Қазақстан Республикасындағы бухгалтерлік есептің дамуы мен қалыптасуы
Авторы: Бердиходжаева Мейрамгуль Сайлауовна, Садуакасова Мархаббат Берикболовна
Рубрика: Спецвыпуск
Опубликовано в Вопросы экономики и управления №1 (8) февраль 2017 г.
Дата публикации: 20.12.2016
Статья просмотрена: 4905 раз
Скачать Спецвыпуск Учет, анализ, аудит и оценка: тенденции, стратегии и перспективы развития (pdf)
Библиографическое описание:
Бердиходжаева, М. С. Қазақстан Республикасындағы бухгалтерлік есептің дамуы мен қалыптасуы / М. С. Бердиходжаева, М. Б. Садуакасова. — Текст : непосредственный // Вопросы экономики и управления. — 2017. — № 1.1 (8.1). — С. 2-4. — URL: https://moluch.ru/th/5/archive/51/1728/ (дата обращения: 15.11.2024).
Өткенсіз болашақ жоқ. Бухгалтерлік есептің даму тарихын білетін адам, кеңінен ойлап, күнделікті жұмыста тиімді шешімдер тауып, ұйымның даму жолдарын анықтай алады. Өйткені тарих келесілерге мүмкіндік береді: тарихи үдеріс қарқынын ашу, оның заңдылықтарын сипаттау; даму үдерісінде бар байланыстар мен алшақтықтарды білу; қолданылатын әдістердің эволюциясын қарастыру мен категорияларды қалыптастыру; жалпы тұжырымдамалардың ауысуын зерттеу, мәселелер мен шешімдердің тарихын көрсету; мамандарға тарих – адам тәжірибесі негізінде жаңаны объективті бағалауға үйрету; ғылыми алдын ала көре білу техникасын игеру.
Алдыңғылардың тәжірибесін білген бухгалтер тиімдірек жұмыс істей алады, ол бұрыннан да белгілі зерттеулерге уақыт жоғалтпайды.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бастап, бухгалтер кәсібінің дамуы КСРО кезінде қалыптасқан жоспарлық-әкімшілік экономика режимінде іске асты. Еліміз егемендік алып, ерікті мемлекет құрылғаннан кейін бухгалтерлік мамандыққа нарықтық экономиканың сұранысын және мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа талаптар қойыла бастады. Бухгалтерлік есептің дамуы жас мемлекеттің дамуымен қатар қазіргі уақытқа дейін жалғасуда. Уақыт талаптарына сәйкес еліміздің нормативтік-құқықтық базасы да өзгеріп жатыр.
Бәрімізге белгілі, қандай да болсын елдің бухгалтерлік есеп жүйесі экономикалық қатынастар деңгейіне сәйкес келуі керек. Экономикалық қатынастардың өзгеруі (шаруашылықтың әміршіл-әкімшіл жүйесінен нарықтық қатынастарға өтуі) бухгалтерлік есеп тұжырымдамасының сәйкес трансформациясын қажет етті.
Қалыптасқан заманауи экономикалық жағдайларда және Қазақстанның халықаралық байланыстарын кеңейту жағдайында бухгалтерлік есеп бірқатар реформалардан өтті. Бұл үдерістің басы ретінде Қазақстанның нарықтық экономика талаптарына сәйкес есеп пен статистика жүйесінің халықаралық тәжірибесінде қабылданған бағдарламаны қабылдауын есептеуге болады. Қазақстанның Халықаралық валюта қорына кірігуі, теңгенің айырбасталымдылыққа өтуі, кең аумақты халықаралық байланыстар, шетелдік инвестициялар бухгалтерлік есепті халықаралыққа жақын стандарттармен сәйкес ұйымдастыруды бұлтартпай талап етті.
Қазақстан Республикасы дамуына, оның әлемдік экономикаға өтуіне байланысты бухгалтерлік есепке оның әлемдік экономикалық қоғамдастыққа түсінікті болуы және тағы басқадай үлкен талаптар қойылып отыр, бұл қаржылық есептің халықаралық стандарттарына толық көшуге негіз болды. 1994 жылы қабылданған реформалардың бірінші бағдарламасында барлық кәсіпорындардың халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына 2000 жылы өтуі болжанған. Алайда, ҚЕХС-н қолдануға өту бірте-бірте болатын және мақсатты үдеріс екені біліне бастады. Бір жылда мұндай өзгерістер бола алмайды, бұл үшін арнайы іс-шараларды жүргізу қажет болды. Ең алдымен заңдылықтарға (азаматтық және салықтық) өзгерту енгізу, сонымен қатар бухгалтелік есептің барлық дерлік нормативтік базаларын қайта қарастыру талап етіледі. Бұл шараларды жүзеге асыру үшін іс-шаралар жоспары жасалды.
Бухгалтерлік есеп пен есептілікті реформалау және Қахақстандағы ұйымдардың ҚЕХС-қа бірте-бірте өту үдерісі еліміздің егемендік алғаннан кейін бухгалтерлік есепке қатысты қабылданған ең алғашқы нормативтік құжат 26 желтоқсан 1995 жылғы №2732 «Бухгалтерлік есеп туралы» заң күші бар ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілді. Ол 1996 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Осы заңға сәйкес Қазақстан Республикасы Бухгалтерлiк есеп жөнiндегi ұлттық комиссиясының №3 Қаулысымен 1996 жылы 13 қарашада Бухгалтерлiк есепке алу стандарттарының бекiтілуі, ҚЕХС-ты толық және сөзсіз қабылдауға ауыспалы кезең болды [1, 154 б].
Алғашқы бухгалтерлік есеп туралы заңның қабылдануына дейін елімізде кеңес үкіметі кезінде қабылданған шоттар жоспары қолданылды, алайда нарықтық экономика жағдайында пайда болған объектілердің есепке алынуы үшін жаңа бухгалтерлік шоттар енгізілді.
1996 жылы 18 қарашада Қазақстан Республикасының Ұлттық комиссиясы бекіткен № 6 «Субъект қызметтерi қаржы-шаруашылық бухгалтерлiк есеп шотының Бас жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Бухгалтерлiк есеп жөнiндегi ұлттық комиссия қаулысы қабылданып, 1997 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгізілді.
2002 жылдың 24 маусымынан бастап, «Бухгалтерлік есеп туралы» заң күші бар ҚР Президентінің Жарлығы «Бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есеп беру туралы» ҚР Заңы деп өзгертілді. Осы заң бухгалтерлік есеп пен есеп берудің барлық сауалдары бойынша кәсіпорын басшылары, бухгалтерлері мен басқа да лауазымды тұлғалары басшылыққа алуға міндетті нормаларды анықтады. Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2002 жылғы 18 қыркүйегінде «Бухгалтерлік есеп шоттарының үлгілік жоспарын бекіту туралы» № 438 бұйрығына сәйкес бухгалтерлік есеп шоттарының үлгілік жоспары қабылданды.
2003 жылдан бухгалтерлік есепті ҚЕХС сәйкес жүргізуге заңды түрде бекітілген кезеңдік өту басталды. 2005 жылдың 1 қаңтарынан ҚЕХС бойынша бірінші қаржылық есеп беруді Қазақстандық ірі компаниялар бастады. 2006 жылдан бастап, барлық қаржылық ұйымдар, ұлттық компаниялар және ірі акционерлік қоғамдар қаржылық есептілігін ҚЕХС сәйкес жасай бастады.
Ел экономикасының нарықтық жолға көшуіне байланысты жаңа кәсіпкерлік қызметтер пайда болып, бухгалтерлік есептің маңызы мен рөлі арта түсті. Осыған орай бухгалтерлік есептің мазмұны мен құрылымына өзгерістер енгізілді. Еліміздегі жүргізіліп отырған бухгалтерлік есеп жұмысы ірі және жария мүдделі кәсіпорындарда халықаралық қаржылық есеп беру талаптарына сай орындалды.
Осылайша 2007 жылғы 28 ақпанда Қазақстан Республикасының «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» №234 Заңы жаңа нұсқада бекітілді. Бұл Заң қазір де Қазақстан Республикасындағы бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жүйесін реттейді.
Заңда орын алған өзгерістерге сәйкес, 2007 жылы жаңадан бухгалтерлік есеп шоттарының үлгілік жоспары қабылданып, Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 2007 жылғы 23 мамырдағы №185 бұйрығымен бекітілді.
Осы нормативтік құжаттар қолданыстағы нормативтік және әдістемелік базаны халықаралық талаптарға сәйкес жетілдіруге, бухгалтерлік жұмыскерлерді Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының барлық талаптарына сәйкес бухгалтерлік есепті жүргізу мен қаржылық есептілікті жасауға оқытуға негіз болды. Осылайша, қабылданған Қазақстан Республикасының «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Заңына сәйкес 2007 жылдың 21-маусымындағы ҚР Қаржы министрлігінің бұйрығымен елімізде ұлттық қаржылық есептілік стандарттары (ҰҚЕС № 1 және ҰҚЕС № 2) қабылданды.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2007 жылғы 21 маусымдағы № 218 «№ 1 ұлттық қаржылық есептілік стандартын бекіту туралы» Бұйрығына сәйкес енгізілген № 1 ҰҚЕС Қазақстан Республикасының салық заңдылығына сәйкес арнайы салық тәртібін қолданатын шағын кәсіпкерлік субъектілерінде, сонымен қатар шаруа немесе фермерлік қожалықтарда, ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін – заңды тұлғаларда, шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын жеке кәсіпкерліктерде бухгалтерлік есепті жүргізу мен қаржылық есептілікті жасау тәртібін анықтау мақсатында қабылданды.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 2007 жылғы 21 маусымдағы № 217 «№ 2 ұлттық қаржылық есептілік стандартын бекіту туралы» Бұйрығына сәйкес енгізілген ҰҚЕС келесі ұйымдардағы бухгалтерлік есепті жүргізу мен қаржылық есептілікті жасау тәртібін анықтады: шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде; Қазақстан Республикасының заңдылығына сәйкес оның аумағында тіркелген шетелдік заңды тұлғалардың коммерциялық емес ұйымдарында, филиалдары мен өкілдіктерінде; жедел басқару құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар (қазыналық кәсіпорындар).
Алайда бұл стандарттар Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 2013 жылғы 31 қаңтардағы № 50 «Ұлттық қаржылық есептілік стандартын бекіту туралы» Бұйрығына сәйкес біріктіріліп, республикада бір ұлттық бухгалтерлік есеп стандарты қабылданды. Ол қаржылық есептіліктің қағидалары мен сапалы сипаттамаларын, шағын кәсіпкерлік субъектілерімен, сонымен қатар әрекеті тек шетел валютасымен айырбас операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалармен бухгалтерлік есепті жүргізуі мен қаржылық есептілікті жасауын анықтайды.
Мемлекеттік сектордағы бухгалтерлік есеп жүйесін реформалауды жүзеге асыру үшін, бюджеттік үдерісті жетілдіру және нәтижеге бағытталған бюджетті кезең бойынша енгізу мақсатында, ҚР Үкіметінің 6 маусым 2008 жылғы № 544 Қаулысымен 2009-2013 жылдар кезеңіне есептелген мемлекеттік мекмелердің бухгалтерлік есебі мен қаржылық есептілігін жетілдіру бойынша шараларды қарастыратын нәтижеге бағытталған бюджетті енгізу бойынша шаралар жоспары бекітілген болатын. Кезекті және шоғырландырылған іс-шараларды бес жыл ішінде жүзеге асыру үшін ҚР Қаржы министрінің 2009 жылғы 24 шілдесіндегі № 318 бұйрығымен бекітілген 2009-2013 жылдарға мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік есебі қаржылық есептілігін жетілдіру бойынша Іс-шаралар жоспары төрткезеңдік кешенде жасалғантын.
Қазақстан Республикасының Бюджеттік кодексінің 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген 114-бабына сәйкес бухгалтерлік есепке алудың және қаржылық есептіліктің мақсаты мүдделі тұлғаларды мемлекеттік мекемелердің қаржылық жағдайы туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады [2, 85 б]. Осы кодекстің 115-117 бабына сәйкес 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап, барлық мемлекеттік мекемелер бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікті есептеу әдісі бойынша жүргізеді.
2013 жылдың 1 қаңтарынан мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік қызметтері есепті ҚСҚЕХС негізінде жасалған жаңа бағдарламалық өнімді қолдану жағдайында жаңа нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады.
Мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік есеп шоттарының жоспары Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасы Қаржы Министрінің 15 маусым 2010 жылғы № 281 «Мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік есеп шоттарының жоспарын бекіту туралы» бұйрығымен бекітілген.
Осылайша, бюджеттік үдерістің реформасы және оның бюджеттік үдеріске қатысушылардың жауапкершілігін және дербестігін жоғарылатуға бағытталғандығы бюджеттік есеп пен есептіліктің және бюджеттік жіктеудің жүйесін мәнді реформалауды талап етті.
Қоғамдық сектор үшін қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына (ҚСҚЕХС) сәйкес шоғырландырылған қаржылық есептілікті құру Қазақстанның ұлттық деңгейінде, басқа елдердегі сияқты мемлекеттік сектордың шоғырландырылған қаржылық есептілігін қалыптастырудың негізгі мақсаты – ҚР субъектілерінің мемлекеттік үкімет органдары мен жергілікті үкімет органдарының әрекеті туралы сапалы, ашық, объективті және салыстырмалы ақпаратты қамтамасыз ету. Қазақстан дамуының қазіргі кезеңі сыртқы дүниеге бірте-бірте қарауымен, оны дүниежүзілік экономикалық жүйенің тәуелді және сонымен қатар ықпалды бөлігі ретінде тануымен сипатталады.
Бухгалтерлік есепке алу жүйесін дамыту, өсіп және серпінді дамып келе жатқан мемлекет құруға маңызды жағдай болып табылады. Халықаралық стандарттар негізінде Қазақстандық бухгалтерлік есеп жүйесін жетілдіру – қазіргі кездің басты талабы болып отырғаны да мәлім. Сонымен қоса еліміз Еуразия кеңістігіндегі елдермен тәжірибе алмасу арқылы бухгалтерлік есепті дамытып қана қоймай, оған өзінің тарапынан жаңа ұсыныстар енгізуге жол ашып, мақсатты да, мағыналы даму жолын алға қойып отыр. Бұл бағдарламада экономика, әлеуметтік, ішкі саясат және демократияның дамуы жан-жақты, толық қарастырылған, ендеше осындай мәселелерді шешудің басты нышандары-сонау есептілік жүйесі секілді жүйелерден бастау алады.
Келесі бағыт-бағдарымыз 2050 болып тұр, яғни жарқыраған 30-дық. Бұл бағдарламада экономика, әлеуметтік, ішкі саясат және демократияның дамуы жан-жақты, толық қарастырылған, ендеше осындай мәселелерді шешудің басты нышандары - сонау есептілік жүйесі секілді жүйелерден бастау алады. Болашаққа деген талпыныс зор және нақты қандай қадамдар жасалыну керектігі өз шешімін тауып жатса, ХХІ ғасыр - шынында, Қазақстанның «алтын ғасыры» болатыны сөзсіз.
Әдебиеттер:
- Торшаева Ш.М. Основы бухгалтерского учета. – Караганда, 2014. – 213 с.
- Бердіходжаева М.С. Мемлекеттік мекемелердің есептеу қағидасы бойынша қоғамдық сектор үшін қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына өту мәселелері // «Заманауи әлемдегі ғылым мен білім» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Қарағанды: Болашақ-Баспа, 2013. – Б. 85-88.