Мемлекет өз азаматтарынан конституцияда көрсетілген белгілі бір әлеуметтік талаптарды қатаң орындауды талап етеді, оны орындамаған ретте азаматтарға заңда көрсетілген негізде моральдық немесе құқылық жауапкершілік жүктеледі. Құқылық жауапкершіліктің ішіндегі ең қатал түрі қылмыстық жауаптылық болып саналады. Қылмыстық жауаптылық мемлекеттің заң шығарушы органы арқылы қылмыстық жазалау қатерімен тыйым салынған қоғамға қауіпті кінәлі түрде істелген іс-әрекет үшін ғана белгіленеді. Адам қылмыстық жауаптылыққа істеген іс-әрекеттерінде қылмыстық заңда көрсетілген нақтылы бір қылмыстың құрамы болған жағдайда ғана тартылады. Мысалы: тонау, ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру, бұзақылық тағы басқа. Мұның өзінде қылмыстық жауаптылық оның іс-әрекеті нақты қылмыс құрамын түзейтін қылмыстық құқылық нормаларды кінәлі түрде ғана бұзғанда жүзеге асырылады.
Қылмыстық жауаптылық бұл қылмыстық құқылық норманы бұзудың нәтижесі, қоғамға қауіпті іс-әрекеттің көрінісі болып табылады. Қылмыс істелмесе қылмыстық жауаптылық та болмайды. Қылмыстық заң бойынша жазалау қатерімен тыйым салынған қоғамға қауіпті іс әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылық тек қана қылмыс істеу арқылы келтірілген зиянның көлеміне, қылмыстың жасау тәсіліне, кінәнің нысанына, қылмыскердің тұлғасының ерекшеліктерін еске ала отырып жүзеге асырылады.
Қылмыстық жауаптылық өзіне тән ерекшелігімен оқшауланған құқылық жауапкершіліктің бір түрі болып табылады. Қылмыстық жауаптылық - өзінің нысаны, мазмұны жағынан мемлекеттік күштеу мәні бар жауаптылықтың түрі. Өйткені мемлекет кез келген қылмысқа тиісінше баға бере отырып, оны істеген адамға мемлекет тарапынан заңда көрсетілген күшпен орындалуға тиісті шараларды қолдануды жүзеге асырады. Яғни, қылмыстық жауаптылықтың әлеуметтік мазмұнының өзі сол субъектіге қылмыстық жауаптылық жүктей отырып, мемлекет оның істеген қылмысын мінеп, оған заңдылық баға береді.
Қылмыстық жауаптылықтың мазмұны (теріс қылыққа моральдық саяси баға беріп мінеу және мемлекет, қоғам тарапынан қылмысын бетіне басу) және заңдылық (қылмыс істеген адамға қолданылатын мемлекеттік күштеу шаралары). Бұлар қылмыстық жауаптылықтың маңызды, мәнді екі бөлігі болып табылады. Сонымен, қылмыстық жауаптылық деп қылмыс заңы бойынша қылмыс деп белгіленген нақты іс-әрекетті істеген адамды мемлекет атынан оның тиісті органдары арқылы мінеушілігін (айыптаушылығын) айтамыз.
Шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату.
Бірінші рет кішігірім немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адам, егер ол қылмыс жасағаннан кейін айыбын мойындап өз еркімен келсе немесе қылмысты ашуға жәрдемдессе немесе қылмыс келтірген зиянды өзгеше түрде қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Жеке адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмысты қоспағанда, қылмыс жасаған адам болғызбауға, ашуға немесе тергеуге, ұйымдасқан топ немесе қылмысты сыбайластық (қылмысты ұйым) жасаған қылмысқа басқада қатысушыларды анықтауға белсенді түрде жәрдемдессе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Қажетті қорғану шегінен асқан кезде қылмыстық жауаптылықтан босату.
Қоғамдық қауіпті қылмыстан болған үрейлену, қорқу немесе сасқалақтау салдарынан қажетті қорғану шегінен асқан адамның сот үстін мән-жайын ескере отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату.
Ауыр емес қылмыс жасаған немесе адамның қайтыс болуымен немесе оның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес орташа ауыр қылмысты бірнеше рет жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса және келтірілген зиянның есесін толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатуға жатады.
Орташа ауыр қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса және жәбірленушіге келтірілген зиянның есесін толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатылу мүмкін.
Жағдайдың өзгеруіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату.
Қылмыс белгілері бар әрекет жасаған адамды, егер істі сот қараған кезде жағдайдың өзгеруі салдарынан ол жасаған әрекет қоғамға қауіпті емес танылса, сот қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкін.
Бірінші рет кішігірім немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамды, егер ол адамның содан кейінгі мүлтіксіз мінез-құлқына байланысты іс сотта қаралған уақытта ол қоғамға қауіпті деп есептеле алмайтындығы белгіленсе, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін.
Жазаны өтеуден мерзімінен бұрын-шартты түрде босату.
Егер сот түзеу жұмыстарын, әскери қызмет бойынша шектеу, бас бостандығын шектеу, тәртіптік әскери бөлімде ұстау немесе бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адам өзінің түзелуі үшін сот тағайындаған жазаны толық өтуді қажет етпейді деп танылса, ол мерзімінен бұрын-шартты түрде босатылуы мүмкін. Бұл орайда адам қосымша жаза түрін өтеуден толық немесе ішінара босатылуы мүмкін.
Жазадан шартты түрде - мерзімінен бұрын босату сотталған адам:
- кішігірім және орташа ауырлықтағы қылмысы үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен бірін;
- ауыр қылмысы үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде жартысын;
- аса ауыр қылмысы үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен екісін, сондай-ақ бұрын жазадан мерзімінен бұрын-шартты түрде босатылған адамға, егер мерзімінен бұрын-шартты түрде босату тағайындалған жаза мерзімінің кемінде төрттен үшін нақты өтегеннен кейін қолданылуы мүмкін.
- Бас бостандығынан айыруға сотталушының нақты өтеу мерзімі алты айдан кем болмауы керек.
- Сот тағайындаған өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адам, егер сот ол бұл жазаны одан әрі өтеуді қажет етпейді деп таныса және кемінде жиырма бес жыл бас бостандығынан айыруды іс жүзінде өтесе, мерзімінен бұрын-шартты түрде босатылуы мүмкін.
- Мерзімінен бұрын-шартты түрде босатылған адамның мінез-құлқына бақылау жасауды оған босатылған адамның тұрғылықты жері бойынша - әскери бөлімдер мен мекемелердің командованиесі жүзеге асырады.
- Мерзімінен бұрын-шартты түрде босату қолданылған адам, егер жазаның қалған өтелмеген бөлігі ішінде:
· өзіне әкімшілік жазасы салынған қоғамдық тәртіпті бұзса немесе оған мерзімінен бұрын-шартты түрде босатуды қолдану кезінде сот жүктеген міндеттерді орындаудан әдейі жалтарса, сот мерзімінен бұрын-шартты түрде босатудың күшін жою және жазаның өтелмей қалған бөлігін орындау туралы қаулы ете алады;
· қылмыс абайсызда жасалса, жаңа қылмысқа жаза тағайындау кезінде мерзімінен бұрын-шартты түрде босатудың күшін жою немесе оны сақтау туралы мәселені сот шешеді;
· қылмыс қасақана жасалса, сот оған Қылмыстық кодексте көзделген ережелер бойынша жаза тағайындайды. Егер сот мерзімінен бұрын-шартты түрде босатудың күшін жойса, абайсызда қылмыс жасаған жағдайда да жаза осы ережелер бойынша тағайындалады.
Өлім жазасы түріндегі жаза кешірім жасау тәртібі бойынша бас бостандығынан айырумен ауыстырылған адамға мерзімінен бұрын-шартты түрде босату қолданылмайды.
Жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру.
Кішігірім, орташа ауыр және ауыр қылмыс үшін бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адамға сот оның жазасын өтеу кезіндегі мінез-құлқын ескере отырып жазаның өтелмей қалған бөлігін оның жеңіл түрімен ауыстыра алады. Бұл орайда адам жазаның қосымша түрін өтеуден толық немесе ішінара босатылуы мүмкін.
Жазаның өтелмеген бөлігі, сотталған адам ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасағаны үшін жаза мерзімінің кем дегенде үштен бір бөлігін, ауыр қылмысы үшін немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен ерте босатылған және жазаның өтелмей қалған бөлігі кезеңінде жаңа қылмыс жасаған адам жаза мерзімінің жартысын нақты өтегеннен кейін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырылуы мүмкін.
Жүкті әйелдердің және жас балалары бар әйелдердің жазаны өтеуін кейінге қалдыру.
Жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмысы үшін бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған әйелдерді қоспағанда, сотталған жүкті әйелдерді және он төрт жасқа толмаған баласы бар әйелдерді сот тиісінше бір жылға дейінгі немесе бала он төрт жасқа толғанға дейінгі мерзімге жазасын өтеуден босатуы мүмкін.
Бала он төрт жасқа толғаннан кейін немесе ол шетінеген жағдайда не жүктілігі үзілген жағдайда сот сотталған әйелдің мінез-құлқына қарай оны жазаны өтеуден босатуы немесе оны неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыруы, немесе сотталған әйелді жазаны өтеу үшін тиісті мекемеге жіберу туралы шешім қабылдауы мүмкін.
Ауруға шалдығуына байланысты жазадан босату.
Қылмыс жасағаннан кейін оның өз іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) іс жүзіндегі сипаты мен қоғадық қауіптілігін ұғыну не оған ие болу мүмкіндігінен айыратын психикасы бұзылу пайда болған адамды сот жазадан босатады, ал жазасын өтеп жүрген адамды сот оны одан әрі өтеуден босатады. Мұндай адамдарға сот Қылмыстық Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкін.
Жазаны өтеуден кедергі жасайтын өзге де ауыр науқастан зардап шегуші адамды сот жазаны өтеуден босатуы мүмкін немесе бұл жаза неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстырылуы мүмкін. Бұл орайда жасалған қылмыстың ауырлығы, сотталған адамның жеке басы, науқасының сипаты және басқа мән-жайлар ескеріледі.
Қамауға не тәртіптік әскери бөлімде ұстауға сотталған әскери қызметшілер өздерін әскери қызметте жарамсыз ететін жағдайында жазадан немесе жазасын одан әрі өтеуден босатылады. Оларға жазаның өтелмеген бөлігі де неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстырылуы мүмкін.
Төтенше мән-жайлардың салдарынан жазадан босату мен жазаны өтеуді кейінге қалдыру.
Кішігірім және орташа ауырлықтағы қылмысы үшін сотталған адамды, егер жазаны өтеу өрт немесе кездейсоқ апат, отбасының еңбекке жарамды жалғыз мүшесінің ауыр науқастануы немесе қайтыс болуы немесе басқа да төтенше мән-жайлардың салдарынан сотталған адам немесе оның отбасы үшін жазасын өтеуі аса ауыр зардапқа әкеліп соқтыруы мүмкін болса, сот жазадан босатуы мүмкін.
Қорыта келгенде заңдылық қағидасын сақтау, жүзеге асыру құқық қорғау органының қызметкерлердің қасиетті борышы. Бұл азаматтардың конституциялық құқығын, бостандықтарын жүзеге асырудың негізгі кепілі болып табылады. Заңдылық талабын дұрыс жүзеге асыру қылмыс істеген адамға заңды дұрыс қолданып, оның әрекетіне заң талабына сай баға беру болып табылады. Қылмыстық заңды дұрыс қолданудың маңызды шарттарының бірі қоғамға қауіпті іс-әрекеттерге заңды дұрыс қолданып, әрекет не әрекеттсіздікке қылмыстық заң нормасының талабына сай баға беріп саралау болып табылады.
Әдебиет:
1. 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы. «Енгізілген өзгертулер мен толықтыруларымен»
2. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі Жалпы Бөлім, Ерекше Бөлім. 2014.
3. Алауханов Е. Қылмыстық құқық. Жалпы бөлім, Ерекше бөлім. - Алматы, «Жеті жарғы», 2001.