. құжаттар сақталған Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатында (141, 718, 725, 811 -қорлар) ұшырасады.

Санкт-Петербург университетінде оқып жүрген кезінде Мұстафаның түрлі саяси ағымдарымен таныс болуы, түркі жастарының шерулеріне қатысуы, Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясы жанындағы Кеңесші бюро жұмысына араласуы, эмиграциядағы қызметі туралы материялдар Ресей мемлекеттік тарихи мұрағатында (РГИА), Ресей Федерациясының сыртқы саясаты мұрағаты (АВПРФ), Ресей Мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарихының мұрағаты (РГАСПИ), Ресей Мемлекеттік әскери мұрағаты (РГВА), Ресей мемлекеттік жаңа заман тарихының мұрағаты (РГАНИ), Ресей Федерациясы мемлекеттік мұрағаты (ГАРФ) қорларында шоғырланған. Әсіресе, Ресей Мемлекеттік әскери мұрағатындағы құжаттар ерекше назар аудартады. Олардың көпшілігін кезінде поляк барлау мұрағатында сақталған М.Шоқайдың баяндамалары, хаттары, сараптамалық шолулары, рефераттары, мақалаларының қолжазбалары, сонымен бірге кейбір жарық көрген материялдарының поляк тіліне аудармалары құрайды.

Зерттеуші дереккөздерді барынша қамти отырып, оларды сын елегіне өткізу, жүйелеу, пайымдау арқылы ақиқатқа жақындай түсуді ғана көздейді. Шығармашылық ізденістер барысында өзінің субьективті пікірлеріне бой алдырмауды автордың кәсіби білімі, зерттеушілік тәжірибесі, тіпті, шығармашылық интуициясы да маңызды рөл атқарды. Әділ сот болуға ұмтылысына қарамастан, тарихшының өткенге көзқарасы морльдан аулақ, мүлдем бейтарап бола алмайды. Дегенмен кәсіпқой тарихшы белгілі бір тұжырымдар жасауға сақтықпен қарап, оны көп жағдайда оқырмманның өз үлесіне қалдырды. Ол тек оқиғаның орын алу себептерін, даму заңдылықтары мен ерекшеліктерін анықтаумен айналысады. Әсіресе, тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін сараптау асқан жауапкершілікті талап етеді. Тұлғаның өмірінде адам мен дәуірдің арасындағы байланыс көрініс табады. Тарихшы ондай индивидтің ішкі дүниесіне де үңіледі, ой-пікірі мен іс-әрекетінің қисындылығын(не қисынсыздығын), қоғам үшін маңыздылығын анықтайды.

Орташа ойраны мен қайғы-қасіретін бастарынан өткерген қазақ, өзбек, қырғыз т.б. халықтардың тағдыры өз тағдырымен біте қайнасқан, ұлт мүддесі өз өмірі мен күресінің мақсат-мұратына айналған, жиырма жыл бойы Еуропа төрінде Алаш идеяларын жалғастырып, тәуелсіздік туын көтерген сондай тұлғаның бірі де, бірегейі де-Мұстафа Шоқай.

 

Әдебиет:

1.      Назарбаев Н.Ә Жасай бер, тәуелсіз Қазақстан! Тәуелсіз күніне арналған салтанатты мәжілісте сөйлеген сөзі // Егемен Қазақстан. - 1998. - 16 желтоқсан.

2.      Дүние жүзі қазақтарының құрылтайы. - Алматы, 1993. – 16 б.

3.      Кекілбаев Ә. Отан тарихы - рухани жаңғыруымыздың қайнар көзі // Егемен Қазақстан. - 1998. - 7 шілде.

4.      Шоқай М. Таңдамалы. 1 том. - Алматы, 1998. 187-198, 2788-281, 298-300, 411-414, 476-481, 2 том, 5-7 бб.

5.      Нүрпейісов К. Алаш Һәм Алашорда. - Алматы, 1995. – 147 б.

6.      Қойгелдиев М. Кіріспе // Әлихан Бөкейханов. Шығармалар. - Алматы, 1994. - 67-72 бб.

7.      Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы. - I том. - Алматы, 2012.

Основные термины (генерируются автоматически): мена, Алаш, Алматы, Ташкент.


Задать вопрос